Accessibility links

Желтоқсан оқиға ма, көтеріліс пе? Парламентте құрылған екі комиссия жұмысы неге аяқсыз қалды?


Советтік Қазақстанды басқаруға сырттан республикаға бейтаныс шенеунікті жіберген Мәскеудің шешіміне наразылық білдіріп, Алматының орталық алаңына бейбіт шеруге шыққан қазақ жастары. Желтоқсан, 1986 жыл. Алматыдағы орталық мемлекеттік архивтегі сурет
Советтік Қазақстанды басқаруға сырттан республикаға бейтаныс шенеунікті жіберген Мәскеудің шешіміне наразылық білдіріп, Алматының орталық алаңына бейбіт шеруге шыққан қазақ жастары. Желтоқсан, 1986 жыл. Алматыдағы орталық мемлекеттік архивтегі сурет

Желтоқсан оқиғасы көтеріліс пе, оқиға ма? Желтоқсан оқиғасына мемлекеттік деңгейде неге баға берілмей қалды? Мұхтар Шаханов пен Жасарал Қуанышәлинге не кедергі болды? Парламент құрған комиссия неге аяқсыз қала берді? Бүгін соны айтамыз.

Биыл 17 желтоқсанда Алматыдағы Желтоқсан ескерткішіне бардық. Сөзден сөз шығып, Желтоқсан оқиғасы деп айтып қалып едім, ренжіп қалған бір кісі былай деді:

– Желтоқсан көтерілісін көтеріліс деп мойындауымыз керек. Неге біз оқиға деп, кітапта жазылды деп, мысал үшін, біреулер өкіметке жағынып, оны оқиға деп жазған да?! Шын мәнінде бұл көтеріліс қой, қыршынынан қиылған жастардың қанымен, жанымен келген көтеріліс.

Иә, бұл көптен естіп жүрген әңгіме. Әсіресе сол оқиғаға қатысқандар көтеріліс дегісі келеді. Алайда ғылыми зерттеулер де, ақпарат құралдары да Желтоқсан оқиғасы деп жазып жүр. Өйткені 1986 жылғы оқиғаға да, одан кейінгі Жаңаөзен, кешегі Қаңтар оқиғасына да мемлекет ресми түрде саяси баға берген жоқ.

Егер билік 1986 жылғы "көтеріліс" десе, онда сөз жоқ – ақпарат құралдары да, зерттеушілер де "көтеріліс" деп жазар еді.

Ал саяси баға дегеніміз не? Бір мысал: совет өкіметі Желтоқсан оқиғасына ресми баға берді. "Қазақ ұлтшылдығының көрінісі" деген қаулы шығарды, қазақ ұлтшылдығын жою жолдарын көрсететін тағы бір қаулы алды.

Отыз жыл бұрынғы қаулы
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:05 0:00

Совет ыдырар алдында "қазақ ұлтшылдығы" дейтін қаулысының қате болғанын мойындап, өз қаулысының күшін өзі жойды. Яғни мұның бәрі оқиғаның мазмұны мен сипатына мемлекеттік деңгейде берілген баға.

Ал совет қаулысының күші жойылған соң Қазақстан өзі қаулы шығарып, нақты баға берді ме? Берген жоқ. Бірақ, екі рет талпыныс болған.

Біріншісі 1989 жылы Мұхтар Шахановтың Мәскеуде өткен халық депутаттары съезінде сөйлеген сөзінен басталды. Ол осы сөзінде қазақ ұлтшылдығы жөніндегі қаулының күшін жойып, Желтоқсан оқиғасына баға беретін парламенттік комиссия құруды ұсынды.

– Алматыда болған оқиғаның шындығы мен ішкі әскер солдаттарының заңсыз іс-әрекеттері әлі күнге құпия сақталып отыр. Сол себепті алуан түрлі қаңқу сөз көбейіп, халықтар достығына көлеңке түсіріп жатыр. Осыған байланысты біз әртүрлі өңірден және әртүрлі ұлт өкілдерінен тұратын депутаттардан комиссия құруды сұраймыз, – деді депутат Шаханов Мәскеудегі съезд мінберінен.

Шахановтың бастамасынан кейін Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің төралқасы жанынан комиссия құрылды. Оған депутаттар мен қоғам белсенділері мүше болды. Ішіне әсіре билікшіл адамдар да кіріп, комиссияның екпінін басуға тырысты. Желтоқсан оқиғасын күшпен басуға қатысқан құқық қорғау органдары, тіпті президент Нұрсұлтан Назарбаев та комиссия сұрақтарына жауап беруге мәжбүр болды.

Бұл комиссия том-том материал жинады. Бірақ президент Назарбаев пен Алматы қаласының әкімі Заманбек Нұрқаділовтің бастамасымен Жоғарғы кеңес таратылғанда комиссия жұмысы да тоқтап, аяқсыз қалды. Билік қай-қайдағыны шұқылап маза бермейтін комиссиядан осылай құтылды. Сөйтіп 1994 жылы қайтадан Жоғарғы кеңес депутаттарын сайлап, жайбарақат тірлікке көшпей ме? Көше алмайды.

Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің бір топ депутаты Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп аштық жариялаған белсенділермен кездесіп тұр. Ортада депутат Сұлтан Сартаев. Алматы. Мамыр, 1990 жыл. Хасен Оралтайдың архивіндегі фото
Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің бір топ депутаты Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп аштық жариялаған белсенділермен кездесіп тұр. Ортада депутат Сұлтан Сартаев. Алматы. Мамыр, 1990 жыл. Хасен Оралтайдың архивіндегі фото

1994 жылғы 15 мамырда Алматыдағы Сейфулллин мен Виноградов көшелерінің қиылысында жатқан Демократия үйіне бір топ желтоқсаншы келіп, аштық жариялайды. "Өкімет жай сөзімізге құлақ аспады, талабымызды орындамаса аштан өлсек өлейік" деп уағдаласады.

Олар "Желтоқсан көтерілісіне құқықтық және саяси баға берілсін" деген талап қояды. Мұны естіп, Жоғарғы кеңес депутаттары бірінен кейін бірі келеді. Жай ғана келмей, небәрі бес күннен соң Жоғарғы кеңестің күн тәртібіне шығарады.

Енді әңгімемізді Жоғарғы кеңестің мамыр-маусым айларындағы стенограммасы бойынша айтайық. Аштық жариялағандардың үніне құлақ асу жөнінде ең әуелі депутат Жасарал Қуанышәлин сөз бастаған. Комиссия талқыланған отырыстарды Жоғарғы кеңес төрағасы төраға Әбіш Кекілбаев пен орынбасары Марат Оспанов кезек-кезек жүргізген.

Жасарал Қуанышәлинді біраз депутат қолдайды. Желтоқсаншыларға пәтер беру, әлеуметтік көмек беру сықылды жайттарды үкіметке орындаттырайық, сонымен бітсін деседі. Оған Жасарал Қуанышәлин көнбейді. "Ау, олардың негізгі талаптары Желтоқсан оқиғасына саяси-құқықтық баға беру, соны айтайық, Желтоқсан оқиғасы бойынша комиссия құрайық" дейді ол.

Міне осы мәселеге келгенде үлкен дау-дамай басталады.

Акадеимк Салық Зиманов. Азаттық архивіндегі фото
Акадеимк Салық Зиманов. Азаттық архивіндегі фото

Әсіресе белгілі заңгер Салық Зиманов көбірек қарсы болады. "Тағы да комиссия құрып, екі жыл езіп отырамыз ба? Жүздеген істі қарау керек, онымен ішкі істер министрлігі айналыссын" дейді.

Жасарал Қуанышәлин "оған екі жыл керек емес. Бұған дейін Шахановтың комиссиясы жинаған материал бар, Конституциялық соттағы істер бар. Сол жетіп жатыр" деп жауап береді.

Салық Зиманов шамданып қалады. "Жасарал Қуанышәлин өзін Құдайдай сезінеді. Көпшілік дауысқа бағыну дегенді білмейді. Комиссия құратын болсақ негізгі заң шығару жұмысымыз қайда қалады? Қуанышәлин аштық жариялағандарды емес, өзінің амбициясын ойлап жүр" деп айыптайды.

Отырыс төрағасы Марат Тұрдыбекұлы Оспанов та Жасарал Қуанышәлинді қайта-қайта қақпайлайды.

Сосын сөзді Семейден сайланған депутат Қажымұрат Нағыманов алады. "Жасарал Қуанышәлинді сөзден қақпаңдар, амбициясы ма, жоқ па, ең бастысы қоғамда бұл мәселе бар" дейді де, Әбіш Кекілбаевқа қайырылады:

– Марат Тұрдыбекұлы ренжімесін, бұл мәселе талқына бастағаннан-ақ кері тартатыны байқалып тұр. Отырысты өзіңіз жүргізіңіз. Сіз ақынсыз, шығармашылық адамысыз, мұндай мәселені жүрекпен қабылдайсыз, – деп өтініш айтады.

Депутат Ғазиз Алдамжаров: "Қуанышәлин қызбалыққа салынған да болар. Бірақ ол Желтоқсан оқиғасымен көптен айналысып жүрген адам. Желтоқсан туралы қауесет желдей есіп тұр. Соған нүкте қойып, дұрыс бағасын берейік" дейді.

Сосын депутат Серік Әбдірахманов сөз алады. "Бұл мәселенің көп жылдан бері созбаққа салынып келе жатқанының себебі – мемлекет басшылығында отырғандар мен құқық қорғау органдары сол оқиғаға өздері кінәлі. Күн тәртібініе қоғызбай отырған да солар" деп леп белгісімен аяқтайды.

Шымкенттен сайланған депутат Рашид Ибраев та: "Комиссияға қарсы адамдар аты-жөніміз аталып қала ма деп қорқыт отырғаны анық. Бірақ біз олардың аты-жөнін атауды мақсат етіп отырған жоқпыз. Біз бұл мәселені заң жүзінде бекітуді ғана көздеп отырмыз. Сондықтан комиссия құру керек" дейді.

Сонан бір шеттен депутат Шерхан Мұртаза шығады.

– Бізде көкезу сөз көп, іс жоқ, – деп бастайды ол. – Оп-оңай шешілетін мәселені неге осынша соза береміз? Мен түсінбеймін осыған. Арт жағында бәле бар ма мұның? Әлде біреулер қорқа ма? Ал енді мынау Салық ағамды мен өте сыйлаймын, Зиманов ақсақалды. Менің ағам ғой енді. Ал, неге қасарысып, бұл кісінің осыншама қарсы болатынына мен таң қаламын! Және тіл тигізеді Қуанышәлинге! Сен бір нәрсе көздеп жүрсің, сен бір даңқ іздеп жүрсің деп, атақ іздеп жүрсің деп. Әу, ол бишара өзінің жеке басының тіршілігі үшін емес, шырылдап, әділеттікті іздеп жүрген адам емес пе?! – дейді.

Міне, 1994 жылдың жазында екі ай осындай үлкен дау-дамайдан соң Желтоқсан оқиғасын тексеретін парламент комиссиясы құрылады. Қаулы алынады, мөр басылады. Сөйтіп желтоқсаншылар талабымызды орындаттық деп қуанады.

Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп, аштық жариялаған адамдар. Алматы, 1990 жылғы мамыр. Хасен Оралтайдың жеке архивіндегі фото
Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп, аштық жариялаған адамдар. Алматы, 1990 жылғы мамыр. Хасен Оралтайдың жеке архивіндегі фото

Айта кетейік, желтоқсаншы Аманжол Нәлібаев 30 күн, Сейітбай Әденов 40 күн дегенде, Мейірхан Әбдіманапов парламент комиссиясын құру жөнінде қаулы қабылданған күні – 45 күн деген аштығын тоқтатады. Баспасөзге "Желтоқсандықтар ақыры жеңіп шықты" деген мақала шығады.

Сонымен комиссия іске кіріспей ме? Жасарал Қуанышәлин комиссия құрамына Ғазиз Алдамжаров, Тоқтар Әубәкіров, Герольд Бельгер, Шерхан Мұртаза, Александр Перегрин, Валентина Сиврюкова, Владимир Чернышев және өзі бар 11 адамды ұсынады.

Бұл ұсыныс тағы да қып-қызыл дауға ұласады. Комиссияға анау кірсін, мынау шықсын деген әңгіме басталады. Не керек, сол комиссия мүшелерін сайлап, іске енді кірісіп жатқанда 1995 жылдың көктемі болады. Көктемде Татьяна Квятковскаяның атышулы арызын желеу етіп, билік Жоғарғы кеңесті тағы да таратып жіберіп, бәрі жайына қалады.

Одан кейінгі парламентте Желтоқсан оқиғасы бойынша комиссия құрайық деген сөз болған жоқ.

Айтпақшы, Жасарал Қуанышәлиннің бастамасын сол кездегі депутат Дәулет Тұрлыханов та қолдаған. "Бұл мәселе бүгін ғана емес, ондаған жылдан кейін де алдымыздан шыға береді. Біздің балаларымыз шындықты бүгін білмесе, кейін бәрібір біледі. Сондықтан комиссия керек" деп сөйлеген болатын ол.

Дәулет Тұрлыханов қазір де парламент депутаты. Комисия құру жөнінде бастама көтеремін десе толық мүмкіндігі бар.

Осылай да болған. Пікір жазып отырыңыздар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG