Accessibility links

Дауыс беруге келген сайлаушы. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.
Дауыс беруге келген сайлаушы. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Кезектен тыс президент сайлаудың толық хроникасы

Кезектен тыс сайлауға алты кандидат - қазір билікте отырған 69 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев пен көпшілік онша танымайтын бес адам түсіп отыр. Кей сарапшылар мен халықаралық талдаушылар Ақорданың берген уәдесіне қарамастан, сайлау шынайы саяси бәсекесіз өтіп жатыр деп есептейді.

17:24 20.11.2022
Кезектен тыс президент сайлау күні Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументі алдында сайлауға қарсылық білдіріп тұрған белсенділер. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.
Кезектен тыс президент сайлау күні Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументі алдында сайлауға қарсылық білдіріп тұрған белсенділер. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Алматыда сайлау күні полиция отыз шақты адамды көшеден әкетті. Оларды үш жерден ұстаған.

Журналистер бұған дейін оппозиция наразылық акциясы өтетін орын деп хабарлаған "Астана" алаңы маңында кемінде он адамды полиция алып кеткенін көрді. Жұртты осы жерге жиналуға Қазақстан билігін сынап жүрген, 2009 жылдан бері Еуропада тұрып жатқан оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов пен ол басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, тыйым салған, Еуропа парламенті "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған) шақырған еді.

"Oyan, Qazaqstan!" қозғалысының бірнеше белсендісі күндіз Алматының орталығындағы Тәуелсіздік монументі алдына келіп, сайлауға наразылығын білдірмекші болған. Бақылаушылардың мәліметінше, ол жерден полиция он адамды күштеп әкеткен. Қозғалыс ұсталған адамдардың тізімін telegram-каналында жариялады. Ұсталғандардың кейбіреуін Алматының Наурызбай және Бостандық аудандарындағы полиция бөлімшелеріне апарған.

Таңертең Республика сарайы маңындағы Абай Құнанбайұлы ескерткіші алдынан тіркелмеген "Демократиялық партияның" бірнеше белсендісін полиция алып кеткен. Ұсталғандардың қолында елде өтіп жатқан кезектен тыс сайлауды доғаруды талап еткен жазуы бар плакат болған.

Полиция ұсталғандар туралы ешқандай ақпарат бермеді. Түс кезінде Ішкі істер министрлігі сайлау күні елдегі жағдай "тыныш" деп хабарлаған.

15:31 20.11.2022

Дауыс беру күні Астана мен Алматыда сайлауға қарсы шыққан белсенділер ұсталды. Елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен сайлауға түсіп жатқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев таңертең дауыс берді.

14:54 20.11.2022

ІІМ мен бас прокуратура сайлау күнгі жағдай «бірқалыпты» деп санайды

Сайлау күні «жалпы бірқалыпты өтіп жатыр». Қазақстан бас прокуратурасының өкілі Азамат Серғазин жексенбіде осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, «азаматтардың сайлау құқығын бұзу және заңға қайшы басқа да әрекеттер болған жоқ».

«Әлеуметтік желіде кей қолданушылар сайлау учаскелерінде заң бұзу болды деген ақпарат таратты, тексеру барысында ол сөздер расталмады» деді ведомство өкілі.

Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев те жағдайды «қалыпты» деп сипаттады.

«Сайлау күнінің алғашқы жартысында елдегі жағдай тұрақты болды. Бүкіл ел аумағында құқық қорғау органдары құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді» деді Мұратәлиев. Оның айтуынша, сайлау учаскелерінде 20 мың полицей, қоғамдық орындарда тағы 14 мың адам қызмет етіп жатыр.

13:48 20.11.2022

ОСК: Сайлаушылардың 51 пайызы дауыс берді

Астана уақытымен сағат 14-тегі ақпарат бойынша, дауыс беру құқығы бар сайлаушылардың 51,16 пайызы президент сайлауында бюллетень алып, дауыс берген. Бұл жөнінде Орталық сайлау комиссиясы хабарлады. Комиссия мүшесі Сәбила Мұстафина аумақтық сайлау комиссияларынан келген есеп бойынша осындай нәтижені оқып берді.

Ресми дерек бойынша, әзірге ең көп дауыс берген аймақтар – Түркістан (76,61 пайыз), Абай (69,32 пайыз), Ұлытау (68,32 пайыз) облыстары. Сағат 14-тегі дерек бойынша Астанада 39,79 пайыз сайлаушы дауыс берген.

Елдің ең ірі қаласы – Алматы дауыс бергендер көрсеткіші бойынша тізімнің ең соңында тұр. Мұнда 24,17 пайыз сайлаушы ғана таңдау жасаған.

Сағат 14-ке дейін 6 миллион 113 мың 621 адам сайлау бюллетенін алған. Жалпы дауыс беру құқығы бар сайлаушы саны 11,9 миллион. Заңда сайлау өтті деп санау үшін дауыс бергендердің төменгі шегі қарастырылмаған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG