Accessibility links

Бішкектегі советтік атауларды жойып, қырғызша жаңартуға Ресей депутаттары қарсы шықты


Бішкектегі Манас батыр ескерткіші мен Қырғыз Республикасының туы.
Бішкектегі Манас батыр ескерткіші мен Қырғыз Республикасының туы.

Жергілікті депутаттар Бішкектегі төрт әкімшілік ауданның совет заманынан қалған атауын өзгертуді ұсынды. Бұған Ресейдің депутаттары мен баспасөз құралдары қарсылық білдіріп, Украина мен Грузияны мысалға келтіріп жатыр. Қырғыз депутаттары атау өзгерту Қырғызстанның ішкі мәселесі деп есептейді.

Бішкек – Орталық Азия бойынша совет заманындағы аудан атауларын сақтап қалған жалғыз астана. Мұнда тіпті Ленин ауданы әлі бар.

Сондықтан да болар, қырғыз депутаттары мен Бішкек қалалық кеңес депутаттары аудан атауын өзгертуді ұсынғанда ешкім таң қалған жоқ.

Бірақ бұл ұсыныс Мәскеудегі саясаткерлердің қытығына тигенге ұқсайды. Олар мұны "өте ірі жағымсыз процеске бастар алғашқы қадам" деп атап, оған тоқтау салу керек десті.

Ресейдің өзі мұндай атаулардан бас тартқанына қарамастан, олар Қырғызстанның совет кезінен қалған атауларды сақтап қалғанын қалайды.

Қырғыз саясаткерлері бұл аудандардың атауы ескіргенін айтады.

Бішкектің әкімшілік аудандары

Қырғызстан астанасы Бішкекте төрт әкімшілік аудан бар. Олардың бәрі совет заманында берілген атауымен қалған: Ленин, Свердлов (совет өкіметі басшыларының құрметіне), Бірінші мамыр (комунистік билік кезіндегі мереке) және Октябрь (1917 жылғы большевиктер революциясы құрметіне қойылған). Қырғыз саясаткерлері осылардың атауын жаңартуды ұсынды.

ҚЫРҒЫЗ ТІЛІ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ

Ең кейінгі ұсынысты қарашаның аяғында парламент спикері Нұрлан Шәкиев жасады. Ол Қырғызстанда шет тілінде аталатын қала, ауыл мен аудандардың әлі де көп екенін айтты.

Шәкиев оларды мемлекеттік тілді дамыту шаралары аясында өзгерту керек деп біледі. Қырғызстанда мемлекеттік тіл – қырғыз тілі.

"Қырғыз тілім - көнермес, өшпес ділім!" деген жазу ұстаған бала.
"Қырғыз тілім - көнермес, өшпес ділім!" деген жазу ұстаған бала.

Шәкиев орыс тілі кең қолданылатын Қырғызстанда әр азамат қырғыз тілін білуі тиіс деп санайды. Күнделікті өмірде орысша сөйлейтін қырғыздарды сынаған ол қырғыздар бір-бірімен қырғыз тілінде сөйлесуі керек дейді.

Шәкиевтің мәлімдемесіне шамданған Мәскеу ашу-ызаға толы реакция білдірді: бірнеше депутат мұны орыс тілі мен Қырғызстанда тұратын орыстарға шабуыл деп қабылдаса, ресейлік баспасөз құралдары "Бішкекті орыссыздандыру" деп атады.

Ресей мемлекеттік думасының халықаралық істер жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Новиков "ең ірі жағымсыз процестер көбіне осындай ұсақ-түйектен басталады және оларға ертерек тоқтау салған жөн" деді.

Новиковтың пікіріне тағы бір депутат Светлана Журова қолдау білдірді. Ол советтік атауды жоюды "орыс тілін толықтай ысыру жолындағы алғашқы қадам" деп атап, Украина мен Грузияда да солай болғанын мысалға келтірді.

"Содан кейінгі қадам – мектептер, сосын тағы бірдеңе. Бұл, өкінішке қарай, жастар орысша сөйлемейтін Грузиядағыдай болады. Украинада да солай басталған" деді Журова.

Бішкекте қырғыз депутаты Камила Талиева ресейлік әріптестеріне аудан атауын өзгерту Қырғызстанның ішкі мәселесі екенін айтты. Ол орыс тілі ресми тіл ретінде Қырғызстанда "ерекше орын" алатынын да атап өтті.

Талиева ресейлік депутаттарды Ресейге қарсы көзқарасты өршітіп, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасқа сызат түсіруі мүмкін "негізсіз айыптаудан" аулақ болуға шақырды.

КӨМЕКТЕСУ ҮШІН ОРЫС ТІЛІН ҚОЛДАУ ШАРТ БОЛҒАНЫ МА?

Ресейлік депутат Светлана Журова өз елінің президенті Владимир Путинді осы іске араласып, қырғыз президенті Садыр Жапаровпен сөйлесуді ұсынды.

Егер Путин оған келіссе, Қырғызстандағы орыс тілінің рөлі жайлы алғаш рет сөз қылғалы тұрған жоқ.

Қырғыз президенті Садыр Жапаров (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Астана, Қазақстан, 13 қазан 2022 жыл.
Қырғыз президенті Садыр Жапаров (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Астана, Қазақстан, 13 қазан 2022 жыл.

15 қыркүйектегі жиналыста Путин Жапаровты Қырғызстанда "орыс тіліне қолдау білдіріп", орысша оқытатын тоғыз мектеп ашып, оған Ресейден мұғалімдер алдыртқанын айтып мақтаған еді.

Путин бұл сөзімен Бішкектің орыс тілін қолдауы "басқа салалар бойынша да екіжақты қарым-қатынасты дамытуға негіз болатынын" меңзегендей болды.

Кремль басшысы Ресей Қырғызстанға энергия ресурстарын жеткізетін ең ірі ел екенін айтып, Бішкектің ол үшін алынатын арнайы кеден салығын төлеуден босатылғанын атап айтты.

Сонымен қатар ол Қырғызстан Ресейдің сауда саласындағы маңызды серіктесі екенін де айтты.

Мәскеудің Бішкекке ықпал ету тетіктерінен бөлек, Ресейде жұмыс істеп жүрген жүздеген мың қырғыз мигранты отанына ақша аударып тұрады.

"ЕШКІМНЕН РҰҚСАТ СҰРАМАЙДЫ"

Совет одағы құлаған бері өткен отыз жыл ішінде бұрын оның құрамында болған елдердің көбі, соның ішінде Ресей де совет атауларынан бас тартқан еді. Сондықтан Ресей депутаттарының реакциясы буынсыз жерге пышақ ұрғандай көрінеді.

Совет одағы кезінде Фрунзе қаласы деп аталған Қырғызстан астанасы 1991 жылы Бішкек деген атауын қайтарып алған еді.

Бішкек аудандарының атын өзгерту ұсынысы да бірінші рет айтылып отырған жоқ.

Совет көсемі Владимир Лениннің туған күні оның ескерткіші алдында осыдан отыз жыл бұрын тарап кеткен Совет одағының туын көтеріп тұрған адам. Бішкек, Қырғызстан, 22 сәуір 2021 жыл.
Совет көсемі Владимир Лениннің туған күні оның ескерткіші алдында осыдан отыз жыл бұрын тарап кеткен Совет одағының туын көтеріп тұрған адам. Бішкек, Қырғызстан, 22 сәуір 2021 жыл.

Маусымда Бішкек қалалық кеңес депутаттары ескі атауларды ұлттық идеология мен бірегейлікті көрсететіндей етіп өзгертуді ұсынған болатын.

Олар аудандарға Х ғасырда өмір сүрген Манас батыр, ХІХ ғасырдағы қырғыз саясаткері Бәйтік Қанайұлы, әлемге танымал жазушы Шыңғыс Айтматов секілді тұлғалардың атын беруді ұсынды.

2017 жылы депутат Зарлыбек Рысалиев Бішкек аудандарының атын өзгертетін уақыт келгенін айтты. "Тіпті, "Манас" деп аталатын арақ бар. Бішкек аудандарына неліктен қаһармандарымыздың атын бермеске?" деген еді Рысалиев.

Оның әріптесі депутат Дастан Бешекев Бішкек тұрғындары мен Қырғызстан азаматтары өздері тұратын ауданды қалай атауды ешкімнен ақыл сұрамай өзі шешетінін, бірақ бұл күндері астанада жайсыз жолдың жағдайы мен қоқыс шығару секілді машақаты мол мәселелер мойынға жар бермей жатқанын айтты.

"Олар мұндай шешім қабылдау үшін ешкімнен рұқсат сұрамайды" деді қырғыз депутаты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG