Қолға үйренген арқар туралы Азаттық тілшісі түсірген видеосюжет бірнеше халықаралық және жергілікті БАҚ-тың назарына ілінді. Арқарды таудан жетім қозықа күйінде тауып алып, асырап үй хайуанына айналдырғанын айтқан жаңақорғандық Қалау Әшімовтің ауласынан қазақстандық тележурналистер іле-шала кезек-кезек стэнд-ап жасап жатты.
Қазақстанда «Қызыл кітапқа» енгізілген жабайы тау жануарына «Арко» деп ат қойып, бауыр басып қалған отбасының хикаясы тек ақпарат құралдары емес, жергілікті ішкі істер бөлімінің де назарына ілінген сияқты. Азаттыққа хабарласқан Қалау Әшімов өткен жұма күні үйіне бір топ полиция қызметкері келіп, тексеріп кеткенін айтты.
- Арқардың тұратын орны мен өзімді суретке түсіріп, арқардың әкетілуі, менің үстімнен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін ескертті. Арқарды зообаққа өткізу мен үшін туған баламды жетімдер үйіне өткізгенмен бірдей, - дейді ол.
Арконың иесінің сөзінше, арқарды тексере келген қызметкерлердің бірі арнайы биологиялық сараптама жасатып, келешекте жануарды мемлекет өз қарауына алуы мүмкін екенін айтқан.
- Кішкентайында үйімнің ішінде өзіммен бірге тұрды, арқама мінгізіп өсірдім. Сол кезден қалған көптеген фото, видеолар кейін жойылып кетті. Қазір туыстарым өздерінде қалған суреттерді жинап, маған беріп жатыр. Қалай өсіргенімді [полицияға] дәлелдеуім керек шығар енді, - дейді Қалау Әшімов.
«ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛУЫ МҮМКІН»
Азаттық тілшісі Жаңақорған аудандық ішкі істер бөліміне хабарласып, жұма күнгі тексерудің мән-жайын сұрастырған еді. Ішкі істер бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Марат Смайылов бұл ақпаратты растады.
- Заңда «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарды рұқсатсыз ұстағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қалау Әшімов «арқарды кішкентайынан асырап, бағып аяушылық білдірдім дейді. Бірақ ол оның өзінің көзқарасы бойынша солай. Заң бойынша ондай сирек кездесетін аңдарды ұстап тұруға құқығы жоқ, - деді ол.
Жаңақорған ауданының прокуроры Мұрат Досмағамбетов те «арқарды үйінде ұстаған Қалау Әшімовтің ісі заңға сай келмейді» деп санайды.
- Іс әзір тексеріліп жатыр, шешім қабылданбаған. Бұл істің сотқа бару-бармауы белгісіз. Бірақ Қалау Әшімовтің арқарды асырап, баққаны ескеріледі, - деді аудан прокуроры.
Азаттық тілшісі 2010 жылы «Қазақстанның Қызыл кітабының» соңғы нұсқасын жариялаған Алматыдағы зоология ғылыми институтының мамандарымен сөйлесті. Зоология институтының ғылыми хатшысы Перизат Есенбекова «енесінен айырылған қозықаны тауып, асыраған адамды жауапқа тарту қисынсыз» деп санайды.
- Қалау Әшімов қозықаны тауып алғаны жөнінде табиғат қорғау орындарына хабарлау керек еді. Бірақ қарапайым адамдар заңның мұндай да талабы барын білмеуі мүмкін, - деді Перизат Есенбекова.
Зоология институтындағы сүтқоректі жануарларды зерттеумен шұғылданатын лабораторияның аға ғылыми қызметкері Рысбек Байдәулетов Жаңақорғандағы қолға үйретілген арқар туралы былтыр жазда естігенін, бірақ ғылыми іссапармен баруға қаржы таба алмағанын айтады.
- Қалау Әшімов арқарды бағып, адамгершілік көрсеткен. Дегенмен, әлі де болса өтініш жазып, арқарды мемлекет қарауына алуды сұрамаса, кем дегенде бір жарым мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі ықтимал, ал арқарды мемлекет заң бойынша мұнан әрі Қалау Әшімовтің отбасында қалдыра алмайды, - дейді ол.
Азаттықтың асыранды арқар Арко туралы видеосы:
ЗООБАҚҚА БЕРУ МҮМКІНДІГІ
Рысбек Байдәулетов Жаңақорғаннан шамамен 40 шақырым жердегі Қаратау бөктерінен табылған бұл арқарды табиғаты біршама жақын жерге орналасқан зообаққа берген дұрыс деп есептейді. Оның сөзінше, Арконың Шымкент зообағындағы арқарлармен үйренісуі мүмкін.
- Зообаққа берсе, өліп қалады деп қауіптенбеу керек. Себебі онда арқарға арнайы жасалған рациондары бар азық-түлік беріледі, - дейді маман.
Қалау Әшімов бұған дейін Азаттық тілшісіне арқарын келешекте уақ малмен будандастырып, жаңа тұқым алғысы келетіні туралы айтқан. Оның бұл мақсаты туралы естіген Рысбек Байдәулетов: «Әзірге арқар жас» деп жауап берді. Маманның сөзінше, «бір жасар арқардың ұрығы тұқым алуға жарамайды, тек үш жастан асқан соң ғылыми-зерттеу мақсатында ұрығын алуға болады».
Үйде ұстаудың түпкі нәтижесі не? Қасында арқар болмаса, көбеймейді, кейін бекерге өледі.
Шымкент зообағы директорының орынбасары Латифша Әлиев қолға үйретілген арқар туралы соңғы бірнеше күнде жоғарыдағы құзырлы орындар телефон шалып, хат жазғанын, «зообақ арқарды баға ала ма» деп бірнеше рет сұрағанын айтты.
- Жойылуы мүмкін жануарларды ұстап, көбейтіп, қайтадан табиғатқа жіберу міндетіміз болғандықтан, «мүмкіндігіміз бар» деп жауап бердік. Үйде ұстаудың түпкі нәтижесі не? Қасында арқар болмаса, көбеймейді, кейін бекерге өледі. Біздің зообақта екі арқар бар, бағуға тәжірибе жеткілікті, - дейді ол.
ЖАНУАРЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУШЫЛАР СӨЗІ
Алайда Азаттық тілшісі сөйлескен жан-жануарлар құқығын қорғау ұйымының мамандары «арқарды зообаққа беру арқылы құтқаруға» күдікпен қарайды. Алматыдағы жануарлар құқығын қорғау саласында жұмыс істейтін коммерциялық емес «Kare» қоғамдық қорының өкілі Юлия Коваленко бұл мәселені тереңірек зерттеу қажеттігін айтады. Азаттыққа ресми түрде жауап жазған «Kare» қоғамдық ұйымы арқарды қолға үйреткен Қалау Әшімовтің ісіне көптеген адам ерекше сүйсініп, разы болғанын, бірақ оның соңында жауапқа тарту мәселесі шыққаны өкінішті екенін білдіреді.
«Kare» қоғамдық қоры бұл мәселенің екі қырына, яғни адамгершілік жағы мен құқықтық жағына бөлек назар аудару керек деп санайды. Ұйым Азаттыққа берген жауабында: «Заң бойынша Қызыл кітапқа енгізілген жануарларды аулауға, жекеменшік зообақ немесе коллекция ұстауға тыйым салынған. Бірақ этикалық жағынан алғанда адам көмегінсіз өліп қалуы мүмкін арқардың құтқарылғаны және оның азаптау, қинаусыз асыралғаны көрініп тұр. Батыста сирек кездесетін жабайы жануарларды құтқару, табиғатқа қайта жіберіп, онда өмір сүру дағдысын қалыптастыруға арналған бағдарламалар бар. Біздің көзқарасымызша, тиімді жол – осы. Жануарлар өз болмысына жақын табиғи ортада өмір сүруі тиіс. Өкініштісі, бұл арқар жабайы табиғатқа үйрене ала ма, жоқ па -бізге белгісіз» деп жазған.
«Kare» қоғамдық қоры «құқық қорғау органдары Қазақстанда жиі кездесетін, адам қолынан неғұрлым көбірек зардап шегіп, қатыгездікпен ауланып, өлтірілетін жануарларға дәл осылай жылдам назар аударса, әлдеқайда тиімдірек болар еді» деп жазады.
Биылғы қаңтардың 27-сі күні Азаттық сайты Қызылорда облысы Жаңақорған кентінің тұрғыны Қалау Әшімовтің Қаратау беткейінде жылқы іздеп жүріп, арқардың жаңа туған қозықасын тауып алғаны, асырап-баққаны туралы видео жариялаған еді. Жүздеген мың адам көрген бұл видеоның астына арқарды асыраушы Қалау Әшімовке алғыс айтқан көптеген пікірлер жазылған.