Accessibility links

"Апат мектебіміздің қаймағын сыпырып кетті". Ырғыздағы оқушылар қазасы мектептердегі автобус мәселесін көрсетті


Жол апатынан мерт болған оқушылар Назкен Сайранқызы мен Дәулет Қонақбай және мұғалім Асқарбек Әбдіғаппардың суреттері. Ақтөбе облысы Жаныс би ауылы, 20 желтоқсан, 2023 жыл
Жол апатынан мерт болған оқушылар Назкен Сайранқызы мен Дәулет Қонақбай және мұғалім Асқарбек Әбдіғаппардың суреттері. Ақтөбе облысы Жаныс би ауылы, 20 желтоқсан, 2023 жыл

21 желтоқсанда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Жаныс би ауылының тұрғындары жол апатынан қаза болған мұғалім мен екі оқушыны ақтық сапарға шығарып салды. Облыс орталығы Ақтөбеден 410 шақырым қашықтағы шағын ауылдан бір күнде бірнеше сүйек шығып, жұрт бұрын-соңды бұлай күңіренбегенін айтады. Ауыл халқы "Әсіресе мектеп ұжымына қиын болды. Үш күннен бері мұғалімдер қара жамылған үш үйдің ортасында жүр" дейді. Ал мұғалімдер елдегі мектептерге оқушыларға арналған автобус жетіспейтініне шағынады.

АПАТ ҚАЛАЙ БОЛҒАН?

19 желтоқсанда Жаныс би ауылынан шыққан Toyota Alphard көлігі республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңіне бара жатып, Ырғызға 50 шақырым қалғанда апатқа ұшыраған. Самара – Шымкент бағытындағы тас жолда үлкен жүк көлігімен соқтығысқан Toyota Alphard-тың салонында екі мұғалім мен 14-16 жастағы бес оқушы болған. Жеңіл көліктегі бір мұғалім мен екі бала тіл тартпай кеткен.

Ақтөбе облысында оқушылар мінген көлік жол апатына ұшырап, екі бала мен бір мұғалім опат болды. 19 желтоқсан, 2023 жыл. Облыстық полиция департаменті таратқан фото
Ақтөбе облысында оқушылар мінген көлік жол апатына ұшырап, екі бала мен бір мұғалім опат болды. 19 желтоқсан, 2023 жыл. Облыстық полиция департаменті таратқан фото

Оқушыларын пәндік олимпиадаға алып бара жатып мерт болған мұғалім Асқарбек Әбдіғаппар 25 жаста еді. Осыдан төрт жыл бұрын диплом алып, туған ауылына география пәнінің мұғалімі болып оралған. Іскерлігімен көзге түскен жас маман былтыр директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Асқарбек Әбдіғапардың келіншегі де мұғалім. Екеуі осыдан бес ай бұрын үйленген.

Жол апатынан мерт болған оқушы Назкен Сайранқызы пәндік олимпиадаға математика, ал Дәулет Қонақбай информатика пәнінен қатыспақшы болған.

– Назкен – қол күрестен облыс чемпионы, гір спортынан аудан чемпионы еді. Дәулет "Алтын белгі" алады деп үміттеніп отырған маңдайалды оқушымыз болатын, – дейді Жаныс би ауылындағы Темірастау орта мектебінің директоры Нұртілек Сүйеу.

Ол 19 желтоқсанда қатты күйзеліп отырды. Азаттықтың сауалдарына жауап беретіндей халі болмады. Ертесіне, 20 желтоқсанда телефонмен берген сұхбатында "Бұл апат мектебіміздің қаймағын сыпырып кетті ғой" деп күрсінді.

2023 жылғы 19 желтоқсанда жарысқа кетіп бара жатқанда көлік апатынан мерт болған оқушы Дәулет Қонақбай
2023 жылғы 19 желтоқсанда жарысқа кетіп бара жатқанда көлік апатынан мерт болған оқушы Дәулет Қонақбай

Нұртілек Сүйеудің айтуынша, Темірастау орта мектебінде 138 бала оқиды. Үздік оқитын он баланы пәндік олимпиадаға әу баста мектеп басшысының өзі жеке көлігімен апармақ болған. Алайда көлігі сынып, оны жөндетуге Ақтөбеге алып кетеді. Сондықтан олимпиаданың бірінші күні аудан орталығы Ырғызға жетуге тиіс бес оқушының жауапкершілігін орынбасары Асқарбек Әбдіғапарға жүктеген. Екінші топтағы бес баланы 20 желтоқсанда Ырғызға өзі алып бармақ болған.

– Мен мектеп басқарған төрт жылда олимпиада, өзге де іс-шараларға автобус бөлінгенін де, оны полицейлердің бастап жүргенін де көрген емеспін. Сондықтан бір жаққа баратын болсақ, ең алдымен көлігі бар мұғалімдерге қолқа саламыз. Бұл жолы да көлікті өзіміз таптық. Жаныс би ауылы Ырғыз ауданындағы Қызылжар селолық округіне қарайды. Селолық округтің учаскелік инспекторы бос болмай, балаларды ауданға Құмтоғай ауылының инспекторы бастап баратын болды. Құмтоғайдың учаскелік инспекторына хабарласып, оқушылар менің көлігім емес, Toyota Alphard-пен баратынын бір күн бұрын ескерттім. Ол үлкен жолдың бойында күтетін болды. Оның да жол бастаушы деген аты ғана екен. Қызмет көлігі болмай, учаскелік инспектор Шеңбертал ауылынан олимпиадаға шыққан Largus көлігіне мінген, – дейді Нұртілек Сүйеу.

19 желтоқсанда Асқарбек Әбдіғапар оқушыларды Жаныс би ауылынан әріптесі Жандос Шамшаддиннің жеке көлігімен алып шығады. Нұртілек Сүйеу орынбасары Асқарбекпен ең соңғы рет сол күні таңғы сағат сегіздер шамасында телефонмен сөйлескен.

– "Трассаға жақындап қалдық. Жол бойында бізді Құмтоғайдың учаскелік инспекторы күтіп тұр" деген еді. Ауыл мен трассаның арасы – 20 шақырым. Содан кейін хабарсыз қалды. Бір сағатқа жетпей көлік жол апатына ұшырағанын естідім. Кейін сұрастыра келе білгенім, жол бастап баруға тиіс учаскелік инспектор бұларды күтпей кетіп қалған. Күте тұрғанда, мұндай оқиға болмас па еді, – дейді мектеп директоры.

Жарысқа бара жатқан оқушылар мінген көлік тас жолда үлкен жүк көлігімен соқтығысқан. Ақтөбе облысы, 19 желтоқсан, 2023 жыл. Ақтөбе облыстық полиция департаменті таратқан фото
Жарысқа бара жатқан оқушылар мінген көлік тас жолда үлкен жүк көлігімен соқтығысқан. Ақтөбе облысы, 19 желтоқсан, 2023 жыл. Ақтөбе облыстық полиция департаменті таратқан фото

КӨЛІК АЙДАҒАН МҰҒАЛІМНІҢ ҮСТІНЕН ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Апатқа ұшыраған Toyota Alphard автокөлігін айдаған 25 жастағы Жандос Шамшаддин де Жаныс би ауылындағы Темірастау мектебінің мұғалімі. Ол – апат салдарынан мерт болған Назкен Сайранқызының туған ағасы.

21 желтоқсанда Ырғыз аудандық соты Жандос Шамшаддинді тергеу кезінде екі ай абақтыда қамауда ұстауға шешім шығарды. Полиция оны апат болған күні – 19 желтоқсанда алып кеткен еді.

Азаттық Жандос пен Назкеннің әкесі Сайран Бахмановпен сөйлесті. Оның айтуынша, отбасындағы екі ұл, екі қыздың ең үлкені Жандос жоғары оқу орнын спорт факультеті бойынша тәмамдап, ауыл мектебінде педагог-ұйымдастырушы болып жұмыс істеп жүрген.

2023 жылғы 19 желтоқсанда жарысқа кетіп бара жатқанда көлік апатынан мерт болған оқушы Назкен Сайранқызы
2023 жылғы 19 желтоқсанда жарысқа кетіп бара жатқанда көлік апатынан мерт болған оқушы Назкен Сайранқызы

– Қайтыс болған Асқарбек Әбдіғапар жан жолдасы еді. Жолға шығардан бір күн бұрын мектептің оқу ісінің меңгерушісі Марс Оспанов маған келіп, "аға, Жандос көлігіңізбен Ырғызға барып келсіңші" деді. Осы көлікті бір ай бұрын сатып алған едім. "Осындайларыңды қашан қоясыңдар? Неге мемлекет балаларға жағдай жасамайды?" деп сөйлеп едім, "аға, біздің жайды білесіз ғой" деді. Оны бүкіл ауыл біледі. Бұрын-соңды ауыл балаларын олимпиада мен жарыстарға апаруға автобус та, ілесіп жүретін көлік те бөлген емес. Ылғи ата-ана өз қалтамыздан ақша шығарып жібереміз. Оны мен мектеп директорына да айтқанмын. "Мен не істей аламын? Онда балаңызды жарысқа жібермеңіз" деді. Өйткенге бала қатарынан қалып, бара алмағанына нәумез болып жылайды, – дейді бір баласы мерт болып, бір баласы күдікті ретінде қамалып, қайғыдан қабырғасы қайысып отырған әке.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті 20 желтоқсанда Жандос Шамшаддиннің үстінен Қылмыстық кодекстің "Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу" жәнеі "Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау" баптары бойынша іс қозғалғанын хабарлады.

Полицияның мәліметінше, Toyota Alphard автокөлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, Volvo маркалы жүк көлігімен соқтығысқан. Жергілікті полиция олимпиададан бір апта бұрын берілген өтінімде апатқа ұшыраған Toyota Alphard көлігі көрсетілмегенін алға тартады. Полиция сол себепті көліктің техникалық жай-күйі алдын-ала тексерілмеген деп отыр.

"Өтінім берілмегендіктен Жаныс би ауылының балаларын Ырғызға апару үшін учаскелік инспектор де бөлінбеген" дейді жергілікті полиция.

Директор Нұртілек Сүйеудің "Ауданға өзге көліктің баратыны бір күн бұрын ескертілді, Құмтоғайдың учаскелік инспекторы хабардар. Біле тұра, біздің көлікті күтпей кетті" деген уәжіне полиция "оны тергеу анықтайды" деп жауап берді.

АМАН ҚАЛҒАН ҮШ ОҚУШЫ САНАВИАЦИЯМЕН ОБЛЫСҚА ЖЕТКІЗІЛДІ

Самара – Шымкент тас жолында болған апаттан үш оқушы аман қалды. Олар алдымен Ырғыз аудандық ауруханасына түскен. Ырғыздың бас дәрігері Жандос Дербіс Азаттыққа "Балалардың миы шайқалған, жырылған, көгерген жерлері бар, сүйектері аман" деді.

20 желтоқсанда Ақтөбе әкімдігі "ата-аналардың өтініші ескеріліп, жол апатынан зардап шеккен оқушылар Ырғыздан санитарлық авиациямен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді" деп хабарлады.

Әкімдік хабарламасында жол апатынан соң арнайы жұмыс тобы құрылып, бірнеше шенеуніктің Ырғыз ауданына барып қайтқаны жазылған. Олар жол апатынан мерт болған мұғалім мен екі баланың туыстарына көңіл айтқан. Аудандық ауруханаға барып, жол апатынан зардап шеккен үш оқушының жағдайын білген. Бірақ әкімдіктің хабарламасында мектеп оқушыларын тасымалдау, олардың қауіпсіздігі туралы бір ауыз сөз жоқ.

"Облыс әкімі Ырғыз ауданына барып келген жұмыс тобымен бірге шұғыл жиын өткізді. Жабық отырыста жұмыс тобының сапар қорытындысы айтылды. Тергеу ісі жүріп жатыр, сондықтан оның аяқталғанын күтеміз" деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ақтөбеде апатқа ұшыраған оқушылар жатқан ауруханаға олардың халын білуге келген шенеуніктер. Ақтөбе, 20 желтоқсан, 2023 жыл. Ақтөбе облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан фото
Ақтөбеде апатқа ұшыраған оқушылар жатқан ауруханаға олардың халын білуге келген шенеуніктер. Ақтөбе, 20 желтоқсан, 2023 жыл. Ақтөбе облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан фото

БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ МЕН МИНИСТРЛІКТЕГІ КОМИТЕТ НЕ ДЕЙДІ?

Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысы Жайық Сұлтанның сөзінше, пәндік олимпиаданың аудандық кезеңіне қатысатын оқушылар әр мектептің шешіміне сәйкес жасақталады. Ол ұйымдастыру жұмысы мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мектеп басшысының жауапкершілігінде деп отыр. Бірақ ол да облыстағы мектептерде автобус жетіспейтінін мойындайды. Жайық Сұлтанның сөзіне қарағанда, Ақтөбе облыстық білім басқармасының балансында 32 автобус бар. Бұл автобустар күн сайын мектептен үш шақырым немесе одан да алыс тұратын оқушыларды тасиды. Көлік тапшылығынан облыстық білім басқармасы 116 автобусты жалға алып отыр.

– Қазір 148 автобустың бәрі оқу процесіне жұмылдырылған. Бұрын олимпиада қысқы каникул кезінде өткізілетін. Каникул кезінде мектеп автобустары да, интернаттар да бос болады. 2020 жылдан бастап оқу-ағарту министрлігінің бұйрығымен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаларды өткізу мерзімі өзгерді. Кешегі жағдайдан соң біз оқу-ағарту министрлігіне олимпиада уақытын өзгертуді ұсынамыз, – деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.

Qazbilim group компаниясының басқарма төрағасы Аятжан Ахметжан бұл жерде басты нәрсе – жұмысты дұрыс ұйымдастыруда деп есептейді.

– Жолдың қашықтығын, қауіпсіздікті ойлауы керек еді. Ең басты нәрсе – қауіпсіздік. Олар неге дәл олимпиада болатын күні неге жолға шығады? Неге ертерек бармаған? Неге көлікті мұғалім жүргізеді? Неге балаларды ауданға кәсіби көлік жүргізуші апармайды? Меніңше, бұл – мектеп пен оның жұмысын бақылауға тиіс білім бөлімінің қателігі. Бұл оқиға білім басқармалары, мектептер мен оқу-ағарту министрлігіне сабақ болуы тиіс, – дейді Ахметжан.

Ал оқу-ағарту министрлігінің бала құқығын қорғау комитеті олимпиада қарсаңында білім ұйымдарына қауіпсіздік техникасы мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау бойынша нұсқаулық жіберілген деп отыр. Ақтөбе облысындағы жол апатынан кейін аталмыш комитетте тексеру тобы құрылған.

– Біз алдымен жағдайды зерделеуіміз керек. Қорытындысына сәйкес тиісті шаралар қабылданады, – деп хабарлады балалар құқын қорғау комитеті Азаттыққа.

"ЖАРЫСҚА ОҚУШЫЛАРДЫ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКПЕН АПАРАМЫЗ"

Елдегі білім жүйесі жайлы жазып, мәселе көтеріп жүретін шымкенттік мұғалім Өмір Шыныбекұлы ауыл мектептерін былай қойғанда қала мектептерінің көбінде автобус жоғын айтады.

– Мен қаладағы мектепте істеймін. Екі мыңға жуық оқушысы бар біздің мектепте автобус түгілі жеңіл көлік жоқ. Қалада өтетін түрлі сайыстарға оқушыларды қоғамдық көлікпен апарамыз, – дейді ол.

Ақтөбе облысында мектеп оқушылары мінген көліктің жолда апатқа ұшырауы алғаш рет емес. 2022 жылғы 17 желтоқсанда Темір аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Нұрбек Жұмакешов оқушыларды жарысқа жеке көлігімен апара жатқан кезде апатқа ұшыраған. Көлікте 9 оқушы мен жаттықтырушы болған. Бір оқушы мерт болып, төрт бала мен жаттықтырушы ауыр жараланған.

Биыл 11 тамызда Ақтөбе соты Темір аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Нұрбек Жұмакешовті екі жарым жылға бас еркіндігінен айырған. Тергеу органдары Жұмакешовті "Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған жол жүру ережесін бұзды" деп айыптаған.

Ақтөбе облыстық спорт басқармасы волейболшы балалар апатқа ұшыраған соң балалар мен жасөспірімдерге арналған 38 мектептің тоғызында ғана автобус бар деп ақпарат таратқан еді. Облыс жаттықтырушылары жарысқа үнемі такси жалдап жететінін айтқан. Жол апатынан сегіз ай өткеннен кейін Темір аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне екі автобус бөлінетін болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG