Accessibility links

Полиция биліктен баспана сұраған аналарды Ақордаға өткізбеді


Полиция наразы аналарды қоршап тұр. Нұр-Сұлтан, 3 маусым 2019 жыл.
Полиция наразы аналарды қоршап тұр. Нұр-Сұлтан, 3 маусым 2019 жыл.

Маусымның 3-і күні Нұр-Сұлтанда ондаған ана Ақорда мен Үкімет үйінің алдына жиналып, биліктен баспана сұрады. «Әкім мен министрдің уәдесінен шаршаған» аналар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министр Асқар Маминнің шығуын талап етті. Бірақ Тоқаев та, Мамин де аналардың алдына келген жоқ.

"БАСПАНА БОЛСА, БІЗДЕН БАҚЫТТЫ АДАМ ЖОҚ"

Наразы аналарға премьер-министрдің бірінші орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев және Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтанов шығып, сабырға шақырды. Аналар Әбдіхалықова мен Сапарбаевтың сөзіне құлақ аспай, Ақордаға бет алды. Бірақ полиция мен арнайы жасақ аналарды Ақордаға қарай өткізбеді. Кейін аналар "баспана мәселеміз шешілмесе, аштық жариялаймыз" деп Ақорда мен Үкімет үйінің маңында отырып алды. Аналарды полиция мен арнайы жасақ қоршап тұрды.

Наразы аналар мен арнайы жасақ. Нұр-Сұлтан, 3 маусым 2019 жыл.
Наразы аналар мен арнайы жасақ. Нұр-Сұлтан, 3 маусым 2019 жыл.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев Азаттыққа полицияның аналарды не үшін қоршап тұрғаны жайлы айтты.

- Адамдар келді, айтарын айтты. Министр Сапарбаев, вице-министр Әбдіхалықова, Нұр-сұлтан әкімі шығып, сөйлесіп, түсіндірді. Енді адамдар түсініп, заң ретінде қарау керек қой. Мына алаңда біреуге қастандық істеп кетсе, полиция [жауапты] болады ғой. Біздің қызметкерлер бұл кісілер тарап, бала-шағаларына барғанша тұрады. Біз оларға тиісіп жатқан жоқпыз, - деді полиция өкілі.

Наразы аналардың бірі "Біздің бір мәселеміз – баспана. Баспанамыз болса, бізден бай, бізден бақытты адам жоқ. Біз тегін баспана сұрамаймыз. Бізге айына 30-40 мың теңге төлейтіндей етіп үй беріңдер" деді.

Наразы әйелдерді қоршап тұрған арнайы жасақ пен полиция. Нұр-Сұлтан, 3 маусым 2019 жыл.
Наразы әйелдерді қоршап тұрған арнайы жасақ пен полиция. Нұр-Сұлтан, 3 маусым 2019 жыл.

Үкімет үйінің маңында отырғандардың арасынан бір ана талып қалып, оны жедел жәрдем алып кетті.

Күннің астында балаларымен отырған аналарға су әкелген тұрғындарды полиция сол маңға әрең өткізді.

"ӘКІМДІК МӘСЕЛЕНІ ШЕШПЕДІ"

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев аналарға қала әкімдігіне барып, баспана мәселесін қала әкімімен шешуді ұсынды. Бірақ аналар "әкімдікке барып-барып болдық, мәселені шешпеді. Бізге енді президент Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин немесе елбасы (Нұрсұлтан Назарбаев – ред.) шықсын" деп, аналар әкімдікке барудан бас тартты. Олар билік "баспана мәселесі нақты шешіледі деп қолхат жазып берсе ғана тараймыз" деді.

Гүлшара Әбдіхалықова пен Бердібек Сапарбаев (оң жақта) аналар алдында тұр. Нұр-Сұлтан, 3 мамыр 2019 жыл.
Гүлшара Әбдіхалықова пен Бердібек Сапарбаев (оң жақта) аналар алдында тұр. Нұр-Сұлтан, 3 мамыр 2019 жыл.

Кейін Әбдіхалықова пен Сапарбаев аналар отырған жерден кетіп қалды. Бірақ аналардың бір тобы Ақорда мен Үкімет үйі маңынан кетпей отырып алды. Олар "баспана" деп айғайлады. Кейін наразы аналарға министр Бердібек Сапарбаев қайта келіп, "күн астында отырғаннан мәселе шешілмейді" деп, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне шақырды. Бірақ он шақты ана министрдің сөзіне құлақ аспай, Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың шығуын талап етті.

Баспана талап еткен аналар Үкімет үйінің маңында отыр. Нұр-Сұлтан, 3 маусым 2019 жыл.
Баспана талап еткен аналар Үкімет үйінің маңында отыр. Нұр-Сұлтан, 3 маусым 2019 жыл.

Сол маңда жүрген Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов Азаттыққа көп балалы отбасыларға бөлек үй кезегі түзілгенін айтты.

- Екі пайызбен берілетін ипотека бағдарламасы ашылды. Әкімдік көп балалы аналарға алғашқы жарна үшін бір миллион теңге сертификаты береді. Қазір банктер ипотека мәселесін қарап жатыр. Бұл процесс 17 мауымда аяқаталады. Бұл адамдардың арасында үй кезегінде жеті-сегіз жыл тұрғандар бар. Осыншама уақыт шыдаған адамдар 17 маусымға дейін күте алмай ма? – деді ол.

Таңертең онда наразылыққа келген аналар Үкімет үйі мен Ақорда маңында алты сағаттай тұрды. Кейін оларға Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Бақытжан Сағынтаев шығып, оларды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне шақырды. Сағынтаев аналармен кездесіп, мәселелерін тыңдады.

- Мәселені айғаймен емес, сабырмен шешу керек. Ол үшін әр проблеманы талқылаймыз. Ол талап заңды ма, заңсыз ба, соны қараймыз. Шешімі табылатын мәселені "табылады" дейміз, шешімі табылмайтын мәселе болса, "табылмайды" деп айтамыз. Жалған уәде болмайды, - деді Сағынтаев Азаттыққа кездесуден кейін.

3 маусым кешкісін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында "менің тапсырмаммен Сағынтаев пен үкімет мүшелері көп балалы аналармен кездесті. Көтерілген мәселелер ертең (4 маусым) жұмыс тобының аясында қаралады" деп жазды. Тоқаевтың сөзінше, проблемалар заңға сай шешілуі тиіс.

2019 жылы ақпанның 4-і күні Астананың Көктал-1 шағын ауданындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы бес бала опат болған.

Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейді. Ақпанның 6-сы күні ел астанасында жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап етті.

Ақпанның 21-і күні сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті "халықтың жағдайын жақсарта алмады" деп сынап, таратып жіберді. Кейін премьер-министр болып Асқар Мамин тағайындалды.

Ақпанның 27-і күні "Нұр Отан" партиясының съезінде Назарбаев көп балалы отбасылардағы әр балаға 21 мың теңге төленетінін мәлімдеген еді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сәуірден бастап тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемақы төлей бастағандарын хабарлаған. Мамырда Нұр-Сұлтанда аналар бірнеше рет жиналып, биліктен баспана мәселесін шешуді талап еткен. Мамырдың 16-сы күні Нұр-Сұлтанда бір топ ана Астана экономикалық форумы өтіп жатқан қонақ үй алдына жиналып, жиынға қатысып жатқан Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шығуын талап еткен. Наразы аналар Назарбаевтан баспана мәселесін шешуге көмек сұраған. Сол кезде де наразы аналарға еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Бақыт Сұлтанов шыққан.

Мамырдың 17-сі күні Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Астана экономикалық форум кезінде "Біріншіден, мемлекет аналарға баспана берсе олар бақытты болып кете ме? Екіншіден, бұл мәселені шеше ме? Мемлекет баспанамен қамтамасыз ету үшін қыруар қаржы бөлуге дайын ба? Бәлкім біз жағдай жасап, соған басымдық беруіміз керек" деген.

Маусымның 3-і күнгі аналар наразылығы қалай өтті?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG