Accessibility links

Коррупция мен мафияны жазған словак журналисін не үшін өлтірді?


Словак журналисі Ян Куциак пен қалыңдығы Мартина Кушнирова қаза тапқан жерге жұрт гүл мен шырақ әкеп қойып жатыр. Братислава, 27 ақпан 2018 жыл
Словак журналисі Ян Куциак пен қалыңдығы Мартина Кушнирова қаза тапқан жерге жұрт гүл мен шырақ әкеп қойып жатыр. Братислава, 27 ақпан 2018 жыл

Словакияның жетекші саясаткерлерінің қылмыс әлемімен байланысы туралы зерттеу жүргізген журналистің қазасы елден тысқары жерлерде де резонанс тудырды. Журналистке қарсы жасалған қастандықтың үлкен саяси салдары болуы мүмкін.

Ақпанның 25-і күні Словакияның Aktuality.sk басылымының журналисі 27 жастағы Ян Куциак кеудесінен, қалыңдығы Мартина Кушнирова – басынан тиген оқтан қаза тапты.

Ян Куциак өз еліндегі ықпалды тұлғалардың 1980 жылдары Италия мафиясы туралы түсірілген әйгілі "Спрут" сериалын еске салатын өмірлерінің ұңғыл-шұңғылын ақтарған зерттеу материалдар жариялаған. Бұған қоса, Куциактің журналистік зерттеулерінде италиялық мафия айрықша орын алады. Словакияға қоныстанып, орнығып алған Италияның Калабрия провинциясынан шыққан күдікті кәсіпкерлерден бөлек, зерттеу материалдарында премьер-министр Роберт Фицоның төңірегіндегі бірнеше жоғары лауазымды шенеуніктің аты-жөні аталған. Солардың арасында ерекше назарға ілігетіні – Miss Universe - 2007 сұлулық байқауының финалисі болған 30 жастағы Мария Трошкова.

Ян Куциактың аяқталмай қалған соңғы зерттеуінде санаулы жылдар ішінде Словакия премьер-министрі Роберт Фицоның бас көмекшісі қызметіне дейін көтерілген бұрынғы фотомодельдің карьерасы туралы баяндалады. Мария Трошкова саясатқа бұрынғы экономика министрі Павол Русконың көмекшісі ретінде келген. Қазіргі кезде 1990 жылдардың соңында бизнестегі бәсекелесін қастандықпен өлтіруді ұйымдастырмақ болды деп айыпталып жатқан Руско бұрынғы қызметкерінің қызмет сатысымен өрлеуі жайлы берген комментариінде:

"Ол бұлайша тез өрлейді деп ойлаған жоқпын, бірақ бұған таң қалмаймын. Өйткені, мына өмірде қалай көзге түсу керегін ол тез түсінді", - дейді.

Осы қызметке келмес бұрын Мария Трошкова GIA Management фирмасының тең қожайынына айналған. Ал оның бизнес серігі – Италияның Калабрия провинциясындағы Бова-Марина қаласынан шыққан, 15 жылдан бері Словакияда тұрып жатқан Антонино Вадала болған. Ян Куциак бірге жұмыс істеген жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу жөніндегі халықаралық орталықтың (OCCRP) жазуынша, Вадаланың үстінен Италияда да, Словакияда да көптеген іс қозғалған. Бірақ олар бойынша бір де үкім шықпаған.

Вадала және оның көптеген туыстары мен таныстары Словакияның қиыр түкпіріне (олар елдің шығысындағы ең дамымаған аудандарда қоныстанған) Италия полициясының түртпегінен құтылу үшін көшіп барған сыңайлы. Мысалы, ол жақта Вадала полиция іздеу жариялаған және кейінірек өмір бойына түрмеге қамалған есірткі саудагері Доменико Вентураны жасырды деген күдікке ілінген. Бұдан бөлек, Вадала Ндрангета деген атаумен танымал калабриялық мафияның басшысы Франческо Дзиндатоның "арнайы" тапсырмаларын орындап жүрген. Кейінгі 20 жыл ішінде Ндрангета атышулы "атағымен" Сицилия мафиясынан да асып кеткен болатын. Вадаланың есірткі саудасына да қатысы болған. 2003 жылы Италия билігі оны 12 сыбайласымен бірге тұтындауға ордер бергеннен кейін ол амалын тауып Словакияға өтіп кеткен, ал кейінірек Италияда оған тағылған әлгі айыпты жұмбақ себептермен алып тастаған.

Словакияда Вадала мен оның серіктері тез арада белсенді іскерлік және қоғамдық қимыл-әрекеттерге көшкен. Ян Куциак келтірген деректерге сәйкес, Вадала бәсекелестерге қоқан-лоқы жасауға, жылжымайтын мүлікке қатысты алаяқтықтарға қатысы бар деген күдікке талай іліккенімен ылғи да сытылып кетіп отырған. Словакиядағы "жасыл" энергетика мен ауыл шаруашылығына инвестиция салған Италияның оңтүстігінен шыққан адамдардың фирмалары кейінгі жылдары Еуропа қорларынан сегіз миллион еуродан артық соманың дотациясын алған. Бақылаушы органдар кей дотацияның заңсыз бөлінгенін сотта дәлелдеп берген, бірақ билік аса көп емес мөлшердегі айыппұлдармен ғана шектеліп, қатаң санкциялар қолданбаған.

Словак полицейлері журналист Ян Куциак пен қалыңдығы Мартина Кушнирова қаза тапқан жерде тұр. Велка Мака, 26 ақпан 2018 жыл
Словак полицейлері журналист Ян Куциак пен қалыңдығы Мартина Кушнирова қаза тапқан жерде тұр. Велка Мака, 26 ақпан 2018 жыл

Калабриялықтарға Антонино Вадала жаңа қонысқа барғаннан кейін таныстық орнатқан жоғары жақтағы шенеуінктер көмектескен болуы ықтимал. Оның таныстарының арасында парламентке биліктегі "Смер" социал-демократиялық партиясынан сайланған ықпалды депутат Вилиам Ясань да болған. Мария Трошкова осы Ясанның қол астында да жұмыс істеген. Көп ұзамай қарт шенеунік пен сұлу әйел премьер-министр Фицоның көмекшілері болып тағайындалып, оның жақын адамдарына айналды. Журналист Ян Куциак күдікті калабриялықтармен байланыста болған өзге ықпалды тұлғалардың арасында белгілі саясаткер, бұрынғы үкімет мүшесі Любомир Ягнатка да бар деп жазған. Чехиялық Reporter апталығының жазуынша, бұл адам кейінгі жылдары мемлекеттік құрылымдардан күзет қызметін көрсетуге көптеген тапсырыс алған Bonul жеке меншік қауіпсіздік агенттігімен тығыз байланыста болғаны мәлім. Ян Куциак бұл фирма мен оның саяси қамқоршыларының күдікті байланысы туралы да талай жазған.

Басқаша айтқанда, журналистің дұшпандары жетіп артылатын. Әйткенмен, Ян Куциак пен оның қалыңдығын өлтіру словак қоғамына ерекше қатты әсер етті. Ресей мен СССР-дің өзге елдерінен айырмашылығы – Словакияда бұрын-соңды журналистерге кәсіби қызметіне бола қастандық жасап көрмеген. Сәрсенбі күні үкіметтің отставкасын талап еткен жүздеген адам Братислава көшелеріне шықты. Кабинет мүшелерінің бірі – мәдениет министрі Марек Мадьярич отставкаға кетті, бірақ ол "бұл – еш саясаткерге қатысы жоқ, өзім қабылдаған шешім" деп мәлімдеді. Кісі қолынан мерт болған журналистің зерттеулерінде Фицоның аты-жөні аталған екі көмекшісі де қызмет міндеттерін атқаруды доғаратындарын мәлімдеді, бірақ "істі толық тексеріп болғанға дейін" ғана деп ескертті.

Ясань мен Трошкова болса Куциакқа жасалған қастандыққа ғана емес, сонымен бірге мафияға да еш қатысымыз жоқ деп мәлімдеген.

Словакия премьер-министрі Роберт Фицо журналист Ян Куциак пен оның қалыңдығы Мартина Кушнированың қазасы жайлы құнды ақпарат берген адамға сыйлық ретінде тағайындалған 1 миллион еуроны көрсетіп тұр.
Словакия премьер-министрі Роберт Фицо журналист Ян Куциак пен оның қалыңдығы Мартина Кушнированың қазасы жайлы құнды ақпарат берген адамға сыйлық ретінде тағайындалған 1 миллион еуроны көрсетіп тұр.

Роберт Фицоның өзі болған жағдайға екіұдай реакция танытты. Бір жағынан, билік кісі өлтірген адам туралы ақпарат берген азаматтарға бір миллион еуро сыйлық уәде етті, ал премьер өзі өткізген баспасөз мәслихатына апарған бір миллион еуроны жұрт көрсін деген оймен үстелге қойды. Екінші жағынан, Фицо оппозицияны "жағдайды ушықтырғысы және жұртты көшеге шығарып, билікті тартып алғысы келеді" деп айыптады. Қастандықпен өлтірілген журналистің әріптесі әрі Aktuality.sk басылымының шолушысы Петер Барди: "Фицоның өзі қысымға бой бермей қоюы мүмкін еді, бірақ оның үкіметі мен жақын көмекшілерінің былығынан кейін ол қоғамдық наразылық пен шеруден шынымен қорқып отыр" дейді.

Словакия полициясы елдің шығыс аймағында Антонино Вадаланы, оның бауыры Бруно мен тағы бір туысы Пьетро Катроппаны тұтқындады. Оларға қандай айып тағылғаны әзірше белгісіз.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Ярослав Шимовтың мақаласынан аударылды.)

XS
SM
MD
LG