Accessibility links

Бала құқығы vs митинг. Наразылар алаңға бала алып шығуға мәжбүр, ал полиция оларды қорғай ма?


Полиция Шымкент тұрғыны Бағлан Орынбеков пен оның отбасын қоршап алып, Ақордаға өткізбей тұр. Нұр-Сұлтан, 25 мамыр 2021 жыл.
Полиция Шымкент тұрғыны Бағлан Орынбеков пен оның отбасын қоршап алып, Ақордаға өткізбей тұр. Нұр-Сұлтан, 25 мамыр 2021 жыл.

Қазақстанда кей белсенділер билікке, лауазымды тұлғаларға саяси талап қоятын жиындарға бала ертіп шығып жүр. "Бұл қадамға шарасыздықтан бардық" деген олардың әрекеті қаншалық дұрыс? Бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс полиция оларды қамап, кеттлингке алса, бұл балаға қарсы қылмысқа жата ма?

"ҚАРАЙТЫН АДАМ БОЛСА ЕРТЕМ БЕ?"

Астаналық Манзура Тағай – төрт баланың анасы. Үлкені 13-тен асқан, кенжесі екіге енді толған төрт баласын ерткен ол шілденің басында бірнеше күн қала әкімдігінің табалдырығында түнеген еді.

– Балаларым қатты шошынып қалды. Бір ұлым суық тиіп ауруханаға түсті. Одан кейін қызым да ауырды. Өзім жалғызбасты анамын. Екі ай пәтер ақысын төлей алмағасын үйдің иесі балалардың куәлігін алып алды. Кейін үйден де шығарып жіберді. Амалсыз төртеуін ертіп әкімдікке бардым, – деді Манзура.

Бізбен сөйлесіп жатқан сәтте келіншектің екі жастағы кішкентайы қатты жылап, қайта-қайта анасының сөзін бөле берді. Манзураның сөзінше, жоқшылықтан балаларының денсаулығы сыр берген, өзінің де жүйкесі тозған.

– Өткен айдан қалған шамалы ұнмен нан пісіріп, балаларыммен соны жеп отырмыз. Ет пен көкөністі көрмегелі қашан. Нанды аздан жеп отырған соң не сұрайсыз? Әкімдікке қонған үш күнде сол жақтан бір адам 200 мың теңге берді. Оны пәтердің иесіне беріп, балаларымның құжаттарын қайтарып алдым. Кейін бір белсенділер асар жасап, 70 мың теңге жинап берді. Сол ақшаға бір айға пәтер жалдап кірдік. Енді төрт балаға осы айда алған 41 мыңнан аса теңгемді күнделікті тамаққа жеткізуге тырысып отырмын, – дейді мазасы кеткен ана.

Көп балалы ана әкімдікке балаларымен амалдың жоғынан барған. "Бас-көз болатын біреу болса, көздерін жәутеңдетіп, оларды ертіп нем бар?" дейді Манзура.

АҚОРДАҒА БАРАР ЖОЛДАҒЫ КЕТТЛИНГ

41 жастағы Бағлан Орынбеков те шариғат жолымен үйленген екі әйелі мен он баласын ертіп, президент резиденциясы – Ақордаға бармақ болған. Дегенмен арнайы жасақ оны балаларымен бірге қоршауға алып, өткізбей қойды. Айтуынша, ол отбасымен "оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыру" бағдарламасы аясында Шымкенттен Павлодар облысының Железинский ауданына көшіп барған. Бірақ ол жақта "бағдарламаның уақыты біткен" деп, қайтарып жіберген.

Ақордаға талабын айтып бармақшы болған Шымкент тұрғыны Бағлан Орынбеков пен оның отбасы мүшелерінің жолын полиция бөгеп тұр. Нұр-Сұлтан, 25 мамыр 2021 жыл.
Ақордаға талабын айтып бармақшы болған Шымкент тұрғыны Бағлан Орынбеков пен оның отбасы мүшелерінің жолын полиция бөгеп тұр. Нұр-Сұлтан, 25 мамыр 2021 жыл.

Үлкені – 14-те, кенжесі – бір жарым жаста барлығы он баламен бүкіл әулет бір сағаттан аса уақыт кеттлингте тұрды. Үлкен ұлдар аналарына көмектесіп, кішкентай бауырларын көтеріп, демеп жүрді. Кейбірі жолын бөгеген арнайы жасақты итеріп, қарсылық көрсетуге тырысты. Әкелері талабын қойып, келген журналистер мен шенділерге мәселесін түсіндіріп жатқанда, балалар бір-біріне су беріп, жолдың шетінде, бетонның үстінде отырды.

– Амалсыз бардым балалармен. Бала-шағамызбен Павлодарға көшіп барғанбыз. Кейін "береміз" деген баспанадан қуып шыққасын, отбасыммен таксиге мініп, Ақордаға бір-ақ тарттық. Қаншама сағат қоршауда тұрдық сол жерде. Көмек сұрадық, бірақ ешкімнен көмек болмады, – дейді көп балалы әке.

Бағлан – діндар адам, екі әйелі мен үлкен қыздары орамал тағады. Діни көзқарасы үшін қыздарын мектепке кіргізбей қойған кезде, әйелімен жергілікті әкімдікке де талай рет барған. Бірақ полицейлер ұстап әкетіп жүрген көрінеді.

– Бала-шағасыз барғанда бізді қамап қойған кез болды. Ал балаларды ертіп барғаннан кейін әйтеуір тыңдайды, қарайды, басқа уақытта бізді апарып қамап тастайды. Мені кей адамдар "бәлеқорсың" дейді. Бірақ өстіп айқай-шумен бармасаң өзіңе тиесіліні ала алмайсың, шаруаңды шеше алмайсың, – дейді Бағлан Орынбеков.

Қазір бұл отбасы Шымкентке оралған. Балалары әлі де полицей көрсе шошиды екен.

"БАЛАҒА ҚАРСЫ ҚЫЛМЫС"

2019 жылы 9 мамырда алматылық Оксана Шевчукті биліке қарсы бейбіт шеру кезінде полиция әкетіп, кешке дейін ұстады. Полиция оны жеті айлық қызымен бірнеше сағат тергеу изоляторына қамап та қойған. Бірақ сол кездегі адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің шағымынан кейін оны босатуға мәжбүр болған.

– Оксана Шевчукті сол кезде жеті айдан енді асқан қызымен уақытша қамау изоляторына жабуға еш хақылары жоқ еді. Біріншіден, кішкентай Ева ол кезде омырауда, екіншіден, изоляторда балаға лайықты жағдай жасалмаған. Еваның ешқандай іске қатысы жоқ, сондықтан оны изоляторға қамау – адам құқығын, оның ішінде бала құқығын өрескел бұзу, – дейді адвокат.

Оксана Шевчук наразылық шарасында. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.
Оксана Шевчук наразылық шарасында. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.

Оның сөзінше, наразылыққа шығу – билікпен арадағы коммуникацияның "соңғы амалы".

– [Шарасыз адам] жүйе қалыптастырған аса ауыр проблемаларға тап болғанын ашық көрсетіп, оны шешу үшін билікке жүгінеді. Бұл – оның өз көзқарасын білдіру формасы. Лауазымды тұлғалар оларды қабылдап, тыңдап, шара қолдануға міндетті. Ал лауазымды тұлға бұл мәселелерді шешуден қашып, кеттлинг көмегімен қорғанып, күш қолданатын болса, мұны бала құқығына қарсы қылмыс санатына жатқызған болар едім, – дейді Нұрпейісов.

Кішкентай Еваның бірнеше сағат изоляторда болғаны жайлы адвокат балалар омбудсменіне де, бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне де шағым түсірген. Омбудсмен шағымды ішкі істер минстрлігіне жіберген, министрлік "изоляторда бала бар жағдайы жасалған бөлек камерада" болғанын, үш сағатқа жетпей босатылғанын айтқан. Прокуратура болса "тексеру жүргізіп, адам құқығын бұзу фактісін таппаған".

"БАЛА МҮДДЕСІ ЖОҒАРЫ ТҰРҒАНЫ ЖӨН"

Психолог Салтанат Маусейтова, кейнгі үш жылда түрлі наразылыққа балаларды қатыстыру жиілеп кетті дейді. Бейбіт жиынның өзіндегі ересектер арасындағы тартыстарда оның қатысушылары жапа шегіп жатады. Ал ой-санасы толық қалыптасып үлгермеген жеткіншектердің психикасына бұл көрініс қалай әсер етеді?

– Өкінішке қарай, ата-ана баланы құрал сияқты пайдаланады. Әрине, "баламыз үшін істеп жатырмыз" деп айтуы мүмкін, дегенмен ол олай емес. Мәселен, ата-ана ондай наразылыққа шығар алдында баласынан сол жерге барғың келе ме деп сұрай ма? Туындаған проблемаға және ол проблеманың шешу жолы тек наразылық білдіру екенініне қатысты ой-пікірін біле ме? Меніңше, көбіне балалар мәжбүрлі түрде барады. Ал мұның бір қауіпті тұсы – бала өзін отбасындағы қиын жағдайдың негізі деп сезіне бастайды. Яғни ата-ана өзінің мүшкіл халін өзгелерге баласы арқылы көрсете отырып, бейсаналы түрде оның сол проблеманың негізі екенін айқындайды. Яғни баланың бойында өзін кінәлау сезімі пайда болады. Өсе келе бұл сенімсіздікке әкеледі, іштей наразылық пайда болып, уақыт өте күшейе түседі, агрессияға ұласады, – дейді психолог.

Маманның сөзінше, қандай мәселе болса да, оны баламен ақылдаса отырып, оның келісімімен жасаған абзал. Және дәл осы жағдай – наразылыққа шығу я шықпау деген мәселеде баланың мүддесін ересектердің мүддесінен жоғары қойған жөн.

– Халық наразылыққа еріккеннен шықпайтыны анық, оның үстіне баламен бірге шығуға тұрмыстағы қиын жағдай итермелейтіні түсінікті. Дегенмен балалардың ұяң әрі ұялшақ келетінін ескерсек. Проблемаңызды әлемге жайып, биліктен оның шешілуін талап ету сіз үшін заңды, тіпті қалыпты жайт болғанымен, бала үш ол өліммен тең болуы мүмкін, – дейді сарапшы.

Баласын митингіге ерткен ата-ананы жауапқа тарту дұрыс па? (11 қазан 2019 ж.)

Баласын митингіге ерткен ата-ананы жауапқа тарту дұрыс па?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:38 0:00

ЖАУАПСЫЗ ҚАЛҒАН САУАЛ

Балалар омбудсмені Аружан Саин Азаттықтың балалардың бейбіт жиын я наразылық шарасына қатысуы жайлы сауалына жауап бермеді. Ол бұл мәселе бойынша Қазақстан білім және ғылым министрлігіне қарасты бала құқықтарын қорғау комитетінен түсініктеме алуға кеңес берді.

Комитет басшысы Азаттыққа жіберген жауабында "Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы" заңның 11-бабына сәйкес, әр бала "сөз бостандығына және өз пікірін білдіруге, ар-ождан бостандығына, өзінің қоғамдық белсенділігін дамытуға, жасына сәйкес ақпарат алуға және таратуға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ бейбіт жиналыстарға өз еркімен қатысуға құқылы" екенін айтқан.

Азаттық сауалына жазбаша жауабында бала құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Дулат Жекебаев "Құқық қорғау органы қызметкерлері кәмелетке толмаған балалар бейбіт жиналысқа қатысқан жағдайда олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын сақтау бойынша барлық шараны қолданады" деген.

Балалар өз еркімен пікірін білдіруге келді десек, олардың қудаланып, кеттлингке алынуы бала құқығын қорғау емес, бұзу болып шықпай ма? Баланы кеттлингке алу оның қауіпсіздігін қамтамасыз ете ме? Азаттықтың осы жөнінде қойған сауалы жауапсыз қалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG