Тамыздың 25-інде Ақмола облысы Целиноград аудандық сотына айыпталушылардың туыстары, достары, бірнеше бұқаралық ақпарат құрал өкілдері және қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан келді. Отырысты сәл кешігіп бастаған судья Төлеген Тұрғанбаевтың үкімі бойынша, Өмірбек Жампозов Қылмыстық кодекстің 1997 жылы қабылданған ескі редакциясының 176-бабы («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету») бойынша кінәлі деп танылып, бірақ қайтыс болуына байланысты жазадан босатылды.
«ҚазСуШар» мемлекеттік мекемесінің бұрынғы директоры Өмірбек Жампозов қызметте жүріп, «Нұра өзеніндегі Преображенское су торабын жөндеу жұмыстарына бөлінген 640 миллион теңгенің 120 миллионға жуығын жымқырды» деп айыпталған. Әлеуметтік желілерде өзінің кінәсіз екенін мәлімдеп видео-үндеулер жариялаған Жампозов шілденің 20-сында Целиноград аудандық прокуратурасының ғимаратына шабуыл жасап, құқық қорғау органдары қызметкерлерін жарақаттаған. Сол күні оның өзін-өзі атып өлтіргені хабарланған.
Бұл іс бойынша өзге айыпталушылар, Жампозовтың қызметтестері Мәжит Бөрлібаевқа – жеті жыл алты ай, Болат Бисебековке – екі жыл алты ай, Ілияс Қазыкеевке жеті жыл түрме жазасы кесілді. Су торабын жөндеуге тапсырыс алған мердігер компания «ЛигаФинанс» басшылары Асқар Төлеуов пен Дәулет Тайғұлов сәйкесінше бес және жеті жылға қамалды. Бұлардың барлығына да Қылмыстық кодекстің 176-бабы бойынша айып тағылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Шабуыл жасаған соң "өзін өлтірген" Жампозов ісін түрліше жориды
Бұдан бұрын өткен жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы Айымгүл Жаманбалина бірқатар «жеңілдетпе жағдайларды» ескере отырып, Бисебековке 2 жыл шартты жаза, Бөрлібаевқа жеті жыл, Төлеуовке төрт жыл түрме жазасын беруді сұраған. Сұрағанындай жаза тағайындалмаған прокурор Айымгүл Жаманбалина үкімге қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Судья үкімінен соң айыпталушыларды қарауылдар кісендеп алып кетті. Олардың туыстары жылап шығарып салып жатты. Кінәсін мойындап, келтірген «20 миллион теңге шығынын» мемлекетке қайтарғанын айтып жеңілдік сұраған Бисебековтің адвокаты Елена Овчарова сот үкіміне қанағаттанбайтынын айтады.
- Қылмыстық кодекстің 63-бабына («Шартты түрде соттау») негіздеп, үкімге шағым түсіреміз, - деп қысқа қайырды Овчарова.
Тайғұловтың адвокаты Талғат Шарипов сотта құрылыс-экономикалық экспертиза қайта жасалмаған соң сот талқылауы әділ өтпеді деп санайды.
- Алғашқы құрылыс-экономикалық экспертизада көп нәрсе ескерілмегені анықталды. Оны қайта жасату туралы өтінішімізді судья қабылдамады. Онда үкім әділ деп айту қиын. Шағымданамыз, - деді Талғат Шарипов.
Марқұм Жампозовтың адвокаты Бақыт Қайыржанова да сот үкімімен келіспейді. Олар Жампозовты ақтауды сұраған. Жампозовтың ұлы Асылжан сот үкімінен кейін әкесі қаза боларда қалдырып кеткен хатының үзіндісін оқып берді.
- Әкем «Маған жала жауып соттап жатқандардың жазасын құдай берсін» деп жазып кетті. Соңғы хатындағы соңғы сөйлемі, - деді Асылжан Жампозов.
Сот үкімін тыңдауға келген Өмірбек Жампозовтың жесірі Ботагөз ұлы үшін үрейленетінін айтады.
- Ұлым әкесін ақтауды талап етеді. Өмірбекке жала жапқандар енді ұлыма тиісе ме деп қорқамын, - дейді Ботагөз.
Бұдан бұрын Асылжан Жампозовтың үстінен «полицияға қарсы күш қолданғаны» үшін қылмыстық іс қозғалғаны айтылған болатын. Бұл айып бойынша оның адвокаты Бақыт Қайыржанова құзырлы органдардан еш хабар келмегенін айтты.