1987 жылы маусымның 16-сы күні Алматыда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан төрт адамға сот үкімі жарияланды.
Сот Ертай Көпесбаевты төрт жылға, Түгелбай Тәшенов пен Қайыргелді Күзембаевтың әрқайсысын 15 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Ал Қайрат Рысқұлбековке өлім жазасы тағайындалды. Сот кейін Рысқұлбековтің өлім жазасын 20 жыл түрме жазасына ауыстырды. Ол 1988 жылы мамырдың 21-і күні Семей түрмесінде жұмбақ жағдайда қазаға ұшырады.
Кремльдің кадр саясатымен келіспеген қазақ жастарының 1986 жылы желтоқсанның 17-19-ы күндері болған наразылығын зерттеп жүрген журналист Болатбек Төлепберген Азаттыққа берген сұхбатында «желтоқсаншыларға қатысты тергеу ісі мен өзге де құжаттар әлі де құпия» екенін айтты.
Азаттық: – Желтоқсан оқиғасына қатысқан бірнеше адамға байланысты 1987 жылы маусымның 16-сы күні шыққан үкімді сол кезде қоғам қалай қабылдады?
Болатбек Төлепберген: –1987 жылдың 16 маусымында желтоқсандықтарға шыққан үкімге қоғам үнсіз қалды. Ешкім ешқандай пікір айтқан жоқ. Себебі тоталитарлық режимнің қаталдығынан қаймықты. 1986 жылғы желтоқсан айындағы оқиғада қанқұйлы әрекеттер жасалғанын білді, түсінді – сондықтан ешкімді аямайтынын білгендіктен үнсіз қалуға мәжбүр болды.
Азаттық: – Сот процесі кезінде сотталушылар өздерін қалай ұстады, таққан айыпты мойындады ма?
Болатбек Төлепберген: – Сотта Дос Көшім (қазір саясаткер – ред.) тілмаш болған. Өйткені жігіттер тек қазақ тілінде сөйлейтін. Олардың сөзін орысшаға аударған Дос Көшім жігіттердің қайсарлығын, өз пікірлерінде қалғанын, тағылған айыпты мойындамағанын, Қайрат Рысқұлбековтің қайсарлығына тәнті болғанын айтады.
Азаттық: – Сот процесі кезінде айыпталушылардың құқықтары сақталды ма?
Болатбек Төлепберген: – Сол кездегі оқиғаға қатысқан азаматтардың барлығын «оқудан, комсомолдан, партиядан немесе жұмыстан шығарамыз» деген қорқытулар болған. Сотқа тартылып, шартты түрде жаза алғандардың құқықтары сақталды деп айта алмаймыз, өйткені ол кездегі биліктің негізгі ұстанымы айыптау тұрғысында құрылған.
Азаттық: – Бұл үкім туралы сол кездегі ақпарат құралдары хабарлады ма?
Болатбек Төлепберген: – Ол кезде ең алғаш «Огни Алатау» газеті төрт жігіттің суретін басып шығарған кезде жоғары жақтан «Суретті неге басасыңдар?» деген. Төрт жігіттің жанарында қайсарлықтың ұшқыны болғаны байқалады. Бұл сурет үшін басылымынң бірқатар қызметкері жұмыстан шығарылғанын білеміз. «Огни Алатаудан» өзге тағы бір басылым жазды. Газетке тек «азаматтар сотталды» деген ақпараттық мазмұнда ғана шағын хабар шықты.
Азаттық: – Одақтағы өзге республикаларда сот үкіміне реакция қандай болды?
Болатбек Төлепберген: – Сынап пікір білдіргендер болмады. Өйткені барлығы Совет Одағына қарап тұрды ғой.
Азаттық: – Желтоқсан оқиғасына байланысты істі болған азаматтарға қатысты тергеу материалдары мен өзге де құжаттар қазір жария ма?
Болатбек Төлепберген: – Ол құжаттар әлі жабық. 2006 жылы осы тақырыпты зерттеген кезде архивтерге, ҰҚК архивтеріне жазғанымызда, олар «Қандай мақсатта қажет болып жатыр?» деп сұрақтардың астына алған. Сондықтан бұл құжаттардың әлі қолданысқа [енуіне], ғалымдардың, сарапшылардың танысуына, таратуына тыйым бар ғой деп ойлаймын.
Қазір бұл тақырыптың соңына түсіп, зерттеліп жатқан жоқ. Ғылыми жұмыс жасалып, рухани айналымға түсіп жатқан жоқ. Желтоқсанның [жылдығы]кезінде ғана бұл тақырып көтеріледі. Сондықтан бұл да бір халықтың жадынан өшіп бара жатқан тақырыптардың бірі деуге болады.
Азаттық: – Сұхбатыңызға көп рахмет.
ФОТОГАЛЕРЕЯ: Желтоқсан оқиғасы кезінде түсірілген суреттер