"Бишімбаев ісі" Қазақстан қоғамында әлімжеттіктен жапа шегетін әйел мәселесін қызу талқылауға түрткі болды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жауапкершілікті күшейтетін заң да қабылданды. Алайда серігінің әңгіртаяғына төзіп, іштен тынып жүрген, кейбірі өз құқын қалай қорғауды да білмейтін әйел әлі де көп дейді мамандар. Кейде жағдай әбден ушығып, ауыр салдарға апарып соққанда ғана өзгелер назар аударады.
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мамандары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің дені күйеуін кешіріп, татуласатынын айтады. Серігінен теперіш көрген әйел, кейде өзіне қандай қатер төніп тұрғанын біле тұра, жеке басының қауіпсіздігінен отбасын сақтап қалуды жоғары қояды дейді олар.
Орталық директоры Бағдагүл Байтешова тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шегетін әйел саны бұрынғыдан азаймай отырған, физиологиялық және психологиялық зорлық-зомбылыққа қоса әйелдер экономикалық қысымға да тап болатынын айтады. Әлеуметтік жағдайы әртүрлі, көбінің тұрмыс жағдайы төмен, тұрақты жұмысы жоқ болғандықтан, әйелдер күйеуінен көрген азапқа төзіп, бірге тұра беруді жөн көреді дейді ол.
– Мысалы, 2023 жылы орталықтан көмек алған 89 әйелдің 58-і күйеуімен татуласты, 14-і ажырасты. Татуласқан әйелдердің үшеуі кейін тағы да зорлық-зомбылық көріп, орталыққа қайта келді, – дейді Байтешова.
"АУЫЛҒА ІЗДЕП БАРЫП, ӨЛТІРІП КЕТТІ"
31 мамырда Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты "бұрынғы әйелін буындырып өлтірді" деп айыпталған 27 жастағы Нұржан Хайруллаевқа 11 жыл түрме жазасын кесті. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа режимдегі мекемеде өтейді. Бұған қоса сот Хайруллаевты жәбірленуші тарапқа 20 млн теңге моральдық шығын төлеуге және 318 теңге материалдық зардапты өтеуге міндеттеді.
Нұржан Хайруллаев пен Айбану Сағымбаева 2017 жылы үйленіп, отбасында үш бала дүниеге келген. Бес жылдан кейін екеуі ажырасқан. Кейін Айбану балаларын алып, Ақтөбеден Темір ауданы Шұбарши кентіне көшіп барған.
Айыптау қорытындысында Хайруллаев 2024 жылғы 31 қаңтарда түнделетіп Шұбарши кентіне барғаны, бұрынғы әйеліне қайта қосылуды ұсынғаны жазылған. Айбану келіспеген. Ызаланған Хайруллаев бір қолымен әйелдің аузын басып тұрып, екінші қолымен буындырып өлтірген дейді тергеушілер. Қылмыс жасалғаннан кейін Хайруллаев үлкені - алтыда, ортаншысы - бесте, кенжесі - үш жасар үш баланы қауіпті жағдайда қалдырып, түн ортасында Ақтөбеге оралған деп жазылған тергеу материалында.
Полиция Хайруллаевты 1 ақпанда жұмыс орнынан ұстап әкеткен. Кейін оған Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабымен айып тағылды. Хайруллаев сотта өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады.
"Қасақана өлтірген жоқпын, абайсызда ашумен болды", – деді ол. Адвокаты Азаттыққа пікір беруден бас тартты.
26 жастағы Айбануды туыстары биыл 1 ақпанда Шұбаршиде тұрып жатқан үйінен өлі күйінде тауып алған. "Күндегі дағды бойынша амандығын сұрап хабарласқынымызда телефонға жауап бермеді. Үйіне барсақ, үш баласы мамам оянбайды деп жылап отыр екен" дейді марқұмның туыстары.
– Үш бала қазір менің қамқорлығымда. Әр түн сайын аналарын іздеп жылаған кезде жанымды қоярға жер таппаймын, – дейді Айбанудың нағашы апайы Сәуле Сағымбаева.
Оның айтуынша, Хайруллаев ажырасқалы бері балаларға алимент төлемеген, қаржылай көмектеспеген.
– Нұржан Хайруллаевты әкелік құқынан айыруды талап етіп, сотқа шағымданамыз. Ал бүгінгі үкімге мүлдем разы емеспіз. Апелляция алқасына шағымданамыз, – деді Сәуле Сағымбаева Азаттыққа.
"ӘКЕМІЗ БІЗГЕ КҮН БЕРМЕДІ"
Сәуір айында Түркістан облысы Сайрам ауданында 49 жастағы әйел 30 жыл отасқан күйеуін "қылқындырып өлтірді" деген күдікке ілінді. Полиция Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабымен іс қозғап, сот күдіктіні 2 айға қамауға санкция берді. Тергеу әлі аяқталған жоқ, күдікті абақтыда отыр.
Ері – шаштараз, әйелі – аспаз болып жұмыс істеген. Екеуінің кәмелетке толған төрт баласы бар, бірі – мүгедек.
Бұл отбасыны бұрыннан білетіндер күйеуі ішіп алған кезде әйелі мен балаларын ұрып-соққанын айтады. "Ондай адаммен бір күн бірге тұру мүмкін емес. Баласы-шағасы үйден қашып, далаға түнегенін талай рет көрдік" дейді ерлі-зайыптыны жақсы танитын әйел.
– Бұлай болады деп кім ойлаған? Сіңлімнің мінезі тұйық еді. Төзімді, сабырлы болатын. Балалары үшін осы үйдің күңі сияқты өмір сүрді. Бізге шағынғанда, "шыда, шыдашы" деп келдік. Балалары өскенде қолы ұзарып, күні жарық болады ғой деп үміттенген едік. Енді міне, соған өкініп отырмыз. Тас қапасқа қамалып, өмірі тозаққа айналатын болды-ау! – деп жылады күдіктінің әпкесі.
Әкесі қазаға ұшырап, анасы қамалған ағайынды төртеу еңсесін зіл болып басқан ауыр ойға шомып, тұнжырап үнсіз отыр.
– Бұл үйдің сырын осы төртеумізден артық ешкім білмейді, – деп сөз бастады отбасының тұңғыш қызы, ара-тұра ауыр күрсініп қойып. – Әкем ішімдікке үйір болды. Аяқтан тұра алмай теңселіп келгенде таяғынан қорқып, терезеден шығып қашатынбыз. Көзіне көрінген адамды қолына ілінген затпен ұратын. Мына мүгедек інімді аямайтын. Несін айта берейін, талай рет қорада, шатырда түнедік. Анам бәріне төзіп, шыдады, бізге араша түсетін, қорғайтын. Анамның кінәсі жоқ.
Марқұмның туыстары оның ішімдікке салынғанын, әйелі мен бала-шағасын ұрып-соғатынын білсе де, "ойланар, адам болып кетер" деп үміттенгенін айтады. Олар отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдің күйеуін өлтіруге құқы жоқ деп санайды. "Ұрса – полицияға, ішімдік ішсе нарколог дәрігерге арыздануы керек еді. Енді жазасын алсын", – дейді марқұмның әпкесі ашуланып.
Ауылдың учаскелік полиция қызметкерінің Азаттыққа айтуынша, қазір қамауда отырған әйел ішімдікке әуес күйеуінен үнемі жапа шегіп келген. Бес жылдан бері "полиция қамқорлығында" болған әйел кейінгі уақытта полицияға арыз-шағым беруді тоқтатқан.
"ҚҰҚЫҒЫМДЫ ҚОРҒАЙ АЛАТЫНЫМДЫ 17 ЖЫЛДАН СОҢ ТҮСІНДІМ"
Шымкент тұрғыны 37 жастағы Ғалияның дағдарыс орталығын паналап тұрып жатқанына бір айдан асты. Әйел күйеуінің таяғынан зәрезап болғанын, бір күні бата тимесе қате тиіп, аяғы қайғылы жайтқа ұрындыра ма деген қауіппен 7 баласын алып, үйден қашып кеткенін айтады. Оның сөзінше, Ерболмен отасқан 17 жылда үйден кетіп отырғаны алғаш рет емес.
Күйеуі полиция қызметкері болып жұмыс істепті, өз мамандығы – мұғалім. Ғалия ең алғаш рет жұбайынан "тамақ істей алмағаны" үшін таяқ жегенін, содан кейін Ербол оған қол көтеруді әдетке айналдырғанын айтады.
Дүниеге тұңғыш баласы келген соң күйеуі оны "баладан айырамын" деп қорқытатынды шығарған. Ерлі-зайыптыдан өмірге жеті бала келген, арасында егіз бар. Тұңғышы қазір 18 жаста, жоғарғы оқу орнында оқиды. Кенжесі – 5 жасар.
– Балаларымның көзінше мені қылғындырып, ұрады. Оған қоса ар-намысыма тиіп, кемсітіп, қорлайды, – дейді көп балалы ана.
Ғалия отбасындағы зорлық-зомбылықтың себебін күйеуінің қызғаншақтығынан, өзінің көнбістігінен көреді. "Балаларымның әкесі ғой" деп күйеуінің қорлығы мен таяғына шыдап келген келіншек жұбайы өзімен қоса балаларын да ұрып-соғуды әдетке айналдыра бастағанда төзімі таусылғанын айтады.
– Бойжетіп қалған қыздарымды аяп кеттім. Оларды ұрып, шашынан сүйреп, мазақ етіп, балағаттай берді. Ұрыс-керістен шаршадық. Қалтамда көк тиын ақшам болмаса да балаларымды алып үйден қаштым. Дағдарыс орталығына келіп ес жиғаннан кейін, өз құқығымды қорғауға болатынын түсіндім, – дейді Ғалия.
Кейінгі кезде Ғалияның денсаулығы сыр бере бастаған. Сіркесі су көтермей, қит етсе ашуланып, денесі ісіп, басы айналып, есінен танып қалатынды шығарған. Дәрігерлер бұл жүйкеге ауыр салмақ түскеннің салдары екенін айтқан.
ПСИХОЛОГТЫҢ ПІКІРІ
Шымкенттегі №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының психологы Қатира Иманәлиева зорлық-зомбылық көрген әйел көбіне отбасын сақтап қалайын деген оймен серігінің қылығына кешіріммен қарағанды жөн көретінін айтады. Кей жағдайда отбасындағы жанжалға екеуінің арасындағы түсініспеушілік себеп болатындықтан, мәселеге біржақты қарауға болмайды дейді ол.
Ашуы тарқаған соң өз қателігін түсінген ер немесе әйел адам бір-бірімен тіл табысуға тырысады. Бір-бірінің ой-пікірімен санаспаудың салдары кейде келеңсіз жағдайға апарып соғады, алайда бұл серігіне қол көтеріп, қысым жасауын ақтай алмайды дейді психолог.
– Отбасындағы зорлық-зомбылықтың негізгі себептерінің бірі – ерлі-зайыптының қарым-қатынасының қиындығында. Мысалы, әйел мен еркектің арасында жылулық болмаған жағдайда, – дейді ол.
Иманәлиева отбасындағы зорлық-зомбылықтың зардабын балалар шегетінін, болашақта олардың өміріне тікелей әсер ететінін айтады. Өзі куә болған келеңсіз оқиғалар жадында жатталып, санадағы қорқыныш пен күйзеліске айналған баланың мінезі тұйықталып, жан-дүниесіне жазылуы өте қиын жара түседі дейді маман.
Психология ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ қауымдастырылған профессоры, практик-психолог Бақыт Жігітбекова зорлық-зомбылық жасаған адамға қайта-қайта кешірім беру, онымен бірге өмір сүру психологиялық жағынан қиын әрі қауіпті деп ескертеді.
Оның сөзінше, кейде ондай әйел ер адамға материалдық жағынан тәуелді және ортақ балалары болғандықтан өмір бойы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа шыдап өтеді. Бұл психологиялық жағынан әйелге де, осындай отбасында тәрбиеленген балаларға да өте ауыр тиеді, салдары да ауыр болады. Балалар түрлі психологиялық жарақат алады. Ондай бала зорлық-зомбылық моделін кейін өз өмірінде қайталауы ықтимал.
– Таяқтан көз ашпайтын әйел адамның көңіл-күйі, өзін-өзі бағалау деңгейі төмендейді. Бұл өз балаларымен бірге қоғамға әсер етеді. Тіпті кейіннен психосоматикаға айналып, қауіпті ауруға шалдығуы мүмкін, – дейді практик-психолог.
Жігітбекова қазіргі кезде әйелге әлімжеттік жасау кейде әлеуметтік, діни, идеологиялық, мәдени факторлардың өзара күрделі әрекеттесуінің салдарынан да болады дейді. Тек заң жүзінде шектеу енгізу мәселені біржола шешпейді дейді ол.
Экономикалық, гендерлік, әлеуметтік, саяси мәселелерді шешудің жаңа жолын қарастырған абзал. Мысалы, гендерлік теңдік, адам құқығын қорғау, адамның психологиялық жайлылығын арттыру жайы қоғамда жиі көтеріле бастады. Бұл жақсы үрдіс дейді маман.
– Адам ішкі қажеттілігін әлеуметтік ортадан толықтырғысы келеді. Бірақ адамдар бір-біріне жылулық бере алмай жүр. Біздің әлеуметтік орта әзірше бұған дайын болмай тұр. Керісінше, адамдар өзінің іштей шешілмеген психологиялық, экономикалық және жеке мәселелерін қоғамдық ортаға, жақын адамдарына агрессиясымен трансформациялайды, – дейді маман.
Практик-психолог қазіргі кезде ерлі-зайыптылар арасында зорлық-зомбылықтың көбеюінің бір себебін екеуінің отбасын құрғанда "меннің" "бізге" айналу мәселесінің қиындағанынан көреді.
– Әйелге күш көрсететін ер адамдар арасында физикалық жағынан мықты болғанымен, психологиялық жағынан әлсізі аз емес. Зорлық-зомбылыққа әлсіз әйел ғана емес, еркектен өз теңдігін үстем қоятындар да ұшырайды. Отбасылық ішкі түсінушілік, қоғамнан және отбасынан алынған дұрыс тәжірибе, екі адамның ішкі мәдениетінің үйлесіп, сәйкес келуі тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайтады. Ал адамның эмоциясын ашық жеткізе алмауы, адамның шынайы бейнесін қабылдамау керісінше, мәселені ушықтырады, – дейді Жігітбекова.
Бас прокуратураның құқықтық статистика порталындағы деректерге қарағанда, 2024 жылдың алғашқы тоқсанында елде әйелдерге қатысты 16 мыңға жуық қылмыс тіркелген. Оның бес мыңнан астамы ауыр және аса ауыр қылмыс санатына жатады.
ПІКІРЛЕР