Accessibility links

IWPR Әблязовқа тағылған ауыр айыпты сараптады


"БТА Банк" бұрынғы төрағасы Мұхтар Аблязов. 30 наурыз 2010 жыл.
"БТА Банк" бұрынғы төрағасы Мұхтар Аблязов. 30 наурыз 2010 жыл.

Сәуірдің 12-і күні IWPR (Бейбітшілік және соғыс институты) халықаралық ұйымы қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовқа қатысты баяндама жариялады. Ұйым мамандары «Әблязовты Қазақстан үкіметінің дәл қазір теракт ұйымдастырды деп айыптауының түпкі себебін» зерттеп көрген.


IWPR ұйымының баяндамасында Қазақстан прокуратурасының «наурыздың 28-і күні Алматы қаласында Әблязовтың көмекшілері жарылыс жасамақ болды, «күдіктілердің біреуі жарылыс белгіленген уақытқа 4 күн қалғанда полицияға өзі келіп берілді» деп мәлімдегені, бірақ «дәлелсіз айыптаулар көбейген сайын халықтың үкіметке сенбейтін жағдайға жеткені» жазылған.

«ЖҰРТ НАЗАРЫН БАСҚА ЖАҚҚА АУДАРУ»

Ұйым мамандарының пайымдауынша, «Әблязовты айыптаудың басты себебі – оның Қазақстандағы оппозициялық топтармен және жергілікті БАҚ-пен тығыз байланысы».
IWPR халықаралық ұйымының конференциясы. Ирак, 5 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
IWPR халықаралық ұйымының конференциясы. Ирак, 5 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

IWPR ұйымының баяндамасында «Қазақстан үкіметі осындай айыптармен халықаралық қауымдастық алдында Әблязовтың абыройына нұқсан келтіруді көздейді және «бейбіт халыққа қауіп төнді» деп дабыл қағу арқылы, 14 адам қаза тауып, 100-деген адам жараланған Жаңаөзен оқиғасынан жұртшылықтың назарын басқа жаққа аударғысы келеді» деп жазылған.

Осы іске қатысы бар деп айыпталған адамдардың аты-жөндері аталып, «Әблязов тікелей айыпталмаса да, арызда ең басты ұйымдастырушы ретінде көрсетілгені» айтылған.

IWPR баяндамасында Әблязовтың және бірқатар қазақстандық мамандардың пікірі келтірілген (баяндамадағы мамандар пікірі қысқартылды – ред.): «Әблязов наурыздың 9-ы күні «Республика» сайтына берген сұхбатында өзіне тағылған айыпты «негізсіз» дейді.

Осы аралықта үкіметке бағынышты БАҚ кейбір күдіктілердің тергеліп жатқаны жайлы хабарлап, "олар мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған" деген ақпарат таратқан.

Әблязов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «Бұл әрекеттер менің президент Назарбаев жайлы құпия болып келген ақпараттарды таратпауым үшін жасалып жатыр» деп мәлімдеген. «Әблязовтың көмекшілері теракті жасамақ болды» деген ақпарат жарыққа шыға салысымен президент кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев «Әблязов қоғамда жаппай толқу туғызып, төңкеріс жасамақ болды» деп сұхбат берді».

«АЙҒАҒЫ ЖОҚ АЙЫПТАУ»

IWPR бұл құжатқа тәуелсіз саясаттанушы Расул Жұмалының «Біздің қауіпсіздік қызметі расында да террорлық актінің алдын алса, олар құрмет пен мақтауға лайық. Бірақ олар жарылғыш заттың болғанын дәлелдейтін айғақтарын көрсетсе жақсы болар еді» деген пікірін қосыпты.
Үкімет Әблязовтың үстінен арыздарды көбейтсе де, оның Қазақстандағы ықпалдарына тосқауыл қоя алмай жатыр.
IWPR баяндамасынан.

Ұйым «Үкімет Әблязовтың үстінен арыздарды көбейтсе де, оның Қазақстандағы ықпалдарына тосқауыл қоя алмай жатыр» деген қорытынды жасайды.

Осы ретте IWPR «мемлекеттік емес қоғамдық ұйымының төрағасы» Виктор Ковтуновскийдің «Үкімет бір оқпен екі қоян атқысы келіп отыр. Біріншіден, Жаңаөзен оқиғасын біреуге аудара салады. Екіншіден, осыны пайдаланып, оппозицияны тұқыртып алғысы келеді» деген пікірін берген.

Ковтуновскийдің пікірінше, «Жаңаөзен оқиғасынан соң халықаралық ұйымдар алдында Қазақстанның беделі түсіп кетті. Енді үкімет бұрынғы абырой-беделін қалпына келтіру үшін оқыс оқиғалар ойлап тауып, өзімен-өзі жанталасып жатыр».

«ХАЛЫҚ ӘБЛЯЗОВТАН ҚАУІПТЕНБЕЙДІ»

IWPR зерттеуінше «халықтың басым бөлігі «Әблязов ұйымдастырды» дейтін терактілерден аса қатты қауіптенбейді». Баяндамаға пікірлері енгізілген қазақстандық мамандардың айтуынша, «осындай оқиғалардан соң халықтың көбі үкіметке сенбейтін жағдайға жеткен». Олардың ойынша, «Қазақстандағы саяси оппозиция да елдегі тұрақтылыққа мүдделі».
Жаңаөзен оқиғасынан кейін беделі түсіп кеткен ҰҚК мен билік органдары президенттің алдында ұпай жинау үшін осындай әрекеттерге барып отыр

«Мұндай қатал қадамдарға әдетте елге сырттан келген экстремистік топтар мүдделі болады. Тіпті діни радикализмнің өзі үкімет қысымды күшейткенде ғана белең алады» дей келе, IWPR Қазақстанда соңғы жылдары «экстремистік қадамдарға баруға мәжбүр болған діни топтарды» мысалға келтіріпті.

Баяндамада Ковтуновский «Жаңаөзен оқиғасынан кейін беделі түсіп кеткен ҰҚК мен билік органдары президенттің алдында ұпай жинау үшін осындай әрекеттерге барып отыр. Іштегі жағдай шиеленіскен кезде бар проблеманы тек сыртқы факторларға тели беру - Қазақстанның басты қателігі. Жағдайды реттеу үшін проблеманы өзімізден іздеуіміз керек» деген пікір айтқан.
XS
SM
MD
LG