Accessibility links

Грузияда оппозицияның билікке қарсы шерулері жаппай етек алды


Тбилисидегі оппозициялық шерулер. 9 сәуір 2009 жыл.
Тбилисидегі оппозициялық шерулер. 9 сәуір 2009 жыл.

Грузияның астанасында және басқа да қалаларында оппозициялық топтар президент Михаил Саакашвилидің қызметінен кетуін және кезектен тыс сайлау өткізуді талап етуде. Оппозиция жетекшілерінің айтуынша, Тбилисидегі шерулерге шамамен 150 мың адам қатысуда.

Грузиядағы наразылық шараларын ұйымдастырушылар Тбилисиде жаппай шерулерін бастап отыр. Азаттық радиосы тілшілерінің хабарлауынша, наразылық танытушылар парламент ғимараты алдында бейсенбі күні таңертеңнен бастап жиналған. Бұл жерге жүздеген полиция қызметкерлері орналастырылды.

Шерулер сондай-ақ Грузияның басқа да ірі қалаларында ұйымдастырылып отыр. Олардың арасында Кутаиси мен Батуми қалалары да бар.

Осыдан дәл 20 жыл бұрын елдің тәуелсіздігін талап етіп шыққан бейбіт наразылық танытушыларды Совет билігі басып жаншыған болатын. 1989 жылдың сәуірінде полиция мен қауіпсіздік күштері халыққа шабуылдаған кезде 21 адам қаза тапқан болатын, олардың 17-і әйелдер болған еді. Бейсенбі күнгі демонстрациялар сол оқиғаның 20 жылдығына сай келіп отыр.

Сәуірдің 9-ы күні президент Михаил Саакашвили қанды оқиғаларды еске алып, Грузия халқын ұлттық бірлікке шақырды.

“Біз демократиялық елміз, әркімнің өзінің жеке пікірі бар бірақ бір нәрсе анық: пікір-қайшылықтарымыз бен әртүрлі көзқарастарымызға қарамастан, біздің ортақ отанымыз бар. Біз осы отанымыз үшін бірігуіміз керек. Отанымыз үшін үзіліссіз жұмыс істеуіміз керек. Біз бостандық бағытындағы соғысымызды аяқтауымыз керек. Елімізді толығымен азат етіп, заманауи және демократиялық еуропалық мемлекетке айналдыруымыз керек”, - деді Грузия президенті.

Өткен жылдың тамыз айында Ресеймен арада орын алған соғыстан кейін Саакашвилиге қысым күшеюде. Оппозиция жетекшілері өз қолдаушыларын Грузия қалаларындағы шерулерге қосылуға шақырды.

Оппозициялық “Грузия үшін одақ” қозғалысының басшысы Грузияның БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі Иракли Аласания сәрсенбі күні Тбилисиде бапасөз маслихатын өткізіп, былай деп мәлімдеді:

“Біз Раушан төңкерісінің жолынан айырылдық. Бірақ біз үкімет пен президентке және халықаралық қауымдастыққа халықтың билікке сенімсіздік танытып отырғанын көрсетпекшіміз. Біз талап етіп отырған өзгерістер заңды, себебі соңғы бір жарым жыл елімізді ғаламдық, үлкен саяси дағдарысқа алып келді”, - деді Аласания.

Шерулердің алдында оппозициялық топтар билік орындары кейбір мүшелерімізді қамауға алды деп хабарлады.

“Біріккен Грузия демократиялық қозғалысы” партиясының мәлімдеуінше, Рустави қаласында түнде 60-қа жуық оппозиция белсендісі тұтқындалған. Партияның баспасөз хатшысы Хатуна Иванишвилидің айтуынша, тұтқындалған белсенділер бейсенбі күні Тбилисиге барып, шеруге қатыспақшы болған.

Бірақ Грузия İшкі істер министрлігі оппозициялық белсенділердің тұтқындалғандығы жөніндегі хабарларды жоққа шығарып отыр. Ішкі істер министрі Вано Мерабишвилидің мәлімдеуінше, биліктің мақсаты зорлық-зомбылық әрекеттерінің алдын-алу болып табылады.

“Мақсатымыз - зорлық-зомбылық әрекеттеріне жол бермеу. Сондықтан біз үкіметтік ғимараттарды қорғаймыз деп келістік. Қақтығыстың орын алуына жол берілмейді”, - деді Мерабишвили.

Кейбір сарапшылардың айтуынша, Грузия үкіметіне қарсы наразылық шаралары толқуларға айналуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG