Accessibility links

Чехияны «Ресей тыңшыларының тыныш ұясы» дейді


Прагадағы Карл көпірінен өтіп жбара жатқан адам. (Көрнекі сурет)
Прагадағы Карл көпірінен өтіп жбара жатқан адам. (Көрнекі сурет)

«Ресей 2015 жылы украиналық және сириялық дағдарыс кезеңінде ақпараттық соғыс аясындағы операцияларға ерекше басымдық берді. Саяси, ғылыми-технологиялық, экономикалық барлауды да күшейтті» дейді Чехиялық қарсы барлау қызметі – BIS жыл сайынғы есебінде.

Бұл тұжырым Еуропадағы ең тыныш елдердің бірі Чехияның алпауыт державалар барлауының нысанасы екенін көрсетті.

Ресейдің Чехияда белсенді барлау және насихат жұмыстарын жүргізуін сарапшылар: «Мәскеудің өзіне Еуропадан «осал тұс» іздеуі, чех азаматтарының көз алдында НАТО мен Еуропа Одағы (ЕО) беделін түсіруге тырысу арқылы жақтас жинауы» деп түсіндіреді. Бұл жөнінде Азаттықтың Орыс қызметі тілшілері прагалық Respekt апталығының шолушысы, «Путин агенттері» кітабының авторы Ондржей Кундрамен сұхбаттасты.

Чех журналисі Ондржей Кундра.
Чех журналисі Ондржей Кундра.

Азаттық: – Сауалымызды Чехияның BIS қарсы барлау қызметінің есебінен бастасақ. Ресей барлауының белсенділігі туралы осы жолғы есепте бөлекше жазылуының сыры неде? Бұған дейінгі есептерден қандай айырмашылығы бар?

Ондржей Кундра: – Иә, BIS әр жолы Чехиядағы ресейлік тыңшылықтан төнетін қатерді ескертіп жүр. Ал соңғы екі жылда Кремль тарапынан жасалып жатқан жалған ақпарат тарату кампаниясына мән беруге шақырды. Бұл тұрғыда соңғы есептің алдыңғылардан айырмасы шамалы. Тек бұл жолы ресейлік тыңшылық қаупі анық және молынан көрсетілген.

Азаттық: – Ол есепте негізінен қандай мәселеге маңыз беріледі?

Ондржей Кундра: – BIS-тің есебі ашық және құпия екі бөлімнен тұрады.. Ашық есепте нақты тыңшылар мен күдіктілердің аты-жөндері аталмайды. Тіпті ресейлік тыңшылардың Чехиядағы түпкі мақсаттары да жалпылама сөздермен бейнеленеді. Арнайы қызмет өкілдерінің Прагадағы елшілік қызметкерлері қатарында да өте көп екені айтылады. Оған елшілік қызметкерлері санының еш логикаға сыймайтын көптігі мысал. Олар – заң шығару органдарымен рұқсат етілмеген лоббизм, чех жұртшылығы арасында іріткі салуы мүмкін қоғамдық пікірге ықпал ету, технологиялық тыңшылық сияқты істермен айналысады.

Ресей елшілігі алдындағы наразылық шараларының бірі. Прага, 17 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей елшілігі алдындағы наразылық шараларының бірі. Прага, 17 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттық: – Сіз «Чехияның ішкі істеріне Ресейдің ықпал ету механизмдері» атты зерттеудің авторысыз. Неліктен Ресей барлауы кішкентай ғана Чехияға соншалықты қызықты?

Ондржей Кундра: – Мұның бірнеше себебі бар. Әуелгісі – тарихи себеп. 1960 жылдардағы «Прага көктемінен» бастап СССР мен КГБ басшылары Прагада резидентура жұмысын ерекше жолға қойды. Оған дейін советтік блок елдерінде резидентура ұстау тәжірибесі болмаған еді. Ол резидентураның міндеті сол кездегі Чехословакиядағы саяси процестерге ықпал ету еді. Ол міндет белгілі дәрежеде жүзеге асты да. Сондықтан әуелде советтік, кейіннен ресейлік арнайы қызмет жұмысының бұл елде өзіндік дәстүрі қалыптасты. Ресейлік тыңшылардың бұл жерде байланыстары да бар, «тамырланып» алған деуге болады.

Ресейлік «Ночные волки» клубы байкерлерінің келуіне наразы жұрт. Прага, 7 мамыр 2016 жыл.
Ресейлік «Ночные волки» клубы байкерлерінің келуіне наразы жұрт. Прага, 7 мамыр 2016 жыл.

Тағы бір мәселе, біздің тарапымыздан көп уақыттар бойы Ресейге қатысты болуы мүмкін ұлттық қауіпсіздік мәселесі жеткілікті еленіп, ескерілмеді. Сол себепті де ресейлік тарап үшін көрші Германиядан гөрі өздерінің арнайы қызмет өкілдерін осында ұстау тиімдірек. Біз Шенген аймағына енеміз, кез келген еуропалық елге екі-үш күнге арнайы тапсырмамен барып-қайтуға да қолайлы. Біз құдды олардың Орталық Еуропадағы «ұясы» тәріздіміз.

Азаттық: – Сіздердің ел үшін ресейлік ықпалдың дәл қандай сипаттары мен түрлері қауіпті?

Ондржей Кундра: – Олар көп. Алдымен жалған ақпарат тарату кампаниясын атар едім. Осы бағытта арнайы құрылған медиажобалар, әлеуметтік желідегі белсенділік, троллинг сияқты істер. Олардың мақсаты түсінікті – қоғамда хаос тудыру, қоғам ішінде бітіспес қарсы лагерлер жасауға тырысу. Мұндай жағдайда Ресей үшін өз мүддесіне жету оңай. Негізгі түпкі мүдде – Чехияны ЕО-дағы Мәскеудің «троян атына» айналдыру. Бұл – консенсус келісімімен шешілетін кезеңдерде, мәселен Ресейге қарсы санкциялар жағдайында өте маңызды.

Чехия үкіметі соңғы уақыттарда бұл бағытта нақты қарсы қимылдарға көшкенін байқадым. 2017 жылдың бірінші қаңтарынан бастап арнайы орталық іске кіріседі. Ол Ресей тарапрынан төнуі мүмкін қауіп факторларын зерттемек. Бұл – полицейлік немесе қарсы барлау мекемесі емес, насихаттық ресурстарға мониторинг жасап, ағартушылық және түсіндіру істерімен айналысады.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

Азаттықтың Орыс қызметінің материалын ықшамдап әзірлеген - Қасым Аманжол.

XS
SM
MD
LG