Accessibility links

"Бізді мазақ қылды". Үлескер қаржысына салынған тұрғын үй кешенін сүру туралы сот шешіміне не себеп болды?


Сот Қарағанды қаласындағы "Әл-Фараби" тұрғын үй кешенін сүру жөнінде шешім шығарған.
Сот Қарағанды қаласындағы "Әл-Фараби" тұрғын үй кешенін сүру жөнінде шешім шығарған.

Қарағандыда үлескерлік құрылыс саласында тағы бір жанжал шықты. Сот адамдар тұрып жатқан тоғыз қабатты тұрғын үй кешенін сүру жөнінде шешім шығарды. Үлескерлер құрылыс компаниясы мен мемлекеттік органдарды кінәлайды. Сарапшы мұның бәрі бақылаудың жоқтығынан екенін айтады. Ол сондай-ақ жосықсыз құрылыс компаниялары осыны пайдаланып, ғимараттарды заңдастырып алу үшін әдейі "әлеуметтік шу" ұйымдастыруы мүмкін дейді.

"БҰЛ ЖЕРДЕН КӨШПЕЙМІН"

Аяжан Мақашеваның отбасы Қарағандыға шалғайдағы Топар ауылынан мұқтаждықтан көшіп келген, өйткені балаларының бірі – мүгедек, оған күн сайын жүзуден сабақ алу керек.

Он қабатты "Әл-Фараби" тұрғын үй кешенінен пәтер алу үшін бұрынғы үйін сатқан, несие алған, ақша жинаған. Жаңа пәтер құнының 30 пайызын (шамамен алты жарым миллион теңге) төлегеннен кейін олар құрылыс аяқталғанша пәтер жалдап тұрды. Былтыр желтоқсан айында Мақашевтер жаңа үйге кірген болатын.

Қарағанды сотының үйді "өз еркімен салу" деп тану және оны бұзу туралы 8 қаңтардағы шешімін естігенде үшінші баласына аяғы ауыр Аяжан есінен тана жаздаған.

– Техникалық сараптама бар, онда үй тұруға қауіпті деп айтылмаған. Рұқсат болмаса, коммуникацияларды қалай қосты? Былтыр да үйге жылу берілді. Келісім-шарт бойынша олар маған салған ақшамды қайтарса да, бәрін бір-ақ қайтарып бермейді, ал маған қазір бір жерде тұру керек. Ол ақша тіпті пайдалануда болған тұрғын үй сатып алуға да жетпейді, бәрі қымбат. Мен үйді бұзуға қарсымын, бұл жерден көшпеймін, – дейді Айжан Мақашева.

Қазіргі уақытта кемінде екі жүз пәтер бар тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің көбі сатылып кеткен. Бір жарым мыңға жуық адам дәрменсіз күйде отыр.

Қарағандыдағы "Әл-Фараби" тұрғын үй кешені
Қарағандыдағы "Әл-Фараби" тұрғын үй кешені

Олардың арасында Вера Тен де бар. 2022 жылы ол пәтер құнының жартысын төлеген. Әйелдің айтуынша, ол тұрғын үй кешеніне ақша құймас бұрын құрылыстың дұрыс жүріп жатқанын анықтап алған.

– Әкімдікке бардым, "Сатып ала аламын ба?" деп солардан сұрадым, олар маған "Иә" деді. Ол кезде үйдің құрылысы аяқталып қалған еді. Екі сараптамадан өтті. Жалғыз ғана қателігі – тағы бір қабат қосқаны. Қолымда МСБҚ-ден (Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау – ред.) үй пайдалануға беріледі деген ресми жауап бар. Кейін МСБҚ сөзінен айнып, сотта үйді бұзуды талап етіп отыр. Бізді мазақ қылып отыр. Далада қаламыз ба деп қорқамыз. Қазақстанда бәрін күтуге болады, – дейді Вера Тен.

Оның қолында МСБҚ-ның ресми хаты бар. Онда тұрғын үй кешені "аталған қателіктер түзетіліп, нысан толық дайын болғаннан кейін пайдалануға беріледі" деп жазылған.

– Бізді неге алдады? Түгел жазалау керек: сүру жөнінде сот болып жатқанын біле тұра пәтерлерді сатуды тоқтатпаған компанияны да, МСБҚ-ны да, соттың өзін де, – дейді Вера Тен.

Тұрғын үй кешенін салған "T-K Building" компаниясы ешқандай арам ойымыз болған жоқ деп отыр: құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттарын мерзімінде аламыз деген үмітпен үлескерлер алдындағы міндеттемесін орындау үшін құрылысты жалғастыра бергенін айтады.

"Үй сапалы салынды, екі техникалық сараптаманы тиісті аккредитациясы бар компаниялар жүргізді. Үйді сүру туралы сот шешімі төбемізден жай түскендей жағдай болды. Жауапкершіліктен қашпаймыз, мойнымызға алған міндеттемелерді орындаймыз. Біз алаяқ емеспіз, қашпаймыз", – дейді компания басшысы Абылайхан Әмірбеков.

Бірақ болар іс болды: "Әл-Фараби" тұрғын үй кешенінің 10-қабаты жобадан тыс салынған. Қазір көппәтерлі үй адам тұруға арналған 9 қабаттан және техникалық мақсаттағы 10-қабаттан тұратын құрылыс нысаны ретінде мемлекеттік сараптамаға енгізілді. Әйткенмен елге сатылған пәтерлердің 15-і – ең жоғарғы қабатта. Құрылыс компаниясы сатып алушыларға мәселені шешудің жолын табамыз деп уәде беріп отыр.

Бұған қоса компания сот шешіміне келіспейтіні жөнінде апелляциялық шағым беретінін айтады.

"САҚТАНСАҢ САҚТАЙДЫ"

8 қаңтар күні соттың тұрғын үйді сүру туралы шешімін естіген Вера Тен эмоцияға ерік беріп, судьяның шамына тиетін сөздер айтқан. Соның кесірінен оның үстінен "сотқа құрмет танытпады" деген айыппен іс қозғалған. 22 қаңтарда әйелдің әлгі айтқан сөзі "қорлау" деп танылып, оған ескерту беріліп, әкімшілік жаза тағайындалған.

Тен алған бетінен қайтпай отыр. Ол компаниямен жасасқан келісімшартын бұзып, төленген ақшаны қайтарады деп күтіп отырған бәзбір үлескерлер сияқты емес, баспана үшін аяғына күресуге бел буған: шағым жазды, әлеуметтік желілер арқылы хабар таратты, журналистерге сұхбат берді.

Үлескерлер наразылық көрсетіп, шу шығарғаннан кейін МСБҚ басшысы Сержан Аймақов Қарағандыда брифинг өткізіп, өзі басқаратын ұйымды таныстырып, ақпараттық жұмыс әлсіз болғанын мойындады.

"Әл-Фараби" тұрғын үй кешені үлескерлері талабын айтуға жиналып тұр
"Әл-Фараби" тұрғын үй кешені үлескерлері талабын айтуға жиналып тұр

Кейін Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожықов үлескерлермен кездесіп, жергілікті атқарушы билік органдары үйді сүруге жол бермеуге тырысатынын мәлімдеді, өйткені жаңа үй 99 пайыз дайын тұр әрі пәтерлердің бір бөлігіне адамдар қоныстанып үлгерген. Оған қоса бұл проблема қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр.

– Ешкім үйді мақсатты түрде сүреміз, адамдарды баспанасыз қалдырамыз, біреуді қамаймыз деп отырған жоқ. Бірақ резонансты ескере отырып, мәселені бейбіт шешудің заңды жолдарын табу керек, – деді Қожықов.

Айтуынша, құрылыс барысында техникалық қадағалау мен авторлық қадағалау болған, екі техникалық қорытынды да жасалған. Үйдің жобасы әзірленіп, қазір аяқталмаған жоба ретінде мемлекеттік сараптамаға енгізілді.

"Жоба әлеуметтік маңызды болғандықтан, сараптаманы жеделдетуді сұраймыз", – деді әкім.

Әкімдіктегілер үйді сүру туралы шешімге келіспеген үлескерлерге сотқа жүгінуге кеңес берген. Бірақ олар күдерін үзгенге ұқсайды: өйткені апелляцияны қарау мерзімі таяп қалды, ал жұрт сараптама қорытындысы оған дейін дайын болмайды-ау деп алаңдайды. Сонымен қатар, қорытынды тұрғын үй кешенінің пайдасына шықпауы мүмкін деген қорқыныш та бар.

Әкімдіктегілер де үміт үзбеңдер, бірақ ең нашар жағдайға да дайын болыңдар дейтін сыңайлы.

– Егер үй пайдалануға жарамсыз деп танылса, ешкімді қоныстандырмаймыз. Егер сараптама қорытындысы үйді пайдалануға болады десе, құрылыс компаниясы жағдайдың өзгеруіне байланысты медиативті келісім тағайындау үшін сотқа өтініш жасайды. Егер келісім орындалмаса, үйді сүру мәселесі қайта көтеріледі. Бірақ әлі қоныстанбаған адамдарға айтарым: жиһаз сатып алуға және үйді жөндеуге ақша жұмсамай тұра тұрыңыздар. Құдай сақтансаң, сақтайды, – деді әкім Қожықов үлескерлермен кездесуде.

МСБҚ басшысы болса, сарамтама оң нәтиже берсе, ведомстводағылар медиативті келісім жасауға дайын екенін мәлімдеді.

"Әйтпесе әңгіме басқаша болады", – деді Аймақов.

Қарағанды тұрғындары үйден де, ақшадан айырыламыз ба деп алаңдайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:16 0:00

"ОЛАРДЫҢ ЖӨНІ БӨЛЕК"

"Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов "Әл-Фараби" кешені сияқты тұрғын үйлерді бұзуға шешім шығарылса, бірінші кезекте үлескерлер зардап шегеді дейді. Смағұлов сонымен қатар жосықсыз құрылыс компаниялары ғимараттарды заңдастыру үшін осындай шуларды "пайдаланады" деп есептейді.

– Әлбетте, алғашқы баспанасына әрең дегенде қолы жеткен, онсыз да қиналып жүрген жандар көшеге шығып, өз құқықтарын қорғауды талап етеді. Әкімдік "олар үйлерді бұзбайды, біз сізге құжаттар жасауға көмектесеміз, алаңдамаңыз" дейді. Құрылыс компаниялары осы сияқты әлеуметтік шуды қолдан жасап, пайдаланып кеткісі келеді. Бірақ мұның бәрі мемлекеттік органдардың үнсіз ғана келісіп, мән бермеуі салдарынан туып отыр. Қажет болса, әкімдік кез келген нысанды тоқтата алады. [Бірақ] біз оның жеке тұлғаларға келгенде қалай әрекет ететінін көріп отырмыз, ал таныс-тамыры бар құрылыс компаниялар туралы сөз болса, олардың жөні бөлек, – дейді Смағұлов.

Сарапшы сондай-ақ мәжіліске құрылысты бақылауды күшейту мақсатында енгізілген кейбір ұсыныстарды сынады. Мәселен, тұрғын үй құрылысы барысында үлескерлік шартын жасасу кезінде талаптарды күшейту, ақшасыз есеп айырысуды енгізу және үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты немесе ҚТК кепілдігі жоқ құрылыс салушыларды жарнамалауға тыйым салу сияқты.

– Иә, үлескерлердің ақшасын тартуға тыйым салынады, бірақ құрылыс компаниясы не істейді? Шарттың атын өзгертіп, мысалы, "бронь қою шарты" дейді. Былтырға дейін мұндай түсінік болмаған еді. Негізінде екеуі бірдей құрылыс шарты. Басқаша атай отырып, ақырын ғана [жұрттан] ақша жинай береді. Мұны бәрі білді: әкімдік те, МСБҚ та, алайда ешқандай шара қолданбады. Ертең кез-келген компания шығуы мүмкін, біз "сатып алу ниеті" туралы келісімшарт жасаймыз деп. Сонда құрылыс компаниялары бірдеңе ойлап тапқан сайын заң оны жоққа шығарып отыруы керек пе? Бұл күлкілі жайт, – дейді Смағұлов.

Сарапшы мұны тоқтатудың ең бір тиімді тәсілі – мемлекеттік органдардың жеке жауапкершілігін күшейту екеніне сенімді.

– Мәселені шешу оңай: кімнің ауданынан проблема шықса, сол сөгіс алады, екінші рет қайталанса, қызметіне сай келмейтіні туралы ескерту алып, ал үшінші ретте жұмыстан босатылады. Мұндай жауапкершілік болған кезде олар заңсыз құрылыстың алдын алу үшін жанын салады, – деп есептейді Смағұлов.

Қарағандыдағы "Әл-Фараби" тұрғын үй кешеніндегі жағдай – жалғыз емес. Қараша айында Алматыда таулы жерде салынған 20 ғимарат, оның ішінде құрылыс нормаларының талаптарын бұзғаны анықталған тұрғын үй кешендері сот шешімі бойынша бұзылады деген ақпарат тарады. Жергілікті БАҚ хабарлағандай – "Хан" тұрғын үй кешені желтоқсан айында бұзыла бастады. Тағы бірнеше нысанға қатысты толық немесе ішінара сүру туралы сот шешімі күшіне енді.

Қараша айында Ақтауда заңсыз салынды деп танылған Crystal City тұрғын үй кешені бұзылғаны мәлім болды, оны салған құрылыс компаниясы әкімдіктің құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтату туралы нұсқауын елемеген болып шықты.

Сондай-ақ БАҚ Астанада рұқсат құжаты жоқ 76 нысанның құрылысы тоқтағанын жазды. Үйлердің бір бөлігі қайта құрастыврылуы мүмкін.

"Қазақстан тұрғын үй компаниясының" мәліметтері бойынша, елде рұқсатсыз немесе кепілдіксіз салынып жатқан 200-ге жуық нысан бар. Олардың басым бөлігі Астанада. БАҚ мәліметінше, кейінгі екі жылда осындай заң бұзу фактілері анықталып, 300-ден астам компания әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG