Былтыр қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қантөгіс болды. Қайғылы оқиғаға бір жыл толғанда Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің басшысы Қамшыбек Тәшиев даулы шекараға демаркация жүргізу бойынша келіссөздер баяу жүріп жатқанын сынады.
Тәшиевтің сөзінше, Тәжікстан келіссөз барысында Қырғызстанға территориялық талап айтқан.
– Ешқандай талап болмауы керек. Біздің жауабымыз осы, – деді Тәшиев. Қырғыз шенеунігінің айтуынша, Қырғызстан шекара жөнінде жаңа құжаттар тапқан.
– Бұл құжаттарға сәйкес, Тәжікстанға Қырғызстаннан біршама жер берілген. Тәжікстан Қырғызстанға қойған территориялық талаптарынан бас тартпаса, біз де заңды түрде көршімізге өткен жерлерімізді кері қайтаруды талап етеміз, – деді шенеунік.
Бұл мәлімдеме шекара дауын көптен бақылап келе жатқан сарапшыларды Душанбенің жауабы қалай болар екен деген ойға қалдырды.
Тәшиевтің 2020 жылы Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетіне басшы болып тағайындалуы Тәжікстанмен шекарадағы жағдай ушыққан сәтке тұспа-тұс келді.
Шекараға жақын тұратын қырғыздар мен тәжіктер арасында бұрын да кикілжіңдер болған. Бірақ бұл дау кейде бейбіт жолмен, кейде шекара әскерінің қатысуымен жылдам шешіліп, жергілікті мәселе деңгейінде қалатын.
2021 және 2022 жылғы "соғыстардың" салдарынан, қос тараптан да ондаған адам мерт болып, ауылдар қираған.
Тәшиевтің мәлімдемесі Тәжікстан назарынан тыс қалған жоқ.
Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі Қырғызстан елшісін шақырып алып, мұндай мәлімдемелер екіжақты келіссөздерге кері әсер етуі мүмкін деп ескертті.
Кейінірек Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қорғаныс министрлігіне елдегі бірнеше әуежайды бақылауға алуды тапсырды. Оның ішінде Қырғызстан шекарасына жақын Исфара әуежайы да бар.
Бірақ бұл жолы оқ атылмады.
Оның орнына Эмомали Рахмон мен оның қырғыз әріптесі Садыр Жапаров Нью-Йорктегі БҰҰ-ның Бас ассамблеясында келіссөзге отырды. Артынша Бішкекте өткен ТМД елдерінің саммитінде делимитация және қарулы қақтығысты қайта болдырмау мәселесін талқылады.
2023 жылы көрші мемлекеттер арасында қақтығыс қаупі жоқ сияқты. Қос тарап та делимитация бойынша келіссөздер жақсы жүріп жатқанын айтады. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров шекара көктемге қарай толық келісілуі мүмкін деді.
Бұл – елеулі өзгеріс.
Қырғызстан қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы, премьер-министрінің экс-орынбасары Токон Мамытов қос мемлекет те шекара бойынша келіссөздерде қалыптасқан шаблондарды өзгерткені үшін мақтауға лайық дейді.
Осыған дейінгі келіссөздер Совет Одағы тұсында жасалған әртүрлі карталарға келгенде тығырыққа тірелетін. Тәжікстан шекараны 1920 жылғы, Қырғызстан 1950 жылғы карта бойынша бекіткісі келеді. Енді қос мемлекет өкілдерінен құралған комиссия делимитацияда жаңа әдістер қолданып жатыр.
– Комиссия шекараға барып, жағдаймен танысады. Жергілікті тұрғындардан сұрайды, фактілер жинайды. Үкіметаралық комиссия президенттер арасындағы келісімді шынайылыққа айналдырады. Енді шекара маңында тұратын халық өзін қауіпсіз сезіне алады, – деді Мамытов.
ШЕКАРАНЫҢ 90 ПАЙЫЗЫ БЕКІТІЛДІ МЕ?
Қырғыз-тәжік шекарасында болған кикілжіңді ескерусіз қалдыруға болмайды. 2021 және 2022 жылғы "соғыстардың" арасы 17 ай ғана. Қос жағдайда да кикілжің жедел ушығып, қарулы қақтығысқа ұласты.
Былтыр күзде осыдан кейін ұзақ уақыт бейбітшілік орнайды десе, ешкім сенбес еді.
Екінші қақтығыстан кейін Қырғызстан өз аумағында 2022 жылғы қазанға жоспарланған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының жаттығуын өткізуден бас тартты. Бішкек мұны Қырғызстан азаматтары тәжік әскерінің қырғыз жерінде жүргеніне көндігіп отыра алмайды деп түсіндірді. Қыркүйекте Тәжікстанмен шекарадағы қақтығыста кемі 80 қырғыз қаза тауып, 100 000 мыңнан астам адам үй-жайын тастап, көшуге мәжбүр болды.
Сол айда Жапаров, Рахмон және Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен Астанада өткен келіссөзде Тәжікстан президенті қырғыз әріптесін жақтырмағаны көрініп тұрды.
Араға бір жыл салып, Тәшиев келіссөздер баяу жүріп жатыр деп сын айтқаннан кейін екі аптадан соң, тәжік әріптесі Саймумин Ятимовпен бірге 42-хаттамаға қол қойылғанын қуанышпен жеткізді. Тәшиев бұл құжат шекара мәселесін реттеуге негіз болады деді.
Ятимов те қалыс қалмай, Қырғызстан мен Тәжікстан көп созбай, жан-жақты және фундаменталды келісімге келуге тырысып жатыр деді.
Ол кезде көп ақпарат айтылмағанымен, 2 желтоқсанда Ятимов кезекті келіссөздерден кейін Қырғызстандағы тәжік анклавы – Ворух пен шекарадағы Ходжа Ало ауылын байланыстыратын даулы жол мәселесі толық шешілді деп мәлімдеді.
Кейін Қырғызстан мен Тәжікстан Бустон қаласында өткен кездесуде шекараның 24 шақырымы бойынша ортақ келісімге келді деген жаңалық тарады.
12 желтоқсанда Баткенде өткен келіссөзден кейін қос тарап ортақ шекараның 90 пайызы бойынша алдын-ала келісімге келдік деп мәлімдеді.
Бұл елеулі жетістік болар еді.
Былтыр 975 шақырымдық шекараның үштен бірі демаркацияланбаған еді.
Душанбелік саясаттанушы Шерали Ризоён шекара мәселесін біржола шешуге Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияға талпыныс пен бірнеше державаның қатысуымен жанданған дипломатиялық белсенділік түрткі болды дейді.
– Екіжақты немесе өңірлік деңгейде болсын, мемлекеттік шекара мәселесі Орталық Азия елдерін жаңа мүмкіндіктерден құр қалдырады. Мемлекеттер шекара мәселесінің кепілгері болмай, өзара тиімді әріптестікті қалпына келтіруі керек, – дейді саясаттанушы.
РЕСЕЙДІҢ РӨЛІ
Орталық Азия дипломатиясында "тарихи" сөзі көп қолданылады. Бірақ Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара келісімінде бұл сөзді қолдану әбден заңды болар еді.
Тәуелсіздік алғанға дейін қос мемлекет арасындағы шекараға талас қантөгіске ұласқан кезі болмаған. Бірақ 1924 жылдан бастап шекараның қайдан басталып, қай жерге дейін созылатыны жөнінде келіспеушіліктер туды. Ол кезде Тәжікстан Өзбек ССР құрамындағы автономды территория еді.
Келер жылы Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара дауының басталғанына 100 жыл толады. Бұл – демаркация жүргізіп, шекара дауын біржола шешуге жақсы мүмкіндік.
2023 жылы шекара мәселесі бойынша келіссөздерде жақсы прогресс байқалды. Орталық Азияның қос кедей мемлекеті бұл күнге жету үшін үлкен құн төледі.
Кейінгі екі кикілжіңде тараптар ауыр қару-жарақ қолданды. Қырғызстан Түркиядан – "Байрактар", Тәжікстан Ираннан осыған ұқсас қару алды.
Human Rights Watch (HRW) ұйымының 2023 жылдың мамырында жариялаған есебіне сәйкес, кейінгі қақтығыста "Байрактардың" күші айқын көрінген. Ұйым қос тараптан да бейбіт халыққа қарсы соғыс қылмысы жасалған болуы мүмкін деп топшылады.
HRW дағдарыс пен кикілжің бойынша аға зерттеушісі Жан-Баптист Галлопин есеп жарияланғаннан кейін Азаттыққа берген сұхбатында шекараның екі бетінде тұратын халықпен сөйлескенін, олардың кикілжіңнен әбден шаршағанын, бейбіт өмір сүргісі келетінін айтқан еді.
Енді Қырғызстан мен Тәжікстанның шекара маңында тұратын, кейінгі жылдары қарулы қақтығыстан зардап шеккен халқы шекара мәселесін шешуге қатысты өз пікірін білдіре алады.
Қырғызстанда жыл басында Өзбекстанмен жасалған шекара келісімінен кейін наразылық болды. Бұл биліктің шекараға қатысты шешімі халыққа оңай тимейтінін көрсетеді.
Шекарада қантөгіс болғанда, көбі әскери одақтастары арасындағы кикілжіңді дер кезінде тоқтата алмаған Ресей мен Мәскеудің НАТО-ға жауабы ретінде құрылған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын сынады.
2022 жылы қазанда Астанада өткен кездесуде Жапаров Путиннен жағдайға араласуды сұраған, бірақ өтініші орындалмаған.
Келіссөздерден кейін Путин дауды шешуге көмектесу үшін Совет одағынан қалған кей карталарды Ресейге алып кетуді ұсынды.
Бірақ Ресей ештеңе істеген жоқ.
20 қыркүйекте Ресейдің сыртқы істер министрлігі Тәшиев мәлімдемесінің дипломатиялық салдары туралы айтып, мұндай қатқыл сөздер шекарадағы прогреске кері әсер етуі мүмкін деді.
– Постсоветтік кеңістіктегі қарулы қақтығыстар бірінші кезекте, Батыс елдеріне тиімді екенін есте сақтау қажет. Олардың мақсаты мен Орталық Азияның шынайы мүддесінің арасында ортақ ештеңе жоқ, – делінген министрлік хабарламасында.
ПІКІРЛЕР