Accessibility links

Есірткі тасып, сотталған жас көбейді. Шабақ тұтылып, шортан құтылып кетіп жатқан жоқ па?


26 маусым – нашақорлықпен күрес күні. Көрнекі сурет.
26 маусым – нашақорлықпен күрес күні. Көрнекі сурет.

26 маусым – нашақорлықпен күрес күні. Қазақстанда есірткі қылмысы бойынша сотталғандар арасында жастардың үлесі артып барады. Олардың көбі есірткі тасығаны үшін 10-15 жылға түрмеге қамалады. Туыстары олар шалыс басты деп жазасын жеңілдетуді сұрап жүр. Ірі қылмыскерлер жазасыз қалып, есірткі дерті артып барады дейді сарапшылар.

"ПСИХОТРОПТЫҚ ЗАТТЫ САТПАҚ БОЛҒАН"

Жамбыл облысының тұрғыны Айжарық Сәрсенбиев 18 жасында аса ірі мөлшердегі психотроптық зат сатып алған жерінде ұсталған. Ірі дегені – 9,38 грамм психотроптық зат.

"Ұлым мұндай әрекеті үшін 10 жылға сотталатынын білген жоқ" дейді анасы Айнагүл Сәрсенбиева. Оның айтуынша, баласы мұның қылмыс екенін де білмеген.

Ол қамалғанда Тараз мемлекеттік университетінің 2-курсында оқып жүрген. Бір күні сабақтан шығып, студенттер жатақханасына оралған. Анасының айтуынша, іші пысып отырғанда Telegram желісінен бір топқа тап болған. "Онда біреумен орысша сөйлесіп, дәмін көрмекке есірткі сатып алған".

Telegram-да "белгісіз" адам есірткі тұрған жерді жазып жіберген. Ол зат қолына түскен 10-15 минуттың ішінде Айжарықты бір топ полиция қызметкері қоршаған.

Синтетикалық есірткі. Азаттық архивіндегі сурет.
Синтетикалық есірткі. Азаттық архивіндегі сурет.

Айжарық Сәрсенбиевке "аса ірі көлемдегі психотроптық затты сақтап, басқа біреуге өткізбекші болды" деген айып тағылды. Бұл айып бір куәгердің сөзімен дәлелденген. Айжарықтың анасы оған сенбейді, "бала өзі қызықтағысы келді" деп ойлайды. Оның сөзінше, Айжарық бұрын мұндайға әуес болмаған. Тергеу де, сот та студенттің "ол затты өзім тұтынайын деп алдым" деген сөзіне сенбеген.

"2023 жылғы 9 ақпан сағат 15:30 шамасында Айжарық Сарсенбиев аса ірі мөлшердегі психотроптық затты өткізуге қылмыстық ойы туындаған. Осы ойын жүзеге асыру мақсатында Telegram әлеуметтік желісі арқылы (сайттың аты жарияланбайды – ред.) сайтына кіріп, психотроптық заттар алатынын жазған. Бір данасының құны 5 мың теңге тұратынын біліп, жалпы 50 мың теңгеге 10 дана бумасын сатып алатын болып тергеу анықтамаған тұлғамен келіскен" делінген сот үкімінде.

Үкімге сенсек, полиция Айжарықтың қолынан 9,38 грамм психотроптық зат тапқан. Бұл затты сатқан адамның кім екені, оны әрі қарай кімге, қалай өткізбек болғаны анықталған жоқ. Сотта Айжарықтың қорғаушысы болған анасының айтуынша, тергеу де, сот та есірткі сатушыны іздеуге тырыспаған. Прокурор Айжарықтың қылмысы жан-жақты дәлелденді деп тапқан. Сот үкімінде сатушыны іздеу туралы қаулы жоқ.

Психотроптық заттың атауы – "2-(пирролидин-1-ил)-1-фенилпентан-1 (α-пирролидиновалерофенон" немесе қысқаша "альфа- PVP" не "α-PVP")". Ол Қазақстанда қолдануға тыйым салынған есірткі тектес психотроптық заттар тізіміне кіреді, тіпті медициналық мақсатта да пайдалануға болмайды. Қазақстан үкіметі дайындаған тізімде қолдануға болмайтын 86 түрлі есірткі, 63 психотроптық зат бар. Медицинада пайдаланылатын және қатаң бақылаудағы заттар тізімінде 200-ден астам түрі бар. Бұл тізім жыл өткен сайын толығып отырады.

Бұл – бір адамның басынан өткен оқиға. Кейінгі бес жылда есірткі тасып сотталғандар арасында жастар көбейіп барады.

"ЕСІРТКІ ТАСУШЫҒА" 10 ЖЫЛ ТҮРМЕ ЖАЗАСЫ ҚАТАЛ ҮКІМ БЕ?

Қазақстан Бас прокуратураның дерегінше, былтыр Қылмыстық кодекстің "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу" деп аталатын 297-бабы бойынша 827 адам сотталған. Соның 624-і, яғни 75 пайызы 8 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылды.

– Ұлымды ақтап отырған жоқпын. Бірақ әлі өмір көрмеген баланы бір шалыс басқан қадамына бола 10 жылға тар қапасқа қамап тастау – әділетсіздік. Шартты жазамен де оңай шығармайды, ол үшін кемі алты жыл отыруы керек, – дейді Айнагүл Сарсенбиева.

Ақтөбе тұрғыны Нұрсұлудың (тегін айтудан бас тартты) 30 жастағы інісі де осы баппен 10 жылға қамалған. Оның сөзінше, інісі қылмыс үстінде ұсталмаған.

– Інім кешке жұмыстан көлігімен қайтып бара жатқан жолда танысы кезігіп қалған. Ол қаладағы "Нұрдәулет" сауда орталығына дейін жеткізіп тасташы деп өтінген. Бұл жарайды деп апарса, алдынан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің есірткімен күрес бөлімі қызметкерлері камерамен күтіп алған. Сол жерде екеуі де қамалды, – дейді Нұрсұлу.

Оның айтуынша, інісі көшеде кезіккен танысын орган қызметкерлері біраз уақыттан бері аңдып жүрген. Ол адамның есірткі тасумен айналысатыны, әкесі де осы баппен түрмеде отырғаны кейін белгілі болған.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Астана тұрғыны Шолпанның 23 жастағы ұлы да 297-баптың үшінші бөлігі бойынша 11 жыл түрме жазасына кесілді. Анасының айтуынша, ол досының көлігінде отырған жерінде ұсталған. Көліктен есірткі табылған.

Нұрсұлу бауырының, Шолпан ұлының жазықсыз екенін айтады.

Қазір тараздық Айнагүлді, ақтөбелік Нұрсұлуды, астаналық Шолпанды және елдің барлық өңірінен жиналған адамдарды біріктіретін бір мақсат бар. Ол – есірткі жеткізушілердің жазасын жеңілдету. Бұл адамдардың көбі түрмедегі туыстарына кіру үшін кезекте тұрғанда танысқан. Қазір WhatsApp желісінде "Күш бірлікте" деген чаттары бар. Былтыр мамырда қозғалыс құрған.

Олар мәжіліс депутаттарын, бас прокуратура мен ішкі істер министрлігі өкілдерін шақырып бірнеше рет дөңгелек үстел өткізген. Көп мекемеге хат жазған. Қозғалыстың ресми әрекет етуіне "Жасыл желкен" қоғамдық бірлестігі көмектескен.

Бірлестік жетекшісі Гүлзат Қасымтегінің айтуынша, қазір қозғалысқа мыңнан астам адам қосылған.

– 14-30 жас арасындағы жастардың есірткі тасымалымен 10-15 жылға қамалып жатқаны қорқынышты. Біреулер бұл қадамға білместікпен барады, біреулер жұмыс іздеп жүріп тап болады, тағы біреу алданып қалады. Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды, әрине. Бәрі айыпты. Бірақ қазіргі жаза қатаң. Олар бұл қылмысқа қалай барды, кімнің әсері болды, неге барды? Ешкім оған үңіліп жатқан жоқ. Менің көкейімдегі басты сұрақ – сонда бәрін түрмеге қаматып жатқан есірткі, психотроптық заттар қайдан шығып жатыр? Шөбін ауласында өсіріп жатса мейлі. Көбі – синтетикалық есірткі. Демек ол бір жерде дайындалып, немесе басқа жақтан келіп жатыр ғой. Қайдан келіп жатыр? Кім, қалай алып келіп жатыр? Балаларды соттайтын кезде бұл сұрақты ешкім қоймайды, – дейді "Жасыл желкен" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлзат Қасымтегі.

Оның айтуынша, көбінің оқиғасы бір-біріне ұқсас.

– Есірткі сататындар әлеуметтік желілерде, жұмыс іздейтін сайттарда немесе подъезде "күніне 20-30 мың теңге тапқың келе ме?" деп хабарландыру қалдырады. Сосын оған қызығып жазған адамнан сотталмағаныңды білу үшін деп жеке куәлігін сұрап алады. Бітті, осы жерде қақпанына түсесің. Көп адам жұмыстың есірткіге байланысты екенін білген соң, ұсыныстан бас тартады. Жұмыс беруші "бізде сенің барлық дерегің бар, шегінуге жол жоқ, бір рет барып кел, сосын тоқтатасың" деп алдайды. Көбі бір рет дегенге келісіп, айтқан жеріне барса, бейнекамерасымен полиция күтіп тұратын көрінеді, – дейді Гүлзат Қасымтегі.

Сөйтіп көбі Қылмыстық кодекстің 297-бабының үшінші бөлігімен сотталады. Былтыр осы баппен сотталғандардың 80 пайызы дәл сол үшінші бөлігі бойынша айыпты болған.

Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы ғимарат қабырғасына жазылған синтетикалық есірткі жарнамасы (мәтін әдейі өшірілді). Азаттық архивіндегі сурет.
Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы ғимарат қабырғасына жазылған синтетикалық есірткі жарнамасы (мәтін әдейі өшірілді). Азаттық архивіндегі сурет.

Адам есірткіні немесе сол тектес затты аса ірі мөлшерде сақтап, өткізбекші болған, дайындаған немесе бұл әрекетін адамдар тобымен сөз байланысып істеген не қоғамдық орында, электрондық ақпараттық ресурсты пайдаланып жасаған болса, осы – 297-баптың үшінші бөлігі бойынша сотталады. Жаза – 10-15 жылға бостандығынан айыру.

2022 жылы мәжілісте жұмыс тобы құрылып, есірткі туралы заңға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заң жобасы әзірленген. Соның ішінде осы ұсыныстарды ескеріп, "есірткі өткізумен бір рет айналысып, ұзақ жылға қамалған адамдардың жазасын жеңілдету" жайы да қарастырылған. Ішкі істер министрлігі сотталғандардың туыстары құрған қозғалыстардың уәжімен келіскен. Алайда осы туралы сөзі үшін министр Ержан Сәденов депутаттардың сынына қалды. Олар есірткі таситындардың жазасын жеңілдету ұсынысын қолдаған жоқ. Депутат Мұрат Әбенов "қазір елде есірткіге тәуелді адамдар онсызда көбейіп кетті, ал таратқан адамдардың жазасын жеңілдету мәселені ушықтырады, есірткімен күреске кесірін тигізеді" деді.

Сөйтіп заң жобасының мәжілістегі бірінші оқылымындағы нұсқасында Қылмыстық кодекстің 297-бабына өзгеріс енбей қалды. Бірақ әділет және ішкі істер министрліктері есірткі жеткізушілердің ("курьер", "закладчик") жауапкершілігін әлі де саралап, тиісті ұсыныс әзірлеуге уәде берді. Заң жобасы әлі мәжіліс қарауында жатыр.

"ТЕРГЕУ АНЫҚТАМАҒАН ТҰЛҒА" КІМ?

Заңгер Тимур Ықсанов есірткі таситындар жазасын жеңілдетуді талап етіп жүрген топтар көтерген мәселе орынды деп санайды. Оның сөзінше, негізгі назар аударатын мәселе – 297-баппен сотталған жастардың санында емес, осы баппен ұзақ жыл түрмеге қамалғандардың қылмысқа қатынасында.

– Есірткіні біреуге өткізу мақсатында сақтады, дайындады, тасымалдады деп (297-бап) айыпталғандардың көбі дерлік қарапайым азаматтар, студент, жұмыссыз немесе күнкөрісіне ақша тапқысы келген адам. Олар кәнігі қылмыскер емес. Ал соларды мессенджерлер арқылы жұмысқа тартып, жалдап отырған адамды қылмыскер десек болады. Өйткені ол – осы салаға әбден бейімделіп алған кәсіби қылмыстық топтың мүшесі. Ондайларға 10 жыл түрме жазасы көп емес, тіпті аз. Өйткені ол – қылмысты жасауға маманданып алған адам, оның логикасы, философиясы, идеологиясы қоғамға қауіпті. Ал машықтанбаған қылмыскерде мұндай мотив болмайды. Оны түрмеде 10 жыл тәрбиелеудің қажеті жоқ, – дейді Ықсанов.

Заңгердің айтуынша, Қазақстанда есірткі бизнесімен айналысатын кәсіби қылмыскерлер аз ұсталады. Олар 297-баппен қамалғандардың ісінде көбіне "тергеу анықтамаған тұлға" деп сипатталады. Тимур Ықсанов кейінгі жылдары есірткі өткізуші, жеткізуші ("закладчик") көп ұсталғанымен, есірткі бизнесімен күрес жүріп жатқан жоқ деп санайды.

Есірткі сатқаны үшін жауапқа тартылған адамды айдауыл сот залынан әкетіп бара жатыр. Азаттық архивіндегі фото.
Есірткі сатқаны үшін жауапқа тартылған адамды айдауыл сот залынан әкетіп бара жатыр. Азаттық архивіндегі фото.

Ішкі істер министрлігіндегі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Әмірханов тек қарапайым орындаушылар ғана ұсталып жатыр дегенге келіспейді. Оның айтуынша, тасымалдаушылар көп болғандықтан олардың жиі ұсталуы – заңды құбылыс.

– Өйткені бұл қылмыс көбіне пирамида сияқты жұмыс істейді. Көп есірткі тасушы болуы мүмкін, ал олардың ұйымдастырушысы – біреу. Ішкі істер органдары есірткі тасыған бір адамды ұстаса, соның ізімен ұйымдастырушысын да іздейді. Жақында ғана Өскеменнен біреу ұсталып, соның артынан Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Алматы облыстарынан зертханасы табылды, – деді Бақытжан Әмірханов Азаттыққа.

Тимур Ықсановтың сөзінше, есірткіге байланысты қылмыстық ұйымдардың бизнес-схемасын өте ақылды адамдар ойластырады.

– Әлі күнге дейін тамыры терең жайылып, жоспары ойдағыдай іске асуы содан, оны өте кәсіби қылмыскерлер істейді. Олар схемасын мемлекеттің жүйесіне, тіпті ішкі істер саласы, прокуратура, сот жүйесіне сәйкестендіріп әзірлейді, – дейді ол.

Ал Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, қылмыскерлердің де түр-түрі болады, олардың әрқайсысына әркелкі тактика қолданылады әрі олар технологияны жақсы пайдаланатын болғандықтан, онымен күрес те жетіліп отырады.

Былтырғы желтоқсанда мәжілісте есеп берген ішкі істер министрі Ержан Сәденов те есірткі сатушылар бизнесте жаңа технологияны, боттарды көп пайдаланатынын, "сол үшін оларды ұстау жылдан жылға қиындай түскенін" айтқан.

"Есірткі қолданатындар арасында Telegram мессенджері өте танымал. Оны таситындар бір-бірін танымайды. Онымен күрес жұмыстарына жасанды интелектіні қосуды, IT мамандарын тартуды ойластырып жатырмыз", – деді Ержан Сәденов былтыр желтоқсанда мәжілісте есеп берген кезде.

Ресми дерекке сүйенсек, биыл бес айда есірткі таратумен айналысқан 1800-ден астам сайт бұғатталған.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫ ДӘРМЕНСІЗ БЕ?

Заңгер Ықсанов елдің құқық қорғау органдары дәрменсіз, олардың есірткі саласында кәсіби емес қылмыскерлерді ұстап, соттауға ғана күші жетеді деп есептейді.

– Ірі қылмыстарды ашатын сапалы маман жоқ, салада жемқорлық қатері жоғары, заңдылықты бақылайтын прокуратура да, сот билігі де әлсіз. Өйткені есірткіні бір рет тасып, 10-15 жылға сотталғандардың көбі Жоғарғы сотқа дейін барып, әділдік сұрады. Ал елде соңғы болып төрелік айтатын сот істерді қарамай тастады. Бірақ сол істердің үкімінде "тергеу анықтамаған тұлға" сол анықталмаған күйінде қалады, – дейді заңгер Ықсанов.

Есірткі қылмысымен күрес департаменті өкілі Бақытжан Әмірханов тасымалдаушы адамның ұсталуы – жоғарыдағы ұйымдастырушысына апаратын негізгі ақпарат беруші, сондықтан ол жайдан-жай қамалмайды, әрі қарай қылмыстық топты түгел әшкерелеуге жол ашылады дейді. Солай тізбек арқылы ашылып, негізгі ұйымдастырушылары жазаға тартылған істер бар дейді ол.

Қарағандыдағы синтетикалық есірткі тасымалдау ісі бойынша сот процесі. Азаттық архивіндегі фото.
Қарағандыдағы синтетикалық есірткі тасымалдау ісі бойынша сот процесі. Азаттық архивіндегі фото.

Бас прокуратура статистикасына қарасақ, былтыр 297-бап бойынша 3 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелген. Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру туралы 14 іс тіркелген, соның ішінде 4 жетекшісі мен 36 қатысушы қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

"Есірткісіз болашақ" қорының жетекшісі Жандос Ақтаев құқық қорғау органдары есірткімен шама-шарқынша күресіп жатыр, тек екі жақтың күші тең емес дейді.

– Құқық қорғау органдары мен есірткі бизнесінің ресурстарын салыстырсақ, жер мен көктей. Ал органдар өз күшіне сай жұмыс атқарып жатыр. Біз қоғам өкілдері ретінде бұл дертпен күреске мүмкіндігіміз келгенше атсалысып келеміз. Алайда әлі де қоғамды нашақорлықтан құтқара алмай келеміз, – деді Жандос Ақтаев.

Премьер-министр Олжас Бектенов жыл басында мәжіліс депутаттарына есірткімен күрес жөнінде берген жауабында "есірткі қылмысымен күрес жұмыстары жетілдіріліп жатыр, қабылданған кешенді шаралар құқық қорғау органды мен күштік құрылымдар жұмысының нәтижесін (өнімділігін) жақсартуға ықпал етті" деген. Соның нәтижесінде есірткіге байланысты құқық бұзу фактілері көп тіркелгенін айтқан.

"Мәселен, 2023 жылы есірткіге байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау 8 пайызға (6900-ден 7520-ға дейін), оның ішінде есірткіге қатысты қылмыстарды анықтау – 12 пайызға (2781-ден 3164-ке дейін), оны өткізу фактілері – 11 пайызға (1659-дан 1883-ке дейін), контрабандасын анықтау 31 пайызға (233-тен 338-ге дейін) өсті", – деп жазған Олжас Бектенов депутаттарға берген жауабында.

Бірақ үкімет басшысының бұл дерегі жұмыс өнімділігі артты дегеннен гөрі қылмыс саны көбейді дегенді білдіретін сияқты. Бас прокуратураның осы туралы статистикасына қарасақ, былтыр есірткі қылмысының саны өткен жылдармен салыстырғанда көбейген, тіпті жыл сайын өсіп жатыр. Алайда есірткімен байланысты қылмыстық ұйымдарды құрықтау фактілері кейінгі бес жылда айтарлықтай өзгермеген.

Қазақстанда 18 мыңнан астам адам есірткіге тәуелді жандар тізімінде тұр. Олардың 1500-ден астамы әйел, 100 шақтысы бала. Ішкі істер министрлігі елде есірткіге тәуелді адам саны ресми тіркеудегіден 5-6 есе көп деп болжайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG