Accessibility links

Қаңтарда азапталған екі өзбектің оқиғасы


Қақаған қаңтарда құрылысы бітпеген, жылуы жоқ ғимаратта жүзге тарта адам жан азабы мен тән азабын қатар тартты. Оларды "бүлік жасамақ болдық" деп айтқызып, мойындатпақ болды. 2 жыл 8 ай өтсе де 23 өзбек азаматы азапталғанын дәлелдей алмай жүр.

Әңгіме Қаңтар оқиғасының ең бір күңгірт тұсы – Қошмамбет ауылындағы азаптау ісі жайлы.

Қаңтар дүрбелеңінде Қазақстанның мемлекеттік телеарнасынан "бүлікке қатысқаны үшін ақша алғанын" "мойындаған" жігіттің видеосы көрсетілді. Кейін оның қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов екені, полицейлер оны азаптап, "ағынан жарылуға" мәжбүрлегені анықталып, іс халықаралық дауға ұласқан. Осы оқиғадан соң Қазақстан билігінің "Орталық Азия елдерінің бірінен келген террористер" тезисі күлкіге айналды.

Сондай істердің бірі – Қошмамбет ауылындағы жаппай азаптау. Қазір Қаңтар оқиғасы күндері ұсталып, Алматыдан 36 шақырым жердегі осы ауылда азапталдық деген 23 өзбек азаматының ісін Қазақстанның Бас прокуратурасы тергеп жатыр.

Іске қатысушылардың бәрі, соның ішінде арыз бергендер мен олардың қорғаушылары іс материалдарын жария етпеу туралы қолхатқа қол қойған. Сондықтан мұнда тек жариялауға болатын деректерді айтамыз және кейіпкерлердің аты-жөні жарияланбайды.

"50 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ ЕР АДАМДАР, ШЫҒЫҢДАР!"

Әзиз – жасы 40-тан асқан Өзбекстан азаматы. Бізбен кездесуге келіскенімен, қауіпсіздігіне алаңдап, шын есімін атап, түрін көрсетуден бас тартты. Екі жыл бұрынғы Қаңтар оқиғасы кезінде азаптаудан аман қалған ол қазір тергеу амалдарына қатысып жүр. Тергеу құпиясына қатысты біраз жайттарды айта алмаса да басынан өткенді баяндап беруге келісті.

– Алматыға Шымкенттен азық-түлік жеткізіп жұмыс істейтінмін. Келісім-шарт бойынша [2022 жылғы] 5 қаңтарда келуі тиіс тауар жетпей қойды. Оны Алматыда 300 адам күтіп отырды. Ал жеткізуге жауапты адам телефонға жауап бермеді. Жұмыс берушілерім "я тауарды жеткізесің, я келісімді бұзамыз" деген ультиматум қойған соң, амалсыз қаладағы жағдай "сәл тұрақталды ғой" деп, 7 қаңтарда Шымкентке жолға шықтым, – деп бастады Әзиз.

Алматының шетіндегі "Алтын орда" базарының маңында Шымкентке баратын автобусқа мінген Әзиз, өзі секілді жолға шыққан жолаушыларды, оның ішінде әйел, бала-шаға, қарт адамдарды көргенде еш жамандық сезбеген. Алайда, Алматыдан 90 шақырым жердегі Тарғап ауылына кіреберісте жолаушылар мінген автобусты бетіне маска таққан, әскери киімдегі адамдар тоқтатқан.

Қаңтарда азапталған өзбекстандықтың әңгімесі. Күдікті полицейлер қамауда отыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:10 0:00

– "50 жасқа дейінгі ер адамдар шығыңдар!" деп бұйырды. Шықтық. Құжаттарымызды тексерді, бәрі дұрыс. Сөмкемде тауарға төлейтін қомақты ақшам болған, соны көріп қойып, "бұл не ақша?" деді, "өзімдікі, тауар алуға бара жатырмын" деп едім, бірі "қалдыр да кете бер" деді. Келіспеп едім, жолдың арғы бетіндегі біреуді айқайлап шақырып алып, мені соған ұстатып жіберді. Ол өзге форма кигендер отырған жерге әкелді. Ортадағы ұзындығы екі метрдей үстелдің үстінде кілт, портмоне, телефондар үйіліп жатқанын байқадым. Ондағы әскерилер де маска тағып алған, бірдеңені жазып отырды. Бірі менен ақша жайлы тағы сұрады да жауабын күтпестен тіземнен төмен тепті де, кеудемнен бір ұрды. Осыдан кейін сол маңайдағы сарайға алып барды. Сарай ішінде менен басқа қырық шақты адам отыр екен, – деп еске алады Әзиз.

Қас қарая сарайға жиналған 70-ке жуық адамды автобусқа отырғызып, белгісіз жерге алып кеткен. Әскерилер бұл ісін "бұйрық келді, сендерді атып тастаймыз" деп түсіндірген. Автобус ішінде бұлар қолын көтеріп, басын төмен түсіріп отыруға мәжбүр болған. Бұйрыққа бағынбағандары соққының астында қалған. Көп ұзамай автобус тоқтап, ішіндегілер сыртқа шыққан.

Полиция митингіге шыққандарды неге ұрып-соғып, азаптады? Халық полициядан қорқа ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:47:14 0:00

– Көз қиығымен зират маңында екенімізді байқадым. Автоматпен аспанға оқ атқанда, "өлген жерім осы екен" дедім, көбі кәлимасын айтып, білетін сүресін оқыды, кейбірі "мен қазақпын, бауырмыз ғой" десті, мен сияқты бірнеше адам шетел азаматы екенімізді айтқанымызбен, сөзімізді елеген ешкім болған жоқ, – дейді Әзиз.

Сөйтсе, автобус қарға батып қалып, ұсталғандарды көлікті итеру үшін шығарған екен. Дегенмен, нағыз азаптау алда, Қошмамбетке жеткенде басталған.

"УНИТАЗДАН СУ АЛЫП ІШІП ЖҮРДІК"

Елуге таяған Кәрім Алматыға жыл сайын жұмыс істеп, нәпақа табу үшін келеді. Үш-төрт ай қара жұмыс істеп ақшасын жинап, Өзбекстандағы отбасына қайтады. Қаңтар дүрбелеңі кезінде де тігін цехындағы жұмысын аяқтап, төрт айда тапқан 700 долларын алып, үйіне жолға шыққан.

– 7 қаңтарда Қаскелеңнен шығып, Шымкентке баратын автобусқа міндім. Шамамен бір сағаттан кейін полиция тоқтатты. Бәріміздің құжатымызды тексеріп, телефондарымызды тартып алды. Басында әдеттегі тексеріс деп мән бермеп едік. Кейін бізді сол жақтағы зираттардың маңына алып барғанда зәреміз ұшты. Сол жерде қалтамыздағы барымызды, сақина, сағат сынды бағалы заттар мен ақшамызды тартып алды, – деді Кәрім.

Оның айтуынша, автобуста өзі секілді 60-тай адам болған. Олардың ішінде тек екеуі қазақстандық, қалғаны Алматыда жұмыс істеп, үйіне қайтып бара жатқан еңбек мигранттары екен. Оларды Алматыдан 36 шақырым жерде орналасқан Қарасай ауданы Қошмамбет ауылындағы құрылысы бітпеген изоляторға алып барған.

"Басымнан мыжып, тепкіледі". 50 жастағы азаматтың полицияда көрген азабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:08 0:00

– Автобустан түсе салып таяқтың астына алды. Ештеңені түсіндірген де жоқ, не үшін ұрып жатқанын да айтпады. Камераға кіреді де дубинкамен ұрып-ұрып, шығып кетеді. Кіреді, ұрады, кіреді, ұрады. Алғашқы бес күн солай тоқтамай таяқ жедік. Бес күннен кейін Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінен бір өкіл келіп, ұрып-соғу тоқтады. Сол жерде бас-аяғы 10 күн жаттық, – деп еске алады Кәрім.

Кәрім ұсталғанға дейін Алматыдағы дүрбелеңнен мүлдем хабарсыз болғанын айтады. Өзі секілді ұсталғандардан сұрастыра келе бейбіт наразылықтың арты қарулы қақтығысқа ұласқанын білген. Өз сөзінше, Алматыға бармағанын айтып, түсіндірмек болғанымен құлақ асқан ешкім болмаған.

– Камерада 10-11 адам болдық. Төрт күн бойы ештеңе жемедік. Ішетін су атымен жоқ. Камера ішіндегі унитаздан су алып ішіп жүрдік. Төрт күннен кейін бір тілім нан, ботқаға ұқсас тамақ бере бастады. Арасында ыстық су берді, – дейді Кәрім.

ИЗОЛЯТОРДАҒЫ "ЕТ ТАРТҚЫШ"

Кәрім де, Әзиз де Қошмамбеттегі изоляторда ұсталған адам саны жүзден көп болды дейді. Құрылысы біткенімен, іске қосылмаған ғимаратта жылу жоқ. Қаңтардың аязы бетон қабырға мен еден камера ішін одан әрі адам төзгісіз еткен. Камера ішінде матрацтан өзге ештеңе болмаған. Ал күнделікті жауап алу ұрып-соғумен өткен.

– Камерадан жауап алуға алып кетеді де "ет тартқышқа" алып барады. Онда іш киімге шейін шешіндіріп, еденге етпетіңнен жатқызады. Бірі аяғың мен желкеңді басып тұрады, екіншісі аяғымен, резеңке таяқпен аямай сабайды. Сосын аяғыңды көтеріп тұрып, резеңке таяқпен табаннан ұрады. Бұл кезде бөлмедегі тағы екі адам "Қайда болдың? Не істедің? Қол қоясың ба?" деп сұрап жатады. "Еш айыбым жоқ, қол қоймаймын" деген жауабым оларға ұнамай, ұрып-соғуды жалғастырып, сүйреп камераға әкеп тастады, – дейді Әзиз.

Оның сөзінше, азаптауға шыдамағандар амалсыз айыбын мойындап, тергеу хаттамасына қол қойған. Бес-алты күннен кейін сол жердегі бастықтардың бірі "ертең консулдарың келеді, жамандайтын болсаңдар бұл жерден шықпайсыңдар" деген, ал дене жарақатын "бұл жерде емес, жолда алдыңдар, түсінікті ме?!" деген.

– Бір аптадан кейін консул келіп, біздің айтқанымызды тыңдады да, "Қазақстанның ішкі істер министрлігі жағдайды анықтайды, айыптарың болмаса, босатады" деді де кетіп қалды. Оныншы күн дегенде мені босатты.

Кәрімді алдымен әйелі іздеген. Уақтылы үйіне жетпеген соң алдымен Қаскелеңдегі жұмыс берушісіне хабарласып, дабыл қаққан. Жұмыс берушісі аурухана, мәйітхана мен полициядан бірнеше күн іздеп, кейін Қошмамбеттен тапқан. Құжаттарын әкеліп, Қаскелеңнен шықпай, өзінің цехында жұмыс істегенін айтып, 10 күн дегенде әрең шығарып алған.

– Жұмыс берушім алып кетіп, бір жарым ай өзі емдеді. Ауруханаға барудан бас тарттым, себебі қатты қорықтым. Он күнде көргенімнен қатты шок алдым. Тіпті полиция формасын киген адам көрсем, қол-аяғым дірілдейтін болды. Төрт ай бойы тыныс ала алмай қиналдым, кеудем қатты ауырды, – деді Кәрім.

Бір жарым айда есін жиған Кәрім тағы екі ай жұмыс істеп, жолына қайта ақша жинап, отбасына барған. Бұл оқиғадан кейін алғашында Қазақстанға келгісі келмегенін жасырмайды. Алайда Өзбекстанда жұмыс болмай, бірнеше айдан кейін қайта келуге мәжбүр болған. Қазір пластик терезелер шығаратын цехта жұмыс істеп жатыр.

– Арыз жазуды ойлаған да емеспін. Бірақ өзбекстандық құқық қорғаушылар отбасыммен байланысып, арыз жазып, азаптағандарды жауапқа тартуға болатынын айтқан екен. Викрам Рузахуновтың ісін айтып, Қазақстандағы құқық қорғаушылардың телефонын берді. Сөйтіп "Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық қорына хабарластым, – дейді Кәрім.

Кәрім мен Әзиз өзін азаптағандар анықталып, жазаланады дегенге сенбейді. Себебі барлығы маскіде болған, ешкімнің түрін танымайды. Дегенмен, арыз жазудағы бар мақсат – адамды азаптау дұрыс емес, ол үшін жаза болатынын ұғындыру дейді.

– Материалдық шығынымды өтейді деп дәметпеймін. Бірақ мені қамауға алғанда қолымда күміс жүзігім болған. 20 жыл бұрын отбасын құрғанда әйелім сыйлаған тасы бар неке жүзігі еді. Күміс болғанымен маған өте ыстық жүзік еді, соны қайтарып ала алсам риза болар едім, – дейді Кәрім.

Ал Әзиз болса тауарына төлеуі тиіс болған ақшасын қайтарып алам ба деген үміті барын жасырмайды.

ТЕРГЕУ

Қошмамбеттегі азаптау оқиғасына қатысты істі қазір бас прокуратура тергеп жатыр. Төрт адам күдікті ретінде қамауға алынған, алайда кейін олардың бұлтартпау шарасы өзгеріп, қазір ешқайда кетпейтіні туралы қолхат беріп, бостандықта жүр.

Оларға алдымен Қазақстан Қылмыстық кодексінің 146-бабының 2-ші және 3-тармақтарымен айып тағылған. Яғни бастапқыда "адамдар тобымен" "мәлімет алу не мойындатқызу мақсатында азаптау" деген ауыр тармақ бойынша күдікті болып, кейін "қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын әрекет" деген жеңілдеу 1-тармаққа ауыстырылған. Бірінші тармақтың жазасы 2 жылға дейін бостандығынан айыру болса, 2, 3 тармақтар бойынша жаза 6 жылға дейін түрме жазасы қарастырылған.

– Біз мұнымен келіспейтінімізді айтқанбыз. Дегенмен, әзірге жағдай осылай, – дейді "Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Айна Шорманбаева.

Ол бұл істе Әзиз бен Кәріммен бірге тағы 21 өзбек азаматының мүддесін қорғап жатыр.

– Он күннен аса уақыт кемі жүз адамды Қошмамбет ауылындағы әкімшілік қамауға алынғандарды ұстайтын арнайы орында ұстаған. Бұл – ол кезде құрылысы біткенімен, әлі іске қосылмаған ғимарат болатын. Мұнда тек автобустан түсіріп алып қалғандардан бөлек, таксиде кетіп бара жатқан мигранттар да жеткізілген. Оларды азаптауға күдікке ілінген алты адам ғана қатыспаған. Бұл әрекеттерге нұсқау бергендерді қоссаңыз, алты емес, ондаған адам жауапқа тартылу керек деп ойлаймыз, – деді Айна Шорманбаева.

Құқық қорғаушының сөзінше, істі алдымен Алматы облыстық ішкі істер департаменті қараған. Дегенмен іс жылжымай, Бас прокуратура қолына алған соң іс қайта жанданған.

Қазір іс аяқталуға жақын. Тараптар іске қатысты мәліметтерді жария етпеу туралы қолхатқа қол қойғандықтан, Шорманбаева да, азапталдық деген екі азамат та бұдан басқа мәлімет бере алмады.

Биылғы 22 сәуірде Қазақстан бас прокуратурасы қырғыз музыканты Викрам Рузахунов пен "басқа да азаматтарды" Қошмамбет ауылында азаптау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған.

Бас прокуратураның Азаттық сауалына берген ресми жауабында "Қазір тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне сәйкес, басқа мәліметтерді жария етуге болмайды және ол жұртқа қылмыстық іске қатысушылардың құқығы мен заңды мүдделерін ескеріп, жеткізілетін болады" делінген.

Мұның алдында бас прокуратура Қошмамбет ауылындағы абақтыда азаптауға ұшыраған адамдардың ісі бойынша дәлелдер жинағанын хабарлаған еді.

28 мамырда Қошмамбеттегі азаптауға қатысты Алматы қаласы полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Берік Әбілбеков ұсталды деген ақпарат тарады. Тергеу мүддесіне сілтеген прокуратура бұдан басқа басқа ақпарат айтпады.

"ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҚҰБЫЛЫСТАР"

Қаңтар оқиғасында 238 адам мерт болды. Оның алтауы – тергеу изоляторларында азапталып өлген. Екі жыл бұрын сол кездегі бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаровтың сөзінше, олардың екеуі Алматыдағы уақытша қамау изоляторында, үш адам Шығыс Қазақстан облысында, тағы бірі адам Талдықорғанда қаза болған.

Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталғандарды азаптау жайлы көп ақпарат шықты. Ұсталғандар "айыпты мойындату үшін" өздерін күштік құрылымдар ұрып-соғып, денелеріне ыстық үтік басып, электрошокер соқтырғанын айтқан. Тіпті "кемпірауызбен тісін жұлмақ болды, тырнақ көбесіне ине сұқты" деп шағымданған азаматтар да бар. Ауруханада ауыр халде жатқан азаматтарды да тергеу изоляторларына алып кетіп, ұрып-соққаны туралы Азаттық көп материал берді. Әуелгіде министрлік азаптау болғанын жоққа шығарған, кейін жүздеген арыз түсіп, оншақты адам ұсталғанын мойындады. Қазір көпшілігіне үкім де шықты.

2022 жылдың көктемінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол кезде жаңадан тағайындалған бас прокурор Берік Асыловқа "азаптау сияқты ортағасырлық құбылыстарды түбірімен жою" қажетін айтқан. Қаңтар оқиғасын мұқият зерттеп, азаматтардың құқығын сақтауды тапсырған.

"Президент азаптау және дөрекі қарым-қатынас сияқты ортағасырлық құбылыстарды түбірімен жою қажеттігін мәлімдеді. Тергеудегілер мен тұтқындарға антигумандық қатынас жасағандарға жауапкершілікті күшейтуге бағытталған ұсыныстар әзірлеу тапсырылды" деп жазылған Ақорда хабарламасында. (Ақорданың қазақша хабарламасында "ортағасырлық" деген сөз "ескірген" деген сөзбен алмастырылып берілген).

Осыдан кейін көп ұзамай, Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы, Қаңтар оқиғасы кезінде комендант болған Серік Күдебаев қамауға алынып, 28 сәуірде оқиғадан кейінгі азаптауларға қатысты қызмет өкілетін асыра пайдаланды деген айыппен 10 жылға сотталды. Ол мемлекеттік наградалары мен полиция генерал-майоры шенінен айырылған. Тергеу материалдарына қарағанда, Күдебаев Қаңтар оқиғасы кезінде "полиция департаментінің ғимаратын тастап кеткен және азаптауларды ұйымдастырған".

Бұдан бөлек, Қаңтар оқиғасы кезінде ішкі істер министрі болып тұрған Ерлан Тұрғымбаевқа да тамыздың басында үкім оқылды. Оған оқиғадан кейін "билік өкілетін асыра пайдалану" бабымен айып тағылған. Сот Тұрғымбаевқа бес жыл шартты жаза кесті. Процесс жабық өткендіктен істің мән-жайы белгісіз. Дегенмен, сот экс-министрдің "шын жүректен өкінгені мен алғаш рет қылмыс жасағанын" есепке алғанын хабарлады. Тұрғымбаев Қаңтар оқиғасына байланысты істі болып, биыл сәуірде ұсталған. Оның ісі бойынша сот процесі "мемлекеттік құпия айтылады" деген себеппен жабық өтті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG