Accessibility links

Төтенше жағдайда Тоқаевтың әскерге шақырғаны кімге тиімді?


Әскери міндеттілерді шақыртудың қандай астары бар?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:42 0:00

Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери есептегі азаматтарды арнайы жиынға шақыру туралы жарлығы түрлі болжам тудырды. Қорғаныс министрі "жыл сайынғы жиын" десе, запастағы генерал "100 мыңға жуық полиция мен ұлттық ұлан қайда" дейді. Ал ауыл тұрғыны "әскерге алғаны бізге тиімді" деп санайды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "әскери міндеттілерді жиынға шақыру" туралы сәуірдің екісіне шыққан жарлығына қарағанда, арнайы жиынға әскери есепте тұрған азаматтардың қаншасы шақырылатынын жергілікті билік белгілейді.

Жиынды қалалар мен облыс әкімдіктері жанындағы азаматтық қорғаныс бөлімдері және әскери комиссариаттар ұйымдастырады.

"ЖАРЛЫҚТАН КЕЙІНГІ ЖОРАМАЛ"

Тоқаевтың жарлығы шыққаннан кейін әлеуметтік желіде түрлі жорамалдар пайда болды. Кейбірі "төтенше жағдай салдарынан жұмысынан айырылғандарды жұмысқа тартудың бір жолы десе, енді бірі саяси талап қойып жүрген белсенділерді тоқтатудың тәсілі" дегенді айтты.

Коронавирусқа байланысты блокпостта тұрған сарбаз. Алматы, 30 наурыз 2020 жыл.
Коронавирусқа байланысты блокпостта тұрған сарбаз. Алматы, 30 наурыз 2020 жыл.

Азаттық тілшісімен сөйлескен белсенді Қанат Жақыповтың сөзінше, "төтенше жағдайға байланысты көшеге шығып, түрлі акция өткізу мүмкіндігінен айырылған белсенділер әлеуметтік желіде саяси акцияларын жалғастырып жатыр".

- Билік әлеуметтік желідегі наразылықты көріп отыр. Әскерге шақырудың басты мақсаты наразылықтарын ашық айтып жүрген белсенділерді тоқтату. Оларды әскерге әкетіп, әлеуметтік желіден айырады. Әскерге барудан бас тартса жазаға тартады,- деп қауіптенеді ол.

WhatsApp әлеуметтік желісінде осыдан он шақты күн бұрын пайда болған видео Тоқаевтың жарлығынан кейін тағы да жиі тарала бастағаны байқалған. Видеода бірнеше танкіні әскери техникамен әкеле жатқан сәт көрінеді. Видеоны түсірген адам танкіні Алматы көшесімен әкетіп бара жатқанын айтып, "жоғарыдағылар әлдене дайындап жатқан болуы мүмкін" дейтін күдігін білдірген.

"ЕКІ МИНИСТР, ЕКІ БРИФИНГ"

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев кезек-кезек брифинг өткізіп, Тоқаев жарлығының мән-жайын түсіндіруге тырысты.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев WhatsApp әлеуметтік желісінде таралған видеоны да сөз еттті. Оның сөзінше, "Алматыға танкі кіргізді деп байбалам салуға негіз жоқ".

- Ақпан айының соңында Алматыдағы әскери бригаданың 3 танкісі Алматы облысындағы полигонға барып, жаттығуға қатысты. 16 наурызда төтенше жағдай жарияланған соң танкілер Алматыға қайтарылды,- деді ол.

Нұрлан Ермекбаевтың сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаев жарлығының негізгі мазмұны төтенше жағдай кезінде жергілікті әкімдіктердің әскери жиын шақыру құқығын пайдалануына мүмкіндік беру. Әскерге шақырылатын азаматтардың негізгі міндеті карантин жарияланған елдімекендерге блокпост күзетінде тұру, дезинфекция жұмыстарын жүргізу және көктемгі селден қорғау жұмыстарына қатысу.

Министрдің айтуына қарағанда, әскер қатарына қанша адам, қанша уақытқа шақырылатынын жергілікті әкімдіктер қажеттіліктеріне қарай белгілейді. Заң бойынша үш айға дейін әскери қызметкер санатында ұстауға болады.

Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев (сол жақта) Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездесіп тұр. Мәскеу, 17 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев (сол жақта) Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездесіп тұр. Мәскеу, 17 қыркүйек 2019 жыл.

Кей өңірлерге әскери жиынға шақырудың керегі болмауы да мүмкін. Өйткені қазір 10 мыңнан астам әскери қызметкер 24 қалада төтенше жағдай режимін сақтау жұмыстарына тартылған.

Нұрлан Ермекбаевтың сөзінше, арнаулы әскери жиынға шақырылғандарға әскери қызметкер мәртебесі беріледі. Олар әскери қызметкерге тиесілі әлеуметтік жеңілдік алады. Жұмыс істеп жүрген азаматтардың жұмыс орнындағы жалақасы сақталады, ал жұмыссыздарға ең төменгі жалақы – 42 500 теңге төленеді. Олар өздері тұратын елдімекенде ғана жұмысқа тартылады.

- Арнаулы жиынды әскери мобилизациямен шатастыруға болмайды. Мобилизация кезінде мемлекет соғыс жағдайына көшіріледі. Қазір ондай мәселе жоқ. Ал әскери жиындар жыл сайын өтіп жүр. Барлық әкімдікте арнаулы әскери жиынға шақырып, аймақтағы әскермен бірге жаттығу жасау тәжірибесі бар,- деді қорғаныс министрі.

Министрдің сөзінше, арнаулы әскери жиынға бірінші кезекте еріктілер алынады. Мұғалімдер, көктемгі егіспен шұғылданатын ауыл шаруашылығының жұмысшылары, қорғанысты қамтамасыз етуге байланысты басшылық қызмет атқаратындар, депутаттар, үш баласы бар адамдар, әйелдер шақырылмайды.

-Президент жарлығы шыққалы арнаулы әскери жиынға өз еркімен барғысы келетін жастардан көп өтініш түсіп жатыр. Жастар жұмыссыз үйде отырғаннан гөрі әскери жиынға барғанды дұрыс көреді,- деді Нұрлан Ермекбаев.

Қазақстанда әскери міндетті азаматтардың әр өңірде жыл сайын әскери жиынға шақырылатынын ақпарат құралдарындағы мәліметтерден көруге болады. Мысалы, былтыр Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтына запастағы әскери қызметкерлер бір ай мерзімге шақырылған.

Алайда, запастағы әскери қызметкерлердің президент жарлығымен шақырылғаны байқалмаған. 2019 жылдың көктемінде әрбір облыс әкімінің, астананың және республикалық маңыздағы қала әкімдерінің әскери қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелері бойынша көмекшісі лауазымы бекітілгені ақпарат құралдарында сөз болған.

"ДЕПУТАТТАРДЫ ӘСКЕРГЕ АЛУ КЕРЕК"

Бұрын Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарған генерал Айтқали Есенғұлов төтенше жағдай кезінде тәртіпті қамтамасыз ету үшін мемлекет басшысы кез келген шара қолдануға құқығы бар деп санайды. Бірақ ол қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың «10 мыңнан астам әскери қызметкер төтенше жағдай режимін сақтауға қатысып отыр» деген сөзіне таңырқайды.

Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, генерал-майор Айтқали Есенғұлов. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл.
Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, генерал-майор Айтқали Есенғұлов. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл.

Айтқали Есенғұловтың сөзінше, Қазақстанның он мыңнан әлдеқайда көп әскери қызметкерді төтенше жағдай кезінде пайдалануына мүмкіндігі бар. Оған әскер жетеді.

- Тұрақты әскерден өзге ішкі істер министрлігінің 100 мыңға жуық қызметкері және ұлттық ұлан бар. Соны неге пайдаланбайды? Министр бұл іске жұмыссыз жастарды тартқысы келетінін айтып отыр. Жұмыссыздардың ішінде кәсіби біліктілігі төмен немесе нақты кәсіби мамандығы жоқтар өте көп. Мұндайда қайта керісінше кәсіби мамандарды, басшылық қызметтегі адамдарды, депутаттарды шақыру керек. Олар төтенше жағдайда қалай әрекет етуді іс жүзінде үйренуі тиіс,- деп санайды генерал.

Қызылорда облысы Жаңақорған кенті.
Қызылорда облысы Жаңақорған кенті.

Азаттық тілшісі Қазақстанда коронавирус көп таралған өңір – Қызылорда облысының Жаңақорған ауданының тұрғындарымен сөйлесіп көрген еді. Жаңақорған және Шалқия кенттерінен өзге бұл ауданда 26 ауылдық округ, 35 елдімекен бар. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, барлық елдімекендер сәуірдің алғашқы күнінен бастап карантин жағдайына көшкен.

Аты-жөнін атамауды сұраған ауыл әкімдігі қызметкерінің айтуына қарағанда ауданда коронавирус жұқтырғандар пайда болысымен ауылдардың барлығы дереу оқшаулана бастаған.

- Әр ауылға кіре беріске блокпост қойылған. Ешкімді кіргізбейміз де, шығармаймыз да. Ауылға керекті азық-түлікті әкелетін еріктілерді белгіледік. Блокпостта ауыл азаматтары өз еріктерімен күндіз-түні кезекшілікте тұр. Әр ауылға қоятындай әскер жоқ мұнда. Сондықтан әскери қызметке тарту туралы жарлық бізге тиімді болуы тиіс,- дейді ол.

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қосүйеңкі ауылы. 20 шілде 2012 жыл
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қосүйеңкі ауылы. 20 шілде 2012 жыл

Әкімдік қызметкерінің сөзінше, блокпосттағы кезекшілерге бағынғысы келмейтіндер пайда болған жағдайда ғана учаскелік полиция телефон арқылы шақырылады. Ауылға кіретін қара жолдар көп. Оның бәрін бақылап тұруға күш керек.

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 16 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Қызылорда облысында инфекция жұқтырғандар саны 26-ға жеткен. Сәуірдің екісінен бастап Қызылорда қаласы мен Жаңақорған аудандары карантинге жабылған. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда 460 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG