Азаттық: АҚШ мемлекеттік департаментінің әлемдегі адам саудасы туралы соңғы баяндамасында Қазақстан үкіметінің бұл мәселені шешуге жеткілікті көңіл бөлмей, тиісті стандарттарды сақтамай отырғаны жазылған. Осы жайлы толығырақ айтып берсеңіз.
Кари Джонстоун: Адам саудасы – Қазақстанның ғана емес, АҚШ үкіметінің де алдында тұрған мәселе. Бұл сапар Қазақстандағы жағдаймен танысып, үкіметтің адам саудасына байланысты қылмыстарға қарсы қандай шаралар қабылдағанын білуге мүмкіндік береді. Сіз айтып отырған баяндама биыл маусым айында жарияланды. Онда Қазақстанның бұл мәселеде ілгерілегені байқалатыны жазылған. Алайда кемшіліктер де бар. Мысалы, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың статистикасы мен Қазақстан үкіметі ұсынған ресми деректердің арасында айырмашылық көп. Мұндай деректерге құлдыққа тап болған азаматтар саны, қозғалған қылмыстық істер және сотта қаралған істер жатады. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, жалпы 106 қылмыс анықталып, 2019 жылы соның 16-сы ғана сотқа жеткен. Қазақстан соты сексуалды трафик қылмысы бойынша 19 үкім шығарған. Бірақ күштеп жұмысқа жегу мәселесіне жеткілікті назар аударылмай отыр.
Кари Джонстоунның Азаттыққа сұхбатының видеосы (орысша)
Азаттық: Бірқатар үкіметтік емес ұйым адам саудасына полиция мен шенеуніктердің де қатысы болуы мүмкін деген жорамал айтады.
Кари Джонстоун: Өкінішке қарай, бұл ілуде бір кездесетін оқиға емес. Полиция қызметкерлерінің де адам саудасына қатысы бары анықталғанына мысал жетерлік, ондайлар Америкада да кездескен. Мұндай жағдай Қазақстан мен АҚШ үшін таңсық емес. Сондықтан тергеуді дұрыс жүргізіп, істі сотқа жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз. Ал мұндай қылмысқа қатысы бары дәлелденген азаматтарға лайықты жаза тағайындалатынына кепілдік беруіміз керек.
Азаттық: Адам саудасымен кімдер айналысады және қылмыскерлер тұзағына кімдер түседі?
Кари Джонстоун: Адам саудасынан жапа шегуші - сексуалды трафикке тап болған жас әйел деген стереотип бар. Шын мәнінде жасына, азаматтығы мен біліміне қарамастан, кез келген адам осындай қылмыстан жапа шегуі мүмкін. Олардың көбі өзі мен отбасының жағдайын жақсарту мақсатымен жұмыс іздеп шығып, ақыр соңында қиын жағдайға душар болып, трафик нысанына айналады. Адам саудасымен айналысатын қылмыскерлер адамды құлдыққа салудан пайда табуды көздейді. Соңғы кезде әлемде заңсыз жұмысқа араласып, құлдыққа душар болған ерлер мен балалар саны көбейіп келе жатқанына назар аударғым келеді.
"Адам саудасын кім ұйымдастырады?" деген сұраққа келсек, мұндайға әдетте өздері бұрын осындай қылмыстан жапа шеккен немесе зорлық көріп, тағдыр тауқыметін тартқан адамдар баруы мүмкін.
Құлдыққа тап болғандардың еңбегі жиі пайдаланылатын негізгі үш сала бар: құрылыс, ауыл шаруашылығы және жезөкшелік. Қазақстан азаматтары шетелде адам саудасымен айналысатындардың тұзағына түскен жағдайлар да кездескен. Оларды Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия мен Парсы шығанағы елдерінде мәжбүрлеп жұмысқа салған. Бразилияда бір оқиға тіркелген. Қазақстан азаматтары Оңтүстік-Шығыс Азия елдері (бір жағдай) мен АҚШ аумағында да сексуалды трафиктен жапа шеккен.
Азаттық: Қазақстанның құлдыққа қарсы күрес саласындағы заңдары халықаралық стандарттарға сай келе ме?
Кари Джонстоун: Қазақстан Қылмыстық кодексінде адам саудасымен айналысқан адамдарға байланысты іс-әрекеттерді реттейтін мықты позициялар мен ережелер бар. Әлемнің басқа мемлекеттеріндегі сияқты бұл ережелер ең жоғарғы стандартқа сәйкес келеді. Қазақстанда заңнаманы жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр. Біз бұл тақырып төңірегіндегі талқылауларға белсенді қолдау көрсетеміз.
Қазақстанда жетілдіруді қажет ететін үш саланы атай аламын. Біріншіден, халықаралық үкіметтік емес ұйымдар мен Қазақстан үкіметінің өкілдері шетелдіктер арасында адам саудасынан жапа шеккендер саны артып бара жатқанын мойындауы керек. Біз сөйлескен адамдардың бірқатары Қазақстан заңына сәйкес, адам саудасынан жапа шегуші шетел азаматының Қазақстан азаматтарына берілетін әлеуметтік қызметтерге қол жеткізе алмайтынын айтты. Шетел азаматтарына мұндай көмек беруге мүмкіндік бар. Ол үшін шетел азаматтарының ісі бойынша қылмыстық тергеу жүргізіліп, кінәлі сот алдында жауапқа тартылуы керек. Біз Қазақстанға шетелдік азаматтарға арнаулы әлеуметтік көмек беру туралы заңнамалық өзгеріс енгізуге қолдау көрсеткіміз келеді.
Екінші мәселе жазаға байланысты. Қазір Қазақстан адам саудасынан жапа шегуші мен қылмыскер арасында келісімге келу мүмкіндігін алып тастау туралы ұсынысты қарастырып жатыр.
Үшінші мәселе адам саудасынан "жапа шегуші" ұғымына берілген анықтамаға байланысты. Халықаралық заң аясында қылмыскер қолданған әдістерге назар аударылса, Қазақстан заңдарында қылмыс туралы фактіге басымдық беріледі. Сондықтан мәжбүрлеу, жалған құжат жасау, өтірік айту сияқты әдіс-айла жасалған қылмыстың ажырамас бөлігі есебінде қарастырылмайды. Заң бұзған адамның тарапынан алаяқтық пен заңсыз әрекет тіркелсе, сот заңды қатаңдатуы мүмкін. Мұндай фактілер тіркелмесе, жұмсақ жаза алу ықтималдылығы жоғары. Біз мәжбүрлеу, алаяқтық әрекеттер мен жалған сөйлеу адам саудасымен байланысты қылмысқа жатады деп есептейміз. Заңды бұзғандар соған сәйкес жазасын алуы керек.
Азаттық: Бұл мәселе бойынша АҚШ Қазақстанға қандай ұсыныстар берді? Ақорда АҚШ-тың кеңесіне құлақ аса ма?
Кари Джонстоун: Біріншіден, шетел азаматтары мен жұмысқа күштеп жегілген азаматтар арасында адам саудасынан жапа шеккендерді анықтауға бағытталған шараларды күшейтуді; екіншіден, жапа шеккен шетел азаматына заңбұзушыларға қарсы қылмыстық іс қозғалмағанына қарамастан көмек тағайындауды; үшіншіден, адам саудасына мемлекеттік орган өкілдері мен полиция қызметкерлерінің қатысы болған жағдайда кең көлемді әрі әділ тергеу жүргізіп, қылмыстық іс қозғауға күш салуды ұсынамыз.
Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.
ПІКІРЛЕР