Accessibility links

Қытайдан трактормен көшіп келген оралман


Адал Ахметтің отбасымен түскен суреті.
Адал Ахметтің отбасымен түскен суреті.

Биыл жазда Қытайдың Алтай аймағынан Қазақстанның Павлодарына трактормен бес отбасыны көшіріп әкелген оралман атамекендегі алғашқы жылын қалай өткергені жайлы ой бөліседі.

Павлодар облысы, Успенка ауданы, Ольгино ауылы - репатрианттар көп шоғырланған елді мекеннің бірі. Бұл ауылға ресми дерек бойынша, биыл Қытайдан 124 адам көшіп келген. Олардың көбі Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Алтай, Тарбағатай, Іле өңірінен қоныс аударған.

Солардың бірі - Қытайдың Шыңжаң өлкесі, Алтай аймағы, Көктоғай ауданы Қаражырақ қыстағынан биыл жазда көшіп келген 46 жастағы Адал Ахмет. Интернетте “Қазақстанға трактормен келген Қытай тұрғыны” ретінде бірер күннің ішінде танылып үлгерген Адал Ахметтен өскен ортасы, Қытайдағы қазақтардың тіршілігі мен соңғы қысымдарға байланысты пікірін сұраған едік.

БІР АПТАЛЫҚ ТРАКТОР-КӨШ

Екі баланың әкесі Адал Ахмет Қазақстанға келгенге дейін мал, егін шаруашылығымен айналысыпты. “Отбасылық және қоғамдық жағдайға байланысты бес сыныптық білім ғана алдым” деген ол Қытайда 23 жыл мал және егін шаруашылығымен шұғылданғанын айтады.

Қытайдағы қазақтардың дені әлі көшпелі өмір салтын ұстанады.

- Қазақстанмен салыстырғанда Қытайдағы қазақтардың дені әлі көшпелі өмір салтын ұстанады. 400-500 шақырым жерде маусым сайын көшіп жүреміз. Әдетте мұндай ауылды Қытай қазақтары «құм отары» деп атайды. Оңтүстігіне қарай жылы жаққа барып, қыста қайтадан Алтай тауына шығып, Моңғолия шекарасына дейін барып, сол ортада қазақтың байырғы көшпелі тұрмысымен жүріп жатқан елміз. Бертінде балалар оқығаннан кейін мал баққанға қоса жартылай егін шаруашылығына көштік, - дейді ол Азаттыққа.

Адал Ахметтің Қазақстанға көшіп келген тракторы
Адал Ахметтің Қазақстанға көшіп келген тракторы

“Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін атамекенге көшу арманға айналды” деген Адал Ахмет арманын орындау үшін сәуір айында жұбайымен бірге Қазақстанға келіп, жер жағдайын көріп қайтыпты. Тамыз айында отбасын алып және өзімен бірге бес отбасының жүгін тракторға басып, бір апта бойы жол жүріп отырып елге келген.

“Жолда қатты қиналған жоқпыз, мен үшін саяхат сияқты болды” деп жол жағдайын еске алған Адал Ахмет жолда полиция да ұстағанын, құжаттарын тексеріп, жібере салғанын айтады. Ол өзінің тракторын “көшуге арзан әрі қолайлы көлік” ретінде бағалайды. Айтуынша, ол Қазақстанға көшкенде бәрін қайтадан бастауға іштей бекініп келген екен.

- Тіршілігімді қайта бастауға трактор ыңғайлы болар деп ойладым, - дейді ол.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТІРЛІК

Тракторымен көшіп келген бойда Павлодар облысының Ольгино елді мекеніне қоныстанған азамат 150 гектар шабындық жерді жалға алған. Ірі қара мал өсіріп шаруашылыққа кіріскен.

- Қытайдағы тұрмыс-тіршілікпен салыстырғанда мұнда өмір сүру өте жеңіл. Мал және егін шаруашылығымен айналысу тұрғысынан алғанда жер өте кең. Қытайда бір адамға 25 сотық жерден беріледі. Бұл – шаруашылықпен шұғылдануға аздық етеді. Бір гектар жерге жете алмай жүрген отбасы көп. Сонда да қыруар малды бағып, отбасылық тұрмысын түзеп, қоғамдық тұрмысты түзеп жүрген азаматтар қаншама. Қытай өте еңбекшіл, дүние жиғыш, үнемшіл халық. Біз соны жасымыздан көріп өстік те, соларға үйлестік қой. Енді мына Қазақстанның кең даласы біздің қалай да жан бағуымызға ыңғайлы келеді, - дейді Адал Ахмет Азаттыққа.

Адал Ахмет Қазақстанда мал шаруашылығымен айналысады.
Адал Ахмет Қазақстанда мал шаруашылығымен айналысады.

​Оның айтуынша, өзі тұратын Ольгино елді мекенінде қазақша мектеп жоқ. Бұл Адал Ахмет сияқты таза қазақы ортадан көшіп келген адамдардың білім алуын қиындатқан. Тұрғындар жергілікті билікке шағымданғаннан кейін барып шамамен 100 км жердегі ауылдан балалардың білім алуына жағдай жасалған. Қазір Адал Ахметтің екі баласы сол мектепте оқып жатыр. Үш аптада бір келіп ата-анасын көріп қайтады.

ҚЫТАЙДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Бұл күндері Қытай қазақтарының Қазақстанға қатынауы қиындап кеткені белгілі. Алайда Адал Ахметтің айтуынша, ол туып-өскен Көктоғай ауданы «тарихи себептермен» екі ел арасында еркін көшіп жүру мүмкіндігіне ие сирек аудандардың бірі. Сол себепті оның елге қоныс аударуы аса қиын болмаған.​

Адал Ахмет.
Адал Ахмет.

- Жалпы Қытай халық республикасы 1947 жылы азат болған.Ал Көктоғай ауданы 1959 жылы азат болған. Ұзақ уақыт үкіметке қарсы соғыстар болды да, күні бүгінге дейін Қытайда заңды қатаң ұстады. 1947 жылдан бері азат етіліп кеткен орындарда заңында, адамдарында ерте еркінсу, босаңсу болды да бертінде діни ұйымдары, үкіметке қарсы топтар пайда болды. Осылайша олар халықтың обалына қалып жатқан жайы бар. Шыңжаң өлкесінде 49 аудан бар. Соның ішінде қалайша бір аудан ашық, қалайша жабылмай тұр дегенде бұл аудандакүні бүгінге дейін Қытай заңына қайшы келетіндей әрекеттер байқалмаған, - дейді ол.

Оқи отырыңыз: "Трансшекаралық симпатия" айыбына ұшырағандар​

Адал Ахмет бұған дейін әлеуметтік желілерде пайда болған Қытайдағы қазақтарға қысым жасалып жатқаны туралы ақпараттарды естіген екен. “Бір білетінім - Қытайда діни, террорлық және сыртқы жау деген ұғымдарға өте сақ келеді” дейді ол.

Қытайда 2000 жылы жүргізген халық санағы мәліметтері бойынша елдегі этникалық қазақтар саны 1 миллион 250 мың болған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG