Қазанның 3-і күні Астананың Есіл ауданындағы №2 сотында Қазақстан журналистер одағының жетекшісі, Ұлттық баспасөз клубының президенті Сейітқазы Матаев пен оның ұлы ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаевтың ісі бойынша сот үкімі оқылды.
Сот үкімін тыңдауға 15-20 БАҚ өкілдері, саясаткерлер, азаматтық белсенділер, жиыны ондаған адам келді. Залға судья Ақболат Құрмантаев кіргенше журналистер Сейітқазы Матаевқа сұрақтарын қойып жатты. Матаев бұл соттың "спектакль" екенін айтты.
Бірнеше минуттан кейін кірген судья жарты жылдан артық уақыт жүрген істің үкімін бес минуттай уақыт оқыды. Сейітқазы Матаевқа қылмыстық кодекстің 245-бабы 3-тармағы және 190-бабы 4-тармағы бойынша алты жыл бас бостандығынан айыру үкімі шықты. Үкімде Сейітқазы Матаев жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтіні айтылды.
Сейітқазы Матаевтың ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаевқа сот қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-тармағы бойынша бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Үкімде Әсет Матаевтың жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтіні айтылды.
Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне - 169 миллион теңге, "Қазақтелеком" компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болды. Бұдан өзге, үкімде Матаевтардың жылжымайтын мүліктері (бірнеше пәтер мен жер телімдері), бірнеше көліктері тәркіленетіні айтылды.
Азаттықтың сот залынан жүргізген трансляциясы:
Үкімді оқып болғаннан кейін залдағы қоғам өкілдері наразылықтарын "Масқара!" деп айғайлап білдірді. Көңілі босаған туыстарына әкелі-балалы Матаевтар «мықты болыңдар, оларға мүмкіндік бермеңдер» деген кеңестер беріп жатты. Сейітқазы Матаев жиналған жұртқа:
- Бізді аяудың, ұлымды мүсіркеудің қажеті жоқ. Біз өзімізді кінәсіз санаймыз. Мен әрқашан айтып келемін - Қазақстанда басқаша ойлайтындар болуы керек. Олар болмаса, демократия да болмайды. Өзімді оппозиционер санамаймын. Бірақ қандай жағдай болмасын, әділетті жақтап келемін, - деді.
Әкелі-балалы Матаевтарды сот залынан тұтқындап алып кеткеннен кейін олардың адвокаты Мәдина Бакиева "15 күннің ішінде үкімге қарсы шағымданатындарын" мәлімдеді.
- Астана қалалық сотына, жоғарғы сотқа, БҰҰ адам құқықтары комитетіне дейін шағымданамыз. Олар кінәсіз. Олардың кінәсіз екенін дәлдедейтін құжаттардың барлығы іске тіркелген, - деді.
СЕЙІТҚАЗЫ МАТАЕВТЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ МЕН ОДАН КЕЙІНГІ ДАУ
Қыркүйектің 27-сі күні «қаржы жымқырды» және «салықтан жалтарды» деген айып тағылған Сейітқазы Матаев соттағы соңғы сөзінде "Қазақстан журналистер одағы, ұлттық баспасөз клубы, ҚазТАГ ақпарат агенттігіне тексеру арқылы қысым жасаған адамдар» ретінде Нұрлан Нығматуллин мен Талғат Татубаевты да атаған еді.
Сейітқазы Матаев "Президент әкімшілігінің жетекшісі Нығматуллин маған ультиматум қойды. Біріншіден, айыпты мойындап, тергеумен келісуім керек; 65-бап бойынша өтінішке қол қоюым керек; екіншіден, "келтірген шығын" деп отырған 600 миллион теңгені қайтаруым керек; үшіншіден, брифинг өткізіп кінәмді жария түрде мойындауым керек екен", "ол президент әкімшілігінде кездескенде маған "ҚазТАГ-ты берсең, бәрін тоқтатамыз. Істі қысқартып, қылмыстық жауапкершіліктен босатамыз. деді. Бірақ Алматыдағы ғимараттар мен "Журналистер үйін" тәркілейтіндерін айтты" деген еді.
Ал әкесімен бірге айыпталған ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев "Мен ешқандай жаза мерзімінен қорықпаймын. Айыпты емеспін. Әкем де, шешем де – журналист. Біз өткір мәселелерді айттық. Мұның барлығы – рейдерлік, аузымызды жабу. Бізге жабылған айыптарға күлкім келеді. Біресе 450, біресе 350 миллион теңге дейді. Мұның барлығы – жала" деп мәлімдеген болатын.
Қыркүйектің 28-і күні Нұрлан Нығматуллин Парламент ғимаратының ішінде өзін аңдыған журналистерге жауап бермей кетті.
ВИДЕО: Матаевтың айыптауына Нығматуллинның жауабы
Бір күн өткеннен соң ол Сейітқазы Матаевтың сөзін жоққа шығарып, "Матаев істі саясиландырмақ" деп мәлімдеді. Ал Татубаев "Матаевты тексеру ісі заңға сай болғанын", "ешбір тапсырыс болмағанын" айтқан.
Қыркүйектің 29-ы күні жұмыс сапарымен Ақтөбеде жүрген Қазақстан бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко Матаевтардың мәлімдемесін «қорғану тәсілі» деп бағалады.
- Матаев қана емес, кез келген адам сот алдына келгенде және оны қылмыс жасады деп айыптаған кезде қорғанудың түрлі тәсілдерін қолданады. Мен Матаевтың соңғы мәлімдемесін тап осылай қабылдадым. Бұл адамның ісін қазір сот қарап жатыр. Сондықтан бұл мәлімдеменің қылмыстық іске қаншалықты қатысы барын сот шешуі тиіс. Мүмкін осы мәлімдемеден соң қылмыстық іске қатысты қосымша іс-шаралар алынар, мүмкін қылмыстық іс қозғалар, ол жағын сот шешетін болады. Мен заңгер ретінде сотқа қысым жасалмауы керек деп санаймын - деген еді бас прокурордың орынбасары.
АЙЫПТАУШЫЛАР АЙТҚАН МИЛЛИОНДАР
Сейітқазы Матаев биыл ақпанның 22-сінде ұсталған. Наурыздың 28-інде оның ұлы Әсет Матаев та үйқамаққа алынған.
Бұл қамаулардың себебін түсіндірген Қазақстанның антикоррупциялық қызметі «ҚазТАГ агенттігі мен ұлттық баспасөз клубының мемлекеттік саясатты ақпарат арқылы таратуға және басылымдарда материал басу үшін ақпараттандыру комитеті мен «Қазақтелеком» компаниясына бөлінген 300 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырғаны анықталды» деп хабарлаған.
Тергеу орындары оларға «қаржы жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген айыптар таққан. Тамыздың 23-інде басталған сот процесі барысында Матаевтар өздеріне қысым жасалып жатқанын мәлімдеп, тағылған айыптарды жоққа шығарған. Осы күні тиісті органдар Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубының ғимаратын да бұза бастады.
Прокурор судьядан Сейітқазы Матаевты 6 жыл 8 айға, Әсет Матаевты 6 жылға соттауды, ақпараттандыру және байланыс комитеті мен «Қазақтелеком» компаниясына олардың шағымы бойынша 169 миллион теңге өндіріп беруді, төленбеген салық ретінде 216 миллион теңге төлетуді сұраған еді.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕАКЦИЯ
Еуропа парламенті Қазақстандағы сөз бостандығы туралы наурыздағы қарарында тәуелсіз басылымдарға жасалып жатқан қысымға алаңдаушылық білдіріп, Сейітқазы және Әсет Матаевтарға қарсы сот қудалауын тоқтатуға шақырған.
Қазанның 1-і күні Халықаралық «Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists - CPJ) ұйымы ресми Астананы Қазақстан журналистер одағы төрағасы, Ұлттық баспасөз клубы басшысы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, ҚазТАГ тәуелсіз ақпарат агенттігінің директоры Әсет Матаевқа тағылған айыптарды дереу алып тастауға шақырды.
Ұйымның Еуропа және Орталық Азия бағдарламалары жөніндегі үйлестірушісі Нина Огнянова «әкелі-балалы тәуелсіз журналистерді ұстап, оларға таққан айыптары Қазақстан үкіметінің өзін масқараға қалдырады» деген.
Матаевтарға жақтасушылар «оларды қудалаудың шынайы мақсаты – ашық диалог алаңы ұлттық баспасөз клубының қызметін шектеу, ҚазТАГ материалдарының мазмұнына жасырын түрде мемлекеттік бақылау орнату, Қазақстан журналистер одағының қоғамдық белсенділігін төмендету» деп біледі.