"АНАМНЫҢ АЛДЫНАН ӨТЕ АЛМАДЫМ"
– Мамамның қазасы туралы естігенде жер бетінде жалғыз қалғандай сезімде болдым. Менің ешкімім жоқ, енді ешкімге керек емеспін деп ойладым. Өркениетті қоғамға біртіндеп бой үйрете бастаған кезім еді... Мен өкініші өте көп адаммын. Ең үлкен өкініштерімнің бірі – анамның алдынан адам сияқты өте алмадым.
Өмірінің алты жылы Сирияда, одан кейінгі төрт жарым жылы түрмеде өткен 36 жастағы Ақмарал Алмағамбетова ауыр күрсінді. Туыстарының көбі өзінен теріс айналған кезде, өмірде жасаған қателіктерін кешіріп, кеңдік танытқан анасы Раиса Алмағамбетованың бақилық болғаны туралы суық хабарды Ақмарал 2021 жылы түрмеде отырғанда естіген.
– Күйзелістен ашу-ыза билеп, бір жылға жуық депрессиядан шыға алмадым. Маған моральдық та, материалдық та қолдау көрсетіп отырған жалғыз адам – анам еді. Қайтыс боларынан бір ай бұрын видеомен байланысып, кешірім сұрағанмын. Төсек тартып жатыр екен. Ол мені кешірді. Бірақ анау жақта отырып телефонмен кешірім сұраған бір басқа да, ақтарылып әңгіме айтып, құшақтап кешірім сұрағанның жөні бөлек емес пе? Алла бізге оны жазбапты... – марқұм шешесі есіне түскен Ақмарал тағы да көзіне жас алды.
Ақмарал – отбасындағы екі қыз, бір ұл баланың кенжесі. Ол бес жасқа толатын жылы әкесі Арғын пойыз қағып кетіп мерт болған. Марқұмның жесірі Раиса Ердәулетқызы теміржолға қарасты мекеменің еденін жуып жұмыс істеп, үш баласын жалғыз өзі жеткізген. Ақмаралдың әпкесі Ардақ 21 жасында ауырып қайтыс болады. Ал туған ағасы жалғыз қарындасымен ат құйрығын кесіскеніне бірталай уақыт өткен. "Ол туралы менен сұрамай-ақ қойыңызшы" деп өтінді Ақмарал.
2019 жылғы мамыр айында "Жусан" операциясы аясында Таяу Шығыстан Қазақстанға шетелде дүниеге келген кішкентай екі баласымен жеткізілген Ақмарал сол жылы заң алдында жауапқа тартылды.
Бір айға созылған сот процесіне анасынан өзге ешбір туыс-жақыны қатысқан жоқ. Сол кезде Азаттыққа берген сұхбатында Раиса Ердәулетқызы "Туыстарым ол бәрімізді қарабет қылды, қайтесің деген болатын. Бірақ мен анасымын ғой... Үйде шыдап отыра алмадым" деген еді.
Алты жыл бойы Сирияда болған қызын айдауыл сот залына әкеле жатқанда көрген анасы Раиса Алмағамбетова орнынан тұра алмай қалған болатын.
Сирия жерінде жүріп "терроризмді насихаттады", "діни алауыздық туғызды" деп айыпталған Ақмарал Алмағамбетова 2019 жылғы 22 тамызда бес жылға сотталды. Жазасын Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласындағы №50 әйелдер колониясында өтеді.
Түрмедегі іс-шараларға белсене қатысып, тәртібінің тәуірлігімен көзге түскен ол мерзімінен тоғыз ай бұрын, 2023 жылғы шілденің аяғында босап шыққаннан кейін Ақмарал Ақтөбедегі марқұм шешесінен мұраға қалған ескі пәтерге оралды. Қазір сонда тұрып жатыр.
СИРИЯДАҒЫ СЕРГЕЛДЕҢ
Ақтөбе қаласының тұрғыны Ақмарал Алмағамбетованың Таяу Шығыста жүргені туралы деректер 2016 жылы айтыла бастаған. Сол жылы оның бұрынғы күйеуі әйелін із-түссіз жоғалды деп тану үшін сотқа арыз түсірген. Сол арыздың негізінде 2016 жылғы наурыз айында Ақмарал Алмағамбетоваға халықаралық іздеу жарияланған.
Ақмарал Сирияда өткен алты жылдағы өмірін еске алғанды ұнатпайды. Әйткенмен басынан өткен кей жайттарды айтып беруге келісті.
17 жасында тұрмысқа шыққан Ақмарал жұбайы екеуі үш бала сүйген. Ал 2013 жылғы мамыр айында күйеуімен шариғат салтымен ажырасып, сол жылы тамыз айында интернетте танысқан жол бастаушының көмегімен Қырғызстан арқылы Түркияға, одан әрі Сирияға кеткен. Ол кезде отбасындағы үш баланың ең кішісі бір жаста еді.
Таяу Шығысқа жеткеннен кейін Қазақстанда қалған күйеуін үш баланы алып, Сирияға кел деп шақырған. Күйеуінің телефонына бірнеше мәрте хат-хабар жолдап, Қазақстанда тыйым салынған ДАИШ (өздерін "Ислам мемлекеті" деп атайтын экстремистік топтың арабша атауының қысқартылған нұсқасы – ред.) ұйымының идеяларын насихаттаған. Сол әрекеті үшін Қазақстан билігі оған "терроризмді насихаттады", "дінаралық араздық қоздырды" деген айып тағып, Сириядан елге оралған соң соттады.
Ақмарал Сирияда жүргенде өмірге екі бала әкелген. Ұлдың әкесі Ресей құрамындағы Дағыстанның тумасы, ал қыздың әкесі Әзербайжан азаматы. Олар Сирияда қаза тапқан.
Анасымен бірге 2019 жылы Қазақстанға жеткізілген, шешесі бес жылға сотталып кеткен соң жетімдер үйіне жіберілген екі баланы патронат отбасы қамқорлығына алған. Қазір сегіз жасар ұл мен алты жасар қыз сол отбасында тұрып жатыр.
Ақмаралдың Сириядағы соңғы тұрағы – елдің солтүстігіндегі Кобани қаласы болыпты. Сирия мен Түркияның шекарасындағы бұл қаланың Айн-әл-Араб деген де атауы бар. 2015 жылы АҚШ бастаған халықаралық коалиция әскери-әуе күштерінің қолдауымен күрд жасақтары төрт ай бойы шайқасып, Кобани қаласын ДАИШ содырларынан азат етеді. ДАИШ-тың үгіт-насихатына еріп, Таяу Шығысқа барған "жиhадшылардың" жағдайы қиындай бастаған. АҚШ бастаған күштердің әуе шабуылдары ДАИШ позициясын әлсіреткенімен, экстремистік топ бұл аймақтағы ықпалын сақтап қалу үшін ақырғы сәтке дейін жанталаса қарсылық танытқан. ДАИШ идеяларынан жерінгендерді жаппай әрі асқан қатыгездікпен жазалай бастаған.
2019 жылдың басында Ақмарал екі баласын алып, Кобани қаласынан қашып шығады.
– Біз күрдтердің толық бақылауына өткен аймаққа дейін 25 шақырым жаяу жүрдік. Оның алғашқы үш шақырымы мина төселген алқап болатын. Сол жерде өліп те кетуіміз мүмкін еді. Бір тізбектің бойымен аяңдай отырып, бір-бірімізді жетектеп жүріп отырдық. Жан-жағымызда өлген адамдардың жұлынып қалған дене мүшелері шашылып жатты. Біз сияқты бас сауғалап қашқан адамдар болса керек. Бірақ мина жарылып, сүйектері далада қалған. Қызымды топтағы ер адамдардың бірі көтеріп алды. Ұлымды өзім жетектеп жүрдім. Жалпы саны жиырма шақты адам едік. Күрдтердің бекетіне жеткен соң ер адамдарды бөліп әкетті. Әйелдер мен балаларды Әл-Хол деп аталатын босқындар лагеріне апарды. Лагерьде бес ай болып, "Жусан" операциясымен елге оралдым, – дейді Ақмарал.
АҚМАРАЛДЫҢ АРМАНЫ
Ақмарал қазір Ақтөбедегі "Аңсар" ақпараттық талдау орталығында жұмыс істеп жүр. Орталық мамандарымен бірге кездесулерге барып, дәріс оқиды. Өз өмір жолы туралы баяндап, сұрақтарға жауап береді. Бұл – қоғамдық негіздегі жұмыс. Ол үшін Ақмаралға еңбекақыны жұмыспен қамту орталығы төлейді.
– Жалақым – жетпіс мың теңге (шамамен 150 доллар). Түрмеден шығып, удай қымбатшылыққа тап болдым. Бірақ осының өзіне шүкірлік етемін, – дейді ол.
Ақмаралдың бес баласы да қазір Ақтөбеде тұрып жатыр. Бірақ өзі түрмеден шыққалы олардың ешқайсысымен жүздеспеген. Ақмарал Сирияға кеткенде бұрынғы күйеуімен бірге қалған үш баланың үлкені қазір колледжде, одан кіші екеуі мектепте оқиды.
– Балаларымның бәрін де жақсы көремін. Телефонмен сөйлесіп тұрамын. Үлкен үшеуі ата-әжесі мен әкесінің жанында. Мен үшеуін тастап, Сирияға кетіп қалған соң бұрынғы күйеуім екінші рет үйленген, жақсы әйел кезікті. Қазір бақытты өмір сүріп жатыр. Мен оған қуанамын. Ол әйел күйеуіне жақсы жар екенін ісімен дәлелдеді. Мен Сирияда жүргенде үш баламның кір-қоңын жуып, тамағын пісірген сол әйел. Оған алғысым шексіз. Балаларыма оны сыйлаңдар деп үнемі айтып отырамын, – дейді Ақмарал.
Бұрынғы отбасы туралы сөзінен оларға деген ілтипаты мен ықыласы сезілетін келіншек қалған ғұмырын балаларына арнағысы келетінін айтады.
– Енді қайтып күйеуге шыққым келмейді. Бар ойым – тезірек аяққа тұрып, құжаттарым реттелген соң патронат отбасындағы екі баламды қайтарғым келеді. Бірінші күйеуім өте жақсы адам еді. Маған енді қайтып ондай адам кездесе қоймас... (осы тұста оның көзі жасаурады – автор). Ол мені сүйді, алақанына салып аялады, қамқор болды. Ештеңеден таршылық көрген жоқпын. Бірақ интернеттегі радикалдардың ықпалымен тура жолдан тайдым. Өкінгеннен не пайда? Бір Ақтөбеде тұрып жатырмыз ғой. Көшеде жолыға қалған жағдайда одан кешірім сұрар едім. Өз-өзіме келіп алғасын ата-енемнің де алдынан өткім келеді. Олар да өте жақсы адамдар. Қазір ойлап отырсам, маған әке-шешемдей қамқор болған екен. Енем маған үй тірлігін, қонақ күту, ұлттық салт-дәстүрден көп нәрсе үйретті. Балалардың тұсауын кесіп, үлкендерден бата алғанымызды да қазір ризашылықпен еске аламын. Қалада өскен, ана тілін білмейтін қыз едім. Мен тіпті қазақша сөйлеуді де сол отбасынан үйренгенмін, – дейді ол.
Сириядан елге оралғалы бері Ақмарал бұрынғыдай діни ғұрыппен киінбейтін болған. Намаз оқымағанына да бес жылға жуықтапты. Діни сауатын арттырып алғасын намазға қайта жығылмақ ойы барын айтты. Сөзіне қарағанда, кейінгі жылдары мінезі жұмсарып, жан тыныштығы мен табиғатты қатты бағалайтын болған.
Оның қазіргі арманы – Қазақстанның көрікті жерлерін аралап шығу. Көктөбені көріп, Бурабайға барғысы келеді. Каспий теңізіне шомылып, елдің шығыс өңірінің табиғатын тамашаласам, қырға шығып, жусан исін құшырлана иіскесем, оңаша отырып құстар әнін тыңдасам дейді.
– Мен барымды бағаламай, бармағын шайнап отырған адаммын. Дәл қазір мен үшін бейбіт аспан астында құмырсқаның илеуіне сағаттап қарап отырудың өзі бақыт, – дейді ол.
ПІКІРЛЕР