Азаттық жүргізген "Дубайдағы Қазақстан" зерттеуінің үшінші бөлімінде заң шығарушы органның қазіргі және бұрынғы мүшелері жайлы айтамыз.
C4ADS ұйымының реестрі
Америкалық C4ADS ұйымы Азаттыққа Дубайдағы жылжымайтын мүлік реестрін ұсынды. 2020 және 2022 жылдарды қамтитын бұл реестрге қарағанда, Қазақстанның 1550 азаматы жалпы құны 1 млрд доллардан асатын 2700-ге жуық жылжымайтын мүлікке иелік еткен. Бұл тізімнен Қазақстанның қазіргі және бұрынғы шенеуніктері мен олардың туыстары көп кездеседі. Азаттық тілшісі осы үйлерді көрсетіп, олардың иелеріне қоңырау шалды, мүліктің қандай ақшаға алынғанын, Қазақстан үкіметіне өткізілетін декларацияда қалай көрсетілгенін сұрады. Дерек ауқымды болған соң, зерттеу бірнеше бөлімнен тұрады.
Қазақстан мемлекеттік кірістер комитеті жалпыға бірдей декларацияның бірінші кезеңінде бар болғаны 40 адам ғана Біріккен Араб Әмірліктерінде жылжымайтын мүлкі (барлығы 60 үй) барын көрсеткен. Комитет Азаттықтың C4ADS тізіміндегі азаматтардың мүлкі жайлы сұрағына жауап бермеді. Ол ақпарат шектеулі мәліметке жатады деді.
Штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан C4ADS ұйымы халықаралық қылмыс пен кикілжіңдерді зерттейді.
Ескерту: зерттеуде жылжымайтын мүліктердің Қазақстан валютасына шаққандағы құны орташа бағаммен "1 АҚШ доллары – 450 теңге" есебімен (2023 жыл мен 2024 жылдың І жарты жылдығындағы көрсеткіштерге сәйкес) көрсетілді.
НЫҒМАТУЛИНДЕР ӘУЛЕТІ
Венера Баймырзаева
Мәжіліске келген үкімет мүшелерін жиі-жиі сынап, бірде дауысын зорайтып, бұйыра сөйлеп, бірде әзілмен қағытатын спикер Нұрлан Нығматулин төменгі палатада төраға болып 8 жыл отырды. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың серігі саналған ол Қаңтардан соң парламентпен қоштасты.
Экс-депутаттың қазір қайда екені белгісіз. Бірақ C4ADS ұйымы Азаттыққа берген дерекке қарағанда, Дубайда Нығматулиннің әйелі Венера Баймырзаеваның атына 50 шақты жылжымайтын мүлік тіркелген.
Соның алғашқысы – 860 шаршы метрлік вилла. Living Legends деп аталатын коттедж қалашығындағы бұл жылжымайтын мүліктің құны 670 млн теңгенің (1,5 млн доллар) айналасында.
Сондай-ақ, FAIROOZ деген ғимаратта Венера Баймырзаеваның атына аумағы 500 шаршы метрлік апартамент тіркелген. C4ADS ұйымы оның нарықтағы құны шамамен 850 млн теңгеден (1,9 млн доллар) асатынын есептеген.
C4ADS дерек базасында Баймырзаева – Дубайдың орталығында бұдан өзге премиум санаттағы бірнеше пәтердің иесі деп көрсетілген. DM MESK кешенінде жалпы құны жарты млрд теңгедей (1 млн доллар) екі пәтер, ROYAL OCEANIC ғимаратында 270 млн теңге (600 мың доллар) шамасында тұратын апартамент, REGAL TOWER кешенінде 250 млн теңгенің (550 мың доллар) пәтері, BAHAR кешенінде 150 млн теңгеден (380 мың доллар) қымбат тұратын пәтер Баймырзаеваның атына жазылған.
Қазақстанда Нұрлан Нығматулиннің әйел, бала-шағасының иелігінде түрлі компаниялар бар. Әйелі Венера Баймырзаева негізінен елдегі жылжымайтын мүліктері арқылы кәсіп жасайды. Қаржы есебі депозитарийінен ірі компаниялардың құрылтайшылары қатарында Баймырзаеваның есімі құда-құдағиымен қатар тұрғанын көреміз.
Мағда Ыдырысова
Нығматулиннің Қазақстанның ең бақуатты адамдарының қатарына жататын Дінмұхамед Ыдырысовпен құдандалығы бар. Оның әйелі Мағда Ыдырысова құдағиы Венера Баймырзаевамен бірге Дубайдағы Dunes Village ықшамауданында орналасқан 42 пәтерге иелік етеді. Қос құдағиға тиесілі бұл пәтерлердің бәрі бір ғимараттан алынған. Әр пәтердің салыстырмалы құны 35-110 млн теңгенің (80-240 мың доллар) аралығында. Орташа бағамен жалпы құнын есептесек, 3 млрд теңгеден асады.
Нұрлан Нығматулин олигарх Дінмұхаммед Ыдырысовпен Нұрхан деген ұлы арқылы құда. Мұнай, никель, энергетика бойынша активтерге ие кәсіпкер Дінмұхаммед Ыдырысов Forbes Kazakhstan журналының рейтингінде елдегі ең ауқатты жиырма адамның қатарына кіреді.
Азаттық алдымен Нұрлан Нығматулинге қоңырау шалып көрді. Байланысу мүмкін болмады. Ал әйелі Венера Баймырзаева телефон тұтқасын көтерді. Бірақ журналист өзін таныстырған бойда байланысты үзе салды.
Арғын Нығматулин және Найле Белбаева
Нұрлан Нығматулиннің Арғын Нығматулин деген ағасы бар. Оның әйелі Найле Белбаева да Дубайдан үй алған. BAHAR кешеніндегі бір пәтер осы Белбаеваның атына жазылған. Пәтер аумағы – 70 шаршы метр. Бағасы 170 млн теңге (380 мың доллар) шамасында.
Арғын Нығматулин де көп жыл мемлекеттік мекемелерде басшы қызметте болған. Азаттық оған хабарласып, жұбайының атындағы мүлік декларацияланған ба деп сұрады. Ол "декларацияны сұрайтын адамдар бар, маған қоңырау шалмаңыз" деп жауап берді.
Ерлан Нығматулин
Нұрлан Нығматулиннің сыңары Ерлан Нығматулин мәжілісте 12, сенатта 4 жыл депутат болған. Депутаттыққа дейін және кейін бизнесте. 2020-2021 жылдары оны Forbes Қазақстан журналы елдегі ең ықпалды кәсіпкерлер қатарына қосқан.
C4ADS дерекқорынан Ерлан Нығматулиннің күйеу баласы Біржан Жолжақсыновтың есімі кезікті. Ол – Джумейра аралындағы (Palm Jumeirah) SADAF кешенінде орналасқан 170 шаршы метрлік апартаменттің иесі. Жылжымайтын мүліктің нарықтағы құны – 300 млн теңге (690 мың доллар) шамасында. Айта кетейік, Біржан Жолжақсынов – актер Досхан Жолжақсыновтың ұлы. Біржан Жолжақсынов түрлі бағытта жұмыс істейтін, ірі салық төлейтін компанияларға жетекшілік етеді және құрылтайшылар қатарында.
"БҰЛ ДА ИНВЕСТИЦИЯНЫҢ БІР ТҮРІ"
Берік Бейсенғалиевтің отбасы
"Аманат" партиясынан мәжілісте отырған тағы бір депутат Берік Бейсенғалиевтің отбасы – әйелі, ұлы, қызы Дубай қаласында бір емес, бірнеше мүліктің иесі. Депутаттың жұбайы Зәкира Бейсенғалиева SKY CENTRAL қонақ үйіндегі бір апартаментке иелік етеді. Бұдан бөлек ол TFG MARINA деген қонақ үйден тағы үш жеке бөлмені меншіктеген.
Ал депутаттың ұлы Ержан Бейсенғалиевтің атына 5 бөлме, қызы Әсел Тұрсынбекованың атына 3 бөлме тіркелген. Олар да TFG MARINA және SKY CENTRAL қонақ үйлерінен сатып алынған бөлмелер. Осы 12 мүліктің жалпы құны 450 млн теңгеден (1 млн доллар) асады.
Берік Бейсенғалиев 2009 жылға дейін банк саласында, үш жылдай жеке бизнесте жұмыс істеген. Кейін тағы он жылдай квазимемлекеттік құрылымдарда басшы қызмет атқарған. 2018-2019 жылдары ауыл шаруашылығы вице-министрі болды.
Депутат отбасының шетелдегі жылжымайтын мүлкі туралы сұраққа жауап берді.
– Менің мүлкім жоқ. Бірақ жұбайым, балаларым бәрі бизнеспен айналысады. Олардың мүлкі бар. Оның бәрі декларацияда көрсетілген, – деді ол.
– Бұлар ешқандай вилла емес, ешқандай пәтер емес. Кішкентай-кішкентай қонақ үйдің нөмірлері. Бір адам депозитте қаражат ұстайды, сосын депозиттен пайыз алады. Екінші адамдар осындайды алады да, қонақ үйдің нөмірлерінен пайда түссе, соны бөліседі. Бұл да инвестицияның бір түрі.
Бизнесті тіркеу реестріне сәйкес, қазір депутаттың әйелі ешбір компанияның құрылтайшысы я жетекшісі емес. Ал ұлы мен қызының иелігіне жиыны 6 компания тіркелген.
Самат Мұсабаев
Қазір парламент мәжілісінде депутат болып отырған Самат Мұсабаев та Дубайдағы SKY CENTRAL қонақ үйінің 4-қабатынан екі бөлек бөлме меншіктеген. Екеуінің құнын қосқанда шамамен 100 млн теңгеге (200 мың доллар) жуықтайды. Ресми өмірбаянына қарағанда, Мұсабаев депутаттыққа дейін құрылыс саласындағы компанияларға иелік етіп, кәсіп жасаған. Дубайдағы үйі туралы хатымызға депутат жауап бермеді.
Долорес Пшембаева
Дубайдың Джумейра аралындағы қымбат мүліктердің бірі DREAM PALM RESIDENCE кешені. Мұндағы апартаменттің бірі Қазақстан азаматы 40 жастағы Долорес Пшембаеваның атына жазылған. Ол – парламентте 14 жыл депутат болған Мейрам Пшембаевтың қызы. Мейрам Пшембаев ертеректе жеке кәсіпте, квазисекторда да қызмет істеген.
C4ADS ұйымының есебінше, DREAM PALM RESIDENCE-тегі үйдің құны шамамен 400 млн теңгеге (800 мың доллар) жуық болған.
2021 жылы Пшембаев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды деген хабар тараған-ды. Бірақ Ақорда Азаттыққа қазір президентте штаттан тыс кеңесші жоқ деп жауап берді.
Долорес Пшембаеваның өзі Павлодардағы өзен портының және тағы оннан астам компанияның құрылтайшысы. Экс-депутат Мейрам Пшембаев бұл үйді қызы сатып жібергенін айтты.
– Ол мүлік жөнінде білемін. Күйеу бала Арман екеуінің отбасы, үш баласы бар. Жастары қырықтан асты. Мен ол ақпаратты жуырда ғана көрдім. Содан кейін сұрап едім, олар 7 жыл бұрын несие алып алған, шамалары келмеген соң 7 жыл бұрын сатып жіберген. Маған балам сондай ақпарат айтты. Олар бөлек отбасы, қайда не бітіріп жатқанының бәрін білмеймін, – деді ол.
Гүлжан Қарағұсованың келіні
2007-2021 жылдар аралығында мәжіліс депутаты болып қаржы және бюджет комитетін басқарған, одан бұрын бірталай жыл еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарған Гүлжан Қарағұсованың келіні Алена Шенесарының атында аумағы 500 шаршы метрлік апартамент бар. Мүлік Джумейра аралындағы Солтүстік резиденция деген ғимаратта орналасқан. Оның нарықтағы бағасы 1 млрд теңгеге (2,17 млн доллар) жуық.
Аленаның күйеуі, Қарағұсованың ұлы Роман Романов "Қазақстан аллюминийі" акционерлік қоғамының президенті қызметін атқарған. Шенесарының өз атына екі компания тіркелген.
Мәди Елубаевтың әкесі
2022 жылы мәжілістің экс-депутаты Мәди Елубаевтың биографиясы жұрттың талқысына түскен еді. Жұрт оның әкесі құрған университетке 32 жасында ректор болғанын сөз еткен.
Экс-депутаттың әкесі, агрохимия саласының ғалымы Сағынтай Елубаев Дубайда үш жылжымайтын мүлікке иелік етеді. Олардың құны шамамен 300 млн теңгеге (650 мың доллар) жуық. Мүліктің бірі VERA TOWER ғимаратында орналасқан. Тағы екеуі құрылысы енді аяқталып жатқан AYKON CITY-TOWER B кешенінен алынған.
Серік Қонақбаев
Біріккен Араб Әмірліктерінен пәтер алған экс-депутаттың бірі – Серік Қонақбаев. Ол мәжілісте 12 жыл отырды: 2, 3, 4-шақырылымдарда депутат болды. Елге боксшы ретінде танылған Қонақбаев әр жылдары мемлекеттік қызметте, спортта және бизнес құрылымдарда да жұмыс істеді.
Қонақбаев Palm Jumeirah аралында мына GRANDEUR RESIDENCES MUGHAL кешенінен люкс-апартамент алған. Мұндай мүлік нарықта 430 млн теңгеден (952 мың доллар) басталады. Аумағы 170 шаршы метр.
Серік Қонақбаевтың атындағы тағы екі мүлік The World, яғни "Әлем" деп аталатын жобаның ішінде. Жасанды архипелаг пен жоспарланған нысандар сатылып кетсе де, мегажоба 15 жылдан бері тоқтап тұр деуге болады. Реестрге сәйкес, Қонақбаев сол дағдарысқа дейін ақша құйғанға ұқсайды. Серік Қонақбаев Азаттық тілшісімен әңгімелескісі келмеді. Сұрағымызды ести сала телефонды қоя салды.
МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ
Мәжілістің 4-шақырылым депутаты, қазір Астана қалалық мәслихатының депутаты Бауыржан Смайылов та Marsa Dubai ауданынан пәтер алған. (Elite Residence, құны шамамен 150 млн теңге немесе 350 мың доллар). Смайылов депутаттық қызметінен бөлек уақытта мемлекеттік қызметте істемеген. Биографиясына сәйкес, құрылыс саласын кәсіп еткен.
C4ADS ұйымы жинақтаған дерекқорда басқа өңірдегі мәслихат депутаттары да кезікті. Мәселен, семейлік кәсіпкер әрі Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының экс-депутаты Әсемқан Досқожановтың ұлы Дәулет Досқожанов AZIZI FEIROUZ (құны шамамен 100 млн теңге немесе 200 мың доллар), Алматы мәслихатының экс-депутаты Мұрат Әділханов SADAF ғимаратынан (құны шамамен 630 млн теңге немесе 1 млн 400 мың доллар) апартамент алған. Ал "Ауыл" партиясынан Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болған әкелі-балалы кәсіпкерлер Темірғали, Сайран Ескендіровтер THE MATRIX кешенінен (құны шамамен 115 млн теңге немесе 245 мың доллар), Семей қалалық мәслихатының экс-депутаты Әміржан Ахмеджанов MARINA PINNACLE ғимаратынан бір-бір апартамент (150 млн теңге немесе 340 мың доллар) иемденген.
Шығарылымда есімі аталған және телефонға жауап бермеген адамдарға жеке хат жолдадық. Біз олардың бәрі бірдей шығу тегі күмәнді ақшаға үй сатып алды деуден аулақпыз. Дегенмен ол үйлерді қандай ақшаға сатып алды деген заңды сұрақ және бар.
"Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросының" жетекшісі Серік Медетбеков Дубайдағы зерттеу туралы сұраққа жауап бергенде, ағылшын саясаткері Маргарет Ходждың тізімін еске алды. Британ парламентінің депутаты Ходж 2022 жылғы ақпанда Ұлыбритания парламентінде Қазақстандағы жемқорлық туралы пікірталас бастап, елдегі халық байлығын тонады деген 28 адамның атын атады, оларға санкция салуды ұсынды. Медетбеков сол тізімде Нұрлан Нығматулин де болғанын атап өтті.
Медетбековтің сөзінше, Қазақстанда ықпалды қызмет атқарғандардың Дубайдан үй алуға құштарлығы Біріккен Араб Әмірліктерінің заңсыз байлыққа көз жұма қарайтынынан туған.
– Ішіне Дубай кіретін Біріккен Араб Әмірліктері қаржы құпиясымен бірге корпоротивті табыс салығы тәртібі жиі бұзылатын 10 елдің қатарына кіреді. Яғни, бір шабадан ақшамен көшеден келіп, оны шотқа салып қойсаңыз, сізден ештеңе сұрамайды. Иә, қазір бұл ақырындап өзгеріп келеді. Себебі Дубай бұл бағытта халықаралық заңнамаларды енгізуге тырысып жатыр, – деді ол.
Оның сөзінше, Қазақстан билігі шетелге кеткен заңсыз байлықты қайтаруға дұрыс көңіл бөліп отырған жоқ, ірі активтерді қайтаруға құлықсыз.
– Біз шетелде орналасқан активтер дерегін анықтап, бірнеше рет көмек қолын ұсындық. Қазақстаннан сыртқа шығарылған активтерді елге қайтаруға атсалысайық дедік. Қазақстанда қазір де осы "Елге қайтару" деген тамаша қор бар. Көп жұмыс істеп жатыр. Жүргізілген зерттеулер аясында Әділет министрлігінен, Бас прокуратурадан әрекет жасауда талап етіп келеді. Журналистік зерттеулер арқылы анықталған фактілер бойынша олигархтарды тергеуді талап етті. Өкінішке қарай, Бас прокуратураның мұнымен белсенді түрде жұмыс істеп жатқанын көріп отырған жоқпыз, – деді ол.
Медетбеков заңсыз активтерді қайтару ісі тежеліп отырғанына осы салаға жауапты адамдар кінәлі деп есептейді.
– [Билік] вертикалі әлсіз, өте әлсіз деп ойлаймын. Әлдекім Тоқаевты мұны істейтін адам жоқ дегенге сендіргендей. Сол себепті ескі кадрларға жүгінеді. Ал ескі кадрлар дегеніңіз Назарбаевтың адамдары. Кез келген тергеудің соңында олар өздеріне барып тіреледі, – деді "Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросының" жетекшісі Серік Медетбеков.
"Дубайдағы Қазақстан" зерттеуінің келесі бөлімі әкімдерге арналады. Ал алдыңғы бөлімдерде құқық қорғау органдарының қазіргі және бұрынғы шенділері мен мұнай-газ саласында ірі қызмет атқарған азаматтардың мүлкі сөз болған.
ПІКІРЛЕР