Accessibility links

"Қалаймақан ақпарат". Ресми хабардағы қайшылық


Полиция Алматының орталығында ұстаған азаматты әкетіп барады. 12 маусым 2019 жыл. Келесі күні ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басшысы Мақсат Байболов елде содан бір күн бұрын "полиция ешкімді ұстаған жоқ" деп мәлімдеді.
Полиция Алматының орталығында ұстаған азаматты әкетіп барады. 12 маусым 2019 жыл. Келесі күні ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басшысы Мақсат Байболов елде содан бір күн бұрын "полиция ешкімді ұстаған жоқ" деп мәлімдеді.

Елдегі төтенше оқиғалар кезінде үкіметтің әрқилы хабар таратуын кейбір сарапшылар "билік транзиті" кезінде біртұтас ақпарат стратегиясының қожырауы деп тұспалдайды.

Қазақстан қорғаныс министрлігі маусымның 24-і күні Түркістан облысындағы Арыс қаласында әскери қару-жарақ қоймасында жарылыс басталған соң бірнеше сағат өте сала "Өлген, я жараланған адам жоқ" деп хабарлады. Тура осы уақытта – дүйсенбі түске жуық Шымкенттегі Азаттық тілшісі қалалық ауруханаға Арыстан жедел жәрдем мен жекеменшік көліктер ондаған жаралы адамды әкеліп жатқанын көрді.

Сол күні кешкісін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бір адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Әкімнің айтуынша, дүрбелең туған қаладан қашып шықпақ болған ер адамның көлігіне снаряд түскен. Ертеңінде таңертең премьер-министр Асқар Мамин бір тұрғын мен бір әскери қызметкердің қазаға ұшырағанын хабарлады. Содан кейін қорғаныс министрлігі әуелгі хабарын терістеп: "Арыста қару-жарақ өртеніп, жарылып кеткен соң жалдамалы әскери қызметкер қаза тапты" деген қысқа ақпарат таратты.

Маусымның 26-сы күні Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев Арыстағы жарылыс кезінде жараланған сержант Әбдіқұл Ахметовтың дүйсенбіде ауруханада қайтыс болғанын хабарлады.

Арыста зардап шеккендер туралы аймақ әкімдігі мен денсаулық сақтау министрлігі екі түрлі мәлімет таратты. Маусымның 25-і таңертең Түркістан облысы әкімдігі жарылыс салдарынан 70 адам жараланды десе, Нұр-Сұлтанда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 165 адамның дәрігерден жәрдем сұрап, 89-ы ауруханаға түскенін айтты.

Арысқа жөнелтілген әскери қызметкерлер мен арнайы көліктің саны туралы ІІМ, қорғаныс министрі мен облыстық әкімдік берген ақпаратта да сандар әртүрлі болып тұр.

Ресми органдар әртүрлі мәлімет жариялап, бір пресс-релиз екіншісіне қайшы келіп жататын оқиғалар соңғы уақытта жиіледі. Бұл құбылыс, әсіресе, маусымның 9-ы күні кезектен тыс өткен президент сайлауынан кейінгі жаппай қамау кезінде байқалған.

  • Маусымның 13-інде ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев президент сайлауы күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда "жай әшейін" ешкімнің ұсталмағанын айтты. Бірақ іле-шала Euronews телеарнасына берген сұхбатында сайлауда "70 пайыздан астам дауыс жинап жеңген" Қасым-Жомарт Тоқаев ұсталғандардың ішінде "кездейсоқ барып қалғандар" бар екенін растады.
  • Маусымның 13-інде ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов содан бір күн бұрын жаппай наразылық акциялары өтуі ықтимал орындарда (ол туралы елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы алдын ала хабарлаған) "ешкім ұсталмағаны" туралы мәлімдеді. Азаттық тілшілері мен өзге де басылымдар өкілдері маусымның 12-і күні Алматыда полицияның азаматтарды ұстағанына куә болды.
    Алматы полициясы жүзден астам адамды ұстады
    please wait

    No media source currently available

    0:00 0:03:38 0:00
  • Маусымның 13-інде Бас прокуратура рұқсат етілмеген наразылық акцияларына қатысқан "957 адамның жауапқа тартылғанын" хабарлады. Сол күні ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов маусымның 9-11 арасында "900 заң бұзушы бөлімшелерге әкелінгенін" мәлімдеді. Бес күннен соң ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев митингіге қатысқан "төрт мың адамның ұсталғанын" айтты.
  • Митингіден соң ІІМ наразылықты басу кезінде үш полицей зардап шеккенін мәлімдеген. Бірақ маусымның 18-інде ішкі істер министрі "300 қызметкері жапа шегіп, алтауы ауруханаға түскенін" хабарлады.
  • Орталық сайлау комиссиясы да қарама-қайшы ақпарат таратты. Бір сайлау учаскесінде қағазға түскен сиясын қыздырса жазуы өшіп қалатын қалам қолданылғаны туралы хабарды ОСК мүшесі Зәуреш Баймолдина "фейк" деп сипаттаған. Кейін комиссия Алматы облысында мұндай жағдай болғанын мойындады.

СӘЙКЕССІЗДІК СЕБЕБІ

Тәуекелді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаев "ақпарат бұрмалаудың" себебін наурыздан бері болып жатқан билік басындағы өзгерістен көреді. Оның сөзінше, Нұрсұлтан Назарбаев ресми түрде өкілетін тапсырып, Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне кіріскен соң жоғарыда және бір басқару орталығы пайда болған. Наурызда өкілетін тапсыратынын мәлімдеген Назарбаев мемлекет аппаратының басым бөлігін әлі тіке басқарып отыр, барлық арнайы органдар қарайтын Қауіпсіздік кеңесін өзі басқарады.

- Бірінші және екінші президенттің төңірегінде әртүрлі топтар жинала қалды. Солардың арасында болып жатқан оқиғаларға баға беру бойынша және ақпарат кеңістігіне ықпал етуге қатысты тартыс бар. Әрқилы ақпарат содан шығады, - деп тұспалдайды сарапшы.

MediaNet коммерциялық емес ұйымының және Factcheck.kz фактчекинг ресурсының жетекшісі Әділ Жәлелов түбі шикі ақпаратпен күресуді мақсат тұтқан. Оның болжауынша, ресми ақпараттағы мұндай сәйкессіздік кланаралық қақтығыстан тууы мүмкін әрі "Тоқаевтың имиджін бұзуды ойлайтын арнайы қызметтің" де әсері бар. Бірақ Жәлелов бұл құбылыстың кәдімгі немқұрайдылық пен кәсіби біліксіздіктен де шығуы ықтимал деп ойлайды.

- Дұрыс сайлау өтпейтін, биліктің рейтингі шынайы ахуалмен сәйкеспейтін, сенімсіздікке ұшырау шенеуніктердің қызметке тағайындалуына әсер етпейтін жағдайда билік мәліметтегі сәйкессіздікке пысқырмайды да. Оларға әзірше бұдан келіп-кетер ештеңе жоқ. Сондықтан олар асыра сілтеп, дөрекі қимылдай береді, - дейді медиа сарапшысы.

"Правовой медиа-центр" ұйымының директоры Диана Окремова (бұл ұйым ақпарат және коммуникация министрлігімен соттасып, мемлекет тапсырысын алушылар туралы мәліметті жариялауды талап еткен) қарама-қайшы ресми ақпараттан "биліктің әлсіздігі мен шұғыл жағдайда шара қолдануға қабілетсіздігін" көреді.

- Ақпарат кеңістігіндегі іс-қимыл жөнінде бірыңғай стратегия жоқтығы көрінеді. Өтірік айту осындай қарама-қайшы хабарлар тудырады, - деген Диана Окремова биліктің "теңге құнсызданбайды" деген мәлімдемелерін мысалға келтірді. - Осының бәрі тұрғындардың ертеңге деген сенімсіздігін тудырады. Қарсылықты күшейтеді.

Наразылықтың өсіп бара жатқанына Досым Сәтпаев та назар аударады. Оның пікірінше, ресми мәліметтердегі сәйкессіздік халыққа "қалаймақан ақпарат" ұсынуға соқтырады. Сөйтіп биліктің беделіне нұқсан келеді.

- Қоғамның билікке деген сенімі қатты азайып, жоқтан барға айналды. Бюрократиялық аппаратпен салыстырғанда қоғам тезірек өзгергісі келеді. Екеуінің арасы бұлайша алшақтаса, соңы жақсы болмайды. Қоғамның қарсылығы күшейеді. Радикалдық және жылдам өзгеріс талап етеді. Билік бақылаудан айырылып, бұл процесс бірінші президенттің саясат сахнасынан [біржола] кетуін тездетуі мүмкін, - дейді саясаттанушы.

Наурыздан бергі "саяси өзгеріс" кезінде Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы мәртебе иеленген күйі билік басында қалып, ұсынған кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев ел президенті болып сайланып, қызы Дариға Назарбаева парламент сенаты спикеріне айналған. Қызметтен кетуден бір жарым ай бұрын Назарбаев "елде мерзімінен бұрын президент сайлауы болмайды" деп мәлімдеген. Маусымның 9-ында кезектен тыс өткен президент сайлауының нәтижесін Батыс пен жергілікті бақылаушылар "сол баяғы соқпақ" деп сипаттаған.


  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG