Колумбия журналисі, "Тәуелсіз журналистика бойынша ашық қоғам" бағдарламасының жетекшісі (Open Society Program on Independent Journalism) Мария Тереза Рондерос елде азаматтық соғыс жүріп жатқан кезде зерттеу журналистикасымен айналыса бастаған.
Ол кезде үкімет бір жағынан есірткі саудасымен айналысатын Пабло Эскобарға бағынатын Медельиндегі ең ықпалды қылмыстық топпен күресті. Екінші жағынан өздерін Колумбияның революциялық қарулы күштері деп атаған солшыл-радикал халық армиясын күшпен басып отыруға тиіс болды. Колумбияда есірткі, қару сатумен айналысатын, адамдарды ұрлап, ақша талап ететін түрлі қылмыстық топтар өте көп болды, рэкет пен терроризм белең алды, қылмыстық топтар арасындағы тартыс күшейді.
Азаттық: Журналистикаға қалай келдіңіз?
Мария Тереза Рондерос: Университет бітірген соң Аргентинаға кеттім, сол жақта журналистикамен айналыса бастадым. Әскери хунтаның (1976-1983 жылдары Аргентинада "Лас соғыс" деген атпен белгілі қақтығыс кезінде әскерилер билікті қолға алып, халықты жаппай қуғындады, ондаған мың адам зардап шегіп, опат болды – ред.) енді құлаған шағы еді. Адамдар қуанып, көшеге шығып, сөз еркіндігіне сенім пайда бола бастаған тамаша кез еді…
Азаттық: Кейін Колумбияға оралдыңыз ғой …
Мария Тереза Рондерос: Иә, 1980-жылдардан кейін келдім. Пабло Эскобар (есірткі саудасымен айналысқан колумбиялық қылмыскер-ред.) түрмеден қашып шығып, журналистерге, тұтас қоғамға қарсы "соғыс аша бастады". Қарсы шыққандарды аямай қырды. Мен ол кезде телеарнада істедім, елдегі жағдай туралы репортаждар әзірледік. Әрине, қауіпті болды, телевизия станциямызда үнемі күзет тұрды.
Бір күні түнде күзетші қоңырау шалып "Жаңа ғана бізді жармақ болды, бірақ оларды қуып жібердік" деді. Сондай сұмдық заман еді… Кейін Эскобарды ұстады, оның ықпалы әлсіреді. 1991 жылы жаңа Конституция қабылданды. Адамдар соғыс аяқталады деп сенді, тіпті қарулы партизан топтарының бірі қаруын тастап, "енді ұрысқа араласпаймыз" деп уәде берген еді.
Азаттық: Елде тәртіпсіздік орнаған шақта қылмыстық топтар мен үкіметтің қарым-қатынасы қандай болды?
Мария Тереза Рондерос: Ол кезде Колумбияда түрлі қарулы топтар мен саяси күштер өте көп болды – Эскобар дейсіз бе, ультра-солшылдар, ультра-оңшылдар, орталық күштер... Кей қарулы топтар билік құрылымдарымен астыртын байланыс орнатты. Осылайша есірткіні экспортқа шығарып, одан түскен ақшаны Эскобар топтарымен күресуге жұмсады. Үкімет оларды "жақсы есірткі сатушылар" деп атады, себебі олар зұлым топтармен соғысты.
Азаттық: Осындай шиеленіс кезінде журналистер қалай жұмыс істеді? Медиаға жан-жақтан қысым болған шығар?
Мария Тереза Рондерос: Ол кезде БАҚ соғыс алаңына айналды. Расымен де өзімізді соғыста жүргендей сезіндік. Билік пен Эскобар тобының қақтығысы кезінде 52 журналист қаза тапты. Мысалы, El Espectador тәуелсіз газетінің директоры газет кеңсесін жарған кезде опат болды. Журналистердің көбі елден қашып кетті, кейбіреулерін ұрлап әкетті. Көтерілісшілер журналистерді жиі ұрлап, өздерінің ісі дұрыс екенін дәлелдеуге тырысатын. Еліміздегі әр газеттің өз трагедиясы бар. Айта кетерлігі, сол кездегі БАҚ-тың көбі колумбиялық тәуелсіз отбасыларға тиесілі еді.
Азаттық: Сіз "сицилиялық отбасылар" сияқты қылмыстық құрылымды меңзеп тұрсыз ба?
Мария Тереза Рондерос: Жоқ, адал, жақсы, дәулетті отбасыларды айтып отырмын. Олар өте батыл адамдар болатын. Қаржыларын қарулы топтармен күресуге жұмсады. Әрине, ол қиын кезең еді, бірақ оның да жақсы жағы болды. Мысалы, сөз бостандығын қорғау қорын құруға Габриэль Гарсиа Маркестің өзі мұрындық болды, редакторлар мен журналистер негізін қалады.
1990 жылдардың соңы – 2000 жылдардың басында мен сол ұйымға президент болдым. Дәл сол кезде соғыс басқаша бетбұрыс алды – Колумбияда адамдарды топтап ұрлап, өлтіре бастады, бірақ сондай жағдайда да жұмыс істедік. Бүкіл елде ерікті журналистер желісі құрылды, оларға біреу қысым жасаса, үкіметке айтып, журналисті қорғауға мәжбүрлейтін едік.
Ең бастысы, ұйымдасып, тәртіппен жұмыс істедік. Мысалы, мафиялық құрылымға кіретін бір әйелдің оқиғасын айтайын. Ол туралы жазу өте қауіпті болатын, сол кезде журналистер желісі іске кірісті. Әркім өзінше ақпарат жинады. Жеткілікті материал жиналған соң оны біріктіріп, бір күнде елдегі 19 БАҚ сол мақаланы жариялады. Бір аптадан соң әйелді ұстады. Венесуэлада бір газет редакторының орынбасарын өлтірген кезде дереу сегіз медиа бірігіп, оның қазасына зерттеу жасады. Біз жаздық, қысым жасадық, 12 жылдан соң айыптыны тауып, жазалауға үкіметті мәжбүрледік, оның өліміне конгресс мүшесі кінәлі болып шықты.
Азаттық: Әскери топтар неліктен сондай күшті болды? Биліктегі жемқорлықтың кесірі ме?
Мария Тереза Рондерос: Мәселенің бәрі азаматтардың қарапайым қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмаған саяси жүйеге келіп тіреледі. Бос орынды қылмыстық топтар басып алды. Кейде сол қылмыстық топтар үкіметтің міндетін атқарды. Мысалы, 2005 жылы Колумбия провинцияларының бірінде бір қарулы топтың басшысы жол салып берді. Тағы бір аймақта есірткі саудагері трасса салды, бірақ тас жол емес, жұмыр тастан төседі. Кейін үкімет ол жолды бұзып тастады, оны сапасыз әрі "лас" ақшаға салынған деп түсіндірді.
Азаттық: Күлесіз бе, жылайсыз ба дейсіз ғой…
Мария Тереза Рондерос: Әрине, олар Робин Гуд емес, адам өлтіргіштер мен қылмыскерлер. Қазір көбі түрмеде отыр. Кітап жазып жүргенде олардан сұхбат алдым, сонда шындықтан шатасқандарын түсіндім. Бір жағынан олар тұрғындарға көмектесіп жүрміз деп ойлаған, екіншіден, халықтан біреу қарсы шықса, оны оп-оңай өлтіре салатын.
Азаттық: Габриэль Гарсиа Маркеспен бірге жұмыс істедіңіз. Сол туралы айтыңызшы.
Мария Тереза Рондерос: Маркеспен Латын Америкасында Жаңа журналистика қорын құрған кезде таныстық. Қазір ол ұйым үлкейді, оған испан және португал тілінде жазатындардың бәрі кіре алады. Бірде маған жас журналистерге арнап дәріс оқуды ұсынды, сол жерге дәріс оқуға Маркес те келді. Мен сайлауды туралы презентация жасадым, қатты қобалжыдым. Маркес ол кезде залда отырған болатын, презентациям біткен соң маған сулық жолдапты, оған гүл салынған. Сулықта "Емтиханды тапсыра алдың ба?" деген жазу болды.
Жақын танысқан кезде оның тәтесі менің немерелес атама тұрмысқа шыққанын, бала кезде Маркестің олармен бірге тұрғанын анықтадық. Біраз уақыт өткен соң бір мәселе бойынша Маркеске хабарластым. Одан кешке қоңырау шалғаныма кешірім сұрадым, ал ол: "Онда тұрған не бар, туысқанбыз ғой" деп жауап берді.
Азаттық: Қазір әлемдегі тәуелсіз журналистика мәселелерін зерттеп жүрсіз. Қазақстандағы жағдайды қалай сипаттайсыз?
Мария Тереза Рондерос: Қазақстандық журналистердің елдегі жағдай туралы айтқысы келетінін байқадым, жаңа құралдарды үйренгісі келетіндер көп. Журналистік аудитория барынша ашық, оны жақсылықтың нышаны деп санаймын – адамдар жаңа құралдарды үйренеді, мақалаларын барынша қызықты етуге тырысады, видео, дата журналистиканы, фактчекингті меңгереді.
Азаттық: Бұл трендтер елдегі сөз бостандығын жақсартуға көмектесе ме?
Мария Тереза Рондерос: Әрине. Ақпаратты тарату барынша арзан әрі қолжетімді бола бастады. Баспахана, радио хабар тарату мен телевизиялық студия қажет емес, бір ноутбук қана жеткілікті. Екіншіден, қай жерде жүрсе де журналистердің бір-бірімен жақсы қарым-қатынас жасауына қажетті құралдар пайда болды. Үшіншіден, жаһандануды сезіне бастадық, бір үлкен процестің мүшесі екенімізді сеземіз.
Қазір көптеген елдің билігі журналистердің мүмкіндігі көп екенін түсінеді, сондықтан онымен қалай күресуді немесе қандай шара қабылдауды білмей жатыр. Сөз бостандығы – эволюциялық процесс. Сіздер басында Совет одағында, авторитарлық режимде өмір сүрдіңіздер, енді бір күнде ол жағдайды өзгертіп, еркін елге айналу мүмкін емес – бір-екі буын алмасуы керек.
Азаттық: СССР тараған кезде елдегі сөз бостандығы қазіргіге қарағанда жақсырақ болды деген пікір бар...
Мария Тереза Рондерос: Кейбір елдерде жағдай бұдан да нашар. Еркін журналистика өзінен өзі қалыптаспайды, сөз бостандығы үшін күресу керек. Біздің елде журналистер еркіндікке өз күшімен жетті, өте көп үлес қосты. Қазақстандық медиа да солай әрекет етуі керек. Сіздерде тәуелсіз жұмыс істеу құқығын иеленуге ұмтылатын журналистер бар, бірақ ол оңай емес.
ПІКІРЛЕР