Орталық Азия елдерінің азаматтары арасында өзін идентификациялау мен түп-тамырын тануға деген талпыныс күшейіп келеді. Ресейдің Украинаға басқыншылығы бұл процесті жеделдете түсті: қазақстандықтар түркі мәдениетіне, ана тілі мен отандық өнімдерге көбірек көңіл аудара бастады. Бұл сән индустриясына да әсер етпей қоймады. Дизайнерлердің жаңа буынының жұмысында көшпенділердің дәстүрлі мотивтері жиі кездесіп жүр.
Алматылық Роксана Насенова – Roxwear брендінің негізін қалаған дизайнер. Айтуынша, оның киімдері адамның өзін идентификациялауға, өзін қабылдау мен өзін тануға деген талпынысын айқыштайды. Бұл брендтің киімдері Алматы мен Токиода көпшілікке ұсынылып, онлайн сатылады.
Роксана – Орталық Азия халықтарының мәдени кодтарын, дәстүрлерін қайта қарастыруға тырысып жүргендердің бірі. Киімдегі бейнелер арқылы ол уақыт тоғысында туған адамдар туралы баяндайды. Нью-Йорктегі Parsons the New School for Design түлегі Азаттықпен әңгімесінде өзін идентификациялауға ұмтылуды тарихты әлдебір кезеңі мен фактілерін мансұқтамай, толық қабылдау деп түсінетінін айтты.
– Жеке басының не тұтас ұрпақтың әлдебір жарақатының әсерінен тарихтың белгілі бір бөлігін не мәдени кезеңін жоққа шығарғысы келетін адамдар бар. Ондайға қарсымын. Біз бәрін қабылдауымыз керек. Басымыздан не өткеніне, қайда бара жатқанымызға үңілуіміз керек. Тарихы жоқтың келешегі де болмайды. Сондықтан тарихымызға байыпты да бейтарап қарап, оның бізге не бергенін ұғуымыз керек, – дейді дизайнер.
Роксана Насенова қазір жастар өзін тануға, шығу тегін білуге ұмтылатынын, бұл дизайнер шығармашылығына да әсер еткенін айтады.
– Америкада оқып, ұзақ уақыт сол жақта тұрдым. Жергілікті тұрғындар әлемді зерттеуге, Еуропа мен АҚШ-тан әрі не болып жатқанын білуге қызықпайтынын байқадым. Сондықтан үнемі өзім туып-өскен аймақ, мәдени өміріміз, тарихымыз туралы айтқым келетін, – дейді ол.
Насенова кез келген жерге ұялмай киюге болатын, жеңіл киім тігуді мақсат тұтқан.
"ТҰТЫНУШЫ ЖАҢА, ҚАЙТАЛАНБАС КИІМ АЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ"
2022 жылдың аяғында Орталық Азия тұрғындары екі қызық оқиғаның куәсі болды. Біріншісі – Dior брендінің жаңа коллекциясының жарнамасында ат үстінде отырған модель мен ер-тоқымға байланған, көшпелі халықтардың ою-өрнегі бейнеленген орамал түсірілген. Кейінірек Францияның тағы бір бренді – Louis Vuitton Швейцарияда киіз үй түрінде жобаланған қысқы pop-up store ашылғанын хабарлады.
Бірақ бұл бірінші рет емес. 2011 жылы Kenzo бренді Парижде көктемгі коллекциясын таныстырғанда, түркі ұлттық мұрасының элементтері – шапан мен сәукеле жұрт назарына ұсынылған. 2014 жылы 73 жастағы модель Беатрис Ост Vogue журналына жібек пен жүннен тігіліп, үстіне ою салынған шапан киіп суретке түсті. 2017 жылы Hermes сән үйі ою-өрнегі бар орамалдар коллекциясын шығарды. Бес жылдан кейін әлемдік брендтер көшпенділер мұрасына тағы да назар аударды. Қазақстандық стилист Шыңғыс Есқалидің пікірінше, қазір сән саласы ғаламдық дағдарысты басынан өткеріп жатыр. Ал тұтынушы жаңа, қайталанбас бұйым алғысы келеді.
"Подиумдар, коллекциялар мен кампейндерден түркі ою-өрнегін, шығыс мотивтерін, мысалы, Balenciaga мен Vetements сән үйінен "гопниктер" стилін көруге болады. Батыс жұрты 90-жылдары ТМД елдерінде болған тапшылықты көрген жоқ. Ол кезде адамдар сандықта жатқан маталардан киім тіге бастаған еді. Сондықтан көпшілік Грузин ССР-і тумасы Демен Гвасалийдің сәнге енгізген жаңалығын қызыға қабылдады", – дейді Есқали.
Стилист қазақ киімдері мен әшекей бұйымдарының тарихынан көп адам тұтынатын коллекцияға тамаша идеялар табуға болатынын айтады.
"АРМАНЫМ – ДЖАРЕД ЛЕТОНЫҢ ШАПАН КИГЕНІН КӨРУ"
Түркі қолданбалы өнеріне қызығып отырған жалғыз еуропалық сән үйлері ғана емес. 2012 жылы қазақ көркемсурет өнерінің классигі Әлібай Бапановтың қызы Айя Бапани хиджаб орнына қазақтың ұлттық көйлегін киюді насихаттай бастады. Содан бері Бапани бренді он жылға жуық уақыт табысты жұмыс істеп келеді. Шеберхана киізден пальто, белдемше, шапан, оюлы жамылғы тігумен айналысады. Суретші әрі модельер Әсел Кенжетаева 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде өз киім үлгісін шығаруды қолға алған. Ол пэчворк деп аталатын көне құрақ көрпе әдісімен шапан мен кимоно тігуді ойлап тапқан. Бұл – киімді мозаика сияқты түгелдей құрақтан тігу техникасы.
– "Сән саласында әлемге не ұсына аламыз?" деп бұрыннан ойланатынмын. Бәрін әлдеқашан ойлап тауып қойған, негізгі тенденциялар Еуропа, жапон сәнінің ықпалымен қалыптасады. Біз не ұсына аламыз? Қолда бар бай мұрамызды көрсетуімізге болады. Көп халықта мұндай мәдени мұра, декоратив қолданбалы өнер жоқ. Ал бізде осындай мүмкіндік бар. Париждің, Лондонның орталығында адамдар шапан, камзол, кимешек киіп жүргенін қалаймын. Арманым – Джаред Летоның шапан кигенін көру. Неге болмасын? – дейді Кенжетаева.
Модельердің айтуынша, шапанды құрап тігу концепциясының арқасында ешкімде жоқ, бірегей дүние шығады. Өйткені дәл сондай мата қиындысын тауып, құрақты дәл солай екінші рет қайталау мүмкін емес.
– Шапанымызды сатып алған адам эксклюзив киімге ие болады. Бұл киімді өмір бойы кисе де болады. Өйткені шапанның беріктігі соншалық, ұрпақтан-ұрпаққа қалдыруға жарайды. Сыйға тартуға да болады. Сондықтан бұл – баға жетпес дүние, – дейді Әсел Кенжетаева.
Суретшінің сөзінше, оның өнімдерін көбіне шетелдіктер мен басқа мемлекеттерде тұратын, туған жерін сағынған қазақстандықтар сатып алады. Атап өтерлік жайт, шапанға жастар да қызығады.
– Жақында бір жас жігіт "Сізді әзер таптым, шапаныңызды киіп жүрген адамдарды көріп, қызығып кеттім" деп жазды. Шапанды күнделікті өмірде жиі кие алмайсыз деп түсіндірдім. Ол "Маған бәрібір, күнде киемін. Жарқын киінуге батылым жетеді" деп жауап қатты, – дейді Кенжетаева.
"ЕҢ ҮЗДІК ДҮНИЕЛЕР ЦЕНЗУРА МЕН ТЫЙЫМ ЖОҚ ЖЕРДЕ ЖАСАЛҒАН"
Модельер қазақтың ұлттық киімін күнделікті киіп жүруге болады деп есептейді. Бірақ бұл тұста да ескеретін жайттар бар. Кенжетаева стереотип шешімдерден аулақ болуға шақырады.
– Қатпарлы желбір салып тігілген барқыт костюм ұнамайды. Мұны кім ойлап тапқан? Бәрі оңды-солды қолданып жүрген қошқар мүйіз оюы киімге салынбаған. Қазақ киімінде мұндай ою болмаған. Оны кілемге салып, тұрмыста қолданатын. Бірақ мәселе онда да емес, киімге салса да, түк етпейді, тек стереотипті барқыт пен желбір ештеңеге жарамайды, – дейді суретші.
Стилист Шыңғыс Есқали да суретшінің пікіріне қосылады. Оның пікірінше, жергілікті дизайнерлер ою-өрнекті шектен тыс көп қолданады. Сондықтан стилист ұлттық нақышта тігілген киімдерге күмәнді қарайды.
– Киім театр костюміне ұқсап кетпеуі үшін ұлттық элементтерді қолданғанда абай болған жөн. Ұлттық киімді стильді әрі заманға сай үйлестіріп, күнделікті өмірге енгізуге талғам немесе стилист, имиджмейкер сияқты маман көмегі керек, – дейді стилист.
Роксана Насенованың пікірінше, түркі мотивін негізге алған француз сән үйлерінің арқасында жергілікті дизайнерлер киімді ұлттық нақышты, әдемі болғаны үшін ғана тігуді қойды. Енді жергілікті модельерлер өз жұмысына мағына қосуға тырысады.
Стилист Шыңғыс Есқали өнер мен сән саласында басқа халықтардың элементтерін қолдану керек дейді.
– Сән саласындағы ең үздік дүниелер цензура мен тыйым жоқ жерде жасалған. Сондықтан 90-жылдардың сән кештерін әлі күнге сағына еске аламыз. Өзіме 1993 жылы өткен, хасид раввиндерінің жұмысына негізделген Жан Поль Готьенің "Рабби-шик" шоуы ұнайды, – дейді Есқали.
Суретші Әсел Кенжетаева ойын былай түйіндеді:
"Бүкіл әлемде киіз үйлер болғанын, бәрі "Мынау – қазақтардың, көшпенділердің бұйымдары ғой. Көшпенділерге қараңдар!" дегенін қалаймын. Тарихқа терең бойлап, әлем подиумдарында пәренже емес, өзіміздің түркі киімі жарқырап шықса деймін".
ПІКІРЛЕР