23 жастағы Алена Шатц Прага қаласына төрт жыл бұрын Алматыдан келген. Ол Прага халықаралық университетінің психология факультетінде оқиды, ал сабақтан бос кезінде әуесқойлар театрының қоюшы режиссеріне айналады.
Алена екі жыл бұрын пъеса жазып, пікірлестерін жинаған. «Салауатты қоғам» деген алғашқы спектальден кейін «Кіріңіз, жабық» және «Арманшылдар ұлты» деген қойылымдарын сахналаған. Қазір «Ұйқы қашқан» деген жаңа спектакль дайындап жатыр.
Алена Шатц Алматыдағы политехникалық коллеждің 3-курсында оқып жүргенде «Ескі жыл» және «Араласу» фильмдерінің түсіріліміне қатысып, Creative Studio журналистика және режиссура мектебінде сценарий жазудың қыр-сырын үйренгенін айтады.
Театр ашу жөніндегі көптен бергі арманы Прагада іске асқан. Оның труппасындағы 22 адамның 16-сы тұрақты негізде жұмыс істейді. Көбі – ішкі еркіндікке ұмтылған әуесқой актерлер, постсоветтік елдерден келіп, Чехияда оқып жүрген студенттер. Труппа спектакльдері – орыс тілінде. Топ Прагадағы Ресей ғылым мен мәдениеті орталығының сахнасын жалдайды.
Алена Шатц драматургиясының сипаты мүлде ерекше. Ол көбінесе комедиялық абсурдқа дейін жеткізілген драма жанрында жұмыс істейді. Труппасындағы әуесқой актерлер қоғамның жеңіл-желпі көрінетін проблемаларын шешіп, жұртқа қоршаған ортаға көңіл бөлуді, болмашы дүниенің өзіне қуанудыүйреткісі келеді. Труппа мүшелері «жұртқа өзіңнің жүріс-тұрысыңды, мына әлемге деген көзқарасыңды бақылаудың, әрекет-қылықтарың мен өмірің үшін жауапкершілік арқалай білудің қандай маңызды екенін көрсетеміз» дейді. Ресейдің Қорған қаласынан келген студент, би жаттықтырушысы Артем Грибанов:
- Жұрт адам сияқты өмір сүрсе дейміз. Бәріміз сүреңсіз күндерге шырмалып, өмір қадірін білмейтін, сүйкімділігін сезбейтін болып барамыз. Спектакльдеріміз көрерменді эмоцияға бөлейді әрі мүлде қарапайым дүниелерге қатысты маңызды мәселелер жайлы ойлануға жетелейді, – дейді.
«Ұйқы қашқан» жаңа спектакльі төрт би мен төрт репликадан тұрады. Билер ішкі түйсікке негізделген әрі бишінің эмоциясын көрсететін қимылдардан тұрады.
Алёна Шатц театрындағы репетиция видеосы:
Алматылық бойжаткен Дания Бадтретдинова да осы театрда би қоюмен айналысады. Ол Чехияға әуелі тіл үйрететін курсқа келген, қазір Прагадағы агротехника университетінде оқиды, хореография және ритмикамен шұғылданады. Дания «театр труппасындағы жұмысым бойымдағы қабілеттерді ашып, дамытуға көмектеседі, көңілім жайланады» дейді. Ол болашақ режиссері Алена Шатцпен тренингте танысқан.
- Труппаның әр мүшесі бар өнерін салып ойнайды. Қыздар мен жігіттер әр қимылды мұқият ойластырып, биге мұқият жаттығады, репликалар мен монологтарды жаттайды, сондықтан спектакльдеріміз сапалы болып шығады. Студенттер бар ынтасымен ойнап, көрермендермен жағымды энергиямен бөліседі, – дейді Дания Бадтретдинова.
Труппа халықаралық фестивальдерге қатысқысы келеді әрі жаңа актерлерді шақырып, өзге тілдерде спектакль қоюды жоспарлайды.