Accessibility links

"Қытайда қамалғандардың балалары отбасына жіберілуі керек"


Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында ұйғыр күзетшілер мешіт маңын күзетіп жүр. 4 қараша 2017 жыл
Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында ұйғыр күзетшілер мешіт маңын күзетіп жүр. 4 қараша 2017 жыл

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қытай билігі Шыңжаңда қамалған мұсылмандардың балаларын отбасынан айырмай, жақындарына жіберу керек деп мәлімдеді. Халықаралық қауымдастық тарапынан қысым артқан шақта Қытай саяси лагерьлерді "жарнамалауды" үдетті.

Адам құқығын қорғайтын Human Rights Watch (HRW) ұйымы Қытай билігінің "Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында (әрі қарай - Шыңжаң) қамалған мұсылмандардың балаларын балалар үйіне жіберуі орынсыз" деп есептейді. "Бұл балалардың ата-аналары негізсіз ұсталған" деп жазады ұйым қазанның 16-сына таратқан мәлімдемесінде.

“Қытай билігі Шыңжаңдағы кейбір саяси тұтқындардың балаларын мемлекеттік мекемелерге өрескел түрде орналастырып жатыр. Бұл – “балалардың игілігі үшін” деген желеумен түркі тілді мұсылмандардың балаларын отбасынан айыруға арналған мемлекеттік ірі бағдарламаның бір бөлігі” деген HRW ұйымының Қытай бойынша жетекшісі София Ричардсон.

Human Rights Watch ұйымының логосы
Human Rights Watch ұйымының логосы

Ұйым дерегінше, қамалғандардың балаларын балалар үйіне жіберу үрдісі Қытай коммунистік партиясының "жетім балаларды балалар үйіне орналастыру туралы" 2016 жылы қабылдаған бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатыр. Қытай 2020 жылға дейін барлық жетім балаларды балалар үйіне орналастыруды көздейді. Мұндай балалар үйінде 100 немесе одан да көп бала тұрады. Қытай заңнамасына сәйкес, "жетім балалар" қатарына "ата-анасы жоқ немесе "ата-анасы жоғалған" балалар кіреді. Кейбір аймақтарда ата-анасының бірі немесе екеуі де ұсталған отбасындағы балалар балалар үйіне жіберіліп жатыр. Ұйым дерегінше, балаларды мұндай орындарға жіберерде қамқоршысының немесе жақындарының тілектерін ескеру жағы жергілікті заңда бұлыңғыр жазылған.

"Балалардың өзіне қолайлы ортада өмір сүруі қажеттігін айтқан" HRW бұл Қытайдың ішкі заңдары мен Қытай ратификациялаған Бала құқығы жөніндегі халықаралық конвенция принциптеріне қайшы деп айыптаған. "Қытай заңнамасы да балаларды отбасынан ажырату тәжірибесін құптамайды" деп жазады ұйым.

Соңғы кезде Шыңжаңдағы мұсылмандардың жаппай ұсталып, мұсылман азшылықтардың діни-саяси қысымға ұшырап отырғаны жайлы ақпараттар шығып жатқанын айтқан ұйым Қытай саясатына алаңдайды. Ұйым Қытай билігін мұндай саясатты тоқтатуға шақырады.

Бұған дейін HRW, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Amnesty International сияқты халықаралық ұйымдар Қытайдағы жаппай қамауларды сынаған.

ҚЫТАЙДЫҢ ЖАУАБЫ

Әлемнің назары Қытайдағы саяси лагерьлер мен мұсылман азшылықтардың қудалануына ауған шақта Қытай саясаткерлері мен дипломаттары елдегі "саяси лагерьлер" туралы айта бастады.

Қазанның 16-сы күні Шыңжаң үкіметінің төрағасы Шохрат Закир осындай орталықтардың арқасында аймақтағы жағдай діни экстремизмнен ада, "қауіпсіз әрі тұрақты" деп айтқан. Закирдің айтуынша, мұндай орталықтарда азаматтар мандарин тілін (қытай тілінің ірі диалектісі - ред.) меңгеріп, заманауи ғылымдар үйренеді. Саяси лагерьлерді "тегін кәсіп үйрену орталықтары" деп сипаттаған шенеунік мұнда "мамандық жетілдірумен қатар, спорттық мәдени шаралар өтетінін де" айтқан.

Ал қазанның 15-і күні Қытай коммунистік партиясының жоғары шенді өкілі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы мұсылмандықты ұстанатын этникалық аз ұлттарға Қытайдың мәдениеті мен әлеуметтік нормаларын сіңіру саясаты оларды "діни экстремизмнен қорғау үшін" жүргізіп отыр деп айтқан.

Қытай коммунистік партиясының этникалық және діни мәселелер жөніндегі департаментінің басшысы Ю Цюань таяуда Шыңжаңға барған сапарында аймақта "этникалық тұтастық пен діни үйлесім сақталуы үшін" Қытай мәдениеті мен әлеуметтік нормаларын енгізу жұмыстары жүргізілуі тиіс деген.

Қарай отырыңыз: БҰҰ Қытайдағы ұйғырларды босатуға шақырды

Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің "саяси лагерьлерге" жаппай қамалуы жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жиі жазып келеді.

​Қыркүйектің 10-ы күні Human Rights Watch ұйымы арнайы есебін жариялап, Қытайдағы лагерьлер мен түрмелердегі жағдайды адам төзгісіз деп сипаттаған. Ұйым Қытай билігінің іс-әрекетін сынап, Пекиннен қамаудағыларды босатуды талап еткен.

HRW "Астана Қытайдан баспана іздеп келген азаматтарды кері қайтармай, көшіп келген этникалық қазақтарға азаматтық беру мәселесін кешіктірмеу керек" деп кеңес берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG