Accessibility links

Әлеуметтік желілерде аңдысқан үкімет пен терроршы


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Террорлық ұйымдар әлеуметтік желілерді қолдана бастағалы үкіметтер де операторларға аккаунтты өшіру талабын көп қойған. Ал әлеуметтік желі өкілдері сөз бостандығының тағдырына алаңдайды.

Қаңтардың соңында Twitter Сомали мемлекетіндегі «Әл-Қаида» негізінде құрылған «Әл-Шабаб» террорлық ұйымының аккаунтын өшірді.

Ұйым мүшелері «Кения үкіметі талабымызды орындамаса, екі кениялық тұтқынды өлтіреміз» деп мәлімдеп, тұтқындар түсірілген бейнебаянды желіге ілген еді.

Twitter аккаунтты өшіру себебі туралы түсініктеме бермеді, ал әлеуметтік медиа сарапшылары «Әл-Шабаб» «зорлық-зомбылығы бар көріністерді салуға болмайды» деген Twitter-дің шартын бұзды деп санады.

АККАУНТТЫ ЖОЙҒАННАН ПАЙДА ЖОҚ

Бұл үлгі қазір кең тарай бастады. Террорлық ұйым Twitter мен Facebook аккаунтын ашады, белсенділер мен бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) оған пікір білдіреді, сосын әлеуметтік желі оны өшіріп тастайды. Бірақ олар қайтадан жаңа аккаунт ашып алады.

Уганда астанасы Кампала қаласында "Әл-Шабаб" террорлық ұйымы жарылыстар жасап, елуден астам адам қаза тапты. Уганда, 11 маусым 2010 жыл.
Уганда астанасы Кампала қаласында "Әл-Шабаб" террорлық ұйымы жарылыстар жасап, елуден астам адам қаза тапты. Уганда, 11 маусым 2010 жыл.
Бүлікшіл топтар барынша кең көлемді аудиторияны қамтуды мақсат етеді. Олардың әлеуметтік желілер арасында көшіп-қонып жүруі Twitter мен Facebook сияқты платформаларға проблема туғызып отыр.

Үкімет әлеуметтік желілердің террорлық топтарға тыйым салуын талап етсе, интернет белсенділері "әлеуметтік желі компанияларының ережесі мен талаптары барынша айқын, жария болсын" дейді.

Вашингтон институтының Таяу Шығыс саясатын зерттейтін ғылыми қызметкері Аарон Зелин жиһадшыл топтардың әлеуметтік желідегі аккаунты жойылғаннан кейінгі әрекетін былай сипаттады:

- Бұл топтардың көбі жаңа парақ ашады, біраздан соң ол да өшіріледі. Сосын қайтадан басқасын ашады, ол да желіде біраз уақыт тұрады. Бұдан соң қайтадан автономды режимге өтеді. Бұл мысық пен тышқанның ойынына ұқсайды.

Өткен жылдың желтоқсанында Facebook тәртіпті бұзып, террорлық әрекеттерді қолдағаны үшін пәкістандық «Талибанның» Umar медиа желісінің аккаунтын жауып тастағанда осындай оқиға қайталанды. Екі аптадан соң Umar Media аккаунты қайта ашылды. Бірақ оның осы топқа тиесілі екені нақты анықталмады.

Жеке компания ретінде Twitter мен Facebook өздері қалаған аккаунтты платформасына іле алады. Ғаламдық желіні пайдаланушылар өте көп болғандықтан, оларды интернет теоретиктері алып шаһарға ұқсатады.

Италиялық азамат АҚШ президенті Барак Обаманың Twitter парағын қарап отыр. Италия, 7 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Италиялық азамат АҚШ президенті Барак Обаманың Twitter парағын қарап отыр. Италия, 7 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Twitter сөз еркіндігіне мүмкіндік бергендіктен, әлеуметтік желілер арасында көшбасшы саналады. Бірақ кейбір белсенділер желінің экстремистік және террорлық ұйымдарға қарсы күресте нақты саяси ұстанымының болмауына алаңдайды.

- Twitter-дің платформасында террорлық ұйымдарға қарсы саяси тұжырым аз. Егер біреулер белгілі бір аккаунтты не топты зорлық-зомбылықты насихаттады деп арандатса, оларды «Әл-Шабаб» сияқты өшіре салады, - дейді Аарон Зелин.

Twitter мен Facebook-тің өкілдері Азаттықтың бұл туралы сұрағын жауапсыз қалдырды.

TWITTER-ГЕ ХАТТЫ АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ ЖАЗЫҢЫЗ

Интернеттегі цензура маманы, New America Foundation қоғамдық институтының аға ғылыми қызметкері Ребекка МакКиннон:

- Әлеуметтік желілер өздері қызмет көрсететін жердегі үкіметтердің проблемасына айналады. Әлеуметтік желілердің әрекеті заңды талаптарға сәйкес деп үміттенемін. Үкімет қабылдаған заңдар бұзылып жатса, ондай аккаунттар құлыпталуы тиіс, - дейді.

Twitter 2012 жылдың қазан айында неонацистердің аккаунтын Германия үкіметінің талабы бойынша құлыптады. Оны «Жеккөрінішке толы пікірлері үшін» жапқаны айтылды.

Twitter жариялылық туралы есебінде контент пен авторлық құқық жайлы мемлекеттік өтініштердің саны артып келе жатқанын хабарлады.

Facebook-тегі тіркелу беті. Көрнекі сурет
Facebook-тегі тіркелу беті. Көрнекі сурет
The Electronic Frontier Foundation ұйымы да АҚШ үкіметінің Twitter-ге «террорлық топтардікі» деп саналатын аккаунттарды өшіру туралы талаптарының жиілегенін айтады.

МакКиннонның айтуынша, «Facebook мемлекеттік өтініштерге қалай жауап берілетіні, қандай талаптар түсетіні, қандай үкіметтің сұрау жібергені туралы жариялай бермейді».

Ағылшын тілінде Twitter-ге пікір қалдыру әлеуметтік желілердің назарын аударудың тамаша әдісі. Белсенділер Twitter мен Facebook-тің ағылшын тілінде жазылған сауалға тез көңіл бөлетінін байқаған. Басқа тілде пікір қалдырғандар еленбей қалуы мүмкін.

Сарапшы Кендзиордың пікірінше, Facebook террорлық топтардың кейбірінің бар екенін білмеуі де мүмкін, себебі олар ағылшынша жазбайды. «Мен «Ислам жиһады» ұйымының Facebook-те беті бар екенін білемін, бірақ оған көбіне өзбек тіліндегі пікірлер жарияланады» дейді ол.

Аарон Зелин де «Әл-Шабабтың» араб және сомали тіліндегі аккаунттарының өшірілмегенін айтады.

Әлеуметтік желілерде террорлық ұйымдар парағы көбейген сайын сөз бостандығын қолдаушылар да экстремистік топтарға қатысты айқын саясат ұстануға шақырып келеді. Үкіметтер ондай аккаунттарды мүлде жауып тастауды талап етеді, сондықтан әлеуметтік желідегі сөз бостандығы мәселесінде барлық тарап келісетін оңтайлы шешім табу қиынға түседі.

Мақаланы ағылшын тілінен Динара Мәзен аударды.
XS
SM
MD
LG