Accessibility links

Соғыс өрті шарпыған Газа халқының өмірі


Палестиналық әйелдер мен балалар қирандылар арасындағы жолда келе жатыр. Газа секторы, 7 қазан 2024 жыл.
Палестиналық әйелдер мен балалар қирандылар арасындағы жолда келе жатыр. Газа секторы, 7 қазан 2024 жыл.

Бір жыл бұрын ХАМАС Израиль аумағына кіріп, шабуыл жасаған соң, Тель-Авив бұған жауап ретінде осы ұйым бақылауындағы Газа секторын алыстан атқылап, кейін оған әскер кіргізген. Газа секторының тұрғындары Азаттықтың "Фарда" радиосына осы бір жыл ішінде өмірі қалай жанталасып жатқанын айтып берді.

АҚШ пен Еуроодақ террористік топтар тізіміне қосқан ХАМАС бір жыл бұрын Израильге шабуыл жасағанда Мұхаммед Нассердің өмірі күрт өзгерді.

ХАМАС-тың былтыр 7 қазандағы шабуылы салдарынан 1200 адам қаза тапты. Шабуылдан кейін бірнеше сағат ішінде Израиль палестиналық анклавқа қарсы жаңа заман тарихындағы ең үлкен бомбалау операциясын бастады.

Нассер Газа қаласында жергілікті және халықаралық ақпарат құралдарына тілші болып жұмыс істеп келген. Бірақ бірнеше аптадан кейін Израиль әскері Газа секторына басып кіргенде, үйі мен сүйікті кәсібін тастауға мәжбүр болған.

"Тез кету керек болды. Ештеңемізді, тіпті, киімімізді де алып үлгермедік", — дейді Газа қаласының батысындағы Бейт Лахия қаласында тұрып жатқан Нассер. "Көлігіме мінуге да уақытым жетпеді".

Адамдар қираған үйлер арасынан аман қалған дүниелерін тасып жүр. Бұл үйлер Израиль әскері 8 қазан күні Газа секторының орталық бөлігіндегі Бурейдж босқындар лагеріне әуеден шабуылдағанда қираған.
Адамдар қираған үйлер арасынан аман қалған дүниелерін тасып жүр. Бұл үйлер Израиль әскері 8 қазан күні Газа секторының орталық бөлігіндегі Бурейдж босқындар лагеріне әуеден шабуылдағанда қираған.

6 баланың әкесі Нассер бір жылдан бері жалғасып жатқан соғыста біраз жақынынан айырылған.

"Әпкем мен оның балаларын өлтірді", — дейді Нассер. Олар БҰҰ-ның Газаның солтүстігінде көмек көрсетумен айналысатын агенттігінің бақылауындағы мектепті паналаған. Бірақ Израиль күштері бұл мектепті де бомбалаған.

Израиль соғысы Газадағы инфрақұрылым мен бейбіт халыққа орасан шығын келтірді. Соғысқа дейін Газа — әлемдегі халқы ең тығыз орналасқан аудандардың бірі еді.

ХАМАС-тың бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 7 қазаннан бері Газада 41 000 палестиналық қаза тапқан. Олардың көбі — бейбіт тұрғындар. Израиль ХАМАС-тың 17 000 жауынгерін өлтіргенін мәлімдеді.

БҰҰ есебінше, Газа тұрғындарының 85 пайызы немесе 1,9 миллион адам өз үйін тастап, Палестина ішінде басқа өңірлерге көшкен. Газада азық-түлік тапшылығынан аштық болып жатыр.

Нассер мен отбасы Израиль әскері мен әуе шабуылынан қорғану үшін үнемі көшіп-қонып жүреді. Олар қазір Жерорта теңізі бойындағы шағын жер — Әл-Масавидегі шатырда тұрып жатыр.

Нассер сол жердің өзінде Израильдің шабуылына ұшыраудан қорқады. Былтыр Израиль босқындар лагері, мектептер мен ауруханаларды бомбалаған.

Израиль Газадағы "террористік" инфрақұрылымдар мен ғимараттарды ғана бомбалағанын айтып, ХАМАС-ты "бейбіт тұрғындарды тірі қалқан етіп пайдаланып отыр" деп айыптады.

"Балаларымның, туыстарым мен өзімнің өміріме қауіп төніп тұр", — дейді Нассер. "Жақындарымыз жан-жақта жүр. Бәріміз бас қосып, кездесе алмай жатырмыз".

Бұл — Нассердің ғана басындағы жағдай емес.

Газа қаласының тағы бір тұрғыны, инженер-құрылысшы Хаким де бас сауғалап, басқа жерге кеткен.

"Бар ойымыз — паналайтын қауіпсіз жер табу", — дейді 41 жастағы кісі. "Қай жақ қауіпсіздеу? Қайдан су таба аламыз? Өміріміз осындай уайыммен өтіп жатыр".

Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласы. Мектеп алаңында құрылған шатырда астында тұрған палестиналық балалар. 13 желтоқсан 2023 жыл.
Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласы. Мектеп алаңында құрылған шатырда астында тұрған палестиналық балалар. 13 желтоқсан 2023 жыл.

Израильдің Газадағы соғысының соңы көрінбейді. Соғыста кемі 346 израиль жауынгері қаза тапқан. ХАМАС-тың әскери қуаты сарқылғанымен, әлі де Израильді атқылап жатыр.

Израиль кейінгі аптада соғысты үдетіп, Ливанға басып кіріп, Хезболланы әуеден шабуылдай бастады. Хезболла – Ливанның оңтүстігін басқаратын әскери–саяси партия.

Соғыс пен өңірдегі зорлыққа қарамастан, Хаким Газадағы үйіне оралудан үміт үзбейді.

"Солтүстікке барып, 7 қазанға дейінгі өмірімізге қайта оралғымыз келеді", — дейді төрт баланың әкесі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG