Қаңтардың 25-сінде Қазақстанның бас прокуратурасы Жаңаөзенде болған әлеуметтік дағдарысқа кінәлі деп, бірқатар адамдардың аттарын айтты. Соның ішінде Жаңаөзен қаласының бұрынғы және қазіргі әкімдері аталды. Бұрынғы әкім тұтқындалды, қазіргі әкім «әшкерелеу» кезінде Ресейде демалыста жүрген болып шықты.
Бұдан бөлек, Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті мен Жаңаөзен қаласы ішкі істер басқармасының бірнеше шенеунігі қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. «Барлау Өндіріс «ҚазМұнайГаз», «Өзенмұнайгаз» және «Компания Мұнай Экология» компаниялары басшыларының бірқатарына қарсы қылмыстық іс қозғалды.
Ал Алматыда оппозициялық «Алға» партиясы мен «Халық майданы» қозғалысының лидерлері мен белсенділері де тұтқындалды. Оларды әлеуметтік араздықты қоздыруға қатысы бар күдіктілер ретінде қамап отыр. Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар ретінде бірнеше кісі айыпталды, олар негізінен ереуіл жасаған бұрынғы мұнайшылардың белсенділері.
АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Уильям Кортни қаңтардың 25-інде Вашингтонда өткен Америка-Хельсинки комиссиясының жиынында Қазақстандағы жағдай жайлы:
- Тергеу мен сот ісінің жария жүргізілгені маңызды. Әйтпесе көптеген қазақстандықтар Жаңаөзен трагедиясына кінәлі осы шенеуніктер ме, әлде лауазымы жоғарырақ адамдарды ақтап алу үшін оларды құрбан етіп отыр ма,- деп ойлауы мүмкін,- деп мәлімдеді.
Неліктен оппозиция жетекшілері мен белсенділері тұтқындалды? Жаңаөзенде болған оқиғалар бойынша айып тағылған шенеуніктер жазалана ма?
Осы мәселелер Азаттық радиосы дөңгелек үстелінің тақырыбы болды. Оған «Азат» ЖСДП оппозициялық партиясы Астанадағы филиалының басшысы Серікбай Әлібаев, «Эксперт Казахстан» журналы саясат бөлімінің редакторы Николай Кузьмин, «Журналисты в беде» ұйымының директоры Рамазан Есергепов пен қудалауға түскен бизнесмен Мұхтар Әблязов қатысты.
«ШЕШІМ ҚАБЫЛДАҒАН ҮШЕУ»
«Жергілікті шенеуніктерді қылмыстық жауапқа тартудың реті жоқ» дейді «Азат» ЖСДП оппозициялық партиясы Астанадағы филиалының басшысы Серікбай Әлібаев. Оның пікірінше, олардың орнына Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Қырымбек Көшербаев пен ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты қамап, ал бас прокурор Асқат Дауылбаевты — қызметінен босату керек.
«Назарбаевтың Аслан Мусин, не болмаса ішкі істер министрі деңгейіндегі шенеуніктерді сатып кететін күніне де жетеміз»
— Облыс әкімінің, сөзсіз, мазасы қашқан. Жеке басым оны жақсы білемін. Ол мәселені премьер-министрге де жеткізген. Бірақ оған «сен кіріспе, бұл сенің ісің емес» деген. Сондықтан бұл арада айыптылар - Тимур, премьер және Назарбаев, — деп нандырады Мұхтар Әблязов.
ОРТА БУЫННАН ШЫҚҚАН «ЖАЗЫҚТЫЛАР»
«Алға» оппозициялық партиясының лидерлері мен белсенділерін тұтқынға алу - Мұхтар Әблязовқа жасалған ескерту» дейді «Эксперт Казахстан» журналы саясат бөлімінің редакторы Николай Кузьмин. «Қазақстандағы саяси қайшылықтың идеологиялық емес, дербес сипаты бар» дейді Кузьмин Назарбаев пен Мұхтар Әблязовтың оппоненттеріне мегзейтінін айтып.
«Кінәлілер көбейгенде болған жағдайға байланысты нақты адамдарға кінә арту аса қиын» дейді Николай Кузьмин. Сондықтан билік «кінәлілерді орта буыннан іріктіп алуға мәжбүр».
«Журналисты в беде» ұйымының директоры Рамазан Есергепов Жаңаөзенде болған трагедияға қатысты жауапкершілікті президент әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин, Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Қырымбек Көшербаев, ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен бас прокурор Асхат Даулыбаев көтеруге тиіс екенін айтты.
Мұхтар Әблязов «Назарбаев ереуілдеген жұртты біреу алдап-арбап жұмсап отыр деді, бірақ оның өзін бәрі алдай береді» деп мәлімдеді.
— Егер Назарбаевтың қару қолдануға деген тікелей тапсырмасы болмаса, дәл 16 желтоқсанда, яғни тәуелсіздік күні қару қолдану туралы ешкім де, соның ішінде Аслан Мусин де шешім қабылдай алмайды, - деді Мұхтар Әблязов.
Оның ойынша, кінәлілерді тағайындап қойған. Әрі бұл - кінәлілерді Назарбаев жүйесінде қызмет етушілер арасынан іздестірудің алғашқы сатысы ғана. Әблязовтың сөзіне қарағанда, елде наразылық артқан сайын, Жаңаөзен оқиғасы жайлы деректер көбейген сайын «кінәлілердің шені де соғұрлым жоғары болады».
«Назарбаевтың Аслан Мусинді немесе ішкі істер министрі деңгейіндегі шенеуніктерді сатып кететін күніне де жетеміз» деп болжам жасайды Мұхтар Әблязов.