Accessibility links

Совет әскери тұтқындарының құпиясы


Алматы облысы Ұзынағаш кентінде туған, екінші дүниежүзілік соғыста 21 жасында қаза тапқан қызыл әскер Николай Шлыков.
Алматы облысы Ұзынағаш кентінде туған, екінші дүниежүзілік соғыста 21 жасында қаза тапқан қызыл әскер Николай Шлыков.

Постсоветтік елдер билігін екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен әскери қызметшілердің тағдырына қатысты ақпаратты олардың туыстарына хабарлауға шақырды. Кейбір сарапшылардың пікірінше, әскери тұтқындардың туыстары әлі күнге дейін «олар хабар-ошарсыз кетті» деп қателеседі.

«1941-1945 жылдары немістің әскери тұтқындар лагерьлерінде болғандарды іздеу» («Поиск узников немецких лагерей для военнопленных 1941—1945 годов») деп аталатын қоғамдық негіздегі ресейлік жобаның үйлестірушісі Григорий Скворцов Ресей, Қазақстан және Беларусьте тұратын бір топ азаматтың атынан кейбір постсоветтік ел басшылығына фашистік лагерьлерде болған әскери тұтқындардың тағдырына қатысты ақпаратты құр сақтап қоймай, халыққа жеткізуге шақырған үндеу жолдаған.

Оның дерегінше, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Совет Одағының фашистік Германия басып алған территориясында әскери тұтқындарға арналған 400 лагерь болған. Орта есеппен алғанда, оккупацияланған әр облыста 17-18 лагерьден болған, ал әр лагерьде кемі 1500-2000 әскери тұтқын отырған. 1941 жылы әскери тұтқындарды сатқындар қатарына қосып, олар туралы деректерді құпиялап тастаған, ал әскери тұтқындарды «хабарсыз кеткендер» тізіміне енгізген. Фашистік лагерьлерде Совет Одағының 4 миллионға жуық әскери тұтқыны қаза тапқан. 2004-2005 жылдары мұрағаттағы құпия деректерді ашқанымен, лагерьде қаза тапқандардың 70 пайыздан көбінің туыстары олардың тағдырынан әлі күнге хабарсыз.

Мысал ретінде 1922 жылы Алматы облысы Ұзынағаш кентінде туған қызыл әскер Николай Шлыковтың тағдыры келтірілген. Ол 1941 жылдың 18 қазанында тұтқынға түсіп, 1943 жылдың 29 мамырында Польша территориясындағы ШТАЛАГ-354 лагерінде қаза тапқан.

ХАБАРСЫЗ КЕТКЕНДЕРДІ КҮТКЕНДЕР

Алматы облысы Жамбыл ауданы Фабричный кентінің 56 жастағы тұрғыны Ольга Понкратьева – фашистер лагерінде қаза тапқан Николай Шлыковтың жиені. Ол 40 жыл бұрын қайтыс болған әжесі өмірінің ақырына дейін «балам Николай тірі оралады» деп әлдебір ғажайыпты күткенін айтады.

– Тіпті кішкентай кезімнен бері ол кісі «балам тірі оралады» деп аузынан тастамайтын. Өкінішке қарай, қазір балалық шақ естеліктері ұмытылып, айтқандарының көбі есімде қалмады, – дейді Ольга Понкратьева.

Ольга Понкратьеваның тұтқында қаза тапқан немере ағасы Николайдың әке-шешесі ғана емес, өз әкесінің де қайтыс болғанына талай жыл болған.

Ольга Понкратьева. Алматы облысы Жамбыл ауданы Фабричный кенті, 28 сәуір 2015 жыл.
Ольга Понкратьева. Алматы облысы Жамбыл ауданы Фабричный кенті, 28 сәуір 2015 жыл.

– Бірақ Николай көкемнің тағдырын әжем ғана емес, 10 жыл бұрын дүние салған әкем де көзінің тірісінде білмей кетті. Ал мен мына хабарды естігенде әрі-сәрі күй кештім. Бір жағынан, әлдебір ғажапты күтіп жүргенде нағашымның қаза тапқанын, оның енді ешқашан оралмайтынын есту ауыр тиді. Майданға өрімдей жас жігіт шағында кеткен ғой. Қаза тапты деген ойды қанша жолатқымыз келмесе де, оның опат болғанын іштей сезетінбіз. Сондықтан бір жағынан ағамның денесі жер қойнына табысталғанын естіп, бір түрлі жеңілдеп қалдым, – дейді Ольга Понкратьева.

Николай Шлыковтың қаза тапқаны туралы ақпаратты Ольга Понкратьеваға Алматы облысы Жамбыл ауданы әскери комиссариаты хабарлаған. Ал комиссариатқа бұл хабар Ресейден – Григорий Скворцовтан келген.

Мұрағатта соғыс кезінде неміс тұтқынына түсіп, қаза тапқан қазақстандық өзге азаматтардың да аты-жөндері бар.

– Қазақстандық Шлыковтың аты-жөнін Ресей қорғаныс министрлігі мұрағатында жұмыс істеген кезде таптым. Мұрағатта соғыс кезінде неміс тұтқынына түсіп, қаза тапқан қазақстандық өзге азаматтардың да аты-жөндері бар. Қырғызстаннан да көптеген азаматтар бар. Соғыс кезінде немістер әскери тұтқындардың жеке деректерін ұқыпты жүргізген ғой. Шлыковтың есеп карточкасынан оның майданға қай жақтан шақырылғанын қарап, Жамбыл аудандық әскери комиссариатына телефон соқтым. Кейін есеп карточкасын сканерден өткізіп, көшірмесін электронды поштамен жібердім, бұл хабарды туыстарына жеткізуді сұрадым, – дейді Григорий Скворцов.

Оның айтуынша, фашистердің тұтқынына түскен бұрынғы совет азаматтарының кейбірі тірі қалған. Скворцовтың дерегінше, тірі қалған 800 мыңға жуық тұтқынның көбі Канада, Австралия сияқты Батыс елдерінде тұрақтап қалған. Бірақ Скворцов «олардың ішінде сатқындары мен әскери қылмыскерлер де болған, бірақ постсоветтік мемлекеттер кезіндегі Германия сияқты оларды іздеп, елге қайтарудың амалын жасамайды» деп қынжылады.

ТАРИХШЫ ПІКІРІ

Тарихшы Ғани Меңлібаевтың айтуынша, 1941-1942 жылдары неміс тұтқынына түскен қазақстандықтардың 80 пайызға жуығы «хабар-ошарсыз кеткендер» деп саналады. Оның пікірінше, сондықтан олардың тағдырын анықтау – тарихшылар ғана емес, журналистер мен қарапайым азаматтар да айналысуы тиіс бүкілхалықтық іс.

Тарихшы «бірақ бұл істе мемлекеттік органдар негізгі рөл атқаруы тиіс» дейді. Өйткені оларға мемлекетаралық ынтымақтастық орнату қиынға түспейді. Ең бастысы, мемлекет «хабар-ошарсыз кетті» деген туыстарының тағдырынан әлі күнге бейхабар азаматтардың алдындағы өз парызын орындаса болғаны. Ал тарихи әділеттілік орнатуға ешқашан кештік етпейді.

Ғани Меңлібаев кейбір зерттеушілердің «неміс тұтқынынан кейін Батыс елдерінде тұрақтап қалған совет азаматтары – сатқындар» деген уәжімен үзілді-кесілді келіспейді. «1932-1933 және 1937-1938 жылдардағы сталиндік режимнің сұмдығын көргеннен кейін тұтқынға түскен қазақтардың көбі деспоттық мемлекетке оралудан қорқып, Батыс елдерін паналауға мәжбүр болды. Оларды сатқын деп атау қазіргі заманда сталинизмді ұстануға тең болар еді» дейді тарихшы Ғани Меңлібаев.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG