Accessibility links

"Әблязовтың әйелін Берлускони депортациялатты"


Қуғындағы оппозициялық саясаткер, банкир Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен қызы Алуа.
Қуғындағы оппозициялық саясаткер, банкир Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен қызы Алуа.

Италиялық журналист, әрі саясаттанушы Джованни Бенси Азаттыққа берген сұхбатында Мұхтар Әблязовтың әйелі мен қызын бұрын кездеспеген тәсілмен депортациялау Италияда саяси дау тудырғанын айтты.

Маусым айының соңында Италия полициясының арнайы бөлімі Рим түбінде тұрып жатқан қуғындағы қазақстандық банкир Мұхтар Әблязовтың әйелі мен қызын тұтқындап, үш күннен соң Қазақстанға депортациялаған еді.

Алма Шалабаева қазір Алматыдан ешқайда кетпеу туралы қолхат жазып үйінде отыр. Ал бұл уақытта Италия билігі депортацияны заңсыз деп танып, саяси жанжал туып жатыр.

Азаттық бұл істің төңірегіндегі шу туралы, Мұхтар Әблязовтың отбасын депортациялаудың соңы неге ұласатыны жөнінде италиялық журналист, саясаттанушы Джованни Бенсимен сұхбаттасты.

Азаттық: Бенси мырза, Мұхтар Әблязовтың әйелі мен алты жасар қызын Италиядан Қазақстанға қайтарғалы бері бір айдан астам уақыт өтті. Бірақ депортацияға қатытсы дау-дамай енді тұтанды. Неліктен деп ойлайсыз?

Джованни Бенси: Италия үкіметінің мүшелері мен қоғам өкілдері бұл істің мән-жайын білмей келді деп ойлаймын. Алма Шалабаева мен оның қызын депортациялаудың егжей-тегжейі көпшілікке енді белгілі болып жатыр.
Елдің саяси билігінде Назарбаев сияқты диктаторға жағынып қалуға, сөйтіп өз мүддесін қорғап, өздеріне тиімді келісім-шарт жасауға тырысатын адамдар бар.

Бұл жағдайға қатысты шу көтеруге себеп болған тағы бір жайт - полицияның арнайы жасағын қолдану әрекеті. Аса қауіпті қылмыскерді қолға түсіретіндей ондаған адам операцияға қатысқан. Сонда бар болғаны әйел мен жас баланы - президент Назарбаевтың оппонентінің отбасы мүшелерін ұстаған. Бұл қалыптан тыс жағдай Италия үкіметінің тиімсіз іспен шұғылданғанын көрсетеді. Елдің саяси билігінде Назарбаев сияқты диктаторға жағынып қалуға, сөйтіп өз мүддесін қорғап, өздеріне тиімді келісім-шарт жасауға тырысатын адамдардың бар екенін байқатады.

Италия Қазақстаннан тіке газ бен мұнай алғысы келеді. Назарбаевпен қарым-қатынасын бұзғысы келмейтіні де содан. Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлускони қазір ешқандай саяси лауазымы болмаса да, үкіметте салмағы мен ықпалын сақтап қалды. Берлускони Путинмен де жақсы. Қазақстанда кен орындарын сатып алуға қатысы жеке келісім-шарттары да бар деседі. Шалабаеваны депортациялау Италиядағы кейбір адамдардың Назарбаевқа жақсы көріну, ұпай жинау әрекеті деп ойлаймын.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Италия премьер-министрі Сильвио Берлускони.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Италия премьер-министрі Сильвио Берлускони.

Азаттық: Италия билігін депортация процедурасында кеткен қателікті мойындауға не мәжбүр етті?

Джованни Бенси: Шалабаеваны депортациялауға қатысты шу-шұрқан шыққан соң үкімет қандай да бір шешім қабылдауға мәжбүр болды. Бірақ Италияның енді қабылдаған шешімінен ештеңе өзгермейді. Депортациялау туралы бұйрықты жоюдың қандай да бір заңдық міндеттеулері жоқ.

Азаттық: Өткен апта бірқатар БАҚ-та жарияланған материалдарында Алма Шалабаева өзін қалай ұстағаны жайлы мәлімет береді. Процедура кезінде болған заңсыздықтарды сипаттайды. Оның сөзінше, полицейлер үйіне түн ортасында басып кіріп, кім екендерін айтпай дөрекілік танытқан. Қамауға алынғасын адвокат бергізбеген, сусыз, тамақсыз ұстаған. Істің мұндай бүге-шігесі қазір айтылып жатыр ма?
Вице-премьер, ішкі істер министрі Анджелино Альфаноны отставкаға кетуге шақырушылар бар.

Джованни Бенси: Ешқандай ықпалы болмаса да, италиялық оппозиция бұл туралы үкіметке бірнеше сауал жолдады. Ол құжаттарында неліктен тұтқындау әрекеті осындай жолмен жасалды, министрлер, әсіресе, ішкі істер және сыртқы істер министрі отставкаға кете ме деген сұрақтар бар. Вице-премьер, ішкі істер министрі Анджелино Альфаноны отставкаға кетуге шақырушылар бар. Өйткені бұл депортацияға жол берді, заңдық жауапкершілік те соның мойнында. Бірақ, меніңше, қазіргі жағдайда ештеңе де өзгермейді.

Азаттық: Неге өзгермейді? Италияда Мұхтар Әблязовтың әйелі мен қызын депортациялаудың жай-жапсарын тексеру басталған жоқ па еді?

Джованни Бенси: Ол тексеру жүріп жатыр, бірақ қалай бітетіні белгісіз. Бұл оқиғаға дейінгі және кейінгі барлық фактілер қарастырылатын шығар. Прокуратура полицияға бұйрық берген, бастап жүрген адамды табуға тырысып жатыр. Үкіметтегі басшылар, премьер-министр Энрико Летта мүшесі боп саналатын билеуші партия өкілдері ол жайттан хабарсыз болдық дейді.

Егер бұлар үкімет басшысынан тәуелсіз түрде қимылдаса, демек Берлусконидің адамдары болғаны. Ол адамдардың Қазақстанмен және Ресеймен бизнес байланыстары көп. Менің пайымдауымша, егер тексеру жасалса да, ешқандай нәтиже шықпайды.

Азаттық: Италияның саяси практикасында Әблязовтың әйелі мен қызын елден шығару кезіндегідей дау тудырған өзге ел азаматтарын депортациялау, я экстрадициялау әрекеті бұрын болып па еді?
Егер бұлар үкімет басшысынан тәуелсіз түрде қимылдаса, демек Берлусконидің адамдары болғаны. Ол адамдардың Қазақстанмен және Ресеймен бизнес байланыстары көп.

Джованни Бенси: Мүлдем басқа жағдайдағы экстрадициялау оқиғалары болған. Бірақ бұл жолғыдай Италияның қайсыбір диктаторға өз елінде қуғын-сүргін күтіп тұрған оппозиция өкілін немесе туыстарын қайтарып беру болған емес.

Азаттық: Неліктен Әблязов отбасын дәл Италияда орналастырды деп ойлайсыз? Италияны Ұлыбритания немесе Швейцария сияқты өзін саяси қуғын көруші санайтын адамдар үшін салыстырмалы түрде қауіпсіз ел деп атауға бола ма?

Джованни Бенси: Оның неліктен Италияны таңдап алғанын және неліктен Италияға көшкенін айту қиын. Ол үшін Әблязовтың басындағы жағдайды білу керек.

Ал Италияның саяси пана ретіндегі қауіпсіздігіне қатысты айтарым - бұған дейін бұл ел қауіпсіз мекен болып есептеліп келген. Бұрын-соңды бұрынғы СССР адамдарын совет билігі кезінде де, кейін де елдеріне кері қайтарған оқиға болмаған. Меніңше, мына жағдайға қарамастан Италия да, Батыс Еуропа да саяси баспана сұраушы адамдар үшін сенімді территория болып қала береді.

Азаттық: Онда Алма Шалабаеваның депортациясын әдеттен тыс оқиға деп санайсыз ба?

Джованни Бенси: Әдеттен тыс жағдай. Алғашқы және әзірше жалғыз оқиға. Бұлай болып шыққаны - Назарбаевқа жағуға тырысқан Италияның өндірістік және геосаяси топтарының мүдделері тоғыса қалды. Бұл - бір көлеңкесі қою іс.

Азаттық: Сұхбатыңыз үшін рақмет.
XS
SM
MD
LG