Accessibility links

Бұрынғыдан ары ақпараттық оқшаулануға душар болған Түркіменстан


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Түркіменстан шетелдік ұялы байланыс операторына берген лицензиясын қайтарып алды. Жергілікті монополист-компания тек Ашғабат тұрғындары мен шетелдіктерге ғана ұялы байланыс қызметін ұсынады. Ал Түркіменстанның негізгі тұрғын халқы байланыссыз қалды.


2010 жылы желтоқсанның 21-і Түркіменстандағы ұялы байланыс операторы ресейлік МТС компаниясына берген лицензиясын қайтарып алды. Осылайша жаңа жыл қарсаңында елдегі ұялы байланыс қызметі мен интернетті пайдаланушылардың 80 пайызы сыртқы әлемнен оқшауланып қалды. Бұл іс осыдан бір айдан астам уақыт бұрын басталған. Сол кезде «елдегі ең танымал провайдер Түркіменстаннан қуылады екен» деген сыбыс тараған.


ЖАҢА МОНОПОЛИСТ

Кейінірек Түркіменстан сыртқы істер министрлігі баспасөз парақшасын шығарды. Онда «елдегі МТС компаниясының қызметін тоқтату туралы шешім заң аясында орындалып отыр» делінген. Ресми мәлімдемеге сәйкес, бұл шешім ресейлік оператор мен Түркіменстан арасындағы бес жылдық тиісті келісім мерзімінің аяқталуына байланысты. Ал МТС-тің айтуынша, 21 желтоқсанда BCTI, МТС және Түркіменстан арасындағы үшжақты келісімнің мерзімі ғана біткен. Ал МТС-тің лицензиясы 2012 жылдың 1 ақпанында аяқталуы керек көрінеді.

Түркіменстандағы екі миллионнан астам адам бір сәтте байланыссыз қалды (мұнда шамамен 5 миллиондай жан тұрады). Енді осыған дейін 400 мыңдай клиентке әзер қызмет көрсетіп келе жатқан «Алтын Асыр» компаниясы Түркіменстандағы жалғыз монополиске айналды. Бұл компания қызметінің сапасына көңілдері толмайтын жұрт көп. Жеткілікті техникалық мүмкіндігі, мамандары мен тәжірибесі жоқ компания жаңа жыл қарсаңында бұрынғы МТС клиенттерінің өтініштерін орындай алмай қалды. Осы сәтті пайдаланған «Алтын Асыр» компаниясының қызметкерлері SIM карталардың әрқайсысын 100 доллардан сата бастады» деп хабарлайды Азат Еуропа/Азаттық радиосының Түркімен қызметі.

«Дойче Велле» мәліметінше, «SIM картаның бағасы 300 евроға барған». Олардан алыпсатарлар да қалыспайтын көрінеді.


ОҚШАУЛАНҒАН ХАЛЫҚ

Халықаралық ұйымдар, БАҚ пен ақпараттық технологияларға қол жеткізу тұрғысынан келгенде, Түркіменстан – әлемдегі ең оқшауланған елдердің бірі. Елдегі сыртқы әлеммен байланыстың жалғыз жолы ресейлік компания ұсынған ұялы байланыс түрі болатын.

Жақында «Алтын Асыр» компаниясының кеңселерінде «SIM карталар тек Ашғабатта тіркелген азаматтар мен шетелдіктерге ғана беріледі» деген хабарландырулар пайда
Түркіменстандағы «Алтын Асыр» байланыс операторының Ашғабаттағы хабарландыруы. (Көрнекі сурет)
болды. Конституция мен Адам құқы жөніндегі халықаралық декларация далада қалды. Монополист бірінші күннен бастап «Барлығы да – клиент үшін» деген қағиданы ысырып қойып, халықты «таңдаулылар» және «өзгелер» деп бөлуге кірісті.

Жергілікті жерлерден келген хабарларға, шетелдік БАҚ мәліметтерінше, миллиондаған түркіменстандықтар сыртқы әлемнен оқшауланып қалған. Туыстарын, әріптестерін, шетелдегі таныстарын құттықтайтын жаңа жыл қарсаңында мұндай мүмкіндік болмай қалды. Ұялы байланыссыз қалған бизнесмендердің шығындарын айтып отырған жоқпыз. Ал ақпарат алу үшін (бұл ел Ниязов кезеңінен бері ол құқықты пайдаланбайтын болған) ұялы байланыс интернетін енді-енді қолдана бастаған жастар да бұл мүмкіндіктерінен қағылды.

Өзге амалдары қалмаған миллиондаған азаматтар монополист-компанияның клиенті болу үшін «Алтын Асырға» ағылды. Жергілікті халық жаңа жыл қарсаңындағы күндерін осы компаниядағы ұзын-сонар кезекте, алыпсатарлар арасында наразылықпен өткізді. Ал бұл ұлттық провайдер әлемдегі ешбір ұялы байланыс компаниясымен роуминг жөнінде келісім де жасаспаған деп хабарлайды Дойче Велле.

Әңгіменің авторитарлық мемлекет жайында болып отырғандығын қаперде ұстаңыз. Мұндай режимдердің «Үш адамнан артық жиналмаңдар!» дейтін ережесі есіңізде ме? Түркімен астанасында әр көшенің қиылысында тұрған кезекші полицей жұрттың топталып жиналуына жол бермейді. Бұл жолғы «бассыздықты» тоқтату үшін билік ұлттық компанияға ескерту жасады деп есептейді жергілікті белсенді. Олар компанияның Ашғабаттағы кеңселерін азайтып, өтініштер санын кемітпек болған.


МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІСІ

1993 жылы М. және А.Бараш деген азаматтар АҚШ-та BCTI компаниясын құрды. Сол жылы олар Түркіменстанға ұялы байланыс қызметін көрсету құқын алды. Бұл компания көпке дейін осы саладағы бірден-бір монополист болып келді.

Түркіменстанның бұрынғы вице-премьері Құдайберді Оразовтың айтуына қарағанда, үкімет BCTI компаниясын бес жыл бойы салық төлеуден босатқан. Оның үстіне бес жыл өткен соң да ол жеңілдіктерді пайдалана берген.

Осы мәселеге байланысты үкіметте
Түркіменстанның бұрынғы вице-премьері Құдайберді Оразов.
жанжал туып, вице-премьер компанияның салық төлемей отырғанын АҚШ үкіметіне хабарламақ болғанда, бұл компанияны президент айналасындағы барынша ықпалды адамдардың бірі – президенттің жеке күзетінің бастығы Ақмұрад Режепов қорғауына алды. Ол BCTI компаниясы президенттің қазіргі көмекшісі Виктор Храмовқа тиесілі және соның бақылауында екендігін айтып, компанияға пайдасын тигізбейтін кез-келген шешімнің күшін жоятындығын шенеуніктерге ескертеді.

«Солай бола тұра мен компанияны мәжбүрлеп, салықтың біраз бөлігін төлеттім» дейді Оразов мырза.

2004 жылы Түркіменстанның байланыс министрлігі өз қарамағындағы «Алтын Асыр» ұйымына ұялы байланыс қызметін көрсетуге лицензия берді. 2005 жылы «Алтын Асыр» жұмысын бастады. Тұтынушылар Байланыс министрлігінің өзімен тікелей келісім-шарт жасасты. Турасын айту керек, жаңа компанияның қызмет көрсету тарифі BCTI компаниясынан төменірек болды. 2005 жылдың жазында МТС алдымен BCTI компаниясының 51 пайызын сатып алды, ал қараша айында компанияның 100 пайыз толық қожасы болады.

Жаңа жыл алдында болған оқиғада МТС судан ақ, сүттен таза болып көрінеді. Алайда қол қойылған келісім-шарттардағы келіспеушіліктің неден пайда болып жатқанына назар аударып көрелікші. Мәселе мынада, түркімен шенеуніктері жасырын, жабық келісім-шарттарды жақсы көреді. Қайткен күнде де пайда тапқысы келген шетелдік компаниялар түркімендердің небір қитұрқы ұсыныстарына келісуге мәжбүр болады. Авторитарлық режимнің бет-бейнесі дәл осы жерде қылаң береді: не істегім келсе, соны істеймін дейді.

Қазір МТС Түркіменстан байланыс министрлігінің шешіміне қатысты Женевадағы халықаралық сауда палатасындағы халықаралық арбитраждық сотқа шағымданып жатыр. Оның үстіне, Ресей премьер-министрінің баспасөз-хатшысы Дмитрий Песков «Ресей үкіметі бұл мәселеден хабардар және Ресей компаниясының мүддесін қорғау жөніндегі шаралар қабылданып жатыр» деген мәлімдеме жасады.

Бірақ бұдан не пайда? Авторитарлық режим ешқандай сотқа (халықаралық сотқа да!) пысқырмайды. Түркіменстан «Шетелдік арбитраждық шешімдерді мойындау мен іске асыру» жөніндегі БҰҰ-ның 1958 жылғы Нью-Йорк конвенциясына қол қоймаған. Ресми Ашғабат азаматтық және коммерциялық таластарға қатысты юрисдикция және сот шешімдерін мәжбүрлеп орындау мәселелері жөніндегі Брюссель конвенциясына да қол қоймаған. ДСҰ-ға кіретін ниеті де жоқ. Яғни, Түркіменстанда ешқандай бизнес халықаралық құқық деңгейінде қорғалмаған. Халықаралық сотта Түркіменстанға қатысты миллиондаған доллардың ісін жеңіп алғаныңмен (мысалы, аргентиналық «Бридас» компаниясы секілді) оны кім орындайды?

Халықаралық компаниялар «ойын ережесін» өзгертіп, Түркіменстанға халықаралық құқықты ескеріп, бизнесті жүргізудің жалпыға арналған халықаралық ережелерін ұстануын талап етпесе, жанжал да, сыбайлас жемқор та, оларға дем беретін жағдайлар да бола бермек.

(Дерия Атабаев – біздің аутордың лақап аты. Ол бұрын Түркіменстандағы жоғары дәрежелі мемлекеттік менеджерлердің бірі болған. Қазір эмиграцияда. Автордың бұл мақаладағы көзқарастары мен пікірлері Азаттық радиосының ұстанымына сай болмауы да мүмкін.)
XS
SM
MD
LG