Accessibility links

Италияның бес депутаты Әблязовтың отбасымен кездесті


Италия парламентінің депутаттары Карло Себиллия (сол жақта) мен Алессандро Ди Баттиста. Алматы, 4 тамыз 2013 жыл. Суретті түсірген - Дина Байділдаева.
Италия парламентінің депутаттары Карло Себиллия (сол жақта) мен Алессандро Ди Баттиста. Алматы, 4 тамыз 2013 жыл. Суретті түсірген - Дина Байділдаева.

3 тамызда Мұхтар Әблязовтың отбасының жағдайымен танысу үшін Алматыға арнайы келген Италия парламентінің бес өкілі Алма Шалабаевамен кездесті.

Қуғындағы олигарх, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен қызы Алуамен жүздесіп, хал-жағдайын білуге Қазақстанға арнайы келген Италия парламентінің бес өкілі сенбі күні олармен Алматыда кездесті. Бұл туралы жексенбі күні Азаттық тілшісіне бес италиялық депутаттың бірі Манлио Ди Стефано хабарлады.

- Біз Алма Шалабаева ханым және оның қызы Алуамен кездесіп, қазіргі жағдайларымен таныстық. Оның көңіл-күйі жабырқаңқы екені байқалады, оны Қазақстанға еркінен тыс әкелгенін және жұбайының қазіргі жағдайын ескерсек бұлай болуы түсінікті, - деді Манлио Ди Стефано.

Италия парламентінің депутаты Манлио Де Стефано. Алматы, 4 тамыз 2013 жыл.
Италия парламентінің депутаты Манлио Де Стефано. Алматы, 4 тамыз 2013 жыл.
Италия парламентінің өкілдері Алессандро Ди Баттиста, Манлио Ди Стефано, Даниеле Дель Гроссо, Карло Себиллия және Эммануил Скаюзи Алма Шалабаева мен қызының Қазақстанға экстрадициялануы заңға сәйкес болмағандықтан олардың Еуропаға қайтуына шектеу қойылмауы керек деген пікірде. Олар бұл мәселені дүйсенбі күні Астанада Қазақстанның ресми өкілдерімен кездесуде көтеретіндерін жеткізді.

Сонымен бірге жексенбі күні Италия парламентінің өкілдері Алматыда қазақстандық азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті. Италия өкілдерінің 3 тамызда Алматыда Алма Шалабаевамен кездесуінен түсірген видеоны қазақстандық белсенділер интернетте жариялады.



2013 жылы 31 мамыр күні Италия полициясы Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен кәмелетке толмаған қызы Алуаны Римде тұрып жатқан жерінен ұстап, Қазақстанға депортациялаған. Кейін Италия үкіметі депортация туралы шешім заңсыз екенін мәлімдеп, бұған қатысты кінәні мойнына алған Италия ішкі істер министрлігінің лауазымды шенеунігі отставкаға кеткен. Шалабаеваны депортациялау ісі Италия парламентінде ішкі істер министріне сенім білдіру мәселесін қарауға түрткі болды.

Қазақстан үкіметі "экономикалық қылмыс жасаған" деген айыппен іс қозғап, іздеу жариялаған қуғындағы қазақ саясаткері әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовты шілденің 31-і күні Францияның Муан-Сарту қаласында осы елдің қауіпсіздік күштері ұстаған.

1 тамызда Францияның Экс-ан-Прованс қаласының прокуроры Соланж Легра Азаттыққа Әблязовты экстрадициялау мәселесі шешілгенше ол әзірше қамауда болатынын айтқан.

Мұхтар Әблязов өзіне қатысты қозғалған істердің саяси астары бар деп мәлімдеп келеді.
XS
SM
MD
LG