Жапония премьер-министрі Фумио Кисида 9-10 тамыз күндері Астанаға сапарлап, "Орталық Азия + Жапония" саммитіне қатысуы керек болған. Бірақ Кюсю аралындағы жер сілкінісіне байланысты ол келе алмайтын болды. Азаттық саммит қарсаңында КИМЭП университеті Халықаралық қатынастар және аймақтану кафедрасының ассистент-профессоры, халықаралық қатынастар бойынша PhD доктор (Халықаралық жапон университеті) Асылзат Қарабаевадан Жапонияның Орталық Азиядағы мүддесі жайлы сұхбат алды.
"Орталық Азия + Жапония" диалогы дейтін кездесу тәртібі 2004 жылы басталып, қатысушы елдердің сыртқы істер министрлері және олардың орынбасарлары осыған дейін 16 рет бас қосқан. Биыл кездесу алғаш рет мемлекет басшылары деңгейінде өтпек.
ЖАПОНИЯНЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ МҮДДЕСІ
Азаттық: Астанада алғаш рет "Орталық Азия + Жапония" саммиті өткелі отыр. Оған аймақ басшыларымен бірге жапон премьер-министрі қатыспақ. Жапонияның Орталық Азиядағы мүддесі қандай?
Асылзат Қарабаева: Сыртқы мүдде тұрғысынан, Орталық Азия Жапония үшін сондай елеулі аймақ емес. Орталық Азияны Ресей мен Қытайдың ықпал аймағы көреді. Оның үстіне Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қарағанда, Орталық Азия мемлекеттерінің халқы аз, сатып алу күші төмен. Сондай-ақ біз жаһандық өндіріс тізбегінен (Global Value Chain немесе GVC – ред.) алыстамыз. Осы себептер бойынша Орталық Азия жапон сыртқы саясаты үшін басымдық беретін аймақ саналмайды.
Жапония бірінші рет Орталық Азияға концептуалды түрде 1997 жылы көңіл бөлді. Сол кездегі премьер-министр Рютаро Хасимото "Еуразиялық дипломатия" деген концепция ұсынды. Бұл концепция екіге бөлінді. Біріншісінде Орталық Азиядан тыс оған Қытай мен Ресей қосылған. Сондай-ақ, "Жібек жолы дипломатиясы" деген концепцияда Орталық Азия мен Кавказ елдері қарастырылды. Жапонияның Орталық Азиядағы толыққанды дипломатиясы сол кезде басталды десе болады.
Кейін Орталық Азияның өзара аймақтануына ықпал еткені – 2004 жылы Жапония сыртқы істер министрі Ёрико Кавагути "Орталық Азия және Жапония" диалогы деген термин ұсынды. Содан бері қазірге дейін ең тұрақты, институтталған бір механизм болып тұр. Жапондар өздерінің тәжірибесіне қарап жасады. Өйткені оның алдында Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің ассоциациясы (ASEAN) + Жапония, ASEAN + Оңтүстік Корея, ASEAN + АҚШ әріптестігі болған. Осы механизмді жапондар ұсынған. Кейін жапондар осы механизмді Орталық Азияға да қолданып көрді.
Азаттық: Демек, "Орталық Азия + 1" деген формат осы жапондардан басталды ма?
Асылзат Қарабаева: Ең бірінші осы жапондардан басталды. Бірақ ол жылдары бұл формулаға үлкен мән берілмеді. Өйткені [Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам] Каримовтың кезінде Ташкенттің өз ұстанымы болды, Қазақстан Еуразия экономикалық одағы деп басқа бағытта кетті. Кейін Өзбекстан билігіне [Шавкат] Мирзияев келген соң, жоғары деңгейдегі шенділердің консультациялық кездесуі деген секілді формалды емес жиын күйінде жалғасты.
ЖАПОНИЯ МЕН ҚАЗАҚСТАН ӘРІПТЕСТІГІ
Азаттық: Жапонияның Орталық Азиядағы үлкен мүддесі жоқ дедіңіз. Ресми дерек бойынша, былтыр Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда айналымы 2,1 млрд доллар болған екен. Оның ішінде Жапониядан Қазақстанға импорт 1,5 млрд доллар болса, Қазақстанның Жапонияға экспорты 600 млн доллар болған екен. Оның ішінде шикізат үлесі басым. Жапония дайын өнім шығаруда алда ғой, бірақ бұл елде Орталық Азияның темір, уран секілді қазба байлығына сұраныс қандай деңгейде?
Асылзат Қарабаева: Бұл енді үлкен сан сияқты көрінеді. Бірақ пайыздық өлшеммен қарасақ, Жапонияның жалпы сыртқы саудасында Орталық Азия үлесі бір пайызға жетпейді. Бұл – өте төмен көрсеткіш.
Бірақ Украинадағы соғыс басталғанда, Украина мен Ресейде орналасқан жапон компаниялары Орталық Азия елдеріне келе бастады. Жапон шенділерінің аймаққа сапарына осы фактор да әсер еткен болуы мүмкін. Қазақстанда Жапонияның 55-тей компаниясы бар. Орталық Азияда ең көбі осы Қазақстанда. Одан кейін Өзбекстан тұр. Онда 25-тей компания бар.
УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫСТЫҢ ӘСЕРІ
Азаттық: Демек, Ресейдің Украинаға қарсы соғысы Жапонияның Орталық Азиядағы саясатына әсер етіп отыр ғой?
Жапондар "Орталық Азия, сен әуелі өзің бірігіп, өз-өзіңді биле, сөйтіп қана басқа елдермен қарым-қатынасқа түс" деп отыр.
Асылзат Қарабаева: Әрине. Жапония Ресейді империалистік мемлекет деп көреді. Оның үстіне Жапония мен Ресей арасында даулы жерлер бар. Жапондар ол жерлерді Ресей заңсыз алған деп санайды. Сонымен қатар Қытай мен Жапония арасында да бәсеке бар. Осы екі фактор Жапонияның Орталық Азиядағы саясатына ықпал етіп отыр.
Оған АҚШ-тағы қазіргі ахуалды да қосуға болады. Жапондар көпжақты халықаралық ұйымдарға, халықаралық заң үстемдігіне үлкен мән береді. Егер билікке [Дональд] Трамп келетін болса, оқшаулану саясатын жалғастыруы мүмкін. Мұндай жағдайда Жапония мен АҚШ қарым-қатынасы бұрынғыдай болмауы ықтимал.
Орталық Азия шикізатына сұраныс тақырыбына оралар болсақ, 2011 жылы Фукусима [атом электр станциясындағы] апаттан кейін Жапония мен Орталық Азия мемлекеттері арасында сауда дамыды. Себебі дәл сол уақытта Жапонияда уран секілді шикізатқа сұраныс болды. [Премьер-министр Синдзо] Абэнің кезінде Жапонияның Орталық Азия мен Кавказ елдеріне деген шикізат саясаты өрбіді.
Дей тұрғанымен, жапондардың бір ерекшелігі – олар Орталық Азияның аймақ ретінде бірге болғанын қалайды. Олар "Орталық Азия, сен әуелі өзің бірігіп, өз-өзіңді биле, сөйтіп қана басқа елдермен қарым-қатынасқа түс" деп отыр.
Бірақ Орталық Азия әлі өз-өзін билейтін дәрежеге жете қоймаған. Қазіргі "Орталық Азия + 1" формуласында әлі де басымдық екіжақты қарым-қатынасқа беріліп жатыр. Қазақстан мен Жапония, Өзбекстан мен Жапония, Қырғызстан мен Жапония деген секілді. Әлі күнге дейін Орталық Азия елдерін аймақ ішінде біріктіретін формула болмай тұр. Аймақты біріктіретін, барлық мүшелерге ортақ және де басқалардан ерекшелейтін аймақтық идентификация (regional identity) болмай тұр.
Өзге сыртқы акторлардан айырмашылығы, жапондар Орталық Азия мемлекеттері барынша Ресей мен Қытайдың ықпалынан шығып, аймақ елдері өзара бірігіп, өз-өзін билеп, басқалармен "орта күш" (middle power) болып қарым-қатынас құрғанын қалайды. Кейінгі жылдары [Қазақстан президенті Қасым-Жомарт] Тоқаевтың өзі де Қазақстанды "орта күш" ретінде көрсетіп жүр ғой. Бұл жаһандық солтүстік мемлекеттері де емес, жаһандық оңтүстік мемлекеттері ықпалды емес, бірақ көпжақты геосаяси проблемаларда, халықаралық құқық үстемдігі мәселелерінде айтар сөзі бар ел дегенді білдіреді.
ДЕКАРБОНИЗАЦИЯ ЖӘНЕ АЭС
Азаттық: Саммитте декарбонизация мәселесі талқыланатын көрінеді. Жапония Орталық Азияға қоршаған ортадан көмірқышқыл газын азайтуға көмектеспек екен. Жапон компаниялары Өзбекстанда жел және күн энергиясын өндіруге араласса, Түркіменстанда табиғи газ өндірісінде метанның бөлінуін азайтатын технология енгізу туралы ұсыныс білдіретін көрінеді. Ал Қазақстанда жапон компаниясы аммиакты жағып, содан электр энергиясын алу мүмкіндігін зерттеп көрмек екен. АЭС салу мәселесін қарастырып отырған Қазақстанды бұл жоба қызықтыра қоя ма?
Асылзат Қарабаева: Қазақстан қоғамында АЭС салу жөнінде тартыс бар. Бірақ ел үкіметі жасыл экономикаға басымдық беретінін мәлімдеп келеді. Бұл мәселеде Жапония жоғары дамыған елдер қатарында. Жасыл экономикаға өтуге үлес қосады деп тапса, Қазақстан оны да қолдауы мүмкін.
Азаттық: АЭС тақырыбына келсек. Қазақстанда атом электр станциясын салуы мүмкін елдер қатарында бес мемлекет аталып отыр. Олар – Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Франция және АҚШ. Жапония бұл тізімге не себепті кірмеді?
Асылзат Қарабаева: Жапондар басында тізімде болды. Кейін Қазақстан оларды алып тастады.
Азаттық: Неге?
Асылзат Қарабаева: Жақындау тұрған алып күштердің ықпалы деп ойлаймын. Бұл тізімге кірмей қалғанда жапондар аң-таң болды. Осыдан кейін олар Орталық Азия үшін Жапония Ресей мен Қытай секілді маңызды емес деген қорытындыға келді.
"ЖАПОНДАР МИГРАНТТАРДЫ ОҢАЙ ҚАБЫЛДАЙ САЛМАЙДЫ"
Азаттық: Жапон басылымдары Астанадағы саммитте білікті жұмыс күшімен алмасу мәселесі талқыланатынын жазды. Яғни Жапонияға Орталық Азиядан білікті мамандарды тарту жайы сөз болатын көрінеді. Жапония сыртқы жұмыс күшіне қаншалық тәуелді? Орталық Азия азаматтарына ол жақта жұмыс табыла ма?
Асылзат Қарабаева: Жапония – халқы қартайып жатқан мемлекет. Қаншалық жағдай жасаса да, туу көрсеткіші өте төмен. Сонымен қатар Жапония – экономикасы да әлсіреп жатқан елдің бірі. Еуропа елдері мен АҚШ мұндай мәселені мигранттарды кіргізу арқылы шешетін болса, жапондар оған өте қатал. Бұл да бір жапондардың алдында тұрған дилемма. Жапондар оңай сіңісіп кетпейтін халық. Мигранттарды оңай қабылдай салмайды. Бірақ сөйте тұра жұмыс күшіне мұқтаж.
Жапонияда еңбек ету тұрғысынан, Орталық Азия елдері арасында Өзбекстан алда тұр. Бірақ Өзбекстан Оңтүстік Азиядағы Вьетнам, Камбоджа, Мьянма сияқты елдермен жарыса алмайды. Ол елдердің халық Орталық Азия елдеріне қарағанда төменірек жалақыға жұмыс істеуге дайын.
Бірақ Жапония сыртқы жұмыс күшіне өте қатал. Көбінесе дамушы елдердегі адам капиталын дамыту аясында гранттар бөліп, сол грантпен Жапонияға оқуға келген адамдарды жұмысқа тартады. Тарихы мен тілін, заңын оқытып, одан кейін жұмысқа алып қалады.
Азаттық: Қазақстанда шетелге барып жұмыс істеп қайту тәжірибесі кең тарап жатқанға ұқсайды. Еуропа елдеріне, АҚШ-қа, кейінгі жылдары Оңтүстік Кореяға барып жатыр. Алда Жапония сондай бағыттардың біріне айналуы мүмкін бе?
Асылзат Қарабаева: Жапондар өзгерісті тез қабылдайтын халық емес. Миграциялық саясатын бірден өзгертіп тастайды дегенге сену қиын. Еңбек мигранттарын алып келуге енді ғана көніп жатыр. Бірақ жосықсыз әкелмейді, алдымен тіл үйретеді, жергілікті тәртіпті үйретеді, тек содан кейін жұмыс істеуге қалдырады.
ПІКІРЛЕР