Accessibility links

"Бір жыл, бір ай, бір күн". Таулы Қарабақтағы жанжалды реттеуге қатысқандарға "ардагер" мәртебесін алу мұң


1980-жылдардың соңы – 1990-жылдардың басында Таулы Қарабақтағы ұлтаралық жанжалды реттеуге қатысқанын дәлелдей алмай жүрген адамдар билік өкіліне талабын айтып тұр. Орал, 7 маусым 2021 жыл.
1980-жылдардың соңы – 1990-жылдардың басында Таулы Қарабақтағы ұлтаралық жанжалды реттеуге қатысқанын дәлелдей алмай жүрген адамдар билік өкіліне талабын айтып тұр. Орал, 7 маусым 2021 жыл.

Батыс Қазақстан облысының ондаған тұрғыны 1980-жылдардың соңы – 1990-жылдардың басында Армения мен Әзербайжан арасында болған ұлтаралық жанжалды реттеуге қатысқанын дәлелдей алмай жүр. Олар мұндай мәселе тек осы облыста ғана барын айтады. Азаттық Армения-Әзербайжан арасындағы қақтығыс кезінде Таулы Қарабақта тұтқынға түсіп, 19 жасында мүгедек болып қалған Бауыржан Досқалиевтің хикаясын жазып алды.

Бауыржан Досқалиев тамызда 49 жасқа толады. 19 жасында Таулы Қарабақтағы екі қаланың арасындағы блокпостта әскери қызмет атқарып жүргенде тұтқынға түсіп, 1992 жылы мүгедек атанған.

– 1990 жылы қарашада мені әскерге шақырды. Басында Пятигорскіге жіберді, ол жақта жас жауынгер курсында болдық. Кейін Дон бойындағы Ростов қаласында әскери дайындықтан өттік. 1991 жылы тамызда бізді тікұшақпен Таулы Қарабақтағы Степанакерт қаласына жеткізді, – дейді ол.

Ол кезде Таулы Қарабақ өңірінде комендант сағаты тәртібі енгізілген. Сондықтан жауынгерлер тәулік бойы оқтан қорғайтын кеудеше, каска, қару-жарақ пен оқ-дәрі ұстап, сақадай-сай жүрген.

– Біз Арменияны не Әзербайжанды қолдаған жоқпыз. Бітімгерлік миссиясын атқарып, бейбіт халықты қорғадық, – дейді Досқалиев.

Бауыржан Досқалиев.
Бауыржан Досқалиев.

Бауыржанның айтуынша, бітімгерлік миссиясымен келген жауынгерлер блокпостта кезешілік атқарып, қару тәркілеуге рейдке шыққан, комендант сағаты тәртібінің орындалуын қадағалап, өзге адамдарды, оның ішінде Қызыл крест өкілдерін алып жүрген. Досқалиев 1991 жылы қарашада блокпостта кезекшілікте тұрған кезде шабуылға ұшыраған.

– Ол жақта офицер мен алты жауынгер болды. Бізге түнде, кезекшілік ауысып жатқан кезде шабуыл жасады. Бәрін атып тастады. Мен және жерлесім деп атайтын Саратов облысынан келген жауынгер Александр Недопёкин екеуіміз ғана тірі қалдық. Бізді тұтқынға алып кетті. Тауға апарып, ұрып-соғып, азаптады. Қашып кетпесін деп, өкшемізді тіліп, тұз сеуіп, пакет кигізіп қойды, – дейді тұтқында көрген азабын еске алған Досқалиев.

Қазір Бауыржан аяғын әзер басып жүреді. Оның "аяғы тілінгенін" қақтығыс аймағында болғанын дәлелдей алмай жүрген басқа әскерилер де растайды.

Досқалиевтің сөзінше, блокпосттан күштеп алып кеткендер оны тамақ бермей, ұрып-соғып бір апта тұтқында ұстаған. Кейін тұтқындарды ұстап отырған жерге шабуыл жасап, Досқалиевті босатқан, ал онымен бірге тұтқында болған серігі оқ тиіп, мерт болған.

Досқалиевті ауруханаға жеткізіп, кейін Алматыға ауыстырған. Ауруханадан шыққан соң жарақатына байланысты үйіне қайтарған. Оралдағы дәрігерлер Бауыржанды мүгедек деп танып, тіркеуге алған.

– Үнемі әлсіздік басып, басым айналды, есте сақтау қабілетім нашарлады, түнде небір қорқынышты түс көріп, ұйқым қашты. Осының бәрі – тұтқында болған кездегі ұрып-соғудың салдары. Қазір жақында болған оқиғаларды тез ұмытып қаламын, бірден есімнен шығып кетеді. Аяғым үнемі ауырады, ұзақ уақыт жүруге не бір орында тұруға шамам жетпейді, – дейді Досқалиев.

"ОЛ ЖАҚТА БОЛМАҒАН СИЯҚТЫМЫН"

Қазір Бауыржан Досқалиев мүгедек ретінде мемлекеттен ай сайын 69 мың теңге (161 доллар) жәрдемақы алады. Баспанаға мұқтаж мүгедек адам ретінде 16 жыл кезекте тұрып, екі жыл бұрын екі бөлмелі пәтерге қолы жеткен. Енді облыстағы басқа ондаған тұрғынмен бірге "ұрыс қимылдарына қатысқан ардагер" мәртебесін алу үшін күресіп жүр.

Бауыржан Досқалиев Таулы Қарабақта бітімгершілік күштер қатарында болып, тұтқынға түсіп, мүгедек болып қалғаны жайлы қаптаған құжат жинағанымен, "ардагер" мәртебесіне қол жеткізе алмай жүргенін айтады.
Бауыржан Досқалиев Таулы Қарабақта бітімгершілік күштер қатарында болып, тұтқынға түсіп, мүгедек болып қалғаны жайлы қаптаған құжат жинағанымен, "ардагер" мәртебесіне қол жеткізе алмай жүргенін айтады.

– Жиырма жыл жүріп, хат жазып, анықтама жинадым. Бірақ қазіргі жағдайға қарасақ, ол жақта мүлде болмаған сияқтымын, – дейді осы уақыт ішінде жиналған құжат-қағаздарын көрсеткен Досқалиев.

Былтыр мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығысты реттеуге қатысқан азаматтарға "ұрыс қимылдарына қатысқан ардагер" мәртебесін беру туралы жарлыққа қол қойған. Бірақ Батыс Қазақстан облысындағы қырық шақты адам әлі күнге мемлекетке өзінің "ардагер" екенін мойындата алмай жүр. Олар мұндай жағдайдың тек өз өңірлерінде ғана болып жатқанын, дәл осы қақтығысқа қатысқан басқа аймақтағы азаматтар қажет қағаздары мен заң бойынша бекітілген жеңілдіктерін алып үлгергенін айтады.

– Біздің облыстан шығып, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарына барып тіркеуге тұрған жігіттер бар. Оларды еш қиындықсыз, бірден ардагер деп таныды, – дейді Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығысты реттеуге қатысқан жауынгерлердің бірі Марлен Иманғалиев.

Тұрғындар өзін алаңдатқан мәселені жеткізіп, биліктен еңбегі сіңген атағын беруді талап ету үшін Батыс Қазақстан облыстық әскери комиссариатына барды. 7 маусым күні медалін, құжаттарын, туын ұстап, көбі әскери форма киген қырықтан астам адам облыстық әскери комиссариат басшысымен кездесуге жиналды, бірақ оларды ешкім қабылдаған жоқ. Осыдан кейін Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне бет алған азаматтармен облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов сөйлесті.

1990-жылдардың басында Таулы Қарабақ оқиғасына қатысқандардың бірі Қалыш Ғабдуалиев 7 маусымда Оралда өткен акцияда тұр.
1990-жылдардың басында Таулы Қарабақ оқиғасына қатысқандардың бірі Қалыш Ғабдуалиев 7 маусымда Оралда өткен акцияда тұр.

– Бұл бюрократияның тоқтағанын қалаймыз. Екі ай Әзербайжанда қақтығыс аймағында болдым. Бүкіл құжатым, сол жақта түскен суреттерім бар. Бірақ біздің әскери комиссариат мұны дәлел деп санамайды. "Ардагер" мәртебесін алу үшін күресіп жүргенімізге бір жыл, бір ай, бір күн болды. Бәрі бір-біріне сілтеп, бізді әр есікке телміртіп қойды, – деді кездесуде сөз алған, 1990-жылдардың басында Таулы Қарабақ оқиғасына қатысқан азаматтардың бірі Қалыш Ғабдуалиев.

Ғабдуалиевтің айтуынша, ол кезде жауынгерлерге берілген анықтама әртүрлі уақытта, әртүрлі қалада жазылған. Сондықтан барлық құжатта бірдей жауынгердің әскери қызметін өтеген орны "Таулы Қарабақ" деп көрсетілмеген. Ол "ардагер" мәртебесін алудың қиындығын бірінші кезекте осымен байланыстырады.

– Бірнеше адамның ғана құжатында "Таулы Қарабақ" деп жазылып, олар әскери қызметін өтеген елдімекендердің аты көрсетілген. Оларға құжат рәсімдеп қойды, – дейді Қалыш Ғабдуалиев.

Оралдықтар Таулы Қарабақ жанжалына қатысқанын дәлелдей алмай жүр

Оралдықтар Таулы Қарабақ жанжалына қатысқанын дәлелдей алмай жүр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:24 0:00

Бақытжан Нарымбетов жиналғандардан жағдайдың жай-жапсарын анықтауға 15 күн уақыт беруді сұрады. Ол осы уақыт ішінде мәселенің ақ-қарасын ажыратуға уәде берді.

– Шынымен заңбұзушылық болғанын анықтасақ, қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді тәртіптік жауапкершілікке тартамыз, – деді Нарымбетов.

Екі күннен кейін облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Азаттыққа кездесуде көтерілген мәселені шешу үшін жұмыс тобы құрылғанын хабарлады. Жұмыс тобына Таулы Қарабақтағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер қоғамдық бірлестігінің өкілдері мен облыс әкімінің орынбасары Нарымбетов кірген.

Бірлестік мүддесін қорғайтын заңгер әрі құқық қорғаушы Мақсат Айсауытов Оралдағы наразылық акциясына қатысқан азаматтардың қолын жинап, мәселені шешуге көмектесуді сұрап, президентке хат дайындағанын айтты. Одан бөлек, Айсауытов сотқа да арыз берген. Бірақ құқық қорғаушы арыздың не туралы екенін ашып айтпады. Оның сөзінше, сот процесі әлі басталмаған.

Таулы Қарабақтағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Түкпаевтың есебінше, 1980-жылдардың соңы – 1990-жылдардың басында Батыс Қазақстан облысынан Таулы Қарабақтағы қақтығыс аймағына 70-тен астам адам жіберілген. Осы жылдар ішінде қақтығысты реттеуге нақты қанша қазақстандық қатысқаны белгісіз: Түкпаевтың айтуынша, есеп жүргізу енді басталған, өйткені президент жарлығына дейін бұл мәселемен ешкім айналыспаған. Түкпаевтың долбары бойынша, Қазақстаннан Таулы Қарабақ аймағына шамамен мыңға жуық жауынгер кеткен, оның 35-і көз жұмған.

Таулы Қарабақ өңіріндегі армяндар мен әзербайжандар арасындағы кикілжіңнің тарихы тереңде жатыр. 1980-жылдардың соңы – 1990-жылдардың басында бұл кикілжің Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабақ пен оған іргелес жатқан аймақтарды бақылауға алу мақсатындағы соғыс қимылдарына ұласты. Кейін қақтығыс тоқтап, анда-санда болып тұратын ұсақ жанжал сипатына ойысты. Ал былтыр қыркүйек-қараша айларында қос мемлекет арасында тағы да әскери қақтығыс басталды.

Бауыржан Досқалиевтің әскери билеті.
Бауыржан Досқалиевтің әскери билеті.

Бауыржан Досқалиевтің құжаттарында Таулы Қарабақ та, ол әскери борышын өтеген елдімекендер де көрсетілген. Бірақ былтырғы президент жарлығы Таулы Қарабақта 1986-1990 жылдар аралығында болған азаматтарды ғана қамтиды. Ал Досқалиев қақтығыс аймағына 1991 жылы барған. Өз айтуынша, ол кезде Таулы Қарабақта өзінен басқа Қазақстаннан шыққан өзге жауынгерлер болмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG