Accessibility links

Жаңатастағы пәтерде шыққан өрттен мерт болған бес баланы Үшаралға жерледі


Жаңатас кентіндегі өрт шыққан үй. 19 ақпан 2021 жыл. Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті түсірген сурет.
Жаңатас кентіндегі өрт шыққан үй. 19 ақпан 2021 жыл. Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті түсірген сурет.

Жамбыл облысындағы Жаңатас кентінде үйде ата-анасы жоқта шыққан өрттен қаза болған бес баланы 20 ақпанда әкесінің ауылына жерледі. Отбасына ауыр қайғы әкелген төтенше оқиғаның жай-жапсары тексеріліп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаны "ел басына түскен трагедия" деп атаған.

БЕС БАЛАНЫҢ ҚАЗАСЫ

20 ақпан күні Жамбыл облысы Талас ауданындағы Үшарал ауылында Әбдімәліковтер отбасының кәмелетке толмаған бес баласын жерледі. Олар бір күн бұрын Сарысу ауданы Жаңатас кентіндегі пәтерде шыққан өрт салдарынан мерт болған.

– Бүгін балаларды Үшарал ауылына әкеліп, атасының үйінен шығарды. Олардың әкесі осы ауылдың тумасы. Балалардың анасының жағдайы ауыр, қайта-қайта есінен танып қалады, – деді Гүлнұр есімді жергілікті тұрғын Азаттық тілшісіне.

Бес сәбиінен бір күнде айырылған отбасына психологтар көмек көрсетіп жатыр деп хабарлады жергілікті билік өкілдері.

Жасы отызға таяған ерлі-зайыпты Нұрсұлтан Әбділмәліков пен Меңсұлу Есмаханова облыс орталығы Тараз қаласынан 170 шақырым қашық жатқан, 22 мың халқы бар Жаңатас кентінде тұрады.

19 ақпан күні сағат 15:00 шамасында олар тұрып жатқан бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтер өртенген кезде үйде кәмелетке толмаған екі ұл мен үш қыз - Әйгерім (2015 жылы туған), Әбілмансұр (2016 ж.), Нұрислам (2017 ж.), Айару (2019 ж.) және Айсана (2020 ж.) есімді бес бала болған. Облыстық төтенше жағдай қызметі өкілінің хабарлауынша, балалардың әкесі жұмыста, ал анасы есікті сыртынан құлыптап, азық-түлік алуға кеткен кезде өрт шыққан.

Анасы дүкеннен қайтып келгенде үйінің өртеніп жатқанын көріп, есігін кілтпен ашып кірген. Көршілері болысып, пәтерден төрт баланы сыртқа көтеріп шығарған. Бесінші баланы дабыл бойынша жеткен өрт сөндіру қызметкерлері алып шыққан. Жедел жәрдем көлігі бесеуін ауруханаға апара жатқан жолда балалардың бірі жан тапсырған. Төртеуі ауруханада бақилық болды.

Бес баланың әкесі Нұрсұлтан Әбділмәліков Жаңатас кентіндегі орталық ауруханада бухгалтер болып жұмыс істейді, балалардың анасы Меңсұлудың мамандығы мұғалім, ол декрет демалысында болған. Осыған дейін көп балалы отбасы ретінде мемлекеттен жәрдемақы алған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әбдімәліковтер отбасына көңіл айтып жеделхат жолдады деп хабарлады Ақорданың баспасөз хатшысы Берік Уәли.

"Президент бұл жағдайды бір ғана отбасының емес, бүкіл еліміздің басына түскен трагедия деп санайды. Ол балалардың ата-анасына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды" деп жазды ол Facebook парақшасына.

"ӨРТТІҢ НЕДЕН ШЫҚҚАНЫ ӘЗІР БЕЛГІСІЗ"

Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаев жалпы көлемі 40 шаршы метр үш бөлмелі пәтердің 16 шаршы метр аумағы өртенгенін айтты.

– Орталық қазандықтың жылу жүйесіне қосылған үйде ешқандай жылыту құрылғысы болмаған. Өрт балалар бөлмесінде шыққан. От сіріңке жағудан шығуы да мүмкін, ол тез жанатын заттарға (төсек-орын, жихаз – ред.) тиген. Қазір сараптама жасалып жатыр, – деді 20 ақпан күні брифингте Ермек Момбаев.

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы бұған дейін әлеуметтік желіде тараған "өртенген үйде 60 жастағы әйел болған" деген ақпаратты жоққа шығарды.

Облыс полиция департаменті Қылмыстық кодекстің "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлады.

Қазақстанда бұған дейін де осыған ұқсас қайғылы оқиғалар жиі болған.

  • Биыл 18 ақпанда Қызылорда қаласындағы уақытша баспанадан өрт шығып, бесіктегі сәби мерт болды. Үйде тағы төрт бала болған, оларды анасы аман алып қалған.
  • 2020 жылғы 1 қазанда Тараз қаласында жер үйден өрт шығып, 2-3 жасар екі сәби қаза болған. Биліктің мәліметінше, балалардың әкесі - жұмыста, шешесі ауруханаға кеткен кезде үй өртенген.
  • Былтыр 5 наурызда Алматы облысы Есік қаласында жер үй өртеніп, үш бала мерт болды. Облыстық төтенше жағдай департаменті өрт шыққан кезде балалардың ата-анасы үйде болмаған, олардың қасында болған қарт әжесі қатты зардап шегіп, ауруханаға түскен деп хабарлады.
  • 2020 жылғы 3 ақпанда Алматы қаласынан 50 шақырым жердегі Өстемір ауылында жер үйде шыққан өрттен екі бала қаза тапты. Әкесі қалаға жұмыс іздеуге, ал анасы ұлы мен қызын сыртынан жауып, дүкенге кеткен кезде өрт шыққан.
  • 2019 жылғы 4 ақпанға қараған түні Астана қаласының (қазіргі Нұр-Сұлтан) шетіндегі Көктал-1 елдімекеніндегі шағын үйден өрт шығып, бір отбасының кәмелетке толмаған бес қызы қазаға ұшырады. Осы оқиғадан кейін елде көп балалы аналардың, мүмкіндігі шектеулі баласы бар әйелдердің және баласын жалғыз өзі асырап отырған әйелдердің наразылығы күшейді. Олар әлі күнге дейін оқта-текте наразылық білдіреді. Бұл адамдар үкіметтен әлеуметтік көмекті күшейтуді, тұрғын-үй мәселесін шешуді талап етіп жүр.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG