Ресей көрші мемлекеттерге назар аудармас бұрын, өзінің ішкі ұлтаралық мәселелерін шешіп алуы керек; Қазақстан билігі қоршаған ортаны ластаушы қытайлық компанияларға экологиялық бақылаудан жалтаруға көмектесіп отыр; Ол өзін басқалардан биік санайтын деспоттың ойын алаңына ұқсайды. Осы аптада Қазақстан туралы жазған шетел басылымдары осы тақырыптарды қозғады.
РЕСЕЙ, «КСЕНОФОБИЯ», «РАСИЗМ» ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН
Ресейдегі орыстар кімді кімнен қорғап жүр? Журналист Ахас Тажутов Eurasia Review сайтына жазған материалында осы тақырыпта ой қозғайды. Мақала ресейліктердің Қазақстандағы орыстілді халықтың жағдайы мен «қазақ ұлтшылдылығы» туралы кезекті мәлімдемесіне және Ресейдегі ұлтаралық қатынастар тақырыбына негізделген.
Бұл материалды жазуға Мәскеу метросындағы оқиға себеп болған. Куәгерлердің айтуынша, қазан айының басында үш азамат метрода қызды қорғамақ болған жолаушыны аяусыз ұрып-соққан. Воронеж тұрғыны көп дене жарақатын алып, оны ұрып-соққан азаматтар тұтқындалған. Басында оларға «бұзақылық» бабы бойынша айып тағылса, енді тергеу комитетінің ақпаратына сәйкес, іс «кісі өміріне қастандық жасау» бабына ауысуы мүмкін. Бұл жағдайдың Ресейде қоғамдық резонанс туғызуына оқиға қатысушыларының ұлттық ерекшелігі (ұрып-соққандар – дағыстандықтар, таяқ жеген жолаушы – орыс азаматы) себеп болған.
Тажутовтың дерегінше, әлеуметтік желі қолданушылары осы тақырыпты қызу талқылап, таяқ жеген азаматқа бір де бір жолаушы көмектеспегеніне қынжылып жатқанда, ресейлік арна басқа бір мәселенің шетін шығарған.
Автордың айтуынша, ресейлік арналардың бірінде «Қазақстандағы орыс халқы мен [орыс] тілінің мүддесі қорғалып», «ортаазиялық мемлекет ішіндегі талаптар» туралы айтылған. Тажутов мұндай мәселе көтерген тарапты «кәсіби орыстар» деп атап, бұл термин «шетелдегі қандастарының құқығын қорғау үшін барын салатын адамды» сипаттау үшін қолданылатынын айтады.
Кейінгі айларда Ресейде Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар және орыс халқының жағдайы туралы әртүрлі деңгейдегі талқылаулар күшейген. Олардың көбі негативті сипатқа ие. Сарапшылар Ресей тарабынан айтылған талаптардың саяси астары барын және оның елдегі орыс халқының құқығын қорғауға еш қатысы жоғын айтады. Нұр-Сұлтанның Ресейде айтылған мәлімдемелерге реакциясы қазақстандықтардың наразылығын туғызып, сынның астында қалды.
Тажутов «Кәсіби орыстардың» Қазақстандағы жағдайға қатысты мәлімдемесінен Ресейде ұлтаралық мәселе жоқ сияқты көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде олай емес» деп жазады.
Автор сондай-ақ Ресей қоғамында әр этникалық топқа қатысты өзіндік мінез-құлық моделі қалыптасқанын, орыстардың көбі Солтүстік Кавказ тұрғындарынан аяқ тартатынын айтады.
«Орыстар Солтүстік Кавказ халықтарының әдеби шығармаларда ғасырлар бойы сипатталып келген батылдығы мен нағыз ерлерге тән мінезін жоғары бағалайды. Сондықтан олармен сөзге келіп қалудан тайсақтайды» деп жазған автор метрода болған оқиғаның бір себебін осыдан іздейді.
Журналист Ресей саясаткерлері мен қоғам қайраткерлерінің бұл тақырыпқа келгенде, барынша сақ болуға үйреніп қалғанын айтады. Автор бұған мысал ретінде мемлекеттік дума мүшесі Александр Шериннің «солтүстік кавказдықтарға қарсы жағымсыз пікір айтсақ, артынша ойбайлап, кешірім сұрауға тура келеді» деген пікірін келтіреді.
"Үңгірдегі ұлтшылдық". Тіл дауы, Ресей реакциясы, Абаевтың бағасы (13 тамыз 2021 жыл).
Ресей қоғамында тағы бір мінез-құлық моделі бар. Ол Ресейде бұрыннан тұратын не басқа елдерден, оның ішінде Орталық Азиядан келген азиялық этнос өкілдеріне қатысты қолданылады. Автордың айтуынша, бұл топқа келгенде ресейліктердің көбі вербалды және физикалық агрессия жасауға бейім тұрады.
«Ресей Федерациясындағы азаматтардың басым көпшілігі – еуропалық [кавказдық] саналады, сондықтан [шығыс азиялық] байырғы халықтар маргинал әрі шеттетілген топқа жатады. Олар нәсілдік және этникалық басымдыққа ие топ өкілдерінен қорлық көреді. Нәсіліне қатысты қорлау сөздер естіп, ксенофобия немесе расизм негізінде туған шабуылдарға жиі ұшырайды», – дейді Тажутов. Ол ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде мұндай мысалдар жетіп-артылатынына назар аударады.
Автордың пікірінше, азиялық этнос өкілдеріне шабуыл жасалса, қарапайым этникалық орыстар ғана емес, Ресейдің саяси және медиа истеблишменті де мұндай жағдайларды назардан тыс қалдырып, олардың маңызын төмендетуге тырысады.
Тажутов осындай тенденцияларға қарап, «Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда жақсы деңгейде. Ресей билігі бірінші кезекте шетелдегі орыстардың өмірімен емес, этникалық жеккөрініштен туған ішкі мәселелерімен айналысуы керек» деп түйіндейді.
Автор ресейлік арналардың метродағы оқиғаның орнына Қазақстандағы орыстардың жағдайын талқылауын «ресейліктердің ашу-ызасын қазақтарға қарай бұруға талпыныс” деп бағалайды. «Бұл қадамның қаншалық сәтті болғанын уақыт көрсетеді», – дейді Тажутов.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫТАЙ КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ
Қазақстан үкіметі мен елде жұмыс істейтін қытайлық кәсіпорындар «пандемияны пайдаланып, өндірістен қоршаған ортаға қандай зиян келгенін анықтайтын мониторингтен қашып отыр». Бұл туралы Eurasianet басылымы жазды. Автор бұл материалды АҚШ-тағы Crude Accountability үкіметтік емес ұйымының зерттеуіне сүйеніп дайындаған.
Бақылаушылар Қазақстан билігі қоршаған ортаны қорғау стандарттарын сақтауға келгенде қытайлық компанияларға «ерекше” қарап отыр деген қорытындыға келген. Үкіметтік емес ұйым Шымкенттегі болат қорыту және мұнай өңдеу кәсіпорындары мен Қызылорда облысындағы Gezhouba Shieli цемент зауытындағы жағдайға тоқталған.
Жергілікті тұрғындар кәсіпорыннан «көп қалдық бөлінетінін», «су скважиналары қаңырап бос қалғанын», өндірістен «жағымсыз иіс шығатынын» айтып, шағынған. Қызылорда облысы тұрғындарының тыныс алуы қиындап, әртүрлі тері реакциялары байқалған.
Шымкент тұрғындары шілде айында екі күн ішінде «Қытай ұлттық мұнай компаниясының (CNPC) еншілес кәсіпорнына тиесілі, жақында жөндеуден өткен мұнай өңдеу зауытындағы күмәнді операциялар туралы 300-ге жуық онлайн-шағым түсірген.
Crude Accountability дерегінше, жергілікті билік барлық шағымды жауапсыз қалдырып, пандемияны сылтауратып, сұхбат беруден бас тартқан.
Үкіметтік емес ұйым ұсынған ақпаратқа сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысындағы зауыттардың маңында ауаның құрамына автоматты мониторинг жүргізу жүйесі жоқ; қоршаған ортаны қорғауға жауапты жергілікті органдар кәсіпорын берген деректерге ғана сүйенеді, тәуелсіз зерттеу жүргізу үшін алдын-ала рұқсат алу керек, ал мұндай тексерісті күтпеген жерден өткізбесе, одан еш пайда болмайды.
Crude Accountability Қазақстанда 2016 жылдан бастап “Бір белдеу – бір жол” жобасы аясында Қытаймен бірлесіп салынған 55 кәсіпорынның төртеуіне ғана зерттеу жүргізген. Ұйым өкілдерінің айтуынша, кең көлемді зерттеу жүргізуге қазақстандық шенеуніктер мен кәсіпорын өкілдерінің тиісті ақпарат бермеуі кедергі болған.
Eurasianet Crude Accountability ұйымының ақпаратына сілтеп, «Мемлекеттік органдар мен Қазақстан-Қытай компаниялары коронавирус пандемиясын пайдаланып, қоғамдық экологиялық мониторинг жүргізу мүмкіндігін шектеп отыр» деп жазған.
АЛМАТЫДАН АЛМАТЫҒА САЯХАТ
«Қазақстанның бұрынғы астанасы, әдемі таулардың ортасынан орын тепкен жасыл қала – Алматыдан басқа қалалардың көбі тартымды көрінбейді. Елдің қазіргі астанасы, жақында ғана биліктен кеткен президенттің аты берілген Нұр-Сұлтан қаласы өзін басқалардан биік санайтын деспоттың ойын алаңына көбірек ұқсайды. Жазық даланың ортасына салынған футуристік ғимараттар жартылай бұзылған үйлермен алмасып отырады». Бұл британдық Guardian басылымының фотографы Марио Хеллердің Қазақстанды үш апта пойызбен аралағаны туралы жазбасынан үзінді.
Хеллер совет кезеңінен қалған баяу қозғалатын пойызбен 225 сағатқа созылған саяхаты туралы жазбасын «Осыдан бірнеше апта бұрын Қазақстанның картасына қарап отырып, «осындай үлкен мемлекетті қалай аралап шығамын?» деп ойладым. Кейін елде 146 мың қызметкері бар мемлекеттік темір жол компаниясы жұмыс істейтінін білдім. Қазақстанның жер көлемі Орталық Еуропамен бірдей болса да, темір жолдарының ұзындығы 16 мың километр ғана. Бұл – Германияның темір жол желісінен әлдеқайда аз” деп бастайды.
«Мұнда ешкім ағылшын тілінде сөйлемейді; елде бұрынғыша орыс тілі басымдыққа ие» – дейді жанына аудармашы алып жүрген Хеллер.
Автор мақаласына Арал станциясынан пойызға отырған ақсақалдың әңгімесін де қосқан:
«Әлі күнге Совет одағын аңсап жүргендер ақылынан адасқан шығар! Ол кезде еркіндік болмады; Құдайсыз қоғам орнап, халықтың санасы уланды», - дейді [ақсақал].
Пойыздағы жолаушылар үндемей, ақсақалдың аузына қарап отыр. «Совет одағы тарай бастағанда, үйде наннан басқа асымыз болмады. Ата-бабамыздың аянбай еңбек етіп құрған шаруашылығының арқасында ғана аман қалдық! Қазіргі қазақтарда мүмкіндік көп, бірақ олар шағынудан басқаны білмейді. Жұрт еңбек етуді ұмытып қалған сияқты».
Хеллер бұл әңгімеден алған әсерін «Ақсақалдың ойы шашырап, арасында қазақ философтарының сөзін жиі мысалға келтірді, бірақ одан әңгіменің қызығы кеми қойған жоқ» деп сипаттайды.
Мақала авторы «Қазіргі саясат та мінсіз емес, биліктен кеткен президент Нұрсұлтан Назарбаев 25 жыл бұрынғы “жақсы күндер әлі алда” деген уәдесін қайталаудан жалықпайды» деп, Қазақстандағы саяси жағдай туралы пікірін де білдірген.
Фотограф Алматыдан басталған сапарын 7500 км жол жүріп, қайтадан осы қалада аяқтаған. Репортажда вагон мейрамханаларындағы сауық-сайран, көгілдір аспан астындағы жазық дала, жолай пойызға мінген халық сияқты автордың жолда куә болған көріністері қамтылған. Хеллер жолаушылардың өзіне дәм ұсынып, жиі тамаққа шақыруын «қазақстандықтар үшін астың әлеуметтік маңызы зор екен» деп түсініп, бұл құрмет пен қонақжайлық белгісі саналатынын жазған.
Хеллер пойызда тарихи отанына 11 жыл бұрын оралған егде жастағы ауған қазақтарымен танысқан. Автор репортажын Ауғанстаннан келген Рейма есімді этникалық қазақтың сөзімен аяқтайды: «Қазақстан – бейбіт ел, біздің жасымыздағы адамдарға одан басқасының керегі жоқ. Пойызбен жүру – ең қызық саяхат түрі. Күні бойы шай ішіп, жаңа адамдармен танысып, терезеден кең далаға қарап отырасың. Бұл – ойлануға жақсы мүмкіндік».
ПІКІРЛЕР