Маусымның 2-сі күні Алматы облысы Алакөл ауданы Қызылашы ауылында 15 жастағы Ақжол Тұрсыновтың ісі қарала бастады. Оған қылмыстық кодекстің 106-бабы (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – ред.) бойынша айып тағылған.
«АҚША ӘКЕЛМЕСЕҢ КӨРСЕТЕМІЗ»
Сотқа тартылған жасөспірімнің әкесі Руслан Қыдырбековтің сөзінше, 9-сыныпта оқитын ұлы 2015 жылдың ақпан айында 11-сыныпта оқитын оқушыға пышақ салып алған. Оның айтуынша, ұлының мұндай әрекетке баруына жоғары сынып оқушыларының былтырғы қыркүйек айынан бастап төменгі сынып оқушыларынан ақша бопсалауы себеп болған.
- Ақпан айының 2-сі күні баламды өлімше етіп соғып, талдырып тастаған. Бұл жайт физика кабинетінде, сабақ үстінде болған. Бірақ мұғалім кабинетте болмаған. «Ертең ақша әкелесің» деп кеткен. Ертесі таңертең балам сабаққа жайырақ кетті, сөйтсем үйден пышақ алып шыққан екен. «Не үшін алдың?» десем, «қорқытайын дегем» дейді. Ертесі күні 11-сынып балалары менің баламды шақыртып алады. Басқа балаларға «әкелдіңдер ме?» деген, «әкелдім» дегендердің басынан сипап жіберіпті. Ал менің ұлым «әкелмедім» деген соң ұрмақшы болып жүгірген кезде «пышақты шығардым, қалай тигенін білмеймін» деп отыр, - деді ол Азаттыққа.
Руслан Қыдырбеков ұлының бірнеше ай жасы үлкен балалардан жәбір көріп жүргенін байқамағанын айтады.
- Қыркүйектен бастап 11-дің үш баласына ақша жинап беріп жүрген екен. Бірде 500, 1000 тіпті 2000, 5000 теңгеге дейін айтады, жинап беріп жүрген. Болмаған кезде соғады екен. Кейде ақшаның орнына үйлеріне барып қорасын тазалап, отын жарып жұмыс істейді екен. Ал менің балам спортпен айналысады, дене пішімі ірілеу, ондайға бармайды екен. Біз ұлыма көп ақша бермейміз де, телефонына бірлік саламын деп сұрайды, «мектепте бір шара болады соған керек» дегенде беретінбіз, сөйтсек соның барлығын жинап, жетпесе темір өткізіп жинап беріп келген екен. Оны мен осы оқиғадан кейін білдім, - дейді Руслан Қыдырбеков.
106-БАП
Ақжол Тұрсыновтың адвокаты Тұрсынғали Галиновтың Азаттыққа айтуынша, бұл іске қатысты соттың алдын-ала тыңдаулары Талдықорған қаласында мамырдың 27-сі күні басталған. Алайда іске қатысты сұралатын адамдардың көп екенін ескеріп, сот отырысын Қызылашы ауылында өткізу туралы шешім шыққан.
- Бүгін (маусымның 2-сі күні – ред.) өзіміз өтініш білдірген барлық куәлар сұралды, жәбірленушілер мен олардың куәлары да сұралды. Енді алда жарыссөз, кейін сот шешім шығаруы тиіс. Бұл істе пышақ салынған факті бар, одан ешқайда кете алмаймыз, сондықтан ақталу туралы айту қиын. Біз енді мүмкіндігінше жазаның ең жеңіл түрін сұраймыз, - деді адвокат.
Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ал айыпталушы дәл осы баптың 2-тармағы бойынша қылмыстық әрекетті «көрінеу кәмелетке толмаған балаға қатысты жасаған» деп танылса, оның мүлкі тәркіленіп немесе 8 жылдан 12 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Алайда адвокат «мейлінше жазаны жеңілдетуге» тырыспақшы.
- Сотта бопсалаудың 5-6 фактісі болғаны, [жоғары сынып оқушыларының] Ақжолды соққыға жыққаны анықталды. Бұл жерде Ақжол ғана қарсыласқан, қалғандары беріп келген. Осының барлығы ескерілер деп отырмыз, - деді адвокат.
«ЕКІ БАЛАҒА ДА ҚИЫН»
Бұл іске қатысты жәбірленуші, пышақ салынған оқушы – Бек Ғалиұлының анасы Айгүл Сыздықбаева да Азаттыққа пікірін білдірді.
- Екі балаға да қиын бұл жағдайда. Пышақ ұлымның ұйқы безін тесіп, әрі қарай бауырдың ұшына кірген. 4 литр қан жоғалтты, баламның жүрегі 2 рет тоқтап, 2 рет электрошок алды, 4 сағат ота жасалып, аман қалды. Сотқа дейін тергеу жүргізілді, неше рет «очная ставка» жасалды (беттестірді – ред.), барлығы «ұрған жоқ, соққан жоқ» деп келді. Ал бүгінгі сот отырысында барлығы [кінәні] Бекке ғана жапты. «Менің балам кінәлі емес» демеймін, ол болған жағдай. Бірақ сол жаста сондай жағдай менің баламның басынан да өтті. Бірақ маған айтқан емес, таяқты жегенде, бүкіл ауыл білді, мектеп те де білді, - деді Айгүл Сыздықбаева.
Жәбірленушінің анасы «баласының амандығынан өзге ешнәрсе керек емес» екенін айтады. Алайда, баласының ауруханада жатқан кезінде «кейбір дәрілерді Алматыдан арнайы алдыртуға тура келгенін», «барлығы 250 мың теңге шығынға ұшырағанын» айта кетті.
- Мен ешнәрсе талап еткен жоқпын, ешқандай көмек те болған жоқ. Менің балам дене жарақатын алса, ол бала (Ақжол Тұрсынов – ред.) жан күйзелісінде жүр. Менің тек қана тілейтінім – жақсылық. Баламның балалығы шығар, енді өзінің басына тиді, денсаулығын құртты. Бастысы – балам аман, - деді ол.
Республика бойынша ресми статистикада әлімжеттік көрсетілмейді. Бұл - жабық тақырып.
Қазақстан мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларының төменгі сыныпта оқитындардан ақша бопсалауы мен ұрып-соғуы туралы шағымдар соңғы жылдары жиілей түскені байқалады. Оқушылар төбелесі туралы видеолар әлеуметтік желілерге жарияланған сайын қызу қоғамдық пікірталас тудырады. Алматы облысындағы мектептердің бірінде оқитын оқушылар бұған дейін де Азаттыққа «әлімжеттік пен ақша жинау жүйесі» туралы әңгімелеп берген еді. Білім беру мекемелері бұл мәселеге қатысты тиісті тәрбие жұмыстары жасалып жатқанын айтса, психологтар бала тәрбиесіне қатысты ата-аналардың белсенді болуын талап етеді.
Мектептегі білім беру жобаларымен айналысып жүрген алматылық азаматтық белсенді Ерсайын Ерғожа мектептегі әлімжеттік мәселесінің тамыры педагогтардың жұмысы мен ата-ана тәрбиесінде жатыр деп санайды.
- Қазір білім беру саласында олқылық байқалады. Педагогтар да, ата-аналар да балалармен шұғылданбайды. Республика бойынша ресми статистикада әлімжеттік көрсетілмейді. Бұл - жабық тақырып. Журналистерге де шындықты білу қиын, - дейді ол.