Accessibility links

Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтайтын құжатқа қол қойылды


Каспий саммиті. Ақтау, 12 тамыз 2018 жыл
Каспий саммиті. Ақтау, 12 тамыз 2018 жыл

Тамыздың 12-сі күні Ақтауда бес ел басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қойды. Құжат теңізбен шектеспейтін елдерге Каспийде әскер орналастыруға тыйым салады.

Ақтау қаласында өткен бесінші Каспий саммиті барысында Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран және Түркіменстан басшылары Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қойды.

ТАРАПТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІН АНЫҚТАЙДЫ

Қонақтарды қабылдаушы ел ретінде жиынның модераторы болған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздердің 20 жылдан астам уақыт бойы жалғасып келгенін, ортақ мәмілеге келу оңай болмағанын атап өтті.

- Конвенция бұл барлығын қамтитын негізгі құжат. Онда Каспий теңізіне қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттері анықталған, оған суы, табаны, табиғи ресурстары мен әуе кеңістігі де кіреді. Келісімде ұлттық аймаққа қатысты шектеулер, тәуелсіздік құзыреті, жер қойнауын пайдалану құқығын жүзеге асыру, транзит пен тасымалдау, құбырлар мен кабельдер төсеу, теңіздің табиғи ортасы мен биологиялық ресурсын қорғау және өзге де мәселелер қарастырылған, - деді президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Каспийдің Ресей жағындағы бөлікте тұрған платформа
Каспийдің Ресей жағындағы бөлікте тұрған платформа

Саммит барысында Әзербайжан, Иран, Ресей және Түркіменстан елдерінің басшылары кезек-кезек сөйлеп шықты.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Каспий теңізі статусының анықталуы теңіздің беті мен табанын халықаралық құқық нормасына сай бөлуге мүмкіндік беретінін айтты. Әзербайжанның теңізден мұнай өндіру тәжірибесі мол екенін жеткізген Әлиев теңіз экологиясын жақсартуға мән беріп отырғанына ерекше екпін түсіріп айтты.

​Иран президенті Хасан Роухани конвенцияны қабылдап қана қоймай, оны ойдағыдай дәрежеде орындаудың маңызды екенін жеткізді. Роухани әсіресе, теңізде бөтен елдің әскерін орналастырмау қажеттігін бірнеше мәрте қайталап айтқан.

Иран президенті мұнай-газға бай Каспий табанын межелеп бөлу үшін бес ел арасында қосымша келісім-шарттар жасалуы қажеттігін айтты.

Оның айтуынша, конвенцияда теңізді түпкілікті түрде шектеу сызығымен бөлу жағы көрсетілмеген.

- Бұл мәселелер бойынша келіссөздерді әрі қарай жалғастыра беру қажет, - деді Хасан Роухани.

Ресей президенті Владимир Путин тараптардың бүгін экономика, қауіпсіздік және көлік саласында қосымша алты келісімге қол қоятынын айтты. Путин Таяу Шығыс, Ауғанстан сияқты қақтығыстар жалғасып жатқан аймаққа жақын орналасқан Каспий теңізінің қауіпсіздігі өте маңызды екенін жеткізді.

Каспий жағалауы елдерінің басшылары
Каспий жағалауы елдерінің басшылары

Путин Каспий теңізінің құқықтық статусының анықталуы “елдер арасындағы әріптестікті жаңаша сапалы деңгейге көтеріп, түрлі бағытта тығыз қарым-қатынасты дамытуға жағдай жасайды” деді.

Ал Түркіменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов Каспий саммитінің келесі отырысын Ашхабадта өткізу туралы ұсыныс жасады.

Жиын соңында саммитке қатысушылар коммюнике қабылдады.

"Ортақ келісімге келгенімізді мәлімдейміз. Ол саммит коммюникесінде де көрініс табады. Енді бірігіп жұмыс істеу үшін бұдан да көп мүмкіндіктер пайда болды. Ал қол қойылған құжаттар халықтар достығын дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады" деді жиынды қорытындылаған президент Нұрсұлтан Назарбаев.

КОНВЕНЦИЯ

Конвенцияның мәтіні әлі ақпарат құралдарына жетпегендіктен Каспий статусына қатысты көп сұрақтар бұлыңғыр күйде қалып отыр. Әйткенмен бұған дейін интернетте жарияланған конвенция жобасының бір бөлігінде төмендегідей фактілер келтірілген:

- Құжат жобасы бойынша, Каспий теңізі бес ел арасында теңіз ретінде бөлінген. Қазақстан теңіздің 29 пайызына ие.

- Құжат жобасы бойынша, бес мемлекет өздеріне тиесілі территорияда шикізатты барлап, өндіре алады. Бірақ оған бес елдің ортақ келісімі керек және экологиялық талаптар сақталуы тиіс.

- Құжат жобасы теңізде жағалаудағы бес мемлекеттен басқа елдің әскери күштерінің болуына тыйым салады. Құжаттағы бұл норманы Каспий теңізіндегі ең озық әскери-теңіз күштері бар ел – Ресей қолдап отыр.

Каспий теңізін игеру жұмыстары. Әзербайжан, маусым 2018 жыл
Каспий теңізін игеру жұмыстары. Әзербайжан, маусым 2018 жыл

Дерек бойынша, Каспий теңізінің қайраңында 50 миллиард баррель барланған мұнай қоры мен 9 триллион кубометр газ қоры бар.

Каспий теңізін бөлу мәселесі 1992 жылдан бері талқыланып келеді. СССР ыдырап, оның құрамындағы мемлекеттер тәуелсіздігін алған соң Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан мен Иранға екі мыңға жуық су асты жануары мекендейтін, 700-ден астам теңіз өсімдігі бар, мұнай мен газ кеніштеріне бай әлемдегі ең ірі тұйық су қоймасының құқықтық мәртебесін жаңадан анықтау қажет болды. Аймақтағы биоресурстарды пайдалану, қоршаған ортаны қорғау, мұнай-газ кеніштерін өндіру, кемелер жүрісін реттеу мен тауар тасу мәселелерін шешу үшін ең әуелі теңізбен шектесетін елдер мәміле жасаулары тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG