Accessibility links

Технология алыптары ғылымды насихаттай бастады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Microsoft, Facebook, Twitter, Dropbox, т.б. ірі компаниялардың негізін қалаушылар балаларды компьютерлік бағдарламалау ісін меңгеруге шақырды. Олар бейнероликке түсіп, осы кәсіптің математика әліппесі сияқты қарапайым екенін түсіндірді.

Коммерциялық емес Code.org ұйымы түсірген, балаларды бағдарламалау ісін меңгеруге шақырған бейнеролик Apple компаниясының негізін қалаған Стив Джобстың "Бұл елдегі әрбір адам компьютерлік бағдарламалау ісін меңгеруі қажет. Бұл сізді ойлауға үйретеді" деген сөзімен басталады.

Шамамен алты минуттық бейнероликке АҚШ-тағы ең ірі компаниялардың өкілдері - Microsoft-тың негізін қалаушы Билл Гейтс, Facebook-тің негізін қалаушылардың бірі Марк Цукерберг, Twitter-дің негізін қалаушы Джек Дорси, Valve компьютерлік ойынын шығарушы Гейб Ньюэлл, т.б. адамдар түскен.

Бейнероликке түскен АҚШ-тағы ең танымал программистер компьютерлік бағдарламалау ісін қай жасынан меңгере бастағанын, оның математика әліппесі сияқты қарапайым екенін баяндайды.

Олар сонымен бірге қазір компанияларға қандай программистер қажет екенін, бұл кәсіп қажет болатын салаларды, IT-мамандардың болашағы жайлы айтады.

- Мүмкіндігінше талантты инженерлерді табу саясатын ұстанамыз. Бізде қажетті білімі бар, дайындалған програмистер жетіспейді, - дейді бейнероликте Марк Цукерберг.

Ал Valve компьютерлік ойынын шығарушы Гейб Ньюэлл компьютерлік бағдарламалау ісін сиқырға теңеді.

- Бүгінгі програмистер - ертеңгі күннің сиқыршылары. Сен құдды өзге адамдарда жоқ сиқырлы күшке ие болғандайсың, - деп сипаттайды Гейб Ньюэлл.

The New York Times-тың жазуынша, коммерциялық емес ұйым осылайша ата-аналар мен балаларды, мектептерді компьютерлік бағдарламалау ісіне қызықтырмақ.

Басылымның жазуынша, қазіргі кезде АҚШ-та он мектептің біреуінде ғана компьютерлік бағдарламалауды үйретеді.

Code.org коммерциялық емес ұйымының негізін қалаушы кәсіпкер Хади Патровиге (Hadi Partovi) сілтеме жасаған The New York Times басылымының жазуынша, Microsoft компаниясы роликті АҚШ-тағы ірі Regal кинотеатрлар желісінде көрсетпекші.

Марк Цукерберг те бейнероликті Facebook қолданушыларының назарына ұсынбақ. Ал Google компаниясы бейнероликті YouTube арқылы насихаттай бастады.



Интернет нарығындағы ірі компаниялар соңғы кездері ғылым-білімге көбірек назар аударып жатыр. Өткен аптада Марк Цукерберг (Facebook), Сергей Брин (Google-дің негізін қалаушылардың бірі) және Юрий Мельнер (ресейлік инвестор) қатерлі ісік, генетикалық ауруларды емдеу және өмір сүру ұзақтығын зерттеу саласындағы ең ірі жетістіктерге сыйақы тағайындаған еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG