Accessibility links

Жалғыз қызынан айырылған ана айыпкерлердің жазасын қатаңдатуды сұрайды


Оңтүстік Қазақстан облыстық соты. Шымкент, 10 желтоқсан 2010 жыл.
Оңтүстік Қазақстан облыстық соты. Шымкент, 10 желтоқсан 2010 жыл.

Шымкентте қатыгездікпен өлтірілген 7 жасар қыздың туыстары облыстық соттың үкімімен келіспей, екі айыпкерді өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрайды. Ал бірі – 20 жылға, екіншісі 25 жылға түрме жазасына кесілген екеу кінәсіз екендерін айтып отыр.


Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының Элман Велиевті 25 жылға, Максим Старченконы 20 жылға қатаң тәртіптегі түрме жазасына кесу туралы шығарған үкімімен жәбірленуші тарап келіспей отыр. Қатыгездікпен өлтірілген кәмелетке толмаған қыз баланың туыстары айыпкерлерді өмір бойы бас бостандықтарынан айыруды сұрап, наурыздың 2-сі күні апелляциялық шағым берді.

ҚЫЛМЫС

Бұл қылмыс былтыр тамыздың 9-ы күні кеші сағат жетілер шамасында Шымкент қаласындағы жатақханалардың бірінде жасалған.

Тергеу қорытындысында әкесінің үйінде Максим Старченкомен бірге спирттік ішімдік ішіп отырған Эльман Велиевтің аулада ойнап жүрген өгей қызының құрбысы – 7 жастағы Г.-ны алдап-сулап үйге кіргізіп алғаны, содан кейін есікті тарс бекітіп, баланың аузын қолдарымен жауып, екеуінің кәмелетке толмаған қызды зорлағаны анықталғаны жазылған.

Қиналған қыздың шырқыраған дауысын көршілері де естіпті.

– Мен жануардың дауысы ма деп ойладым. Адамның даусына ұқсамайтындай болды. Есігін қағып ем, Эльман есікті жартылай ашты да, өгей қызымен ұрсысып жатқанын айтты. Есікті жапты да, «Настя, шық!» деп айқайлады. Сосын бірден тыныштала қалды, – дейді сотқа куәгер ретінде қатысқан Болат Естурлин.

Біршама уақыттан соң қызын іздеп шыққан анасы оны үй маңынан таба алмаған.

– Сол күні кешкі сағат жетілерде әпкем Г.-ны тамаққа шақырып іздеп таппаған. Таңертең полицияға барған. Тек үш күннен кейін ғана оның денесін үй маңындағы арықтан тапты, құрттап кетіпті. Тек киімінен ғана таныдық. Олар қатаң жаза алмайынша жанымыз тыныштық таппайды. Әпкем әлі есін жия алмай жүр. Жалғызынан айрылған жаман ғой. Жұбата алмаймыз оны, – дейді Г.-ның нағашы әпкесі Мәлика Құрбанова.

Зияда Құрбанова қызының мәйітін қылмыскерлер үш күн бойы басқа жерде сақтаған деген күдігін айтады. Өйткені полиция әлгі арықты бірнеше рет қарап шығыпты.

Шымкент полициясы осы қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде тамыздың 12-сі күні 26 жастағы Эльман Велиев пен 27 жастағы Максим Старченконы ұстады. Екеуі де еш жерде жұмыс істемейді.

Ал қылмыс жасалған күні пәтердің иесі, Эльман Велиевтің 67 жастағы
Адвокат Абай Бейсенов облыстық сот ғимараты алдында. Шымкент, 10 желтоқсан 2010 жыл.
әкесі жұмысында – қаладағы дүкендердің бірінде қарауылдық кезекшілігін атқарыпты.

2010 жылы қыркүйектің 2-сі күнгі Шымкент калалық сот-медициналық сараптамасында көзі тірісінде қызбен жыныстық қатынас жасалғаны, денесі мен бас сүйегі бірнеше жерден қатты зақымданғаны жазылған. Сонымен бірге сарапшылар мәйіттен табылған шәуеттің қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген екі ер адамдыкімен сәйкес келетінін анықталғаны туралы қорытынды жасаған.

– Бұлар кішкентай қызды сау жерін қалдырмай айуандықпен зорлаған соң басын балғамен жарып, өлі денесін сөмкеге тығып, түн болғанда үйдің маңындағы арыққа апарып тастағанын тергеу толық дәлелдеді. Мәйіттің құрттап кеткеніне қарамастан, сараптама жұмыстары толықтай өткізіліп, дәлел тапты, – дейді жәбірленушінің қорғаушысы Абай Бейсенов.

Сот-психиатриялық сараптау қорытындысы екі күдіктінің де ақыл-есі түзу екенін анықтады.

ЖАЗА

Күдіктілерге қарсы Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыптар тағылды. Заңда «топ болып адам зорлау» және «кәмелеттік жасқа толмаған баланың қорғансыздығын пайдаланып зорлау» қылмыстары бойынша 20 жылға дейін, ал «қатыгездікпен адам өлтіргені» үшін өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін жаза беру көзделген.

Ақпанның 22-сі күні Оңтүстік Қазақстан облыстық соты Элман Велиевті 25 жылға, Максим Старченконы 20 жылға қатаң тәртіптегі түрме жазасына кесу туралы үкім шығарды. Сот ол екеуін кәмелеттік жасқа толмаған қыз баланы азаптап өлтіргені үшін айыпты деп таныды.
Қатыгездікпен өлтірілген жеті жасар қыздың әжесі Қалима Құрбанова. Шымкент, 10 желтоқсан, 2010 жыл.
Алайда қылмыскерлер қолынан көз жұмған қыздың анасы мен әжесі бұл үкімге қанағаттанбады.

– Менің немеремді осыншама қорлықпен өлтіргендер ертең 10-15 жылда тайраңдап түрмеден шығып жүре ме? Менің қызым қазір жүрек дертіне ұшырады. Төсек тартып тұра алмай жатыр. Өмір сүргісі келмейтінін айтады. Мен енді қызымнан да айрылуым керек пе? Біз қызымызды қорлықпен өлтіргендерді көргіміз келмейді, – дейді қастандық құрбаны болған бүлдіршіннің әжесі Қалима Құрбанова.

Облыстық соттың айыпталғандардың жазасын ауырлататын «жайттар анықталмаған» деп тануына жәбірленуші тараптың қорғаушысы Абай Бейсенов қарсы уәж айтады.

– Сот олардың бұрын-соңды сотты болмағанын ескерді және сотталушылардың жазасын ауырлататын мән-жай анықталмаған деп тапты. Біріншіден, бұл топ болып жасалған қылмыс. Екіншіден, қылмыс мас күйінде жасалған. Осының өзі жазаны ауырлататын жайттарға жатады. Олардың адам аузы бармайтын қылмысты өз қолдарымен жасағандары сотта толық дәлелін тапты, – дейді қорғаушы Абай Бейсенов.

Жабық өткен сотта Эльман Велиев те, Максим Старченко да өздерінің кінәсіз екендігін айтып, айыптарын мойындамаған. Сот үкіміне олардың атынан апелляциялық шағым түсірмекші болып отырған адвокаттары Азаттық тілшісімен сөйлесуден бас тартты.
XS
SM
MD
LG