«Журналистер қауіп-қатерде» қоғамдық қоры басқармасының төрағасы 61 жастағы Рамазан Есіргепов мамырдың 14-і күні Алматыдан шыққан жолаушылар пойызымен Жамбыл облысындағы Шу қаласына жете бергенде шабуылға ұшырады. Біреу оған пышақ сұғып, ауыр жарақаттаған. Әріптестерінің айтуынша, Есіргепов «БТА Банктен ұрланған ақшаны газет арқылы заңдастырмақ болған» деген айып бойынша қазір Алматының тергеу абақтысында отырған оппозициялық журналист Жанболат Мамайдың ісі туралы, сонымен бірге кезінде сотты болған өзін ақтауға қатысты БҰҰ адам құқығы комитеті негізді деп таныған, бірақ Қазақстан соты қанағаттандырудан бас тартқан шағымы жөнінде Еуропа одағына мүше кей елдердің елшілері мен халықаралық сарапшыларға жолығып, сөйлесу үшін Астанаға кетіп бара жатқанда зардап шеккен.
«Журналистер қауіп-қатерде» қорының директоры Розлана Таукина әріптесі Рамазан Есіргеповке әлдекім пышақпен шабуылдағаны туралы суыт хабарды таңсәріде естігенін айтады. Оның сөзінше, осының қарсаңында, сенбі күні кешке Алматыдан Астанаға шығар алдында Есіргепов оған телефонмен хабарласқан.
- Таңғы сағат бес шамасында біреу оның ұялы телефонынан маған хабарласып, «Рамазанды пышақтап тастады» деп қана айтты. Телефон соғып едім жауап бермеді. Сағат сегізге қарай пойыз Шуға жетіп, Есіргеповке жедел жәрдем мен полиция шақыртқаннан кейін өзін Шу қаласы полициясының тергеушісімін деп таныстырған бір адам маған телефон соғып, Есіргеповке қандай жақындығым бар екенін сұрады, оның әріптесі, журналист екенімді естіген соң тұтқаны тастай салды. Қайта телефон шалғанымда тұтқаны көтерген тергеуші «барлығы жақсы, Рамазан жанымда отыр» деп жауап берді, - дейді Розлана Таукина.
Таукинаның сөзінше, Рамазан Есіргеповке Шу қаласындағы ауруханада операция жасалғанын ол тараздық құқық қорғаушы Руслан Халидовтың көмегімен білген. Азаттық сөйлескен құқық қорғаушы Руслан Халидов жексенбі күні таңертең құқық органдарындағы дереккөздер оған ішіне пышақ сұғылған Рамазан Есіргеповке Шу ауруханасында операция жасалып, науқастың реанимация бөлімінде жатқанын растағанын айтып берді.
Азаттық хабарласқан Шу ауруханасы қабылдау бөлімінің медбикесі Айгүл Рахманова бүгін таңертең ауруханаға түскен Рамазан Есіргеповтің операциядан кейін реанимация бөлімінде жатқанын, оның денсаулық жағдайы "тұрақты ауыр" екенін ғана айтып, басқа ақпарат беруден бас тартты.
Рамазан Есіргеповтің ұлы Алматыдан Шуға жолға шыққан. Туыс-туғандары мен дос-жолдастары жуық арада Есіргепов жайлы толымды ақпарат болып қалар деп үміттеніп отыр.
«Біз Рамазанның шабуылға ұшырағаны туралы Facebоok әлеуметтік желісінде жаздық. Бізбен Шу тұрғындары байланысқа шығып, Есіргеповтің халін білу үшін ауруханаға барды. Аурухана қызметкерлері өздеріне жергілікті билік өкілдері науқастың денсаулығы туралы ешкімге ештеңе айтпау туралы бұйрық бергенін жеткізіпті. Біз енді Рамазанның жағдайы қалай екен, қан, дәрі-дәрмек қажет емес пе екен деп уайымдап отырмыз» деді Азаттыққа Розлана Таукина.
Шу станциясындағы желілік ішкі істер бөлімі өкілдері жергілікті ақпарат агенттіктеріне полицияның бұл оқиға бойынша тергеу ісін бастағаны туралы хабарлаған.
Жамбыл облыстық және Шу аудандық ішкі істер мекемелері Азаттық сұрақтарына жауап бермеді. Шу станциясы желілік ішкі істер бөлімі Азаттыққа бұл оқиға жайлы сұрақтарды Астанадағы ішкі істер министрлігіне қоюға кеңес берді. Жексенбі күні ішкі істер министрлігі баспасөз қызметімен байланысу мүмкін болмады.
Тәуелсіз "Алма-Ата Инфо" газетінің бас редакторы болған Рамазан Есіргепов 2009 жылы 8 тамызда Тараз қалалық сотының үкімімен "мемлекеттік құпияны жариялады" деген айыппен үш жылға сотталып, жаза мерзімін түрмеде толық өтеген.
Өзіне тағылған айыпты мойындамай, кәсіби қызметімен ғана айналысқанын, өзін "саяси мақсатпен ғана" соттағанын айтқан Рамазан Есіргеповтің Қазақстанның жоғары сот инстанцияларына жазған шағымдары қанағаттандырылмаған. Есіргеповтің шағымын қараған БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеті Қазақстанда оның ісі қаралған кезде сот әділдігі талаптары бұзылғаны туралы шешім шығарған. Былтыр күзде Жамбыл облыстық қылмыстық істер бойынша соты Рамазан Есіргеповтің өзіне қатысты жеті жыл бұрын шыққан айыптау үкіміне берген шағымын қанағаттандырмай тастаған.
Журналист Рамазан Есіргепов түрмеде отырған кезде Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы оған Хеллман - Хаммет сыйлығын берген.