Украинадағы соғыстың шешуші кезеңі таяған тұста Қытай басшысы Си Цзиньпин 20 наурызда Мәскеуге барды. Ол Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесуі мүмкін.
2013 жылы 22 наурызда Қытай басшысы Си Цзиньпин шетелге алғашқы ресми сапарын Мәскеуден бастаған. Ол Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, Вашингтонға Пекин мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас нығайып, геосаяси әріптестік орнағанын көрсеткісі келді.
Маңызды кездесу барысында қос мемлекет басшысы бірін-бірі мақтады: Путин Мәскеу мен Пекиннің қарым-қатынасы ерекше екенін айтса, Си Цзиньпин Ресей президентін "жақсы досым" деп атап, екеуінің бойында ұқсас тұстар көп екеніне назар аударды.
Араға он жыл салып, қос басшының жеке қарым-қатынасы мен Қытайдың солтүстіктегі көршісімен ұзақмерзімді байланыс орнатуға талпынысы өз жемісін берді. Си осы жолы Мәскеуге 40-рет бара жатыр.
Кейінгі айларда Қытай басшысы Мәскеуден алшақ болуға тырысқан. Оның үстіне, Ресей Украинадағы соғыста сәтсіздікке ұшырап жатыр. The Wall Street Journal мәліметінше, Си мырза Пекинді бейбітшілік орнатуға мүдделі бітімгер етіп көрсету үшін Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлеседі. Бірақ Киев бұл ақпаратты растаған жоқ, ал Украинаның сыртқы істер министрлігі пікір беруден бас тартты.
Пекиннің дипломатиялық алаңдаушылығы мен Си мырзаның бүкіләлемдік мемлекеттік қайраткер мәртебесіне қызығушылығынан бөлек, сарапшылар Қытай басшысының Мәскеуге сапарын державалар текетіресінде АҚШ-қа бірлесіп қарсы тұру келісімі аясындағы Путинді қолдауы деп түсінді.
– Қателеспеңдер! Бұл сапар бітімгер болуды емес, Пекин мүддесіне сай, Ресеймен байланысын нығайтуды көздейді, – деп жазды бүкіл әлемдегі бейбітшілікті қолдайтын Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері Александр Габуев.
СИДІҢ КЕЛЕСІ ҚАДАМЫ
Пекиннің Мәскеумен стратегиялық байланысы туралы қауіпке қарамастан, АҚШ пен Еуропаның өкілетті тұлғалары Си Цзиньпинді Зеленскиймен сөйлесіп, Киевпен әрекеттестікті арттыруға үндеді.
– Бұл жақсы болар еді. Пекиннің әрекетіне перспектива қосылар еді. Қытай Ресейге көмектесуден бас тартып, ескертуімізге құлақ асады деп үміттенеміз, – деді АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джейк Салливан.
Кейінгі он жылда Қытай-Ресей қарым-қатынасы жақсы дамып келе жатқан, ал Кремль Украинаға басып кірерден бірнеше апта бұрын Си Цзиньпин мен Путин "шексіз әріптестіктің" жаңа дәуірі басталғанын жариялады. Қытай Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығын сынаған жоқ. Батыс қысым жасаған кезде Мәскеуге маңызды экономикалық әрі саяси серіктесі болып қалды. Бірақ Ресейге салынған санкцияларды бұзбауға тырысты.
Ақпанның соңында Пекин оқ атуды тоқтатып, бейбіт келіссөздер жүргізуге шақырды. Қытай 12 бөлімнен тұратын құжат жариялады. Онда кикілжіңді өршітіп алмас үшін Ресейге салынған санкцияларды алып тастау ұсынылады. Мәскеу бұл құжатқа жылы қабақ танытты, Батыс елдері, керісінше, Қытайдың ұсыныстарын қолдамады. Киев құжатта Ресей әскерін оккупацияланған өңірлерден шығару туралы ештеңе айтылмағанын сынады, бірақ Пекиннің бастамасын жақсы белгі деп қабылдағанын мәлімдеді.
– Си Цзиньпин Мәскеуге барғанда Путинді тыңдайды. Зеленскиймен сөйлесуді сұраса, Си мұндай рөлге қуана келіседі. Путин Қытайдың қолдауынсыз жеңіске жете алмаймын десе, Си Цзиньпин өзін оған көмектесуге міндетті сезінеді, – дейді АҚШ Қауіпсіздік кеңесінің Қытай бойынша бұрынғы директоры Денис Уайлдер.
ҚЫТАЙ РЕСЕЙГЕ ӘСКЕРИ КӨМЕК БЕРЕ МЕ?
Си Цзиньпин мен Путиннің кездесуінде қандай мәселелер талқыланатыны белгісіз. АҚШ осыған дейін "Қытай Ресейге әскери көмек жібергелі жатыр" деп мәлімдеген еді.
АҚШ-тың өкілетті тұлғалары Қытай Ресейге оқ-дәрі мен артиллериялық қару қорын жіберуді ойланып отыр деп күдіктенеді. Өйткені соғыстың басталғанына екінші жылға айналған тұста майданда ауыр артиллериялық шайқастар жүруі мүмкін.
Пекин АҚШ-ты жалған мәлімет таратып отыр деп айыптады және Вашингтоннан Ресеймен қарым-қатынасына араласпауды талап етті. Джорджтаун университетінің ғылыми қызметкері Уайлдер Қытай әскери көмек беруге бел буса, Ресейді қолдауға мүмкіндігі жетеді дейді.
Қытайдың ескі артиллерия мен оқ-дәрі қорының біраз бөлігі Ресейде өндірілген. Әскери көмек ортақ шекара немесе Мәскеуге қару-жарақпен көмектесіп үлгерген Солтүстік Корея сияқты үшінші мемлекет арқылы құпия жеткізілуі мүмкін.
"Снарядтардан зауыт белгісін алып тастап, басқа елдің таңбасын қою қиын емес. Сонда АҚШ Қытайдың Ресейге көмектескенін ешқашан дәлелдей алмайды" дейді Уайлдер.
Ресей де, Украина да соғыста коммерциялық өндірушілерден сатып алған қытайлық жаңартылған азаматтық дрондарды пайдаланады. Қытай дрондардың жетілдірілген түрін көмек ретінде жіберуі мүмкін деген ақпарат тараған. Уайлдер Қытайға соғыстағы бір тарапты қолдағанын құпия қалдыру үшін дроннан гөрі артиллериялық қару жіберген тиімдірек дейді.
Recorded Future жекеменшік барлау компаниясының сарапшысы Дэвин Торн Қытайға қолдаудың кез келген түрі қауіпті болуы мүмкін екенін айтады.
Қытай, бір жағынан, соғыста тығырыққа тірелген Ресейдің әлі ұзаққа төтеп бере алатынына көз жеткізгісі келеді, екінші жағынан, тағы бір үлкен сауда әріптесі – Еуропа одағымен қарым-қатынасын реттеуді көздейді. Еуропа одағының өкілетті тұлғалары Қытай Ресейге әскери көмек жіберсе, бұл Пекинмен қарым-қатынасымызға қауіп төндіруі мүмкін деп ескертті.
"Қытайға Еуропа лидерлерін көбірек тартуға деген сұраныс бар, сол үшін Пекин әлі де Еуропамен қарым-қатынасын жақсартқысы келеді”, – дейді Торн. Ол осыған дейін Қытай Ресейге әскери көмек жібермейтін сияқты деп түйіндеп еді.
КИЕВТІҢ КӨЗҚАРАСЫ
Си Цзиньпин Владимир Зеленскиймен сөйлессе, Қытайдың дипломатиялық рөлінде прогресс байқалып, Пекиннің беделі артар еді. 10 наурызда Пекин Иран мен Сауд Арабиясының арасында достық қарым-қатынасты жандандыру туралы келісімшартқа қол қойылуына себепкер болды.
Си Цзиньпин мен Зеленский соңғы рет Ресей Украинаға басып кірерден бірнеше апта бұрын сөйлескен. Украина президенті былтыр Си Цзиньпинмен сөйлесуге талпынып көрген, бірақ Қытай тарабы келіспеді. Соғыстан бұрын Пекин мен Киевтің қарым-қатынасы тереңдеп, Қытай Украинаның негізгі сауда серіктесіне айналды.
Киевтегі әскер, конверсия мен қарусыздануды зерттеу орталығында Украина-Қытай қатынастары бойынша сарапшы болып жұмыс істейтін Юрий Пойта былай дейді:
"Украина Қытайдың бітімгерлік рөлінен көп нәрсе күтпейді, кейінгі жылы Киев үшін Пекиннің беделі нашарлап кетті".
Бірақ Киев Си Цзиньпиннің виртуал аудиенциясын жылы қабылдар еді.
– Жақсы соғыстан жаман телефон қоңырауы жақсы. Сондықтан Киев мұны дипломатиялық жеңіс деп бағалайды. Бұл қоңырау Қытайдың Ресейге көмек беруге дайын емесін көрсетер еді, – дейді Пойта.
ПІКІРЛЕР