Марафоншы Марат Жыланбаев 19 тамызда 61 жасын Степногорскідегі абақтының тәртіп изоляторында қарсы алды. Ол бұл жерде екі ай – 20 маусымнан 20 тамызға дейін жатқан.
Мұның алдында Жыланбаев басқа сотталушылар өзіне қоқан-лоқы жасап, абақты қызметкерлерінен қысым көргенін айтқан еді. Бұған наразылық ретінде ол бір ай аштық жариялаған.
– Марат аштығын 21 шілдеде тоқтатты. Бірақ оның өміріне қауіп азайған жоқ. Оған түрме басшылығы басқа сотталушыларды айдап салып, әлі де арандату жасап отыр. Мұны Мараттың өзі маған кездесуде айтып, қоғамдық талқыға шығаруды өтінді. Бұған қоса, оған тінту жасаған кезде оның сарымсақ, пияз тәрізді тағамдарын түрме қызметкері әдейі пышақпен тесіп, екіге бөліп кетеді екен. Одан соң ол тағамдар жеуге жарамайды, – деді Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев.
Адвокат абақтыда азаматтық белсендіге психологиялық және моральдық қысым жалғасып жатыр деді. Жыланбаев түрмеге алдырған көп жеке заттарына қол жеткізе алмай отыр деді адвокаты.
– Құқық қорғаушылар оған жіберген газеттерді дер кезінде ала алмайды. Мәселен, қаңтар, ақпанда келген газеттерді оған маусымда берген, оның өзінде барлық беттері түгел емес, – деді Досқараев.
Адвокаттың айтуынша, Марат Жыланбаев тәртіп изоляторына түсер алдында "Менің құқығымды бұзбаңыздар! Ластаев [Қазақстан Республикасының адам құқықтары жөніндегі уәкілi] келсін! Прокурор келсін! Сотталушылар жағдайы жасалсын!" деген жазу жазылған плакат көтеріп, плацта жүрген.
– Осы талабымнан соң мені тыр-жалаңаш шешіндіріп отырып-тұруға мәжбүрледі. Рациядан түрме басшысы орынбасарының "мәжбүрле оны, тағы да жаттығу жасат" дегенін естідім" деді маған Марат. Себеп болмаса да жиі тінту жасайтынын да айтты, – деді Досқараев.
Бірақ Жыланбаев өтінген Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев түрмеге келмеген. 19 маусымда оның орнына Ақмола облысы бойынша адам құқықтары жөніндегі өкіл Абылай Мұханжаров Жыланбаевқа жолығып, оған түрме қызметкерлері қысым жасап жатыр деген сөзді жоққа шығарған. Ол Жыланбаевқа қысқа толқынды пеш, кір жуатын машина жеткізілгенін айтқан.
– Жыланбаев кір машина, қысқа толқынды пеш пайдаланып жатқанына көз жеткіздім. Сотталушылар қысымына қатысты ешкімнің атын атап, шағым түсірмеді. Ал оның тамақ, кір жууға қажетті заттар жайлы, спортпен айналысуына мүмкіндік беру тәрізді талаптары орындалды. Мен осыған қатты назар аудардым, – деген еді Абылай Мұханжаров Азаттыққа.
Досқараев бұл игіліктер омбудсмен кеткен соң алынып тасталған деп отыр. Адвокаттың айтуынша, Жыланбаевтың талабынан соң абақтыдағы тамақтың құрамы мен калориясы бірсыпыра жақсарған.
– Марат абақтыда 150 адамның көзінше тамақтану нормасын сақтауды ашық талап еткен. Ол бұрынғы ресторатор әрі спортшы ретінде бір адамға қажетті күндік норманы жақсы біледі. Рационда қанша грамм ет, жарма, макарон және басқа азық-түлік болуы керегін, көкөністер мен жеміс-жидек болуын, май көбірек берілуін, кір жуатын ұнтақ беруді талап еткен. "Киімімізді тек сабынмен жуамыз, кір жуатын ұнтақ мүлдем жоқ" дейтін. "Күресімді тоқтатпаймын, күресім жалғасады деп айтыңыз" деп сәлем айтты, – деді оның сөзін жеткізген адвокат Досқарев.
"ҮКІМЕТ НЕ БЕРСЕ СОНЫ ЖЕЙДІ"
Ақмола облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті №4 мекемесінің бастығы міндетін атқарушы Қанат Тулақов адвокаттың мәлімдемелерін жоққа шығарды.
– Ол кісінің [Досқараевтың] сөзіне келіспеймін. [Жыланбаевтың] жағдайы жақсы. Отрядына қосылды. Бояу, қарындаштарын бердік. Газеттерін алып жүр. Ал маған дейінгі поштаны алмағаны үшін мен жауап бермеймін, себебі мен басқа адамның артын қопармаймын, – деді ол Азаттыққа.
Қанат Тулақов жазасын өтеп жатқандарға тексеріс болуын заңды деп санайды. Ол ішкі тәртіпке байланысты тексеру бәріне бірдей жүргізілетінін, кір машинасын кіргізуге рұқсат жоғын айтты.
– Іштегі 400 сотталушының бәрі кір машина алып келсе не болады? Оны (кір машинасын – ред.) мен жоқта кім, қалай кіргізгеніне жауап бермеймін. Жыланбаевтың өзіне рұқсат бермейтінімді айттым, – деді Тулақов.
Түрме бастығы міндетін атқарушы Тулақов "сотталғандар оқшаулауды сұрағанда ешқашан қасындағы сотталушыдан зәбір көрдім деп арыз айтпайды, олардың бәрі түрме қызметкерлеріне сілтеп, "қасқырдың аузы жесе де, жемесе де қан болады деп" түрмедегі жағдайды бейнелей баяндады.
– Дегенмен де Марат Жыланбаев тәртіп изоляторына басқа сотталушылардан қауіптеніп барғаны айтылды, осы мәcеле енді қалай шешілмек? Қауіп бар ма?
– Бұл сауалға қалай жауап беруім керек? Абақтыда Қылмыстық кодекстің барлық бабымен сотталғандар отыр. Өзара келіспеушілік болуы мүмкін. Қауіп болуы мүмкін. Мысалы, оған (Жыланбаевқа – ред.) кез келген сәтте [басқа сотталушы] келіп қалуы мүмкін. Біз алдын ала білсек реакция жасаймыз. Бірақ олар солардың ортасына қайта баратынын ойлайды да, қызметкерлерге жаба салады.
– Түрмедегі тамақ мәселесі мен Жыланбаевқа тінту жиі жасалатыны жөнінде не айтасыз?
– Оның бұрынғы арыздарын менен жоғарыдағылар қарайды. Бұрынғы арыздары туралы ештеңе айта алмаймын. Тәртіп бәріне ортақ. Мысалы, ауруханаға түскенде де "тұрыңдар, төсектеріңді жинаңдар, дәрігер келеді" деп, таңертең тыныш жатқызбайды ғой. Сондықтан заңға, тәртіпке бағынған құл болмайды. Мен Жыланбаевты мынадай жетістігі бар екен деп бөле алмаймын. Үкімет не берсе соны жейді, не берсе соны киеді.
"ЭКСТРЕМИЗМ" БАБЫМЕН СОТТАУ
Биыл 19 маусымда Ақмола облысы бойынша адам құқықтары жөніндегі өкіл Абылай Мұханжаров Степногорскідегі Қылмыстық атқару жүйесі департаменті №4 мекемесіне жоспарлы сапарынан соң қандай заң бұзушылықтар көргені жөнінде есебін сайтта жариялайтынын Азаттыққа айтқан еді. Бірақ осы мақала жарияланған сәтке дейін өкілдіктің ресми сайтында оның абақтыға сапары туралы ешқандай есеп болған жоқ. Ал Абылай Мұханжаровтың өзі қазір демалыста. Азаттық оның міндетін уақытша атқарып жатқан Қарағанды облысы бойынша өкілі Азамат Тілешовке бірнеше рет телефон шалғанымен, онымен сөйлесу мүмкін болмады.
22 тамызда халықаралық Human Rights Foundation (HRF) құқық қорғау ұйымы түрмедегі белсенді Марат Жыланбаевтың ісін Біріккен ұлттар ұйымына жолдағанын хабарлаған. "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың лидерін қудалау туралы құжаттар БҰҰ-ның бейбіт жиындар жөніндегі арнайы баяндамашысы мен күштеп ұстау бойынша жұмыс тобына жөнелтілді. Ұйым Жыланбаевтың негізгі құқықтары бұзылғанын атап өтіп, Қазақстан билігін оны босатуға шақырған. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы 27 тамызда жариялаған жылдық есебінде Қазақстан билігі экстремизм мен терроризмге қарсы заңнаманы асыра пайдаланып, оны үкіметті сынағандарды қудалауға қолданып отыр деген қорытынды жасаған.
Марат Жыланбаев 2023 жылы мамырда Қаңтар оқиғасын ашық тергеуді талап етіп, наразылыққа шыққаны үшін "заңсыз митингіге шығу" бабымен әкімшілік қамауға алынған. Әкімшілік жаза мерзімі біткен соң марафоншыға "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыптар тағып, оны тергеу изоляторына қамаған. Жыланбаевқа Қазақстан соты 2018 жылы "экстремистік ұйым" деп таныған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысының мүшелерімен байланысы болғаны үшін әлгіндей айыптар тағылған.
2023 жылы Марат Жыланбаев жабық сот процесінде шыққан үкім бойынша жеті жылға бостандығынан айырылды. Ол түрмеде адам құқықтары бұзылғанына наразылық ретінде және сот шешіміне келіспей бірнеше мәрте аштық жариялаған.
ПІКІРЛЕР