Accessibility links

Дауыс беруге келген сайлаушы. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.
Дауыс беруге келген сайлаушы. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Кезектен тыс президент сайлаудың толық хроникасы

Кезектен тыс сайлауға алты кандидат - қазір билікте отырған 69 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев пен көпшілік онша танымайтын бес адам түсіп отыр. Кей сарапшылар мен халықаралық талдаушылар Ақорданың берген уәдесіне қарамастан, сайлау шынайы саяси бәсекесіз өтіп жатыр деп есептейді.

18:06 20.11.2022

20 қараша, Астана уақытымен сағат 18:05-тегі жағдай бойынша Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауға сайлаушылар тізіміне алынған азаматтардың 67,85 пайызы дауыс берген. Бұл мәліметті Орталық сайлау комиссиясы хабарлады.

Сайлаушылары ең "белсенді" өңір – Түркістан облысы, онда тізімдегі азаматтардың 80,25% сайлауға дауыс беріп тастаған. Ең төмен көрсеткіш Алматы қаласында – 27,93 %.

Астанада сайлаушылардың 48,01 % дауыс берген.

Қазақстанда дауыс беру құқына ие 11 950 485 адам тіркелген. ОСК мәліметінше, жексенбі күні сағат 18:05-ке дейін 8 108 668 адам дауыс берген.

Қазақстанның сайлау туралы заңында сайлау өтті деп саналу үшін сайлаушылардың белгілі бір пайызы келуі тиіс деген меже қойылмаған.

18:00 20.11.2022
Кезектен тыс президент сайлау күні қаладағы саябақ маңын күзетіп тұрған полиция көліктері. Шымкент, 20 қараша 2022 жыл.
Кезектен тыс президент сайлау күні қаладағы саябақ маңын күзетіп тұрған полиция көліктері. Шымкент, 20 қараша 2022 жыл.

Шымкентте кейбір белсенділер сайлау күні үйіне полиция келгенін хабарлады. Белсенді Данияр Байтілеу жексенбі күні жариялаған видеода үйінің маңында жеңіл көлікте отырған полиция қызметкерінен осы жерге неге келгенін сұрайды. Бақтияр Өксікбаев есімді қызметкер "жұмыста жүрмін" деп, басқа сұраққа жауап беруден қашқақтайды.

"Осының бәрі (полицияның белсенділер үйін торуылдауы – ред.) 2016 жылы ірі наразылықтар кезінде басталған еді. Бұрын Назарбаев пен Мәсімовтен көруші едім, қазір екеуі де жоқ. Енді қудалауға кімді кінәлаймыз. Неге бұлар есігіміздің алдында тұрады? Бұл - құқық таптау... Өз басым сайлауға бойкот жариялағанмын. Сайлау заңын өзгертпейінше, саяси реформа жүргізбейінше мұның бәрі - цирк. Тіпті бақылаудың өзі құр әурешілік деп ойлаймын" деді белсенді Данияр Байтілеу Азаттыққа.

Түркістан облысында тұратын белсенді Мұрат Байдәулетов 20 қарашада үйінен шығуын сыртта полиция қызметкерлері тосып тұрғанын айтты. "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған белсенді "базарға баруым керек" деген сөзіне полицейлер "арнайы көлік бөлетінін" айтып жауап қатқанын жеткізді.

"Қазір сол полиция көлігімен жүрмін" деді Мұрат Байдәулетов Азаттық тілшісіне.

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында тұратын белсенді Ғабит Оразымбетов 18 қарашада үйіне полиция келіп, "Сайлау күні қайда боласыз?" деп сұраққа алғанын хабарлады. 20 қарашада қалада аста жүрген ол "полиция маған геолокацияңызды жіберіңіз, қалада екеніңізге көзімізді жеткізейік" деп айтқанын жеткізді.

Полиция бұл айтылған жайттарға түсініктеме бермеді.

20 қарашада Қазақстанда азаматтар кезектен тыс президент сайлауға дауыс беріп жатқан кезде Алматы мен Астанада полиция 30 шақты белсендіні ұстаған. Көбін Алматыда көшеден әкеткен. Наразылар "таңдаусыз сайлауға" қарсылық білдіріп, "Қаңтар қантөгісін ұмытпау қажеттігін" айтып көпшілік орынға барған. "Оппозиция митингісі өтеді" деген орындарда бірнеше адам ұсталған.

Алматы полициясы "рұқсат етілмеген акциялар" өткізуге талпыныс болғанын айтып, "қоғамдық тәртіпті бұзу жайттарын болдырмау мақсатында заңда бекітілген шаралар қолданылды" деп хабарлады.

17:46 20.11.2022
Сайлау учаскесінде дауыс беру барысын қадағалап отырған байқаушылар. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.
Сайлау учаскесінде дауыс беру барысын қадағалап отырған байқаушылар. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

"Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры мен Қазақстанның жастар ақпарат орталығының (МИСК) тәуелсіз бақылаушылары кезектен тыс президент сайлау күні тіркелген заң бұзу фактілері жайлы хабарлады.

МИСК жанынан құрылған жас бақылаушылар лигасы дерегінше, жексенбінің бірінші жартысында 25 заң бұзу жайты тіркелген. Соның ішінде 16 заң бұзу бақылаушы құқына қатысты болған.

"Бақылаушылар отырған жерді қызыл лентамен қоршап, қозғалысына кедергі келтірді. Орындықта отыруын талап етіп, дауыс беруге қанша адам келгені жайлы ақпаратты бермеді, хаттама жайлы ақпарат сұрасақ, қуып шығамыз деп қорқытады" деп хабарлады жас бақылаушылар лигасы.

Тәуелсіз бақылаушылар "мұндай кедергілер көбіне Астана қаласында тіркелгенін" айтады.

Ұйым бақылаушылары тіркеген заң бұзу фактілері мыналар:

  • Сайлаушыға учаскелік сайлау комиссиясы мүшесінің қолы қойылмаған бюллетень беру;
  • Бақылаушылардың жүріп-тұруын шектеу;
  • Биліктегі "Аманат" партиясынан бір учаскеде екі бақылаушы отырды.

Ал "Еркіндік қанаты" ұйымы да "тәуелсіз бақылаушылар құқығы бұзылғанын" мәлімдеді. Кейбір бақылаушыларды учаскеге кіргізбей, ақпарат бермей қойған, Астанада екі бақылаушыны учаскеден қуып шыққан деп хабарлады осы ұйым.

"Еркіндік қанаты" Алматыдағы 105-сайлау учаскесінде бақылаушысын әжетханаға жібермей қойғанын хабарлады. Ал қаланың аумақтық сайлау комиссиясы төрайымы Жанна Асанова "әжетхана толып қалған соң ешкімді жібермедік" деген. Ол дауыс беру кезінде "ресми түрде заң бұзу фактісі тіркелген жоқ" деп мәлімдеді.

17:36 20.11.2022

20 қарашада Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында сайлаушылар мен бақылаушылар 82-сайлау учаскесіне "кіре алмағанын" айтып шағымданды. "Жас сайлаушылар лигасы" Инстаграм парақшасында жариялаған видеода далада ұшқындап қар жауып жатқан шақта бір топ адамның сайлау учаскесіне ұқсас мекеме алдына жиналып тұрғаны көрінеді.

"Ғимарат ішін кварц сәулесімен тазартамыз деген сылтаумен бәрімізді сыртқа шығарып жіберді. Есікті жауып қойды. (...) Ешқандай карантин мен қаулы жоқ, қайдағы тазарту жұмысы?" дейді видео авторы.

Сыртта тұрған адамдар есік қағып та көреді. Сәлден соң есік ашылып, халық ішке кіре бастайды. Учаскенің қанша минут жабық болғаны белгісіз. Оқиға күндізгі сағат 11 шамасында болған. Аты-жөнін айтудан бас тартқан бақылаушылардың бірі Азаттық тілшісіне жұрт сыртта "жарты сағат күтіп қалды" деді.

"Сайлау кезінде санитарлық нормаларды сақтау үшін кварцтау мен ылғалды тазалау жөнінде ұсыныс айтқанбыз. Сол үшін жапқан болу керек. Ғимараттағы адамдар сыртқа шығарылды, себебі кварц көзге зиян ғой" деді Азаттыққа Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жанар Алқанова.

Оның сөзінше, "тұмауға байланысты" тазалық шарасы жүргізілген. Бірақ ол кварцпен тазалау жұмысын жүргізу туралы шығарылған арнайы құжат бар ма деп сұраған Азаттық тілшісіне нақты жауап бере алмады. Кейінірек хабарласып, "құжатты көрсетемін" дегенімен, осы жаңалық шыққанға дейін хабарласқан жоқ.

"Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры құрылтайшыларының бірі Елена Швецова кварцпен тазалау шарасы арнайы қаулысыз жүргізілсе заңсыз деп саналатынын айтады.

"Өскеменде қандай да бір карантин бар ма, соған қарауымыз керек. Негізі қазір ешқандай карантин шектеуі жоқ болуы керек. Сондықтан қандай негізге сүйеніп кварцпен тазалағаны түсініксіз, үлкен сұрақ туып тұр" деді Швецова.

Аталған сайлау учаскесінің өкілдеріне Азаттық тағы хабарласқан кезде олар қолында "кварцтау туралы" қаулы жоғын, бірақ денсаулық сақтау министрлігі сайтында "сайлау учаскелері тазалануы керек" деген ақпарат барын алға тартты.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG