Accessibility links

Әблязовты экстрадициялау ісі қарала бастады


Мұхтар Әблязов, қуғындағы қазақстандық олигарх, оппозициялық тұлға
Мұхтар Әблязов, қуғындағы қазақстандық олигарх, оппозициялық тұлға

Қыркүйектің 25-інде Францияның Лион қалалық апелляциялық соты қуғындағы қазақстандық олигарх, оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты экстрадициялау ісін қарай бастады.

Лиондағы сот отырысына Мұхтар Әблязовты экстрадициялауды сұраған Ресейдің бас прокуратурасы мен Украина билігі жалдаған Winston & Strawn LLP жекеменшік заң фирмасының өкілдері қатысып жатыр. Қазақстандық белсенді Бақытжан Төреғожина Азаттыққа оппозициялық тұлғаны қолдау үшін сотқа бір топ жергілікті белсендінің аттанғанын, бірақ олардың есімдерін жариялай алмайтынын хабарлады. "ИТАР-ТАСС" агенттігі мен ablyazov.org сайтының хабарлауынша, алғашқы сот отырысында Әблязовтың адвокаттары қамау шарттарын өзгерту туралы өтініш берген. Қорғаушылары бұрынғы банкирдің тергеу кезінде тым ұзақ қамауда болғанын уәж еткен. Бұл өтінішке қатысты судья шешімін тек қазанның 6-сы күні шығарады. Әблязовты экстрадициялау туралы Ресей мен Украинадан түскен сұрауды сот содан кейін барып қарастырмақшы.

Соңғы жылдары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыншысы ретінде танылған бұрынғы министр Мұхтар Әблязов оппозициялық қозғалыс құрып, түрмеге түсіп шыққан соң қазақстандық БТА Банкін басқарған. 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткесін шетелге шығып кеткен олигархты Қазақстан, Ресей мен Украина «қаржылық алаяқтық жасап, банк қаржысын жымқырды» деп айыптайды. 2013 жылы Францияда қамауға алынған Әблязов бұл айыптардың саяси астары бар деп есептейді. Биыл қаңтарда Экс-ан-Прованс соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялау туралы үкім шығарып, шілдеде Францияның кассациялық соты ол үкімнің күшін жойған еді.

Әблязов пен БТА

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.

2018 жыл - Қазақстан билігі қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.

Қуғындағы қазақстандық олигарх Мұхтар Әблязовты қолдаушы ablyazov.org ақпараттық-сараптамалық сайтының жазуынша, Лиондағы жаңадан тағайындалған экстрадициялау ісіне байланысты апелляциялық сот жақындаған сайын француз тілінде оппозициялық тұлғаны қаралаушы сипаттағы «тапсырыспен жазылуы мүмкін» интернет материалдар күрт көбейген.

Азаттық тілшісі сөйлескен құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да Мұхтар Әблязовты қуғындау және қолға түсіру үшін Қазақстан билігі бар мүмкіндігін пайдалануға тырысып отырғанын айтады.

Әблязовты қолдауға арналған қоғамдық белсенділердің хатын Франция президентіне, әділет министріне, Еуропарламентке жолдадық. Хатта Әблязовты қуғындаудың саяси астары бар екенін көрсеттік. Іспен мұқият танысатыны жөнінде олардан жауап та алдық. Сондықтан Франция соты Әблязовқа таңылған экономикалық қылмыстар бизнес пен жемқор жүйенің арасындағы тартыс екенін түсінетін болар деп ойлаймыз. Сол сияқты Ақ орданың тәсілдері де анық көрініп тұр. Өзінің саяси қарсыласын алдыру үшін Ресей мен Украинадағы режимдерді пайдалануға ұмтылып отырғаны айқын көрініп тұр, - дейді Төреғожина Азаттыққа.

Ал Әблязовтың ісін мұқият қадағалап отырған америкалық The Wall Street Journal басылымы қыркүйектің 24-і күнгі мақаласында басқаша болжам айтады. Іскерлік басылым Мұхтар Әблязовты экстрадициялауды сұрап отырған Украина билігінің ауысып, Батыстың Ресейге деген көзқарасы өзгергесін Қазақстанның «бөлекше тәсілге» көшкеніне меңзейді. Әблязовтың Қазақстаннан сыртқа шығып кеткенде алғаш аяқ басқан елі Ұлыбритания 2011 жылы оған саяси баспана берген еді. Бірақ БТА Банкінің бұрынғы банкирдің үстінен түсірген шағымы бойынша істі қараған Лондон жоғарғы соты 2012 жылы Әблязовты «сотты құрметтемегені» үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулау туралы шешім шығарған. Сот шешімімен келіспейтінін айтқан Әблязов бұл елден дереу кетіп қалып, былтырғы шілдеге дейін бой жасырып келген. Биылғы сәуірде Ұлыбритания Әблязовтың «босқын мәртебесін жоятыны» туралы хабарлап, кейін ол процесс тоқтап қалған.

АҚШ басылымының пайымдауынша, Қазақстан Әблязовты «өзін түрме жазасына кескен Ұлыбританияға қайта алдыруға тырысып жатыр». The Wall Street Journal сарапшылары көрген құжаттарға қарағанда Қазақстан билігі жалдаған заңгерлер аса ірі көлемдегі алаяқтықпен күрес жөніндегі ұлыбританиялық бюроға Әблязовтың үстінен шағым түсірген. Ал бұл бюроның Әблязовты экстрадициялауға негіз болатындай қылмыстық іс қозғау құзыреті бар. Алайда аталған ұлыбританиялық бюро америкалық басылымға бұл шағым туралы ақпарат беруден бас тартқан.

Қазақстандық Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, қыркүйектің 25-і күні Киевте баспасөз мәслихатын өткізген Украина президенті Петр Порошенкоға журналистердің бірі "Украина Әблязовтың ісіне қатысты Ресеймен ынтымақтаса әрекет ете ме?" деп сұраған. Порошенко: "Украинаның бас прокуратурасы Украина территориясында болған қылмысты ғана басшылыққа алады... Бұл мәселеге қатысты Ресеймен ынтымақтасу болмайды" деп жауап берген.

Қазақстан билігі Әблязовтың Ұлыбритания мен Францияда қаралған істеріне қандай да бір сырттан ықпал ету әрекеттерінен аулақ екенін мәлімдеп келеді. Қазақстан мен Францияның арасында азаматтарды экстрадициялау туралы өзара келісім жоқ. Қазақстанда Мұхтар Әблязовқа өзі басқарған кезде БТА Банктің «6 миллиард доллар ақшасын жымқырған» деген айыппен іздеу жарияланған. Елдің 74 жастағы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қарсыластарының бірі, бұрынғы банкир 51 жастағы Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыптауларды «саяси астары бар» деп мойындамайды.

XS
SM
MD
LG