Екі жылға жуық уақыттан кейін Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили Украина аумағына еркін кіріп-шығу мүмкіндігіне қайта ие болды. Мамырдың 28-і күні Одесса облысының бұрынғы губернаторына Украина азаматтығын қайтарып беру туралы жарлық күшіне енді. Саакашвилидің көмекшісі Таня Барановска Азаттыққа оның Варшавадан Киевке мамырдың 29-ы күні түсте ұшып келетінін айтты. Онда оны көп жақтастары күтіп алады.
Азаттықтың Украин қызметіне скайп арқылы берген сұхбатында Михаил Саакашвили Владимир Зеленскийдің азаматтығын қалпына келтіру әрекетін жылы қабылдап, "батыл президенттің батыл қадамы" деп атаған. Ол өзін қолдаған украиналықтарға алғыс айтып, дегенмен "Украинада елге қайтуын қаламайтын адамдардың көп екеніне сенімді" екенін айтқан.
Ол Зеленскийдің "жылдам шешім" қабылдағанын айтып, бұл оның "мінезінен" де хабар береді деген.
Елдің жаңадан сайланған президенті Владимир Зеленский мамырдың 28-і күні бұрынғы президент Петр Порошенконың Саакашвилиді азаматтықтан айыру туралы жарлықтың күшін жойған еді.
Зеленский жарлығы президент ретінде ант бергеннен кейін сегіз күннен соң жарияланып отыр. Алты күн бұрын Саакашвили заңгері оның азаматтығын қайтарып беру туралы өтініш түсірген.
Саакашвили әзірге белсенді түрде саясатпен айналысуды жоспарлап отырған жоқ. Грузияның жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында ол Зеленскийдің саясатын іспен де, сөзбен де қолдайтынын жеткізген. Грузияның бұрынғы президенті Украина азаматтығын қайтарып алуды Грузия саясатына оралудың алғашқы қадамы деп есептейтінін айтқан.
Саакашвили Грузиядағы Бидзин Иванишвили сияқты олигархтар алдағы уақытта Петр Порошенконың кейпін киеді деген.
"Украинадағы өрлеудің қас жаулары және осы кезеңдегі менің де жауларым жеңілді. Дәл сол сияқты Грузиядағы жауларым да жеңілмек. Менің бұған күмәнім жоқ. Мен Грузияның басты сыншысымын және оның табысқа жетуінің басты тілекшісімін" деп ол "Рустави 2" телеарнасына берген сұхбатында Украинаға оралғанмен Грузияны да ұмытпайтынын жеткізген.
2015 жылдың желтоқсан айында Тбилиси билігі Саакашвилиді "екі азаматтығы бар" деп Грузия азаматтығынан айырған.
2004-2013 жылдары Грузияны басқарған реформатор Саакашвили 2015 жылы Украина азаматтығын алған. Сол кезде оны Украинаның экс-президенті Петр Порошенко Одесса облысының губернаторы етіп тағайындаған. Саакашвили бұл қызметті аз уақыт атқарды да, 2016 жылғы қарашада үкіметті жемқорлықпен күресіне кедергі жасады деп айыптап, отставкаға кеткен. Содан кейін ол оппозициялық қозғалыс құрып, Порошенконы қатты сынай бастаған.
Петр Порошенко 2017 жылы шілдеде шетелде жүрген Саакашвилиді Украина азаматтығынан айырды. Порошенко билігі Саакашвилиді Януковичтің "қылмыстық тобына қатысы бар" және "Ресейдің Киевке қарсы арандату жоспарының бір бөлігі" деп айыптаған. Грузия президенті болып тұрған кезінде Ресеймен қарулы қақтығысты бастан өткерген Саакашвили бұл айыптауларды "абсурд" деп сипаттайды.
Украина азаматтығынан айырылған соң Михаил Саакашвили ресми түрде азаматтығы жоқ адам деп танылып, Нидерландта тұруға ықтияр хат алған.
ПІКІРЛЕР